Жаңалықтар

Саммит: АСТАНАДА ӘЛЕМ ТАҒДЫРЫ ТАРАЗЫЛАНАДЫ

ашық дереккөзі

Саммит: АСТАНАДА ӘЛЕМ ТАҒДЫРЫ ТАРАЗЫЛАНАДЫ

Халықаралық қатынастар оқулығында қалуға лайық басқосу

Биыл елiмiз төрағалық етiп отырған ЕҚЫҰ-ның жетiншi бас қосуы Елордамызда өтпек… Әлемдiк масштабтағы әйдiк басшылардың төс қағыстырып, тамырланған мәселелердiң түйткiлiн тарататын отырысы болады деп, сарапшылар сан алуан уәждерiне сүйенiп жатыр.

Алдымен, Ақорда өзiне берiлген сенiм қоржынын салмақтап көредi. Неге десеңiз, Қазақстанға ЕҚЫҰ-ның қақпасына кiлт табу Атлант көтерген жүктен де ауыр болды десек, артық айтқандық болмас. Қазақстан қарт құрылықтың беделi асқан ұйымына төраға болуға талпынғанда, қайбiр мемлекеттер етектен тартып, сол арқылы саяси ұпай жинағысы келгенi де бар. ТМД территориясында алғаш рет ЕҚЫҰ-ның төрағасы мәртебесiн алып жүруге әрi Астананы жаңа саммиттi өткiзуге лайық қала деп тануда жоғары сенiм танытқаны бiздiң сыртқы саясаттағы елеулi жетiстiгi деп танылуға тиiс. Бұның өзiнен Батыс әлемiнiң посткеңестiк елге деген көзқарасы түзуленiп, әлемдiк сипаттағы басқару функцияларының бiрқатарын сенiп тапсыруға деген ұмтылысын байқауға болады. Қалай десек те, қазiр "Азияда тұңғыш рет ЕҚЫҰ-ның төрағасы атануға сенiм авансы сеп болды" деп сөз саптайтындардың аузына құм құйылды деуге қақымыз бар. Өйткенi, өткен күннiң парақтарын ақтарар болсақ, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық мерзiмiнде әлемде және алыс-жақын шет елдерде бiрқатар тарихи оқиғалар орын алды. Осы жайттардың барлығында да Қазақстан Еуропа мен Азияның қауiпсiздiгiн қадағалап отырған жауапты төраға ретiнде жағдайды бақылаудан шығармай, реттеп отыруға бар күшiн салды.

Қойымыз қоралас, ауылымыз аралас қырғыз елiндегi жағдайды тұрақтандырудағы еңбегiмiз тиiстi бағасын алды. Қырғызстаннан Бәкиевтi алып шығу арқылы, ушығып тұрған жағдайдың одан әрмен адам сенгiсiз ауанға ауысып кетуiнiң алдын алды. Төрағалық етiп отырған ұйымның шеңберiнде посткеңестiк аймақтағы бұрыннан қордаланған дауларды шешуге талпыну да ұтымды қадам болды. Таулы Карабақ, Днестр маңы, Гүржiстан секiлдi ұлтаралық мәселелердiң шешiмiн табуда диалог алаңдарын құру, ортақ пәтуа iздеуге бейбiтшiл күштердi жұмылдыруда елiмiздiң еңбегi ерен болғаны рас. Трансұлттық шеңберден шығып кетедi-ау деген Ауғанстан ахуалы да бiздiң мiндеттемемiзден тысқары қала алмады. ЕҚЫҰ-ға мүше үш елмен шектесетiн аймаққа гуманитарлық, әлеуметтiк-экономикалық көмек көрсету арқылы қауiпсiздiк мәселесiн шешуге жағдай туғызғаны аян. Мысалы, Қазақстан ауған студенттерiн оқыту бағдарламасына 50 млн доллардан аса қаржы бөлдi. Қазiрдiң өзiнде бұл студенттердiң алғашқы тобы оқуын бастап кеттi. Осы арқылы бiзге дейiн төрағалық еткен елдердiң бастамасын – "Корфу үрдiсiн" одан әрi тереңдетуге үлкен мән бердi. Сондықтан, Астана саммитiн елiмiзге, Елбасы Н.Назарбаевқа артылған зор сенiмнiң ақтауы болады деп, алдын ала болжай берсек те болады.

Екiншiден, бұл саммит, ЕҚЫҰ-ның болашағы үшiн де тағдырлы болмақ. Естерiңiзге сала кетейiк, осы ұйымның жоғары деңгейдегi жиыны соңғы рет 1999 жылы, Стамбұлда болған-ды. Бұған дейiнгi бас қосулар 1975 жылы Хельсинкиде, 1990 жылы Парижде, 1992 жылы Хельсинкиде, 1994 жылы Будапештте, 1996 жылы Лиссабонда өткенi белгiлi. Арада 11 жыл өттi… Бұл арада базбiр ойшылдар "бұрын жыл санау бiздiң заманымызға дейiн және кейiн деп екiге бөлiнсе, ендi "11/09/2001" оқиғасынан кейiн үшке бөлiндi" деп айтып жүргендей, уақыт тегершiгiнде өзгерiс енiп кеттi. Расында, Нью-Йорктегi "қос егiздiң" құлауы iрiлi-ұсақты интеграциялық жобаларға, халықаралық ұйымдарға деген сенiмнiң құлдырауына әкелдi. БҰҰ-ның да бұрандалары босап, "оны реформаламаса, реңi кiрмейдi" деген ойды есту таңсық болмай қалды.

