Жаңалықтар

ОҢТYСТIКТЕ ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС КҮШЕЙДI

ашық дереккөзі

ОҢТYСТIКТЕ ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС КҮШЕЙДI

Қазiр мемлекет қоржынына қарауыл азайды ма, бюджет дорбасынан анау да, мынау да көсiп алып, көлбей асауға құмар болып қалды. Осындайда "Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедi" деген тәмсiл еске түседi.

Бұл сөз ауызға өздiгiнен түсiп жатқан жоқ. Жақында Шымкентте "Нұр Отан" ХДП облыстық филиалының "Жемқорлыққа қарсы" аймақтық форумы өттi. ҚР Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгiнiң аумақтық басқармасы бастығының орынбасары Қ. Құлажановтың хабарламасына сай, өткен 9 айда 192 тексеру жүргiзiлген. Тексеру барысында Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңдылықтарын 822 рет бұзу айғағы анықталған. Есептi мерзiм iшiнде ҚР Мемлекеттiк қызмет агенттiгi аумақтық басқармасының жүргiзген тексерулерi барысында қолданыстағы заңнамаларды бұзып қабылданған 5 бұйрықтың күшi жойылып, 100 мемлекеттiк қызметкерге тәртiптiк жаза қолданылыпты.

Тоғыз айда Тәртiптiк кеңестiң 8 отырысында 82 мәселе қаралған. Мәжiлiстерде 66 лауазымды тұлға жауапкершiлiкке тартылып, соның iшiнде 43 мемлекеттiк қызметкерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамалардың талаптарын бұзғандары үшiн тәртiптiк жаза қолданылған.

Тәртiптiк кеңестiң 12 ақпанындағы отырысында қаралған мәселе бойынша ҚР статистика агенттiгi ОҚО Статистика департаментiнiң бастығы Б. Шайманов пен орынбасарына "ескерту" түрiндегi тәртiптiк шара қолданыпты.

Ал, наурыз айында Тәртiптiк кеңес Түркiстан қаласындағы жергiлiктi атқарушы мемлекеттiк органдарға тексеру жүргiзген. Осы тексерудiң қорытындысымен 19 мемлекеттiк қызметкердiң асқақтаған көңiлi су сепкендей басылды.

Сайрам ауданына да сүзгi салынған. Тәртiптiк кеңес Қарабұлақ ауылдық округiнiң әкiмi А. Нышанқұлов пен осы ауылдық округi аппаратының жетекшi маманы Б. Хасановты сынға алды. Бәйдiбек ауданында 6, Түлкiбас ауданында 7 мемлекеттiк қызметшiнiң қызметi алаңдатады. Облыстық мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментiнiң бөлiм бастығы мен Түркiстан қалалық мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы да сөгiс арқалап құтылған. Аталмыш департаменттiң бiрқатар аудандардағы басқарма бастықтары – Түлкiбас ауданында М. Бейсенбаев, Абай ауданында С. Байсалов, Бәйдiбек ауданында А. Ысқақов , Қазығұртта С. Анарқұлов, Отырарда Е. Рысқұлов және департаменттiң бөлiм бастықтары (Л. Прямкова мен Ә. Кемелов) ескерту алған.

Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментi бастығының орынбасары Серiк Өтембаев бұдан да басқа былықтардың бетiн ашты.

2010 жылдың 9 айы iшiнде сыбайлас жемқорлыққа қатысты 195 iс қозғалған. Оның 57-сi лауазымды қызметкердiң үстiнен.

– Қылмыстардың басым көпшiлiгiн бiлiм саласындағылар жасайды. Биыл тәрбие берушiлердiң 77-сiнiң тәртiп шеңберiнен тысқары шыққаны анықталды. Бұдан кейiнгi кезекте әкiмшiлiк қызметкерлерi тұр. 44 iс бойынша 58 мемлекеттiк қызметкерлердiң үстiнен қылмыстық iс қозғалды. Саулығымыз үшiн қырағы сапта жүр дейтiн дәрiгерлер де ақ желеңдерiне кiр жұқтырып алады. Дәрiгерлердiң үстiнен 10 қылмыстық iс қозғалған. Салық комитетiндегiлер де сыбайластықтан сырт жүрмейдi. Биыл салық комитетiнiң 6 қызметкерi қолдарын былғап алған. Әдiлет басқармасының қызметкерлерi де әдепсiздiкке барып жүр. Саланың 4 бiрдей соқталдай азаматы оңбай сүрiндi. Сот орындаушылардың үшеуi, кеден комитетiнiң бiр қызметкерi қылмыс жасады. Мемлекеттiк сатып алу бойынша52 қылмыстық iс қозғалып, 4 лауазымды тұлға сотты болды. Жол полициясының 6 қызметкерiнiң үстiнен қылмыстық iс қозғалды, – дейдi ол.

