Жаңалықтар

СЕНIҢ КЕЛIП ЖАҒАҢНАН...

ашық дереккөзі

СЕНIҢ КЕЛIП ЖАҒАҢНАН...

«Ақбұлақ» ауызсу бағдарламасының құпия астары

Тiршiлiк көзi — су. Адам өмiрiнде Н2О-ның алар орны ерекше.

Ауызсу тапшылығын көрiп отырған көптеген ауыл-аймақ әлi күнге дейiн таза суға зәру. Алысқа бармай-ақ, дәп Алматының iргесiндегi Ақжар ауылында да су проблемасы асқынып тұр. Бiрiншiден, су үйлерге тегiс тартылмаған, екiншiден, жер астынан алынатын судың сапасы өте нашар, тiптен мөлдiр түсiн жоғалтқан сары су iшiп отыр десек артық айтпағанымыз. Бұл күнделiктi көзбен көрiп жүрген аянышты жағдай. Мiне, елiмiзде орын алып отырған толғақты мәселелердiң оң-солын ақтарып, ауызсуды шындап қолға алған Үкiмет жаңа бағдарлама қабылдауға мәжбүр болған.

Жаңа бағдарламаны жүзеге асыру үшiн, әлбетте, бұрынғы ауызсумен қамту бағдарламасын ысыруға тура келдi. Бұрынғы қабылданған "Ауызсу бағдарламасы" қатты сынға ұшырады. Иә, ұшырамай қайтсiн, жарамдылық уақыты да таусылған екен. Егер республиканы тұщы сумен қамту жұмыстары толық аяқталмаса, бағдарламаға бөлiнген қаражат қайда кеттi? Тағы да жауапсыз сұрақтар көкейдi теседi.

Хош, сонымен 2002-2010 жылдарға арналған сумен қамту бағдарламасынан Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов бас тартты. Қайта осы түйткiлге ендi салмақтырақ қарауды тапсырды. Ауызсу проблемасын түбегейлi шешедi деген үмiтпен "Ақбұлақ" бағдарламасы дүниеге келдi. Алдағы онжылдықтың еншiсiнде жаңа бағдарлама толықтай жүзеге аспақшы. 2011-2020 жылдарға арналған "Ақбұлақ" бағдарламасына жыл сайын мемлекет 60 миллиард теңгеден кем жұмсамаймыз деп отыр. Қазына қаржысын бес саусағындай игерiп отырған Қаржы министрi Болат Жәмiшов 2011 жылға 70,5 миллиард теңге жұмсау туралы шешiм қабылданғанын мәлiмдедi. Ауызсу жүгiн жұмыла көтерген Ауылшаруашылығы министрлiгi де қаражат бөлiп отырғандығын жасырған жоқ. Үшжылдық кезеңде қаржыландыру 125 миллиард теңгенi құрайды деп болжануда. Оның iшiнде 2011 жылға 35,2 миллиард теңге көзделген.

Айтқандай, бұл бағдарламаның басы-қасында болып, жауапкершiлiктi өз мойнына алу Премьер-министрдiң бiрiншi орынбасары Өмiрзақ Шөкеевке бұйырды. Ауызсумен қамтамасыз ететiн барлық органдарды бiр шаңырақтың астына бiрiктiрiп, бiрлесе жұмыс жасайтын арнайы комиссия құрылып отыр. Сумен қамту жобаларын жаңадан салу және қайта қалпына келтiру жұмыстары да осы комиссияға жүктелмекшi. Ал бұрын жұмыс iстеген "Ауызсу" бағдарламасы, тiптi жарамсыз деп табылды десек қателеспеймiз. "Осы бағдарламаға қатысты бiздiң министрлiк жүргiзген талдау оны жүзеге асырудың бiрқатар кемшiлiктерiн әшкереледi. Бiрiншiден, орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың тиiстi өзара әрекеттестiгi де, осы iске жүйелi түрде келушiлiк те жоқ екенi анықталды. Екiншiден, жобалық-зерттеу жұмыстарының төмен дәрежеде болуы — жобаның елеулi түрде қымбаттауына, кейде тiптi құрылыс жұмыстарын жүргiзудiң мүмкiн болмай қалуына әкеп соқтырып отырған. Соның кесiрiнен республикадағы ауызсумен қамтамасыз етiлу көрсеткiштерi және тұтастай алғанда, сумен қамту жүйелерiнiң сипаттамалары сол баяғыдай қанағаттанарлықсыз күйде қалып отыр", — дедi Экономикалық даму және сауда вице-министрi Қуандық Бiшiмбаев.

