Жаңалықтар

ҚЫРҒЫЗ ПАРЛАМЕНТI ЖАСАҚТАЛДЫ

ашық дереккөзі

ҚЫРҒЫЗ ПАРЛАМЕНТI ЖАСАҚТАЛДЫ

Дүйсенбi күнi Қырғызстанның сайлауларды және референдумдарды өткiзу бойынша Орталық комиссиясы 10-қазандағы парламенттiк сайлаудың ресми қорытындысын шығарды.

Парламенттiң құрамына сайлаушылардың 5 пайыздан астам дауысына ие болған 5 партия – "Ата Жұрт", ҚСДП (Қырғызстан социал-демократиялық партиясы), "Ар-Намыс", "Республика"және "Ата Мекен" партиялары кiрдi. 4,84 пайыз қол жинаған "Бүтiн Қырғызстан" партиясының сайлаушылар дауысын қайта санаудың нәтижесiне артқан үмiтi ақталған жоқ. Жиырма күндiк тексерулердiң қорытындысында 3 миллион 40 мың 597 адамның тiзiмге кiргенi анықталып, алтыншы үмiткер партия межеге жете алмады. Қырғызстанның Президентi Роза Отынбаеваның мемлекеттiк порталдағы бейнекүнделiгiндегi мәлiметке сүйенсек, ертең Қырғыз парламентi өз жұмысын бастайды.

Заң бойынша, партиялар алғашқы отырысқа бiр күн қалғанда, не жұмыс басталғаннан кейiн коалиция түзе алады. Бүгiнгi таңда ҚСДП және "Республика" партиясы бiрiгу үшiн сөз байласқаны белгiлi болып отыр. Саяси сарапшылар олармен "Ата Мекен" қосылып, позициялық рәуiштегi коалиция түзiлiп, үкiметтi жасақтауға кiрiседi деген болжам жасауда. Айта кету керек, Қырғызстанның жаңа Конституциясында парламенттегi оппозицияшыл партияларға да оң көзқарас танытып отыр. Олар жаңа парламенттiң қаржылық органдары бойынша комитеттердi басқаратын болады.

ҚОРДАЙ МЕН «ДОРДАЙДЫҢ» ТАРТЫСЫ

Қырғыз бен қазақтың түрi де, тiлi де, мiнезi де ұқсас, тiптi, араласып-құраласқанға еш нәрсе бөгет емес. Бiрақ, бұл туысқандық сәйкестiктегi сызатты кедендегi шекара сызығынан өтерде сөз жоқ жон-терiңмен сезесiң. Әсiресе, кәсiпкерлiкпен айланыссаң ғана. Мiне, өткен жұма күнi Қырғызстанға шекаралас Жамбыл облысының Қордай ауданында болған "Ауылшаруашылық және азық-түлiк тауарларының саудасы саласындағы аймақтық кооперация" деп аталған қазақ-қырғыз агробизнес форумы ауылшаруашылық өнiмдерiн өндiретiн және оны саудалайтын кәсiпкерлердiң машақатын жеңiлдетуге арналыпты.

Форумның барысында Қазақстан тарапының қырғызстандық ауылшаруашылық өнiмдерiн өндiрушiлерге пайызсыз несие беретiндiгi мәлiм болды. Бұл туралы Қазақстанның Экономикалық даму және сауда министрлiгiне қарасты Сауда комитетiнiң төрағасы Айдар Қазыбаев бiлдiрдi. "Қазақстан мен Қырғызстанның ортасындағы сауда қатынасын қалыпқа түсiру үшiн қаржы кестесiн жасау керек. Бiз қырғыз кәсiпкерлерiнiң қаражат жағынан қиналып жатқанын бiлемiз, сондықтан қырғыз банктерi арқылы пайызсыз несие беруге әзiрмiз", – дедi ол.

Соңғы жылдары Қазақстан мен Қырғызстанның арасындағы сауда айналымы нашарлап кеткен. 2007 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткiш екi есеге азайған. Мысалы, биылғы жылдың алғашқы сегiз айында тауар айналымы бар болғаны 250 миллион доллорға әрең жеткен. 2007 жылдың бұл мезгiлiнде 700 миллион доллар көлемiнде айналым болған едi. Қазақстанның жеңiлдетiлген несиесiнiң ауылшаруашылық саласын көтеруге үлкен септiгiн тигiзетiнi сөзсiз.

Айдар Қазыбаев қырғызстандықтарға ауылшаруашылық өнiмдерiн Қазақстан биржалары арқылы фьючерлiк әдiспен сатып алатындығы туралы ұсыныс жасады. "Бiздiң сауда агенттерiмiз барлық облыста бар, олар тауарларыңызды сатып алады әрi өткiзуге көмектеседi", – дедi комитеттiң төрағасы.

Қазақстанның Сауда кәсiпорындары ассоциациясының өкiлi Жiбек Әжiбаеваның айтуына қарағанда, екi мемлекеттiң де сауда қарым-қатынастары бойынша нормативтiк-құқықтық базалары кәсiпкерлердiң ауқымды iс жүргiзуiн шектеп отыр. Оларды жетiлдiретiн мезгiл келдi. Шекарадан өтiп жатқан жемiс-жидек пен көкөнiстердiң сапасын екi жақтық тексерулер әдеуiр уақытты алып, өнiмнiң бұзылып кетуiне әкеп соқтыруда. Сонымен бiрге, ауылшаруашылық өнiмдерiн тасымалдайтын арнайы көлiктердiң қажеттiгi сезiлiп отыр. Ал, азық-түлiктердi салатын еуроодақтық стандарттардағы қораптардың жоқтығынан екi мемлекеттiң де ауылшаруашылық тауарлары шалғайдағы өлкелерге экспортқа шыға алмай жатыр.

Қырғызстанның Агробизнестегi бәсекеге қабiлеттiлiк орталығының директоры Төреғұл Беков азық-түлiктердi шекарадан өткiзуде әкiмшiлiк тосқауылдарды және сыбайластықты жою керек деп есептейдi. Орталықтың зерттеуiне қарасақ, Қырғызстан көкөнiс пен жемiс-жидектiң көптеген түрлерiн, картопты, тiптi, стратегиялық ас-ауқат санатындағы бидайды, қант пен өсiмдiк майларын экспортқа шығаруға мүмкiндiгi бар. Тек, экономикалық тетiктер дұрыс жұмыс iстесе болды.

Форумға қатысушылар Қордайдағы "Барыс-2" базарын аралап көрдi. Базардың әкiмшiлiгi қырғыз кәсiпкерлерiне ыңғайлы бағада сауда алаңдарын жалға беретiндiгiн мәлiмдедi. Бiрақ, қырғыз тарапының бұл ұсынысты оңайлықпен қабылдай қоятыны неғайбыл. "Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала" демекшi, Бiшкектiң дәл iргесiндегi, Орта Азиядағы ең iрi сауда түйiнi – "Дордай" базары тұрғанда, қырғызстандықтар Қордайға бара қоймайтыны айдан анық.

Тоқетерiн айтсақ, осылайша қырғыз-қазақ кәсiпкерлерi, екi елдiң мемлекеттiк мекемелерiнiң өкiлдерi жиi-жиi кеңесiп, өзара пайдалы мәселелердiң түйiнiн шешiп тұрғаны ауадай қажет-ақ. Келiсiмдердi жасауда тек ғана экономикалық өлшемдерге басымдық берiлмей, бауырластығымызға да көңiл бұрылып тұрса, құба-құп болар едi.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ,

Бiшкек қаласы