Жаңалықтар

"ҚАЗАҚСТАНДЫҚ СПОРТТЫҢ ТАРИХЫ"

ашық дереккөзі

"ҚАЗАҚСТАНДЫҚ СПОРТТЫҢ ТАРИХЫ"

Жуырда Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттiк мұражайында "Азиадаға – 100 күн қалды" деген тақырып аясында "Қазақстандық спорттың тарихы" атты көрменiң салтанатты ашылуы болды. Көрмеге келушiлер Азия ойындарына қатысушы "КазСПО-N" қазақстандық компаниясының ZIBRO (FasҺion) спорт киiмдерiнiң көрсетiлiмiн, спортшылардың бұдан бұрынғы жарыстарда тұтынған спорттық құралдарын, Азия ойындарының жеңiмпаздарын марапаттауға арнап шығарылған медальдар түрлерiнiң фотосуреттерiн, Сақ дәуiрiне жататын жәдiгер шам негiзiнде жасалынған алаудың ерекше үлгiсiн тамашалады. Әсiресе, ұлы Абай ойнаған тоғызқұмалақтың тақтайшасы жұрттың назарын аударған.

VII-шi Қысқы Азия ойындарына дайындық Алматы мен Астанада қызу жүрiп жатыр. Өткен айда Алматыда халықаралық шаңғы трамплинi сынақтан өткiзiлдi. Жай сынақ қана емес, 125 және 95 метрлiк трамплиннен секiру бойынша Континентальдық кубок жарысы өттi. Оған әлемнiң бiрнеше елдерiнен саңлақтар Камиль Стох, Якуб Янда секiлдi белгiлi спортшылар қатысты. Кубок иелерi трамплиннiң халықаралық стандартқа сай жасалынғанын айта келiп, мұнда алдағы Азиада ойындарының жоғары деңгейде өтетiнiне сенiм бiлдiрдi.

Тау шатқалындағы Медеу мұз айдыны да жарысқа толық дайын. Спорт тарихында талай рекордтар фабрикасы атанған бұл айдында, VII-шi Азия ойындары кезiнде тағы да азиялық және дүниежүзiлiк рекордтар жаңаруы мүмкiн деген үмiт бар.

Шыңбұлақтағы шаңғымен құлдилап сырғанау жолын дайындаудың соңғы жұмыстары жүрiп жатыр. Қала тұрғындары мен шетелдiк қонақтар бұл жерде де жарыстың неше алуан түрiн тамашалайтын болады.

Бүгiнде Астанадағы ерекше архитектуралық үлгiде салынған жабық стадионның да соңғы дайындық жұмыстары жүрiп жатыр.

Азия ойындары Ұйымдастыру комитетiнiң атқарушы дирекциясы жариялаған ән конкурсына 105 музыкалық туынды келiп түскен. Жуырда сегiз адамнан құралған сарапшы қазылар алқасы осы туындыларды сараптан өткiзiп, 10 үздiк шығарманы таңдады. Бұл музыкалық шығармалар Азия ойындары кезiнде спортшылардың жiгерiн тасытары сөзсiз.

Көлбай Адырбекұлы