Жаңалықтар

ЖАСАЙМЫН БIР ҚОЛҒАБЫС

ашық дереккөзі

ЖАСАЙМЫН БIР ҚОЛҒАБЫС

(Тарихшы -этнограф Құрбанғали Халидтың "Тауарих хамса" атты кiтабының шыққанына 100 жыл)

Осыдан он бес, жиырма жыл бұрын жоғары оқу орнын бiтiрген жастардан "Тауарих хамса" деген кiтапты бiлесiң бе?" деп сұрасақ, олар жауап бере алмай иығын көтерiп жүре берер едi. Бұл олардың бiлiмсiздiгiнен емес, өкiмi күштi империалық саясаттың қазақ халқына тән төл мәдениетiне, әдебиетiне, тарихына менсiнбей, танауын шүйiре қарауынан едi. Мұның астарын бiрер ауыз сөзбен түсiндiруге әсте болмас. Керiсiнше, оның сыры тереңде жатыр

Тегiнде көнеден келе жатқан өзiндiк бай мәдениетi бар елдi ешкiм мұқата алмайтыны белгiлi. Қайта оның озығынан үйренiп, өз халқының мәдени деңгейiн көтеруге тырысады. Бiз сияқты көшпелi елдiң өзiне тән төл мәдениетiн терең зерттеп бiлмей жатып, "бұратана", "жартылай жабайы" деп ұғынған европалықтар, соны қағида сөздей көрген орыс чиновниктерi қазақ даласында ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұраларды қараулықпен қиратып, Қожа Ахмет Ясауи ғимаратындай ғажап сәулет өнерiне оқ атуы да, бiздi мәдениеттен жұрдай етудiң айла-шарғысы болатын.

Әрiсi түркi, берiсi қазақ халқы ықылым заманнан бастап, өзiмен дәрежелес елдерден кем қалмай, өз тарихын, өз мәдениетiн шама-шарқынша дамыта бiлген. Талай тарихи құны зор жәдiгер жазбалардың әлем ғылымының алтын қорына қосылуы соның дәлелi. Сондай еңбектiң бiрi – бұдан бiр ғасырдай бұрын жазылып, 1910 жылы Қазан қаласындағы "Өрнек" баспасынан жарық көрген "Тауарих хамса" ("Шығыстың бес елiнiң тарихы") атты тарихи мұра. Кiтаптың жазбагерi (авторы) Құрбанғали Халид 1843 жылы Аягөз шаһарында туған өз перзентiмiз. Заты ноғай демесең, қазақ iшiне судай сiнген сүйегi ажырамас туыс. Содан болар, ол сол замандағы және одан бұрынғы тарихи еңбектердiң зерделей келiп, қазақтың қағаберiсте қалған тарихнамасын мұқият жазып шығуды мақсат еткен. Бiрақ, содан берi ғасырға жуық уақыт өтсе де халық көзiнен тасада ұсталып, ғылыми айналымнан тыс қалғандықтан оны көп ешкiм бiле бермейдi.

Бұлай дейтiнiмiз, осы аталмыш кiтапты шағатай тiлiнен (ескi өзбек тiлi) Б.Төтенаев пен А.Жолдасов тұңғыш рет қазақ тiлiне аударып, 1992 жылы ғана "Қазақстан" баспасынан "Тауарих хамса" ("Бес тарих") деген атпен шығартты. Әрине, мұндай тарихи танымы мол еңбектiң ел-жұртқа ерте танылмай келгенi өкiнiштi-ақ. Ендi өкiнгеннен гөрi, "Ештен кеш жақсы" деген жұбаныш мәтелдi қуат етуге толық негiз бар.

Авторы "Шығыстың бес елiнiң тарихы" деп атаған бұл еңбек терең мазмұнымен, айтар ойының нақтылығымен, баяндау жүйесiнiң шеберлiгiмен, тарихи шындықты айтуға ұмытылуымен барынша құнды. Зерттеушiнiң бұл кiтабы, өзiнiң аты айтып тұрғандай, бес тараудан тұрады. Ол: Бұқара, Алтышар, Қазақ, Моңғол, Шин патшалықтарының iшкi сыртқы жай-күйiн, қарым-қатынасын, тарихын сындарлы сөз етедi.

