Жаңалықтар

КӨШЕ АТТАРЫНАН ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛЫЛЫҒЫ КӨРIНУI КЕРЕК

ашық дереккөзі

КӨШЕ АТТАРЫНАН ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛЫЛЫҒЫ КӨРIНУI КЕРЕК

"Көкемнiң атын көшеге, атамның атын ауылға". Көшеге, елдi мекендерге кiсi есiмiн беруде осындай сөз тiркесiнiң ел арасына кеңiнен тарап кеткенi рас. Оны негiзсiз дей алмайсыз. Қызыл империяның көсемдерi мен әбден таптаурын болған атаулары төл тарихымызға орын берiп жатқан тұста атағы ауылдан ұзай алмаған талай азаматтың есiмi көшелерге, мектептерге, ауылдарға берiлiп кеттi.

Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Асқар Мырзахметов көше, елдi мекен атауларының барлық талаптарға сай болуын реттейтiн ономастикалық комиссиялардың жұмысына жаңа серпiн берiп отыр. Мәселен, былтыр республика бойынша өзгертiлген 1 мыңнан астам атаулардың 400-дейi, яғни 40 пайызы осы облысқа тиесiлi екен. Атауы өзгертiлген немесе жаңа атау алған көшелердiң көпшiлiгi облыс орталығы – Шымкент қаласында. Осыған байланысты бiз Шымкент қаласы әкiмiнiң орынбасары, қалалық ономастикалық комиссиясының төрағасы Бахадыр Нарымбетовтi әңгiмеге тартқан едiк.

– Бахадыр Мәдәлiұлы, көшеге есiм беру туралы шешiм қабылдау тиянақты зерттеудi, таразылауды қажет етедi. Яғни, бұл жерде ономастикалық комиссияға артылып отырған жүк ауқымды. Ал, осындай жауапты iстi атқарып отырған комиссия мүшелерi қай саланың мамандары? Жұмыс тәртiбi қандай?

– Комиссияның құрамын жасақтау кезiнде қоғамның барлық саласында жүрген азаматтарды мейiлiнше қамтуға тырыстық. Онда жер-су аттарын, тарихты бiлетiн азаматтар болуы керек. Осыған байланысты М. Әуезов атындағы Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетiндегi география кафедрасының меңгерушiсi комиссияға мүшелiкке қабылданды. Бұдан бөлек, елге танымал ақын-жазушылар, халықтың өкiлi ретiнде қаладағы үш ауданнан сайланған мәслихат депутаттары, ардагерлер, партия, қоғамдық ұйым, облыстық ономастикалық комиссияның өкiлдерi, ғалым-тарихшылар, iшкi саясат бөлiмiнiң өкiлi енгiзiлдi.

Тәртiп бойынша, көшеге атау беру немесе оның атын өзгерту туралы бастама сол көше тұрғындарының алпыс пайызынан астамының келiсiмiмен жүзеге асады. Бұл жөнiнде арнайы хаттама түзiлiп, ұсыныс жергiлiктi аудан әкiмдiгi арқылы бiздiң қарауымызға берiледi. Бұл ұсынысты қолдау-қолдамау ономастикалық комиссияның құзырында. Өйткенi, көшеге әйтеуiр бiр атауды беру мақсат емес. Ол атау қайталанбауы керек. Тұрғындар арасында "пәленшенiң әкесi едi, түгеншенiң атасы едi" деген көңiлжықпастық оймен ұсыныс жасап жатқандардың кездесуi мүмкiн. Ал, бiздiң өз ұстанымымыз бар.

– Әңгiменiң түйiнi де осы жерден шығады. Көшеге адамның аты-жөнiн берудегi ұстанымдарыңыз туралы тереңiрек айтып өтсеңiз?

– Көшеге кiсi есiмiн беруде бiз барша қазаққа танымал тарихи тұлғаларды, хандарды, билердi, сұлтандарды, жырауларды, батырларды, алаш қайраткерлерiн бiрiншi орынға қойып отырмыз. Екiншiден, Кеңес Одағының Батыры атанғандар, "Даңқ" орденiнiң толық кавалерi атағын алған жерлестерiмiзге мән берiледi. Бұдан кейiнгi кезек көрнектi қоғам қайраткерлерiне тиiп отыр. Комиссияға Ауған соғысында ерлiкпен қаза тапқан жауынгерлердiң есiмдерiн көшеге беру туралы бiр-екi ұсыныс түстi. Мұны да жөнсiз дей алмаймыз. Өйткенi, ерлiкпен қаза тапқан боздақтар халық жадынан ұмытылмауы тиiс.