Уақытында блогаралық қақтығыстар қауiп тудырса, бүгiнде лаңкестiк пен есiрткi тасымалы қауiпсiздiктiң архитектурасын қайта қарауға мәжбүрлеп отыр. Бұл ретте ЕҚЫҰ-ның да алдынан қауiпсiздiктi қамтамасыз ету тетiктерiн уақыт талабына сай жаңарту мәселесi шыға бастады. "Екi жылда бiр кездесемiз" дегенге келiссе де, осы уақытқа дейiн ЕҚЫҰ шеңберiнде жоғары деңгейдегi басқосулар 6-ақ рет өттi. Аз ба, көп пе? Сондықтан, Астана саммитiнде ортақ керегемiзден кеулеген желге жамау iздеу, оның iргесiне ши төсеу мәселесi ең басты тақырып болатыны қазiрден анық. Сонымен бiрге, ұйым құрылымдарының жұмысын қайта қарау, әдiстеменi жаңарту, ЕҚЫҰ-ға мүше елдердiң қимылдарын үйлестiру тәсiлдерiн осы алқалы отырыс барысында қарастырған да құба-құп болар едi. "Қырғиқабақ" соғысқа нүктесiн қойған Хельсинки хаттамасының қазiргi замана көшiнде көнетоздау кейiпке түскенi ақиқат. Басқасы былай тұрсын, оған Югославияның ыдырауы мен Косовоның қырқысынан кейiн еуропалықтардың да көзi жетiп отыр. Сондықтан, Астана саммитi үкiмет басшыларының жаһандық қатерлерге қарсы тұруға бағытталған еуратлантикалық және еуразиялық қауiпсiздiктiң бiртұтас архитектурасын қалыптастыру тұжырымын жақтайтынын тағы да нықтай түседi. Бұл жайында Елбасы Н.Назарбаев Петерборда өткен халықаралық "ЕҚЫҰ және ТМД: жаңа мүмкiндiктер һәм перспективалар" атты конференция қатысушыларына жолдаған құттықтауында нақтылай кеттi. Сонда Елбасы: "ЕҚЫҰ саммитiн өткiзу ортақ құндылықтар, тең құқылық принциптерi мен өзара құрмет негiзiнде еуроатлантикалық және еуразиялық қауiпсiздiк концепциясына апаратын "жол картасын" анықтап алуға кереметтей мүмкiндiк берiп отыр", – деген болатын.

Жаһандану дәуiрiне аяқ басқанда, жеке бiр мемлекет ретiнде өзге қауымдастықтардан бөлек өмiр сүре алмайтынымыз белгiлi. Ал, ықылым заманнан берi еуразиялық кеңiстiктiң өн-бойында орналасқан Қазақстандағы мультимәдениеттiлiк феноменiн өзгелерге неге үлгi етпеске? Әрине, Киплингтiң "Батыс пен Шығыс ешқашан бiр-бiрiне ұшыраспайды" деген қанатты сөзiн ешкiм ұмытқан жоқ. Бiрақ, өркениеттер арасындағы диалог Батыс пен Шығыс үшiн де өте-мөте қажет. Себебi, қазiргiдей алмағайып заманда бiр елдiң территориясында түрлi мәдени қайшылықтарды тоғыстыру қиынның қиыны болып тұр. Тiптен, Германия канцлерi Ангела Меркельдiң: "бiзде мультимәдениеттiлiк өзiн ақтаған жоқ" деуi Еуропадағы мәдениеттер қайшылығынан хабар берсе керек. Бiрақ, бұл форматтан бастарту да түпсiз тұңғиыққа көздi жұмып тартып кетумен тең. Себебi, көпұлтты мемлекеттер көпмәдениеттiлiктен бас тарта алмасы анық. Ендеше, 130-дан аса ұлтты, 48-ден аса конфессияны бiр шаңырақ астына ың-шыңсыз ұйытып отырған Қазақстан моделiн ендi әлемдiк қалыпқа да шығаруға болады. Әрi бiз үшiн, Елбасы атап көрсеткендей, "өз қоғамымыздың – толеранттылық, дәстүрлердi құрметтеу, сенiм мен өзара түсiнiстiк тәрiздi басты құндылықтарын паш етудiң таңғажайып мүмкiндiгi туып тұр".

Аузы дуалы сарапшылар Астана саммитiнiң осыдан 35 жыл бұрын жиналған Хельсинки отырысынан кем түспейтiнiн қазiрден айтып жатыр. Неге десеңiз, ЕҚЫҰ-ның әрбiр саммитi саяси салдары салмақты болатын, тiптен кейде тарихи мәнге ие болатындай қалыпқа түстi. Әрине, бұл отырысты дайын шешiмдердiң саммитi болады деуге келмес. Керiсiнше, Астана саммитi ЕҚЫҰ-ның негiзгi құндылықтарына деген көзқарастарын тағы бiр айқындап беретiн, әрi осыған мүмкiндiк туғызатын тың механизмдердi iске қосатын болады. Демек, осынау отырыстың халықаралық қатынастардың оқулығында жазылып қалуына әбден мүмкiндiгi бар.

Жан СЕРIК