Құрбанғали өз заманында барынша бiлiмдар адам болғанға ұқсайды. Оның әкесi Халид Қазан уезiнiң Урнаш-Баши деген жерiнен шыққан татар саудагерi болса керек. Құрбанғали қолжазбаларында оның арғы аталарының бiрi түркiмен болған деген дерек те кездеседi. Құрбанғалидiң әкесi кезiнде саудамен көп айналысып, қазақ жерiн көбiрек араласа керек. Халид өмiрiнiң бiраз кезiн Ташкентте өткiзiп, одан 1841 жылы Аягөз өңiрiне қоныс аударған. Арада екi жыл өткен соң Құрбанғали осы Аягөзде дүниеге келедi. Аягөзде Халид отыз жылдай тұрғаннан кейiн Бақты шекаралық аймағына, тағы бiраз жылдан соң Қытай Шыңжан провинциясындағы Шәуешек қаласына орын тебедi.

Құрбанғали сауатын 1850 жылы қызылжарлық көпес Мұртаза Мақсұтов салғызған Аягөз медресесiнде ашып, кейiннен Семей медреселерiнiң бiрiнен дәйектi дәрiс алады. Оның медреседе араб, парсы, түркi тiлдерiн меңгере түсуi болашақта тарихты әсiресе, Шығыс елдерiнiң тарихын зерттеуiне көп септiгiн тигiзедi. Сол кезде медреседе негiзiнен дiни-схоластикалық пәндердiң оқытылуына қарамастан, Құрбанғали қабiлеттiлiгi мен iздемпаздығының арқасында қоғамдық ғылымдар саласында белгiлi дәрежеде бiлiм алуға жетiседi.

Құрбанғали өзiнiң ана тiлi – татар тiлiнен басқа ортаазиялық түркi тiлдерiн жақсы бiлген, ал қазақ тiлiнде де таза сөйлеген. Бұған оның еңбектерiндегi қазақ тiлi туралы көптеген ой-пiкiрлерi мен ауыз әдебиетiнiң үлгiлерi мысал бола алады. Құрбанғали Халид қазақ ауылдары мен осы өлкенiң қалаларын жиi аралап, кейiннен дерек жинау үшiн арнайы сапарға шығып, барған жерiнде ел тұрмысын жетiк бiлетiн адамдармен танысып отырған. Жазба деректерi жоқ халықтардың шежiрелерi мен ауызекi тарихи мәлiметтерiн жинақтауға және өңдеуге үлкен мән бередi. Сондай-ақ, осы тектес деректерге асқан жауапкершiлiкпен қарап, олардағы мәлiметтердi басқа жинақтаған материалдармен салыстырып, тексерiп отыруды ғылымның басты мiндетi деп санаған.

1874 жылы Құрбанғали Шәуешектегi бiр мешiттiң имамы болады және осы қызметтi ол өмiрiнiң соңғы сәтi – 1913 жылы наурыз айының 14 жұлдызына дейiн атқарады. Құрбанғали ресейлiк мұсылмандардың мәдени орталықтарынан алыста жүргенiне қарамастан, өз заманының рухани өмiрiнен әсте тыс қалған жоқ. Ғалым ХIХ ғасырдың соңымен ХХ ғасырдың басында Ресей түрiк тiлдерiнде шығатын кiтаптарды, газет журналдарды ұдайы жаздырып алдырып отырған. Әсiресе ол 1905 жылдан бастап Орынборда айына екi рет татар тiлiнде шыққан "Шуро" журналының тұрақты оқырманы болған. Осы журналдың редакторы, белгiлi тарихшы Риззадин Фахруддиновпен хат жазысып тұрған.