Бұл iске Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық агенттiгiнiң төрағасы Серiк Нокин де атсалыспақ. Агенттiктiң басшысы бағдарламада "шағын қалаларды ауызсумен қамтамасыз ету үшiн жерасты суларының әлеуетiн түбегейлi пайдалану мүмкiндiгi толық шамада ескерiлгендiгiн" атап өттi. Сөйтiп, 2011-2012 жылдарда суға зәру 31 қаладағы және сол аймақтағы жерасты сулары бастаулары барланып, олардағы су қоры нақтыланатын болды.

Сөз соңында Серiк Нокин "Ақбұлақ" бағдарламасының Үкiмет бекiткен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңарту бағдарламасымен және жаңа тарифтiк саясатпен бiр кешенде iске асырылатындығын еске салды. "Бұл бағдарламалардың бiр кешендiлiгi коммуналдық қызметтердiң, соның iшiнде сумен қамтудың сапасына халықтың кем дегенде 70 пайызының көңiлi толуына қол жеткiзуге мүмкiндiк бередi", — дедi агенттiк төрағасы.

Министрлер Кабинетiнiң отырысында қаралған бұл мәселе ешбiр кiлтипансыз атқарылады деп үмiттенемiз. Алдағы жиырма жылдың iшiнде әлем елдерiнiң үштен бiр бөлiгiнiң ауызсусыз қалу қаупi бар. Осынау сәтте қапы қалмас үшiн Солтүстiк бассейн өзендерiнiң суын тарту, немесе Арал және Каспийдi қосу идеялары анда-санда бас қылтитып қояды. Десе де, “Сiбiр өзендерiнiң суын тарту кiм-кiмге де тиiмдi” деп қалды бiрде Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов. Бұл әрекеттiң тиiмдiлiгiн дәлелдей түскен Мәжiлiс депутаты Ромин Мадинов те:

— Қазiр қарап тұрсаң, бiз осы жобаны iске асыруды ресейлiктерден қиыла сұрап отырғандай сезiм туады. Шындығында, бұл мәселеде Ресейдiң өзiнiң экономикалық мүддесi бар! Өйткенi судан зәрулiк көрмесе, Қазақстан жем-шөпке де мұқтаж болмай, мал шаруашылығын белсендi дамытары сөзсiз. Ресей жыл сайын тек миллион тоннадан астам сиыр етiн сырттан тасиды, оған осы еттi Қазақстаннан алған тиiмдi болмақ. Ендеше Сiбiр суларын берi бұру тек бiзге ғана емес, ресейлiктерге де тиiмдi екендiгiн дәлелдеу қажет, — дедi. Айтқандай, жуырда болған екi ел президентiнiң кездесуiнде РФ басшысы Д.Медведев бұл жобаға қарсылық таныта қойған жоқ. Ал транзиттiк өзендердi екi елдiң де 50 пайыздан бөлiп алып, пайдалануға тең құқы бар. "Ақбұлақ" ауызсу бағдарламасының қарапайым жұртқа беймәлiмдеу құпия астары бар екенiн айта кетуiмiз де керек. Қазiр қазақ қыз-келiншектерiнiң 70 пайызының денсаулығында ақау бар делiнiп жүр. Ал "Ақбұлақ" бағдарламасы толықтай жүзеге асқанда қазақ аналарының денсаулығы жаппай жөнделедi деп толық үмiттенуге болады.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президентi:

— Әрiптестiк қатынастарды тұрақты дамыту үшiн су ресурстарын бiрлесiп игерген жөн. Өкiнiшке орай бұл проблемаға жiтi назар аударып отырған жоқпыз. Есесiне бұл мәселенi бiздiң есiмiзге табиғаттың өзi салып отыр. Қуаңшылықтың кесiрiнен Жайық өзенi тартылып барады. Оның зардабын өзен бойын жағалаған елдi-мекендер мен Каспий теңiзi тартып отыр. Сондай-ақ, бiз Ертiстiң тағдырына қатысты проблеманы қытайлық әрiптестерiмiзбен келiсiп отырып шешумiз керек.

Дмитрий Медведев, РФ Президентi:

— Су мәселесiне қатысты. Мен бұл жерде тағы да Қазақ Президентiнiң пiкiрiне толық қосылам. Бiз су ресурстарын пайдалануда бiрлескен жүйе қалыптастыруымыз қажет. Бұл судан тапшылық тартып отырған Орталық Азия аймағы үшiн де маңызды мәселе. Бiздiң ел үшiн де су тапшылығы өте қиын. Оған биылғы қуаңшылық пен Жайық өңiрiндегi жағдайлар және Ресейдiң оңтүстiгiн шарпыған алапат өрттер куә. Сондықтан Сiз көтерiп отырған мәселенi қайтадан қарауымыз керек.

Ақниет ОСПАНБАЙ