Салық комитетiнiң кейбiр "саңлақтары" да сүттен ақ, судан таза дей алмаймыз. Мәселен, осы саланың бас мамандары Контаев пен Сәрсенов жеке кәсiпкерден "тексермеймiз және әкiмшiлiк жаза қолданбаймыз деп пара алып, бастары дауға iлiктi. Сол сияқты "Түркiстан" кеден бақылау бекетiнiң қызметкерi К. Әбдеев 10 тонна сарымсаққа бола бүгiнде сары уайымға салынып отыр.

Облыстық прокуратура қызметкерлерiмен бiрлесiп жасалған iс-шара бойынша 273 лауазымды қызметкер жауапкершiлiкке тартылған. Оның 118-i бiлiм беру саласының, 99-ы әкiмшiлiк, 16-сы денсаулық, 9 iшкi iстер басқармасының қызметкерлерi.

С. Өтембаев мемлекеттiк сатып алудың тәртiбi көңiл көншiтпейтiнiн ашып айтты. Осы салада мемлекетке үлкен мөлшерде зиян келтiретiн құқық бұзушылықтар жасалынады. Мемлекеттiк сатып алу талаптарын орындауға қабiлеттi материалдық базасы жоқ мекемелер мен фирмалардың конкурста қалай жеңiмпаз болып шыға келетiнi мүлдем жұмбақ. Олардың көпшiлiгi iстерiн шала-пұла атқарып, соңында iздерiн суытып үлгередi. Айталық, "Нұр Отан" ХДП ОҚО филиалы төрағасының орынбасары Ұ. Сәдiбеков "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасы бойынша 6 қылмыс анықталды деп отыр. Мәселен "Қайтпас-1" шағын аудандағы мектеп құрылысын жүргiзушi мердiгерлер құрылыс жұмысын толық аяқтай алмаған. Ендi олармен жасалған келiсiм-шарт бұзылып, iстi басқалар жалғастыруда. Ордабасы ауданы Төрткүл елдi мекенiнде "Жол картасы" бағдарламасы бойынша ауыз су жүйесiн жүргiзген "Темiрлан" МКК да тиянақтылық танытпаған тәрiздi. Олардың iсiн "Таустрой" ЖШС-i қолға алыпты.

Жуырда Оңтүстiк Қазақстан облысының прокуроры Берiк Құлтасовтың төрағалығымен өткен кезектi алқа мәжiлiсiнде де бiрқатар мән-жайдың бетi ашылды. Айталық, "Жол картасы" бағдарламасы бойынша құжаттары сәйкес келмейтiн жобалар да негiзсiз енгiзiлiп, сол арқылы бюджет қаржысының бей-берекет жұмсалу оқиғалары орын алған. Мысалы, Шымкент қаласындағы "Астана" саябағын көрiктендiру үшiн 2009 жылы бюджет есебiнен 14,3 млн. теңге бөлiнгенiмен, аталған құрылыс нысанында нақты қандай құрылыс жұмыстарын жүргiзу қажеттiгiн белгiлейтiн жоба-сметалық құжаттары мүлде болмаған. Соған қарамастан мердiгерге бюджет қаржысы аударылып, ол өз қалауынша құрылыс жұмыстарын жүргiзген. Бұл қандай мырзалық?

Шымкент қалалық әкiмдiгiнiң коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлiмiнiң бұрынғы бастығы Бейсал Гулиев автопаркинг салмақ болған. "Торговый центр Жетiсу" ЖШС-нiң 33,5 млн. теңгенi қабылдап алу жөнiндегi жалған актiсiне қол қойған. Ал, әкiмшiлiк тарапынан автопаркинг үшiн жер телiмi мүлдем бөлiнбептi де. Сол үшiн де Б. Гулиев 2 жылға шартты түрде сотталған. 2008 жылдың қыркүйек айында "Сайрам-тазалық" МКК-нiң басшысы А. Бекжiгiтов су шаруашылығына кешендi жөндеу жұмыстарын жүргiзу барысында бюджеттiң 9,8 млн. теңгесiн жымқырған. Осы үшiн де ол 2 жылға шартты түрде сотты болды.

Облыс әкiмi аппараты мемлекеттiк құқық бөлiмiнiң бастығы С. Атықаев былтырғы осы мерзiммен салыстырғанда сыбайлас жемқорлыққа жол берiп, тәртiптiк жазаға тартылғандар саны 391-ден 421-ге артып отыр деген айғақты алға тартты. Оның 145-i әкiмдiк пен әкiмдiктердiң құрылымдық бөлiмдерiнiң өкiлдерi екен.

Иә, жемсауы жемтiкке жұбанбайтын жырындылар әлi де жетiп артылады. "Бармақ басты, көз қыстымен" қызметке тұрып, елдi ала тайдай бүлдiрiп жүрген "жанкештiлердi" дер кезiнде ауыздықтамаса, қоғамнан берекет, адамнан әдiлет кетедi. Мемлекеттiң тұрақтылығына сыбайлас жемқорлық зор қауiп төндiретiнi ешкiмге құпия емес. Ендеше, сыбайлас жемқорлықпен күрестi ұсақ-түйек деп қарай алмаймыз.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

Оңтүстiк Қазақстан облысы