Құрбанғали қызметiнiң ажырамас бөлiгi – оның саяхаттары болып табылады. Ол әр өлкенiң, тұтас елдiң географиясы мен топономикасына қатысты, қалалардың, бекiнiстердiң, iрi елдi мекендердiң тарихы туралы зерттеулерiн негiзiнен өзiнiң жеке бақылаулары мен жергiлiктi тұрғындармен пiкiрлесуi нәтижесiнде және сонымен бiрге жеке аудандар мен қалалардың iшкi өмiрiне қатысты өзi жинап құрастырған жылнамалық материалдарына сүйене отырып жасады.

1897 – 1898 жылдары Құрбанғали Мекке-Мәдинаға қажылық сапар шегiп, жолшыбай Батыс Европаның бiрнеше iрi мемлекеттерiнiң астаналары мен Таяу Шығыстың көптеген қалаларын аралайды. 90 беттен тұратын сапарнамасы мен күнделiк-естелiгi "Тауарих хамсада" да орынды пайдаланылған. Бұл сапарнамада этнография мен топономикаға қатысты қызықты мәлiметтер мен салыстырулар көптеп кездеседi. Қажылық сапарында ол сол кездегi Түркияның көрнектi ағартушыларының бiрi Ахмед Мидхатпен Стамбұлда танысып, тарих және басқа да ғылымдар жөнiнде еркiн пiкiр алысып, дүниетанымын толықтыра түседi.

Халидтiң өз заманында аса бiлiмдар ғұлама болғаны "Тауарих хамсада" анық бiлiнедi және бұл еңбектi жазуға 21 жыл уақытын жiберген, Шығыстың бес елiне қатысты көптеген тарихи жазбаларды мұқият екшеп, елеп барып жаңсақтығы жоқ дәлелдi пiкiрлерге зейiн қойғаны айқын аңғарылады. Бар-жоғы Аягөз бен Семейдегi медреселерде оқыған, бiрақ бiлiмдарлығымен қатар бiрнеше тiлдердi еркiн меңгерген ғұлама кейiннен Шәуешекте өзi де медресе ашып, көптеген мұсылман жастарын араб, парсы, татар тiлдерiнде бiлiм берген ұлағатты ұстаз болған.

Құрбанғалидiң бүгiнгi ұрпақтары дегенде алдымен оның өз кiндiгiнен төрт ұл, төрт қыз болғанын айта кеткен жөн. Бұлар негiзiнен Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанда тұрып жатыр. Басқасын айтпағанда, Құрбанғалидiң кiндiк қаны тамған Аякөз қаласында ғана оның 3 немересi мен 9 шөбересi мекендейдi. Олардың қолында азды-көптi болса да Құрбанғалиға байланысты тарихи деректер баршылық. Атап айтқанда. Құрбанғалидiң шөбересi Сания Тұрсынбекқызы Темiрбаева (қазiр Алматыдағы республикалық жасөспiрiмдер кiтапханасының бас библиографы) бұдан сегiз жыл бұрын ұлы атасы пайдаланған екi фарфор тарелканы (тiркеу №200) Аягөз қаласындағы тарихи өлкетану мұражайына сыйға тартқан екен. Ал, Құрбанғалидiң тағы бiр немересi – Аягөз қаласындағы №58 орта мектеп мұғалiмi Рақиға Халидовада (марқұм) әкесiнiң әр жылдарда түскен суреттерi сақталуда. Бұл күндерi Аягөз қаласында бiр көше Құрбанғали Халид атымен аталады.

Қазiргi қазақ жастары тарихи кiтаптарды аса құмартып оқиды. Ал, Құрбанғалидiң "Тауарих хамсасы" бұл жағынан ешкiмдi де бей-жай қалдырмайды. Себебi, жазбалар ең әуелi қазақтың кiм екенiн тарихи тұрғыдан анықтауды мақсат етiп, бұл халықпен мыңдаған жылдар iргелес жатқан Қытай, Қашқар, Моңғол, Қалмақ, Татар, Дүнген, Ұйғыр, Қоқан хандығы, олардағы жылдар бойы сан құбылып келген саяси тартыс, ел билеушiлер, таққа отырған хандар қақтығысы, тiптi өзi Шәуешек қаласында орыс консулында бiраз жұмыс iстеген кезiнде Ресей мен Қытай арасындағы қатынастар, орыс-жапон соғысы, одан туындаған саяси мәселелер қаз – қалпында дәйектiлiкпен жазылған.