Көшеге тарихи тұлғалардың атын беруде жершiлдiкке, жүзге бөлiнушiлiкке, рушылдыққа жол берiлмеуi керек. Қазақ мемлекетiнiң қалыптасуына еңбек сiңiрген, қазақ тарихында өзiндiк орын алатын тұлға мейлi қай рудан, қазақ жерiнiң қай қиырынан шықса да бәрiмiзге ортақ. "Мына ауылдың батырларына көп мән берiлiп кеттi, ана ауылдың биi неге жоқ?" деген әңгiмелердi кейбiреулер астарлап болса да жеткiзiп жатады. Батырларымызды, билерiмiздi бұлай бөле жарып, бiр руға меншiктеп қойсақ, онда ел болғанымыз, ұлт болғанымыз қайсы?!

Қазiр бiз көшеге кiсi атынан гөрi бүкiл қазақ бiлетiн тарихи жер атауларын бергендi жөн көрiп отырмыз. Бұл атау берудегi қазақтың ежелден қалыптасқан дәстүрлi жүйесiмен де үндеседi деп ойлаймын. Мәселен, Мұзтау, Сарқырама, Наркескен, Сырғалы, Бұлантау, Талшын, Iзгiлiк, Жетiсу сияқты атаулар бар. Шымкент көшелерiнен қазақ жерiнiң кеңдiгi, сұлулығы байқалып жатуы тиiс.

"Тарихи тұлғаларға неге көбiрек көңiл бөлмейсiздер?" деген ұсыныстар да айтылуда. Олай iстеуге ешқандай кедергi жоқ. Бiрақ, бұл мәселенiң екiншi жағы да бар. Хан, батырлардың есiмi көшеге беруге лайық шығар, ал көшенiң өзi сол тұлғаның дәрежесiне лайық па? Өйткенi, жаңадан салынып жатқан көшелердiң бiрi тар, бiрi шолақ. Менiң ойымша, ұлы тұлғалардың есiмi тек үлкен көшелер мен даңғылдарға лайық.

– Дегенмен кезiнде аты-жөнiн көпшiлiк бiле бермейтiн азаматтардың есiмдерi қаланың қақ ортасындағы даңғылдарға берiлiп кеткенi жасырын емес қой.

– Иә. Тiптi, олардың арасында көзi тiрi азаматтар да бар. Ономастикалық комиссияның тұжырымдамасы бойынша кiсi есiмi ол қайтыс болғаннан кейiн кемiнде бес жыл өткен соң көшеге, басқа да нысандарға берiледi. Сiз айтып отырған жайттар заң қабылданбай тұрып жасалған. Олар мәслихаттың шешiмiмен бекiтiлiп, әдiлет органдарына тiркелiп қойылған. Ал, ендi тәртiп бойынша көше атауын он жылсыз өзгерте алмаймыз.

Осы жерде мына бiр мәселеге тоқтала кетсем деймiн. Нақты аты-жөнiн атамай-ақ қояйын, Шымкенттегi үлкен көшелерге кешегi партия қызметкерлерiнiң есiмдерi берiлген. Ал, бiз атақты ханның, батырдың есiмiн беруге лайықты көше таппай отырмыз. Алдағы уақытта мүмкiн орталықтағы осындай көшелердiң атауын басқа жаққа ауыстыру қажет болатын шығар.

– Шымкентте қазiр атауы жоқ қанша көше бар?

– Ондай көшелердiң нақты санын ешкiм кесiп айта алмайды. Себебi, қала жылдам өсуге бет бұрды. Жаңадан бой көтерiп жатқан шағын аудандардағы кейбiр көшелерде бiр-екi үй ғана болуы мүмкiн. Ал, екi адам бұл көшеге қандай атау беру керектiгiн шеше алмайды. Iргелес Сайрам, Ордабасы аудандарындағы бұрынғы саяжайлар қалаға қарап жатыр. Ол жердегi көшенiң атауы болғанымен, ол құжат жүзiнде бекiтiлмеген.

