Жаңалықтар

Iшкi iстер министрлiгi: МЕКТЕПТЕ АҚША БОПСАЛАУ ФАКТIСI БАР

ашық дереккөзі

Iшкi iстер министрлiгi: МЕКТЕПТЕ АҚША БОПСАЛАУ ФАКТIСI БАР

Тұздыбастау ауылында өрiмдей екi баланың қыршынынан қиылғаны қоғамды бей-жай қалдырған жоқ. Бұл суыт хабарды естiген ата-ана қауымының құты қашып, жанын қоярға жер таппай жүр. Әрине, мұндай кезде бар ауыртпалық ата-анаға тиетiнi айтпаса да түсiнiктi.

Газетiмiздiң өткен санында ("Тұздыбастаудағы трагедия. Екi баланың жұмбақ өлiмiне кiм кiнәлi?", "Түркiстан", №42) Алматы облысы, Талғар ауданы, Тұздыбастау ауылындағы №31 орта мектептiң 9-сынып оқушылары Сержан Тұрысбеков пен Абай Исабековтың өз үйiнiң шатырында асылып өлгендiгi туралы жазған болатынбыз. Екi жасөспiрiмнiң жұмбақ өлiмi тұздыбастаулық тұрғындардың түн ұйқысын төрт бөлдi. Тiптi, осы оқиғадан кейiн ауыл адамдары баласын далаға шығарудан қорқып қалған. Өйткенi, бәзбiр тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдайдың болуы алғаш емес көрiнедi.

Олардың пiкiрiнше, Тұздыбастау ауылын уысында ұстап, мектеп оқушыларына әлiмжеттiк көрсетiп, ақша бопсалайтын арнайы топ бар. Жетi адамнан тұратын бұл топ өздерiн "Жетi қарақшы" деп атайды екен. Бiлетiндер қаза болған Сержан мен Абай да осы топтың құрбаны болды дейдi. Расында да, бұл пiкiрдiң астарында шындықтың құлағы қылтиятын сияқты. Тұздыбастау ауылына алғаш барған күнi мектеп қоршауының қабырғасында "7 қарақшы" деп көк бояумен баттитып жазылған сөздi оқыған едiк. Бiрақ, неге екенi белгiсiз, адамның бойына үрей ұялататын бұл атау содан кейiн-ақ өшiрiлiп тастапты.

Осы оқиғадан кейiн Тұздыбастау ауылында екi мәрте жиналыс өттi. Бiрiншiсi, Талғар ауданының әкiмiнiң қатысуымен өтсе, екiншiсiне осы iстi тiкелей бақылауына алған Iшкi iстер министрiнiң орынбасары Александр Кулинич келдi. Бүгiнде Қылмыстық кодекстiң 102-бабы бойынша iс қозғалып, тергеу басталып кеттi. Нәтижесiнде ауыл тұрғындары мен оқушылар арасында сауалнама жүргiзiлiп, 700-ден аса оқушыдан жауап алынды. Бiр айта кетерлiгi, соның бiразы мектепте әлiмжеттiктiң бар екенiн айтқан. Iшкi iстер министрiнiң орынбасары Александр Кулинич: "Қазiр тексеру жүрiп жатыр, таяуда аяқтаймыз. Бүгiнге дейiн бiраз адамнан жауап алынып, оқушылар арасында сауалнама жүргiзгенде кейбiр оқушылар мектепте шын мәнiнде ақша бопсалайтын балалардың болғанын айтты. Осыған сәйкес өзiнiң қызметiне немқұрайлы қараған бiраз қызметкерлерге шара қолданамыз", – деп жел тұрмаса, шөп басының бекер қимылдамайтынын жеткiздi.

Осы жиынға қатысқан Абайдың әкесi Әбу Исабеков бастаған ата-аналар бар кiнәнi балалар оқыған мектептiң басшылығынан көредi. "Әлi халық айтады шындықты. Оқушылар арасындағы әлiмжеттiк әрекеттердi басшылық бiлдi, сөйте тұра тиiстi шараны уақтылы қолданбады", – дейдi олар.

Тұздыбастаудағы қайғылы оқиғадан кейiн елiмiздегi барлық мектептер тексерiлмекшi. Бiлiм және ғылым министрлiгi екi оқушының өлiмi үшiн бiлiм ұясының басшылары жауап беретiнiн айтып, Iшкi iстер министрлiгiне мектеп инспекторы мен учаскелiк полицейдi жазалау туралы өтiнiшiн жiберетiндiгiн тiлге тиек еттi. Орта және мектепке дейiнгi бiлiм беру департаментiнiң директоры Нұрғали Аршабеков: "Бұл жерде ортаның, отбасының мәселесiн қарау керек. Себебi, мұндай жағдайда жалғыз мектеп емес, ата-ана да бiрдей жауап беруi керек" дегендi айтады. Ал, облыс әкiмдерi орынбасарларының, Астана, Алматы қалаларының бiлiм департаменттер басшыларының басын қосқан Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов орта бiлiм жүйесiнiң және жастар саясатының өзектi мәселелерi төңiрегiнде алқалы жиын өткiздi. "Жасөспiрiмдер қылмысының өршуi мектеп инспекторларының жұмысын күрделендiрiп бара жатқандығы да шындық. Заман алға ұмтылған сайын қылмыстар да түрленiп, жаңаша сипат алуда. Жасөспiрiмдер арасындағы қылмыс қашан да ұлттық тұтастығымызға, ел болашағына қауiп төндiрерi сөзсiз. Жаңадан өркен жайып келе жатқан ұрпақтың қылмыстың бұралаң жолдарын таңдауы – дәуiр қасiретi. Мәселен, 16 жастан бастап қылмыстық жауапкершiлiкке тартылады. Бұл бағытта балаларды тәрбиелеуде басты рөл – мектепке, мұғалiмге жүктелетiнi белгiлi. Ал, мектеп бiлiм берумен шектелiп қана қалмай, оқушылардың ар-ожданын, азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етедi. Оқушыларға ғана емес, жұмысшы жастар арасында да отаншылдық тәрбие бойынша жұмыстарды күшейтуiмiз қажет", – дедi ол.

Әзiрге қылмыстық iс бойынша материалдар жинақталып, тексеру амалдары жүргiзiлуде. Тергеу жұмыстарының жүрiп жатқанына екi аптадай уақыт өтсе де, iс жөнiнде толыққанды мәлiмет берiлген жоқ. Талғар ауданы бiлiм бөлiмiнiң мамандары мен Iшкi iстер қызметкерлерi де тексерудiң қорытындысы шыққанда, ресми түрде жарияланатын болады деп сендiрдi.

Жәнiбек ӘШIМ