Қ.Халид "Тауарих хамсаны" жазу барысында әркiмдерден естiп-бiлгенiне ғана сүйенбей, өзiнен бұрынғы ғалымдардың отызға жуық тарихи еңбектерiн ақыл-ой таразысынан өткiзiп, дәлелдi деректерге жүгiнген. Әлемдiк ғылымда алар орындары ерекше Ат-Табари (IХ ғасыр), Жүсiп Баласағұн (ХI ғасыр), Ибн-Халдун (ХIVғасыр), Мирхонд (XV ғасыр), Әбiлғазы (XVII ғасыр) тәрiздi танымал ғалымдардың еңбектерiмен қоса, европалық шығыстанушы ғалымдардан В.Радлов, А.Валаберн, Н.Катановтардың да шығыстағы бес елдiң тарихына қатысты еңбектерiн сын көзбен саралап барып өз кiтабына пайдаланған.

Басқа тарихшылардан Құрбанғали Халидтың бiр ерекшелiгi – қазақ халқының этнографиясын, тұрмыс тiршiлiгiн жан-жақты талдай отырып, күллi Орта Азия жерiн мекендеген тайпа, рулардың көне, бағзы заманалардан келе жатқан тарихына үңiледi. Оның қазақ халқына қатысы бар жерлерiн ашып көрсетедi. Сонымен қатар, өзi татар бола тұрса да қазақ ауыз әдебиетi, рулар шежiресi, мәдени мұралар, халықпен бiрге жасасып келе жатқан әдет-ғұрыптар, дiни нанымдарды аса сыпайыгершiлiкпен сүйсiнiп жазған.

Құрбанғали Халид қазақтың тарихын жазуға не себеп болғанын өз кiтабында былайша түсiндiредi: "Бұл халықтың тарихы жалпы ел аузында бар. Алайда жекелеген жазба тарихтары мен естелiктерi болмағандықтан, әркiм әртүрлi пiкiр айтып, бiреулер жаман ниет, арам оймен, ендi бiреулер тек мұқатуды мақсат еткен. Бағзылар тарихта анығырақ түсiнiктеме беруге бiлiмдерi жете тұра, оған мән бермеген. Нәтижесiнде мағынасы анық ел тарихы баяндалмады. Осындай себептермен мен бар күшiмдi жұмсап, жиырма жылдан астам уақыт бұл тарихқа қатысы бар ақпараттар мен жазба деректердi жинап, жалпы жиналған мәлiметтердiң қаймағын қалқып алып, осы кiтапты жаздым" деп кесiмдi пiкiр бiлдiрген. Ал, Найман руының өткен-кеткенiн зерттеп, Қазақстанның шығыс шалғайындағы бұл руды еш зерттеушi жазған еңбектерiне кiргiзбегенiн де айта кеткен жөн. Жазбагердiң "Аягөз – туған жерiмiз, Найман – жүрген елiмiз" деп iш тартуы содан.

Құрбанғали бұл еңбегiнде Шығыстың бес елiнiң iшiнде, әсiресе, қазақ халқының тарихын кеңiрек баяндауға тырысқан. Осы себептi ғалым халқымыздың өткендегi өнегелi iсiне көп көңiл бөлiп, Абылай жайлы жан-жақты айта келiп, мынадай тұжырымды оқушысының алдына тартады:

