Жаңалықтар

АҚОРДА ЕЛИСЕЙ АЛАҢЫН БАҒЫНДЫРҒАН КҮН

ашық дереккөзі

АҚОРДА ЕЛИСЕЙ АЛАҢЫН БАҒЫНДЫРҒАН КҮН

Қазақстан – Франция келiсiмдерiнiң құны – 10 млрд. доллар

Эйфель мұнарасы асқақтаған алыс Франция елiне сапар сәттi аяқталды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев соңғы кездерi ереуiлдерден көз аша алмай отырған француз халқының басшысы Николя Саркозимен кездесiп, бiрнеше тиiмдi келiссөздерге қол жеткiздi. Айта кетер бiр жайт, жыл басында Франция басшысы елiмiзге бiрнеше жобалармен келiп қайтқан едi. Мiне, солардың басым бөлiгi жүзеге асып жатқан секiлдi. Осынау жаңа экономикалық жобалардың жалпы құны – 10 миллиард доллар.

Бұл кездесудегi маңызды жайт – елiмiзге заманға сай тiкұшақтардың жеткiзiлуi болды. Жақында ғана Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов медицина саласына қомақты қаржының бөлiнгенiн айтып, соның iшiнде жаңа техникалардың қолданысқа берiлетiнiн еске салған. Бұдан былай жаңа жедел-жәрдем тiкұшақтарын Франциядан алатынымыз және олар әрбiр аймаққа теңдей таратылатыны айтылған едi. Мiне, Елбасының өзi "тарихи" деп атап өткен сапар нәтижесiнде 45 тiкұшақ елiмiзге жеткiзiлгелi отыр. ҚР Қорғаныс министрi Әдiлбек Жақсыбеков пен "ЕАДS" компаниясының президентi Луи Галлуа ЕС-145 типтi тiкұшақтардың техникалық қызметi мен жабдықтау жөнiндегi меморандумға қол қойды.

Елисей сарайында басталған келiссөздер желтоқсанның 1-2 күндерi Астана қаласында өтетiн ЕҚЫҰ саммитiне шақырудан басталды. Осы орайда француз журналистерi тарапынан қойылған "Франция президентi саммитке қатыса ма?" деген сұрақтың жауабын Елбасы Н.Назарбаев: "ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер мiндеттi түрде келедi" деп қайтарды. Сондай-ақ Елбасы бұл сапарында:

– Бiз екiжақты ынтымақтастықтың барлық салаларында жаңа серпiндi келiсiмдерге қол жеткiздiк. Жаңа экономикалық жобалар саласындағы бiздiң келiсiмдердiң жалпы құны 10 миллиард АҚШ долларынан асады. Бiздiң барлық жетiстiгiмiз шабыттандыра түседi және ынтымақтастығымызға ауқымды перспективалар ашады, – дедi. Сондай-ақ, Назарбаев пен Саркози қазақ-француз президенттiк комиссиясының алғашқы отырысына, Қазақстанның Франциядағы экономика күндерiне және екiжақты бизнес форумға қатысты. Франция төрағалық ететiн G8 және G20 форумдарында көтерiлетiн түйткiлдер ортаға салынды. Еуразиялық және аймақтық қауiпсiздiк мәселелерi, Ауғанстан мен Қырғызстан жағдайы талқыланып, ынтымақ мен сенiмге бел буды.

Ел экономикасының әлеуетiн көтеруге үлес қосатын уран байыту мен ядролық отын алу, сонымен қатар электровоз құрылысына бағытталған келiссөздер мақұлданды. "Жалпы айтқанда, 2 миллиард доллардан астам соманың келiсiмдерiне қол қойылды. Бұл – екi ел арасындағы қарым-қатынастың үлкен жетiстiгi. Мұндай ауқымды келiсiмдер бұрын болмаған", – деп атап өттi Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. "Қазатомөнеркәсiп" ҰАК" АҚ пен "АРЕВА" компаниясы арасында жылу құрастырғышын шығару саласында бiрлесiп жұмыс iстеудi жүзеге асыру тәртiбi туралы келiсiм қаралды. Мемлекет басшыларының қатысуымен "Қазақстан темiр жолы" ҰК" АҚ, "ЭКЗ" бiрлескен кәсiпорны, "Альстром Транспорт" компаниясы мен "ТрансМашХолдинг" компаниялары арасында электровоз жеткiзу жөнiнде келiсiмдердiң жасалғанын атауға болады. "Тарихи" деп танылған сапардың нәтижесiнде Франция Қазақстанға 295 электровоз, 45 тiкұшақ жеткiзiп беретiн болды.

