Жаңалықтар

ҚҰЖАТ РӘСIМДЕУДIҢ АЗАБЫ АРТТА ҚАЛМАҚ

ашық дереккөзі

ҚҰЖАТ РӘСIМДЕУДIҢ АЗАБЫ АРТТА ҚАЛМАҚ

Алматы қаласы бойынша Кедендiк бақылау департаментi жыл сайын "Журналистiк десант" шарасын ұйымдастырып келедi. Мұндағы мақсат – кеден бекеттерi мен кеденшiлер жұмысының ашықтығы мен шынайылығын көрсету, сыбайластық жемқорлықтың алдын алу.

Қазақстан Кедендiк одаққа енгелi берi кеден бекеттерiне деген талап та күшейген. Қазiр бұрынғыдай ұзын-сонар кезекте тұрып, қобдыраған қағаздарды әрi-берi тасымайсыз. Есесiне, кеден бекеттерiнiң бәрi бiр терезе қағидасы бойынша ресiмдейтiн тиiмдi жолды таңдауды мақұл көрген. Бүгiнгi таңда бұл жүйенi толыққанды енгiзу жұмыстары оңтайлы түрде қолға алынып келедi екен. Бiз бұған Алматы қаласындағы кеден бекеттерiн аралау барысында көз жеткiздiк.

БАҚ өкiлдерi әуелi Кинологиялық орталығына атбасын тiредi. Бұл орталықтың Президент бекiткен "Қазақстан Республикасындағы 2001-2003 жылдарына нашақорлыққа және есiрткi бизнесiне қарсы күрестiң мемлекеттiк бағдарламасын" орындау негiзiнде ашылғаны есте. Содан берi кеден бекеттерiнен контрабандалық жолмен тауар өткiзiп, кәсiбiн өрге домалатып жүрген көптеген қылмыскердiң аяғына тұсау салынған. Әрине, оған Кинологиялық орталықта үйретiлген төрт аяқты достарымыздың еңбегi көп. Олар да адам секiлдi. Ауырады, емделедi. Ол үшiн арнайы медициналық пункт, операциялық орын да жұмыс iстеп тұр. Тiптi, мұнда иттiң жүйке жүйесi мен iшкi ағзасының құрылысын оқыту үшiн жабдықталған дәрiс бөлмесi де бар. Кинологиялық орталығы бастығының орынбасары Марат Берденбековтың айтуынша, кинологтарды дайындауда мемлекет тарапынан барлық көмек жасалған. Ол сондай-ақ, Астана қаласында өтетiн ЕҚЫҰ саммитi мен 7-қысқы Азиада ойындары кезiнде арнайы дайындалған кинологтардың жұмыс iстейтiнiн жеткiздi.

Бұдан кейiнгi аялдама – "Энергетикалық" кеден бекетi. Алматы қаласы елiмiздiң қуат көзiн көп пайдаланатын қаланың бiрi. Күн сайын көршi мемлекеттер мен аймақтардан құбыр және электрөткiзгiш желiлерi арқылы энергоқорлар келiп түседi. Тек осы жылдың 9 айында бекеттiң сыртқы сауда айналымы 232 950, 644 мың АҚШ долларын құраса, бюджетке 3 млрд. теңге кедендiк түсiм мен салық құйған. Бекеттiң қызметкерлерi тауарды өткiзу кезiнде арнайы есептегiш құрылғыларды пайдаланады. Жұмысты жетiлдiру мақсатында бекетте жаңа автоматтандырылған электр қуатын бақылау және есептеу жүйесi (АЭБЕЖ) өндiрiстiк тестiден өткiзiлуде. Айта кету керек, бұл жүйенi Алматы энергетика және байланыс университетi жасап шығарған. Оның артықшылығы – елiмiздiң аумағы арқылы өткiзiлетiн электрқуатының көлемi туралы ақпаратты қашықтықта үздiксiз жинайды, өңдейдi, сақтайды, өткiзедi. Бұл тұрғыда "Энергетикалық" кеден бекетiнiң басшысы Еркебұлан Сағитов: "Ұялы байланыс, интернет құрылғыларының көрсеткiштерi шынайы уақытта Кедендiк бақылау департаментi мен Қаржы министрлiгi кедендiк бақылау комитетiнiң серверлерiне келiп түседi. Есеп құрылғыларының көрсеткiштерi ұсынылған коммерциялық ақпараттармен салыстырылады", – деп атап өттi.