– Абылай ханның соғыстары қалмақпен болды да, Абылай қалмақ елiн Қызылжар, Қарқаралы маңынан, Аягөз өзенiнен өткiзе қуып, қазақ жерiн кеңейткен кiсi. Қазақ пен қалмақ ежелден берi атысып-шабысып өтiптi. Көбiнесе қалмақ жеңiп отырады екен. Шығыстан жүңке (қытай) әскерi келiп, жоңғар хандығын аяқтатқан соң, қалмақ елiнiң күшi азайып, көпшiлiгi жөңкенiң қорғауына өткен едi, шетте қалғаны қазақтармен қарсыласуға әлсiз болды. Мұндай жағдайда Абылайдың бағы үстем және Ресейден бейғам болып отырған Орта жүзбен қалған екi жүздiң кей бөлiктерiне үстемдiк жүргiзiп, бүкiл Қазақстан қол жинап, Шыңғыстаудың батыс жағында және шығысында неше рет қалмақты ойсырата шапты, – деп Абылай заманындағы қазақ халқының бiртұтас жауға аттанғанынан хабардар етсе, мұнымен бiрге Абылай әр iстiң мөлшерiн, тетiгiн дөп басып, болжай алатын көреген, ойлағанын орындай бiлетiн шебер екенiн де аз сөзбен жеткiзе бiлген.

"Тауарих хамса" кiтабының тағы бiр жерiнде Құрбанғали мынадай дерек бередi: "Абылай хан соңғы соғыстарының бiрiнде көп қолмен Қалба тауына келгенде елдiң етекке түскен шағы едi. Торғауытты Тарбағатайдың солтүстiк Ласты Шор бойында қалмақ руларының, Тарбағатайдың оңтүстiгi Үржар, Емiл отырғанынан хабар алыпты. Қай шеттен тиiп, қай жақтан шабу керек деп игi жақсылармен кеңес құрғанда әскербасыларынан Қабанбай мен Бөгенбай екеуi екi түрлi пiкiр айтыпты. Бөгенбай:

– Тарбағатайдан асып барып, Үржар, Емiл бойындағы қалмақты шабамыз деп әскердi шығындатамыз, жағдайдан ұтыламыз, алыстағы ел бейғам болады. Аңдаусызда барып бассақ, қарсыласуға шамасы келмей қалады. Олжалы болып ораламыз,– дептi

Қабанбай:

– Олай емес, жақын жердегi Ласты, Шорға барамыз. Ондағы елдi аламыз. Алысқа аттансақ, ат ариды, азық таусылады, әскер шаршайды. Егер торғауыт аттанған iзiмiздi бiлiп қалса, iлгерi елге хабар берiп өздерi артымыздан тосады, ортада қалып шығынданамыз, – дейдi.

Абылай хан екi батырдың қай пiкiрiн жақтауды бiле алмай:

– Мұның төрелiгiн сен айт, – деп Бұқар жырауға ымдапты.

Бұқар жырау Қабанбайдың ұсынысын қуаттап, былайша жырлапты:

" Сен Қанжығалы Бөгенбай,

Тоқымың кеппес ұры едiң,

Түн қатып және жүр едiң.

Қабанбайдан бұрын найзаңды

Қашан сен жауға тiредiң?"

– деп Қабанбайдың пiкiрiн қуаттапты. Сонымен, торғауытты шауып, бiрталай шығын болса да, олжалы оралыпты.

Қабанбайға сол кездiң өзiнде берiлген бұл өте байсалды бағаны кейiнгi тарихшылар осы "Тауарих хамса" кiтабынан алып жүр. Кiтапта оқушысын елеңдетер мұндай деректер мол.

Тағы бiр ғажабы, Құрбанғали Халид бұл кiтабында қазақ өлеңдерiне, аңыз-әңгiмелерiне әдебиет саласының бейнебiр зерделi зерттеушiсiндей тиянақты талдау жасауға барынша бой ұрады. "Өлең деген не? Өлеңшi деген кiм? Жыршы деп кiмдi айтамыз?" деген сұрақтарға әжептәуiр жауап қайтарған. Ол былай дейдi: "Ақын мен өлеңшiнiң айырмасы: өлеңшi – кiсiден үйренгенiн айтушы, ал ақындар өз ойынан қолма-қол шығарып айтатын суырып салма болады. Ақынның тағы бiр түрлiсiн "жыршы дейдi". Ақын шығармасы – көбiнесе төрт жолды немесе одан көбiрек жолдардан ұйқасқан өлең. Ал, жыршының шығармасы ұйқасты, белгiлi бiр буын өлшемi бар үш сөзден құралады".