Францияның сыртқы сауда жөнiндегi мемлекеттiк хатшысы Анн-Мари Идрак кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа ыстық рәуiштi лебiзiн бiлдiрдi. "Сiздiң сапарыңыз – әрдайым, әсiресе соңғы уақытта тұрақты түрде тереңдетiлiп, жоғары деңгейде келiссөздер жүргiзiлiп отырған Франция мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастағы ұлы күн. Қазақстан – Францияның Орталық Азиядағы маңызды әрiптесi", – дедi.

Жер қойнауының байлықтарынан өзге ортақ экономика құру туралы идеяны Идрак мырза алға тартып отыр. "Бiз жер қойнауындағы байлықтарымыздан басқа баламалы экономика құруды көздеймiз" деп атап өттi ол. Бұл бастамаға Елбасы да терiс қабақ танытқан жоқ. Керiсiнше, елiмiзде инвестициялық әлеуеттiң жоғары екенiн айта отырып, мұндай жағдайда елiмiз кейбiр салықтардан босату, жұмыс күшi мен инженерлiк коммуникация жағынан көмек беретiнiн ашып айтты. "Бiз экономикасының көлемi жағынан ғана емес, технологиялық және инновациялық ауқымы жағынан да әлемдегi жетекшi ел болып табылатын Франция мемлекетiмен ынтымақтастықты кеңейтуге дайынбыз. Мен француз кәсiпкерлерiн бiздiң индустриялық бағдарламамызға белсене қатысуға шақырамын", – дедi Елбасы. Инвестиция жөнiнде айтар болсақ, елiмiз есiктен ешкiмдi керi қуған емес. Тәуелсiздiк алған жылдардан берi 120 миллиардтан астам доллар инвестиция тартылған екен. 1997 жыл мен 2007 жыл аралығында Франциядан 3 миллиард доллар салынған. Ал соңғы екi жыл iшiнде елiмiздiң экономикасына құйылған француздық қаражат 3,200 миллиард долларды құраған.

Мемлекет басшысы Елисей сарайында француз халқының бiрнеше қайраткерлерiмен кездестi. Сондай-ақ "The Atlantic Dinners" компаниясының президентi Феликс Маркард, Елисей сарайының бас хатшысы Клод Геан, бiрқатар iрi француздық басылымдардың басшылары – "Ле Фигаро" газетiнен – Этьен Мужотт және "Ле Пуэн" журналынан – Этьен Жернель қатысты. Кеш соңында Елбасы қазақ киносына да жат емес, белгiлi француз актерi Жерар Депардьемен кездестi. Атақты актер "…Арал теңiзiн қалпына келтiру, ядролық полигонды жабу сияқты кеңестiк ауыр проблемаларды еңсеруде қиындықтардың болғанына қарамастан, бүгiнде Қазақстанды жаңа биiкке көтерiп отырсыз. Мәдениет саласындағы елдерiмiздiң ынтымақтастығы үшiн Сiзге алғысымды бiлдiремiн", – деп ыстық ықыласын бiлдiрдi.

Елбасының Еуропа төрiне – Бельгия корольдiгi мен Францияға ресми сапары тәуелсiз Қазақстанның сыртқы саясатындағы елеулi тарихи оқиғалардың бiрi болып қалатынына күмән жоқ. Осылайша Ақорда Елисей алаңын бағындырудың алғашқы қадамын жасады.

Ақниет ОСПАНБАЙ