Ал, "Жетiсу" кеден бекетiнiң қызметкерлерi ағымдағы жылдың соңғы 9 айында экономикалық контрабанда бойынша, 39 фактi мен кедендiк тәртiптi бұзған 156 әкiмшiлiк материалды анықтаған. Кеден бекетi Алматы халықаралық әуежайының қызмет ету аймағында орналасқандықтан да, есiрткi және бағалы заттарды өткiзудi анықтау фактiлерiнiң жиi тiркелетiнi белгiлi. "Жетiсу" кеден бекетi басшысының орынбасары Абзал Шөгелбаевтың айтуынша, биылғы жылы 439004 доллар, 23635 еуро, 40600 юань және 1810 рубль, 30 келi күмiс зергерлiк бұйымдары мен 14,65 келi сары және ақ металдан жасалған қымбат бұйымдарды өткiзу контрабандасы әшкерленген. "Бiздiң мамандар қызметтiк-iздестiру иттерiн қолдану арқылы есiрткi және психотроптық заттарды iздеудi жүзеге асыруда. Кинолог-мамандардың арқасында кеден бекетiнде есiрткi заттарын өткiзудi анықтау аса қиынға соқпайды. 9 айдың iшiнде героин, опий, гашиш секiлдi есiрткi заттарын өткiзу бойынша 6 фактi анықталды", – дейдi "Жетiсу" кеден бекетi басшысының орынбасары.

2010 жылдың 9 айы бойынша ұшу залында 5168, қону залында 5179 халықаралық рейс пен 510 706-дан астам жолаушылар құжаты рәсiмделген. Сондай-ақ, аталмыш кедендiк бекет "Қазпошта" АҚ, TNT, DHL, Fedex, UPS, Pony express, ASE және тағы басқа курьерлiк қызметтер арқылы өткiзiлетiн халықаралық пошта жөнелтiлiмдерiн де қабылдайды. Күн сайын Алматы халықаралық әуежайына 20-дан астам жүк рейстерi қонса, уақытша сақтау қоймаларына 100 тоннаға дейiн жүктер орналастырылады екен.

"Журналистiк десант" шарасын қорытындылаған Алматы қаласы бойынша Кедендiк бақылау департаментi ұйымдастыру басқармасының бастығы Жанат Танбаев: "10 айдың iшiнде 106 мың декларация барысында 64 қылмыстық iс қозғалып, 530 әкiмшiлiк iс қаралды. Бүгiнгi күнге дейiн үкiметтiң бюджетiне 124 миллиард теңге құйылды" дегендi тiлге тиек еттi. Айтпақшы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша Қазақстан Республикасы кеден органдарының лауазымды тұлғаларына қатысты 2010 жылдың 9 айында 81 қылмыстық iс қозғалса, оның iшiнде 28-i сотқа жолданыпты. Сыбайлас жемқорлықпен күрес барысында Кедендiк бақылау комитеттерiнде жүйелi шаралар қолға алынып жатқанға ұқсайды.

Қазақстан мемлекетi Кедендiк одаққа енгелi берi Кеден кодексiн қабылдады. Қазiр үш мемлекет жаңа кедендiк құжат бойынша жұмыс iстеуге кiрiскен. Ал, транзиттiк кедендiк декларация 2011 жылдың қаңтарынан бастап жүзеге аса бастайды екен. Кедендiк үштiк одақтың кәсiпкерлерге тигiзiп жатқан пайдасы жайында сөз қозғаған Жанат Танбаев: "Бұрын Белорусия мен Ресей мемлекетiнен сатып алатын тауар үшiн кедендiк жүк декларациясын толтыратын едiк. Одан соң тауар жеткiзудi бақылау қағазын жазып, тауарды уақытша қоймада сақтайтынбыз. Соның өзiнде қысқа жүк декларациясы ғана берiлетiн-дi. Қысқасы, жұмысы көп болатын. Биыл Кедендiк одаққа кiргеннен бастап, кедендiк төлемдер азайды. Құжат рәсiмдеу жұмыстары да қысқарған. Кәсiпкер шекарада бiр рет тiркеу жасайды да, бiр айдан соң ғана қажеттi салығын төлей бередi" дейдi.

Негiзi Қазақстаннан шетелге шикiзат ғана экспортталады. Оның көбi мұнай, темiр, т.б жартылай өндiрiлген өнiмдер. Шын мәнiнде, бiз қажеттi тауарды өзiмiз өндiрмеймiз, керiсiнше, тасымалдаймыз. Қазiр кәсiпкерлердiң денi шетелден көлiк әкеп, сатумен шұғылданады. Келер жылдан бастап "Еуро-3" стандартының енуiне байланысты шекарадан жылы ескi шетелдiк көлiктер өткiзiлмейтiн көрiнедi. Демек, көлiк бағасының аспандап кетпейтiнiне кепiл жоқ.

Алматы қаласы Кедендiк бақылау департаментiне қарасты кеден бекеттерiнiң бүгiнгi тiршiлiгi осындай. Олар әркез жариялылық пен ашықтықтың арқасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға күш саламыз дейдi. Сол арқылы қылмыстың қырық түрiн құрықтау бiзге қиынға соқпайды деп марқайып та отыр. Бұл да болса Кедендiк одақтың кедендiк бекет жұмыстарына тигiзiп жатқан септiгi шығар деген ой келдi бiзге.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