Халық тарихын зерттеушiнiң билер және билiк жөнiндегi жазғандары да өте құнды деп бiлемiз. Қым-қиғаш дау-дамай, әртүрлi қылмысты iстер мен олардың шешiмiн әдiл билiк пен берiлген адал төрелiктiң жөнi өз алдына бiр төбе. Осы орайда Құрбанғалидың өзiне сөз берсек деймiз.

"Ғибраты бар бiр оқиға осы заманымызда болған екен. Бiз жақтағы қазақтарға арғынның Жанақ деген атақты ақыны найман елiне келедi. Мiнгенi әдемi шұбар ат екен. Бiрнеше дуан елi бас қосқан үлкен бiр жиында Жанақ ел басшыларының қасында отырады. Едәуiр малы бар бiр жiгiт те сол топта екен. Жанақтың аты есiнегенде әлгi жiгiт ат тiлiнiң түбiнде теңгедей қара қалының барын көрiп қалады. "Тiл астындағы мына қалды шұбар ат иесi бiледi, не бiлмейдi. Осыны белгi етiп, атымды таныдым деп көрмеймiн бе" деп арамдық ойлаған әлгi жiгiт аттың алды-артын қараған болып, билердiң алдында пәлен жылы жоғалған атым едi деген дау айтады.

– Мұның қате, ат пәлен кiсiнiң қол тумасы, өз биесiнiң құлыны,– дейдi Жанақ. Жiгiт тiлiндегi белгiнi айтып:

– Тай күнiнде ұры тiсiн қаққанда көргенiм, егер тiлiнiң астында қара қалы болмаса, тануым қате болсын,– дейдi.

– Жiгiтiм, ат пәлен кiсiнiң өз биесiнiң құлыны, өз айғырының тумасы екенi анық едi. Мен де бiр арманымнан шығайын, құдайдың атын айт та, ал, – дейдi Жанақ. Жiгiт те тоқталмастан:

– Ол да (оллаһи дегенi), – дейдi.

Осы сөзге тоқтасып атты сарапқа салынғанда тiл астында қара қалы бар болып шығады. Жанақ артық ешнәрсе дей алмай, аттың ер-тоқымы мен жүгенiн сыпырып алып отыра кетiп, мына өлеңдi айтып назаланады:

Жанын берген Жанақтың шұбарын жер,

Мына арам бұл шұбарды менiкi дер

Жақсы атымды жалғанда сатқан жанның,

Бар құдай, өзiң бiлiп жазасын бер!

Ол кездегi адамдар белiне күлдәрi немесе бүтiн көк, ақ матадан белбеу буынатын салт екен. Жiгiт белбеуiн шешiп, бiр ұшын белiне, бiр ұшын аттың мойнына байлап жетелей жөнеледi. Жолда ағып жатқан бұлақ суы бар екен, жiгiт әлгiден аттай бергенде ат тартынып қалады да, жiгiт шалқасынан түседi. Ат үркiп сүйрей жөнелiп, тастан-тасқа соғып жiгiттi тепкiлеп өлтiредi

"Жанын берген Жанақтың шұбарын жер" деген мәтел осыдан қалыпты. Жиналған жұрт:

– Жалғанға ант iшiп бұл пәлеге өзi жолықты, ендi атты өзiң ал,– дегенде:

– Жалғанның жазасын берген аттың үстiне менiң ендi ер салғаным жараспас, – деп атты сол өлген жiгiттiң асына сойғызыпты".

"Тауарих хамсада" келтiрiлген осы бiр деректi қазiр әркiм әртүрлi етiп айтып жүр.

Қазақ елiндегi тағы бiр қызық билiктi Құрбанғали өз кiтабында аңыз сияқты етiп жазып кетiптi. Ертеректе адамдар да iрi едi, билер де әдiл едi дей келiп, бiр ұрының бозбала күнiндегi түнгi жорығын сөз етiптi:

– "Жас кезiмде ұры едiм. Байыс, Байсиық деген екi елдiң бiз Байысы боламыз да, Байсиыққа қарағанда iргелiмiз. Бiр күнi Байсиық пәлен жерге келiп қонды деген хабарды естiдiм де, бiр түйесiн ұрлап, тоғайды тау арасына бекiтiп тастап, үйге келiп жатып қалдым. Ертеңiнде иесi iзiмен қуып келдi.