Бiз қазiр халық тығыз қоныстанған көшелерге атау беруге мән берiп жатырмыз. Ол – қажеттiлiк. Өйткенi, жедел жәрдем, өрт сөндiрушiлердi шақыруда қиындық туады. Өкiнiшке қарай, көше атауының жоқтығынан жедел жәрдем кешiгiп, жас бала шетiнеп қалған жағдай да кездестi.

– Комиссияға "мына көшеге тас төсеп беремiн, осыған әкемнiң немесе бабамның атын берсеңiздер" деген бұйымтай айтып жүрген азаматтар бар ма?

– Егер мұндай азаматтардың әкесi немесе бабасы сол көшеге лайық болса, ұсыныс комиссияның талқысына салынуы мүмкiн. Егер олай болмаса, босқа тыраштанудың қажетi жоқ. Бұрын комиссияға осындай ұсыныспен шығып, бiрақ әкесiнiң есiмi көшеге берiлген соң, уәдесiнен тайқып кеткен қалталы азаматтар болған екен. Мұндай келеңсiздiктерге ендi жол берiлмейдi. Қазiр, Құдайға шүкiр, жол жөндеуге бюджеттiң қаржысы жетедi ғой.

– Комиссияға жүктелген мiндеттiң бiрi – қала көшелерiндегi маңдайшаларды қадағалау. Осы салада көпшiлiк тарапынан айтылып жатқан сын-ескертпелерге не айтасыз?

– Бiздiң жұмысымыз үш бағытты қамтиды. Бiрiншiсi – жаңа көшеге, шағын аудандарға, мектептерге атау қою. Екiншiсi, Кеңес одағынан қалған, ескiрген атауларды жаңалау. Үшiншiсi, өзiңiз айтқан көше бойындағы маңдайшаларды қарау. Кейде "Шымкенттiң көшелерiнде шетелде жүргендей боласың" деген сындар жиi айтылып жатады. Бiрақ бiз маңдайшалардағы жазулардың мемлекеттiк тiлге сәйкестiгiн ғана тексере аламыз. Ал, нысанның атауы әдiлет органдарына қалай тiркелсе, кәсiпкерлердiң оны маңдайшаға солай жазуына толық құқығы бар. Оған бiз ешқандай дау айта алмаймыз. Сондықтан бiз жуырда кәсiпкерлiк нысандардың атауын қоюда қалалық мәдениет және тiл бөлiмiнiң келiсiмi болуы тиiс деген талап қойғанбыз. Бiрақ ол шағын және орта бизнеске кедергi жасайтын артық талап деген негiзбен алынып тасталды. Бұл мәселе ендi жоғарыдан, республикалық көлемде реттелуi тиiс деп ойлаймын.

– Мектептерге, шағын аудандарға атау беруде қандай өзгерiстер, ұсыныстар бар?

– Қаладағы бұрынғы "Пахтакор-1", "Пахтакор-2" деген шағын аудандарға бертiнде "Қаражол" деген атау берiлген екен. Жалпы қазақта "Ақжол" деген жақсы ұғым бар. Ал, "Қаражол" бұған керi ұғым сияқты көрiнедi. Сол шағынауданда бiрнеше жол апаттарының болуын жергiлiктi халық осы атаумен де байланыстырып жатты. Сондықтан аталған екi ауданның бiрiне "Ұлағат", екiншiсiне "Мирас" деген атау берiлдi. Қаланың тарихи орны, бертiнде этноқалашыққа айналған алаңға "Тәуелсiздiк алаңы" деген атау беру туралы ұсыныс түстi. Бiз қолдадық. Ал, мектеп атауларына қатысты өзгерiстер жоқ. Бiрақ ұсыныстар болды. Мәселен, "Нұрсәттегi" жаңадан ашылған мектепке Қонаевтың есiмiн беру туралы. Бiз ұсынысты қабылдаған жоқпыз.

– Неге?

– Шымкентте Қонаев даңғылы бар. Егер бүгiн мектепке Димекеңнiң атын берсек, ертең халық ерекше қастер тұтқан тұлғаның есiмiн басқа нысандарға қоя алмай қаламыз. Өйткенi, заң бойынша атау екi реттен артық қайталанбауы тиiс. Қонаевтың есiмi мектептен гөрi одан да жоғары тұрған нысанға, мүмкiн жоғары оқу орнына, саябаққа лайық деп ойладық.

Әңгiмелескен Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