ҚАЗЫНА ҚАРЖЫСЫНЫҢ ҚИЫН ТАҒДЫРЫ
ҚАЗЫНА ҚАРЖЫСЫНЫҢ ҚИЫН ТАҒДЫРЫ
Күнкөрiс көзi — экономикамыздың дамуы зор табыс. Соңғы тоғыз айдың қорытындыларына көз жүгiртер болсақ, қаңтар мен қыркүйек аралығында экономика көрсеткiштерi жоғарылаған екен. Базалық өндiрiстiң есебiнен экономика өсiмi 8 пайызды алқымдаған, ал инфляция деңгейi 5,2 пайызға жеткен.
Өндiрiс орындары, сауда-саттық, ауылшаруашылығы, көлiк және байланыс саласында даму байқалып отыр. Сондай-ақ, бөлшек сауданың көлемi мен тұтынушысы артып, 13 пайызға өрлеу бар. Экономикалық даму және сауда министрi Жанар Айтжанованың мәлiмдеуiнше, азық-түлiк тауарларына импорт үлкейген, есесiне тауардың бағасы да қымбаттап отыр. Оған ауылшаруашылығындағы жазғы күйзелiстердiң де әсерi мол болды. Тоғыз айдың көрсеткiштерiне сенсек, жиналған астық көлемi бағаны тұрақты ұстап тұруға әбден жеткiлiктi.
“Басқа салаларда жағдай жақсы деуге болады” дейдi министр. Әлемдiк нарықтағы жағдай ел экономикасына оң әсерiн тигiзген, Қазақстан тауарларының экспорт көлемi екi есеге артып отыр. Бiрақ импорт көлемi бiраз кемiген дейдi министрлiк, әйтсе де сарапшылар бұл жағдайдың уақытша екенiн айтуда, таяу арада импорттың өсетiнi болжануда. "Бұл жағдай экономикадағы несие берулерге де байланысты. Ағымдағы жылдың маусым айынан бастап "Бизнестiң жол картасы — 2020" бағдарламасы жұмыс iстеуде, осылайша үкiмет шағын және орта бизнестi қолдауға пайыздық мөлшерлеме субсидиясын бере бастады", — дедi Жанар Айтжанова.
Бүгiнде 79 өндiрiс орны iске қосылды. Ал жыл аяғына дейiн тағы да 69 кәсiпорынның iске қосылуы жоспарда бар. Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрi Берiк Камалиев: "Өңдеу өндiрiстерiнiң өндiрген тауар көлемi 2,5 триллион теңге. Мұнда физикалық көлемнiң индексi 19 пайызды төңiректеген. Сондай-ақ, химиялық өндiрiс 70 миллиард, машина жасау 230 миллиард теңгеге жеткен", — дедi.
Иә, бюджет мәселесiнiң жүгi ауыр боп тұрған секiлдi. Ұлттық қазынадан бөлiнген қомақты қаражатты ұқсатып игеру әлi күнге елеусiз қалып келедi. Әсiресе, жекелеген аймақтарда арнайы бағдарлама бойынша белгiленген жөндеу жұмыстары тоқтап тұрады да, қаржы қолданылмай қалып қояды. Шағын және орта бизнестi, жеке кәсiпкерлiктi қолдау мақсатында "Бизнестiң жол картасы" бағдарламасы қабылданып, экономикамызды сауықтыруда зор маңызға ие болып отыр. Алайда, осы ортақ мүддеге бөлiнген қаржы толық көлемде қолданылмаған. Неге? Белгiсiз. Жорамалдар ғана бар. Жергiлiктi елдiмекендердiң әкiмшiлiктерi атүстiлiк танытуда. Негiзiнен, бұл бағдарламаға республикалық бюджеттен 14 миллиард теңге қарастырылған. Бiрақ осы қомақты соманың қалай жұмсалғаны немесе нелiктен жұмсалмағаны хақында отырыс барысында Қаржы министрi Болат Жәмiшов мәлiмдедi.
— Ағымдағы жылдың 9 айында жергiлiктi өңiрлерге 4 миллиард теңге бөлiнiп, оның 2,1 миллиард теңгесiн жергiлiктi атқарушы органдар игердi. Игерiлмей қалған сома 1,9 миллиард теңгенi құрайды, — дедi аталмыш министрлiк басшысы. Нелiктен? Тағы да сұрақ, тағы да әкiмшiлiктердiң былығы. Осы қорытындыға сүйенер болсақ, жергiлiктi бюджет жағынан артта қалушылық Солтүстiк Қазақстан облысынан байқалып отыр. Жәмiшов мырзаның мәлiмдемесiнде 5 пайыз болады деп жоспарланған ЖIӨ көлемi 7 пайызды алқымдауы мүмкiн деген пiкiр де бар.