– Iз осылай келдi. Ұры сенсiң, түйемдi бер, – дедi келе сала. Мен Байыстығымды көрсетiп:

– Аулақ жүр, алғаным жоқ-дедiм. Ол:

– Өзiң бiр қу екенсiң. Түйемдi сенен аламын, болмаса қолыңда өлемiн, – деп жатып алды.

– Қайсы биге барамыз, кiмдi таңдайсыз? – дедiм мен.

– Ағаң Тоғайраққа барамыз, – дедi. Мен iштей қуансам да:

– Бұл дегенiң дұрыс емес, ол менiң туған ағам. Билiгi сенiң пайдаңа шешiлсе жақсы, шешiлмесе "Бiр кiсiнiң баласысың, бауырыңа тарттың" деп көнбессiң. Басқа биге барайық, – дедiм.

– Тоқамның билiгiне ризамын, – деп отырып алды.

Кешке дейiн сөзге айналдырдым да, "бүгiн ендi кеш болды" деген сылтаумен оны үйiме қондырып, Тоғайраққа ертеңiнде бармақ боп, не десе де оның билiгiне тоқтамақ болдық. Ел жатып, қонағым қалың ұйқыға енгенде атыма мiнiп, найзамды қолыма алып, Тоғайраққа жөнелдiм.

– Түн қатып неғып жүрсiң?– дедi жеңгем.

– Тоқаңда азырақ шаруам бар едi,– дедiм.

– Тоқамның жасы сексеннен асқан болатын.

– Не шаруамен келдiң?-деп сұрады.

– Бiр Байсиық келiп жала жауып отыр. Ертеңгi күнi сiзге келмекшi едiк. Менi атағы шыққан ұры деп жығып берiп жүрмесiн, ақтығымды алдын-ала бiлдiрiп қояйын деп келдiм, – дедiм.

– Қара болмасаң қараңғыда жүрмес едiң, бiр пәлең бар ғой, – дедi, – Жә, ертең екеуiң келгенде көрермiз, даугердiң де сөзiн тыңдармыз.

– Осы сөзбен үйiме қайтып келiп, жатып қалдым. Ертеңiне Тоғайраққа келдiк. Көптен көрмеген адамдай амандық сұрасып отырдым. Даугерiм бiр қужақ шешен екен, ақыреттi ауызға алып, салмақ сала:

– Е, Тоқа!

Байыс Байсиықтың баласымыз,

Бәрiмiз де ақыретке барасымыз.

Құдай сiздi артық жаратты,

Бiздi аузыңызға қаратты.

Көптiң баратын жерi бiр зындан көр,

Аздың барар жерi де ақыры сол,

Әдiлеттi кiсiге алланың көпшiлiгi мол.

Алдымызда алты қадам көр бар,

Алты қарыс бөз бар.

Мүңкiр-нәңкiр сұрауы бар,

Жауап таппай жылауы бар, – деп тақпақтай жөнелдi.

Сөзiн бiтiрмей жатып-ақ, Тоқам әсерленiп кеткендей болды. Ауыр бiр күрсiнiп көзiне жас алды да, маған қарады.

– Жаным-ау, сен түнде келгенде неменелердi айттың? Мына кiсi тай, құнанға тоқтайтын емес, түйесiн берiп жолға салсаңшы, – деп жүзiмдi айдай қылып, түйесiн алып бердi".

Бұл әңгiмеден бiз екi түрлi мәселенi пайымдаймыз. Бiрiншiден, сол кездiң адамының табиғаттың өзiндей тазалығын, жанының жомарттығын, кiсiлiгiн, кiшiлiгiн, парасатын танып-ұғамыз. Екiншiден, кiсiнi кiсiдей сыйлап, "сөзiне қарап кiсiнi танығанын, кiсiге қарап сөз алмаған аса бiр зерделiлiгiне жанымыз сүйсiнедi.

