Жаңалықтар

"ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН ҰМЫТПАЙМЫЗ", – дейдi өзге ұлт өкiлдерi

ашық дереккөзі

"ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН ҰМЫТПАЙМЫЗ", – дейдi өзге ұлт өкiлдерi

"Төртеу түгел болса – төбедегi келедi, алтау ала болса – ауыздағы кетедi". Атам қазақ ынтымақ пен берекенiң, ауызбiршiлiк пен бiрлiктiң қастерлi ұғым екенiн бiр-ақ ауыз сөзбен осылай түйiндеп айтқан. "Бiрлiк болмай, тiрлiк болмайды" дегендi де бiздiң бабалар баяғыда айтып кеткен.

Бүгiнде Қазақстанда 130 ұлт пен ұлыстың өкiлдерi мекен етiп, өсiп-өркендеп жатыр. Барлық ұлт бiр үйдiң баласындай, бес саусақтың саласында тыныштық пен тұрақтылықта өмiр сүрiп жатса, ол ең алдымен мемлекеттiк идеологияның осыған орайласа жасалғаны болса керек. Одан кейiн өзгеге өздiгiмен соқтықпайтын, кеңқолтық, жомарт қазақ халқының кеңпейiлдiлiгiнiң, дос көңiлiнiң арқасы.

Елбасы Қазақстан халқының ауызбiрлiгi туралы сәт сайын айтып, өмiрiмiздiң басты қағидаты ретiнде көрсетiп отырады. Кешегi өткен Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында да, оның алдындағы Жолдауда да ел бiрлiгiн ең бiрiншi орынға қойып келедi. "Назар" қазақ журналистерiнiң қоғамдық қоры Елбасының биылғы Қазақстан халқына жолдаған "Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкiндiктерi" атты Жолдауын насихаттау барысында Алматы облысының Шелек ауданында "Ырыс алды – ынтымақ" атты жиын өткiздi. Оған қор сарапшылары, жергiлiктi жердегi өзге ұлт өкiлдерi қатысты.

– Қазақ халқының қамқорлығын көп сезiндiк. Тағдырдың талай теперiшiн көрiп, азып-тозып келгенiмiзде жергiлiктi жұрт бiздi құдасындай қарсы алды. Бiз екi дүниеде де қазақ халқынан көрген жақсылығымызды ұмытпаймыз. Бүгiнде босағасы берiк, шаңырағы биiк әулетке айналып отырсақ, онда ол осы ұлттың арқасы, – дейдi жиынға қатысқан Абдолла Юлдошов.

Жиынға қатысқан өзге ұлттың өкiлдерi қазақ жерiне қалай ауып келгендерiн, жомарт жұрттың қалай қарсы алғанын, түтiн түтетiп, ел қатарына қалай қосылғанын, ата-бабаларының қандай қасiрет тартқанын тәптiштеп айтып, қиын-қыстау заманда пана болған, қысылғанда жаға болған қазақ халқына ерекше алғыстарын айтып, iлтипаттарын бiлдiрдi. Сондай-ақ, олар Қазақстанда ұлттар арасында алауыздық болмайтынын, бiрдi-екiлi басбұзар бой көрсетiп жатса, оны сол мезетте тыю керектiгiн де айтты. Ең бастысы, өзге ұлт өкiлдерi Қазақстандағы тұрақтылықтың басты кепiлi – қазақ халқы екенiн айтып тарқасты.

Бақтияр Рыскелдi,

Алматы облысы