Жаңалықтар

СЫРДЫ ҚАЛАЙ ЖЫРЛАСАҚ ТА ЖАРАСАДЫ

ашық дереккөзі

СЫРДЫ ҚАЛАЙ ЖЫРЛАСАҚ ТА ЖАРАСАДЫ

Жақында зерттеушi, этнограф Тынышбек Дайрабайдың "Сыр перзенттерi" атты жинағы қолыма түстi. Атының өзi елең еткiзерлiк кiтап автордың соңғы жылдардағы еңбегiнiң түйiнi әрi жемiсi iспеттi әсер қалдырды. Өйткенi, мұрағат деректерi мен энциклопедияға енген ғылыми мақалаларды да, мерзiмдi басылымдарда жарияланған танымдық материалдарды да осы жинақтан табасыз.

Кiтап Сыр елiнен шыққан атақты тарихи тұлғалар, ақын-жыраулар мен қоғам қайраткерлерiне арналған. Сонау 3-4 ғасырда өмiр сүрген пiрлердiң бiрi Мағзаман, Айқожа ишан, Қасымқожа сияқты аты аңызға айналған тұлғалардан бастап, кешегi Әлiбек ақын, Таубайдың Жүсiбi, Темiрбай жырау, Жалғасбай жырау, Тұрмағамбет Iзтiлеуов, Әбдiкәрiм Оңалбаевтар мен бүгiнгi заман шайырлары мен ғалымдары Қомшабай Сүйiнiш, Өтеген Күмiсбаев, Темiрше Сарыбаев, Елена Әбдiхалықова т.б. көрнектi тұлғалар туралы деректер бар. Тұғырлы тұлғалар мен атақты ақын-жыраулар туралы деректердi кiтаптың 1 және 2 тарауларынан табуға болады.

Жинақтың үшiншi тарауы энциклопедиялық және түрлi басылымдарда жарияланған зерттеулерге арналыпты. Сыр өңiрiндегi тарихи мекендерге, археологиялық ескерткiштерге қатысты бiрталай құнды мәлiметтердi осы тараудан табуға болады. Жалпы алғанда, Қазақстн ұлттық энциклопедиясына автордың 40-тан астам мақалалары енген екен. Бұдан басқа Т.Дайрабайдың Қызылорда облысы энциклопедиясын жинақтауға да белсене атсалысқанын көремiз.

Осы тарауда автордың 1967 жылдан берi мерзiмдi басылымдарда жарияланған бiрқатар мақалалары сұрыпталып берiлген екен. Осы мақалалардың iшiнен "Жүргенов тойлары өтiп жатыр, бiрақ Жүргеновше емес…" атты мақала ерiксiз назар аудартады. "Темiрнаком" атанған Темiрбек Жүргеновтың туған жерiн анықтауға қатысты зерттеушiлер арасындағы дау жөнiнде айтылған. Кейбiр зерттеушiлер Т.Жүргенов Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында дүниеге келген десе, оның өмiр жолын бiр кiсiдей зерттеген Т.Дайрабай туған жерiн Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы 16-шы ауылда деп көрсетедi. Автор бұл орайда Өзбекстан респбуликалық мемлекеттiң мұрағатының 86 қор, 1 тiзбесiндегi 33 iстегi Т.Жүргеновтiң 1925 жылы өз қолымен жазған өмiрбаянын дәйек ретiнде алға тартады.

Кiтаптың төртiншi тарауы мұрағат деректерiнен құралған. Мұнда ҚР Мемлекеттiк мұрағатындағы Орталық ғылыми кiтапхана мен Республикалық ұлттық кiтапхананың сирек кездесетiн қолжазбалар мен кiтаптар қорындағы құжаттардың Сыр елiне, оның iшiнде Жалағаш, Қармақшы аудандарына қатысты деректерi келтiрiлген. 1880-1904 жылдардағы Сырдария облысындағы би, болыстардың тағайындалуы (сайлануы) туралы бұйрықтар, Орынбор-Ташкент темiржол бекеттерiнiң орналасуы, олардың бұрынғы аттары, И.Тоқтыбаев, Т.Жүргеновтiң өмiрдеректерi мен 1870 жылдардағы статистикалық мәлiметтердi табуға болады.

"Ақеден ауылдың адамдары-ай" деп аталатын соңғы тараудың жөнi бөлек. Өмiрдiң ащы-тұщысын көрген, жақсысын көңiлге түйген адамның сөзiмен айтқанда: "… Бiздiң балалық, жiгiттiк шағымыз өткен тұста, тiптi 1970-1971 жылдарға дейiн №16 ауылдың тұрғындары үйлерiн құлыптау дегендi бiлмейтiн. Ауылдың ақеден адамдары осындай едi…" деген сөздермен басталады. Осылайша, автор өз тұрғыластары, замандастары жайлы сөз қозғайды.

Бұдан басқа кiтап қосымша материалдарға да бай. Елдi аузына қаратақан билер мен батырлардың мөрлерiнiң суреттерi қоса берiлiптi. Мұны да кiтаптың қүндылығы десек болар. 1803-1866 жылдар аралығында қолданыста болған мөрлердiң, Елекей сұлтан Қасымовтың мөрi, Жолай — Кетебай, Өтетiлеу, Пiрәлi мөрлерi, Сейiт батырдың, Башеке бидiң, Бекмырза бидiң мөрлерiнiң суреттерi бар. Өткен тарихтан сыр шертетiн бұл суреттердiң жас ұрпаққа өнегесi мол екенi анық.

Кiтапқа алғысөз жазған ақын Күләш Ахметованың сөзiмен айтқанда, "Ұлы Сырдың бойы тұнып тұрған қазына. Қанша кiсi зерттесе де таусылмас тағлым бар. Тынышбек сол мұрадан қанып iшiп, артына өшпестей сөз қалдырған билер мен шешендердiң, батырлар мен ақын-жыраулардың өмiрi мен шығармаларын зерттеп, жазумен айналысып жүр".

Тынышбек Дайрабайдың соңғы 15 жылда 300-ден астам тарихи-танымдық мақаласы, зерттеу-этнографиялық шығармалары, оншақты жинақ кiтаптары жарық көрген. Сыр елiнен шыққан, есiмi кешеге дейiн ескерусiз келген, ел тәуелсiздiгi үшiн күрескен батырлар мен ел сөзiн сөйлеген билер мен ақындар мұрасын жинақтап, өмiрбаянын түгендеп, мұрағаттарда шаң басып жатқан қағаздардың арсынан алып шығып, халқына қайта қауыштыру орасан қажыр-қайратты, табандылықты қажет ететiнi сөзсiз. Мұның бәрi бүгiнгi жас ұрпаққа өнеге болсын деген мақсатпен жасалатыны да рас.

Сыр өңiрiн зерттеуге сүбелi үлес қосып жүрген Тынышбек Дайрабайдың өзi де – Сыр перзентi.

Ал Сырды қалай жырласа да жарасады.

Жеңiсбек ТОРҒАЙҰЛЫ