Жалпы, жеке кәсiпкерлiктi қолдауға 2,8 миллиард теңге қарастырылып, әзiрге 70 пайызға жуығы игерiлген. Ал жергiлiктi инфрақұрылымдарды дамытуға бөлiнген 1,2 миллиард теңгеге тiптi қол тимеген деуге болады, яғни 8,3 пайызы ғана iске жаратылған.
Ал қаржы саласындағы қымқырулар әлi де толастамай келедi. Министрдiң айтуынша, мемлекеттiк сатып алулар өткiзiлген кезде 121 миллиард теңге сомасындағы заңбұзушылықтар анықталған. Ал құқық қорғау орындарына жалпы сомасы 62,4 миллиард теңгенi құрайтын 1090 iс жiберiлген. Қылмыстық iстердiң басым көпшiлiгi шенеунiктерге қатысты көтерiлiп отыр. Тексеруге жатқызылған нысандардың 4433 қызметкерi заң бұзушылықтарға жол берген үшiн тәртiптiк жазаға тартылған, 23-i қызметiнен босатылған. Сондай-ақ, бюджеттiк заңнама және мемлекеттiк сатып алулар туралы заңнаманың талаптарына сәйкес анықталған заң бұзушылықтарды жоюға 5512 ұсыныс енгiзiлiп, оның 93,8 пайызы орындалды.
Елiмiзде 2010 жылы 80 миллион тонна мұнай мен газ өндiру жоспарланған.
Бұл былтырғымен салыстырғанда 4,6 пайызға артық екен. Үкiмет отырысында бұл цифрларды Мұнай және газ вице-министрi Әсет Мағауов айтты. Ағымдағы жылдың 9 айында газ конденсатын қоса алғанда 58,9 миллион тонна мұнай өндiрiлiптi. Биыл экспорт 73 миллион тонна көлемiнде болады деп отыр. Бүгiнде мұнай мен газ және газ конденсатының экспорты 52,9 миллион тоннаға жетiп жығылған. Бұған қоса 9 айдың iшiнде газды өндiру елiмiзде 27,2 миллиард текше метрге жетiп отыр. Сонымен қатар Атырау-Самара, Ақтау айлағы бағытындағы экспорт көлемi азайып, Орынбор зауыты, Каспий құбыр желiсiнiң консорциумы, Атасу — Алашаңқай және темiр жол бағыттарында тасымалдау көлемi анағұрлым ұлғайған.
Қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанның сыртқы тауар айналымы 55 млрд. АҚШ долларына жуықтаған. Өнеркәсiп өндiрiсiнiң өсiмi көлiктiң барлық түрiмен жүк тасымалдау көлемiнiң 18,7 пайызға, байланыс қызметiнiң 4,9 пайызға, ал сауданың 12,9 пайызға артуына ықпал еткен. Алғашқы үш тоқсанның қорытындысы бойынша ауылшаруашылығы жалпы өнiмiнiң көлемi 2009 жылмен салыстырғанда 4,1 пайызға төмендеген. Есесiне биыл Қазақстанда бункерлiк салмақта 13,6 млн. тонна астық жиналып, жыл басында болжанған мiндет орындалды.
Қалай десек те экономикада iлгерiлеушiлiк байқалады. Бiрақ көршiлес мемлекеттердiң даму сатысына көз жүгiртсек, елiмiздiң әлдеқайда баяулығын аңғаруға болады. Соңғы бесжылдықта Қытай экономикасының даму қарқыны жылдамдық алып келедi. Дүниежүзiндегi елдердiң көшбасшысына айналды десек қателеспеймiз. Елде орын алған табиғи апаттар мен әлемдiк экономикадағы қаржы дағдарысына қарамастан ЖIӨ деңгейi өскен. Бұл туралы КХР-дың "Жэньминь Жибао" басылымында атап көрсетiлген. Мақалада былай деп жазылады: "2010 жыл әлi аяқталмаса да 11-шi бесжылдықта қытай экономикасының өсуi жаңа екпiн алғандығы айдан анық. 2006-2009 жылдар аралығындағы 4 жыл iшiнде ЖIӨ орташа өсiмi 11,4 пайызды құраған". Қытай нарығы қарқынды дамуда. Жер бетiнде өндiрiлетiн энергоресурстардың тең жартысы Қытайға тасымалданады. Бұл жөнiнде АҚШ-ты басып озып, Қытай ең үлкен тұтынушы болып отыр. Әсiресе, мұнай өнiмдерiн жұтып жатқан қытай нарығы 2009 жылдың екiншi жартысынан бастап тұтыну көлемiн екi есе ұлғайтқан. Бұл көрсеткiштердiң қисыны ұлттық экономикамыздың әлi де жоғарылауы тиiстiгiн көрсетсе керек.
Аманжол БЕЙIМБЕТ