Жазбагер кiтабының қазақ тарихына арналған тарауларында алаш, өзбек, қазақ, ноғай атаулары туралы, жүздер, ұрандар жайында, қазақ пен ноғайдың бiрiгуi мен бөлiнуiне қатысты аңыздарда Орталық және Солтүстiк Қазақстан жерлерiндегi археологиялық, архитектуралық ескерткiштер хақында, Шыңғыс хан және оның тұқымдары, Асан ата және оның даналық сөздерi айналасындағы пiкiрлер жөнiнде, төрелер мен төлеңгiттер, Орта жүз қазақтарының Ресейге қосылуы, әкiмшiлiк округтарының, бекiнiстердiң, қалалардың негiздерi қалануы жайында бағалы мәлiметтер табуға болады. Қазақстан бойынша топономикалық материалдарды елдiң табиғи және тарихи географиясымен, тiлдiк ерекшелiктерiмен байланыстыра қарастырады.

"Тауарих хамса" кiтабындағы қазаққа байланысты этнографиялық жазбалардың үлкен бөлiгi рухани мәдениетке (әдет-ғұрып, салт-наным, халықтық педагогика) арналған Қазақтардың мәдени дәрежесi мен ақыл-ой қабiлетiн бағалай келе Құрбанғали былай деп жазады: "Даналар ақыл-ойды екi категорияға бөледi, оның бiрiн табиғи ақыл-ой деп айтады. Қазақтардың ақыл-ойы ғылым арқылы жинақталмаса да, яғни, олар этика мен мiнез-құлық ережелерiн оқып-үйренбесе де, өзiнiң парасаты мен ақылының арқасында жақсыны жаманнан айыра алады. Сондықтан оларды жабайы көшпендiлер деп атауға болмайды, есесiне оларды табиғи мәдениетi бар адамдар деп атаған дұрыс та нақты болар едi" – дейдi.

Осы ойды дәлелдеу үшiн Қ.Халид кiтабында өлең түрiндегi мына нақыл сөздердi алға тартқан: "Қалада тұрған кейбiреулердiң бейнесi дәл жабайы адамдай. Көшпелiнiң ханшасы, бiз байқадық, бейне Платон данадай".

Қазақ поэзиясын әңгiме еткенде Қ.Халид Бұқар жырау өлеңдерiн өзiнше саралай келiп: "Осы сөз немесе жоғарыда айтылған өлең-жырлар, егер араб-парсы ақындарының аузынан айтылған болса, әлде, түрiк бiлгiштерiнiң аузынан шыққан болса, талай кiтап болып шығарылар едi. Қазақ тiлiнде айтылғандықтан өлең-жыр деген атпен мән берiлмейдi, мазмұнына түсiнбеген соң оған амал не?", – деп налиды.

Барынша атап өтетiн бiр нәрсе, жазбагердiң деректер мен оқиғаларды баяндаудағы объективтiлiгi және оларға көңiлге қонымды түсiнiктеме беруге тырысатындығы. Әсiресе, этнографиялық салт-сана, әдет-ғұрып жайында баяндағанда ол халықтың рухын түсiнетiндiгiн, оның мәдениетiн, мiнезiн сыйлайтындығын, әр халықтың тарихи тағдыры-өмiр сүру жағдайы мен тұрмыс ерекшелiгiне тығыз байланыста екендiгiн терең пайымдайтындығын танытады.

Мысалы, қазақ тұрмысында әйелдердiң үлкен-кiшi еркектiң алдын кеспейтiн ғұрпы бар. Жасы кiшiсi үлкенiне "сен" демек түгiлi, аттарын тура атамайды. Ата-анасын, ел үлкендерiн атымен атамай, құрметтеп, мағынасы сол, бiрақ басқа сыңарлас атаумен атайды дейдi. Мұншалық ат қоюға шеберлiк жөнiнде халық аузындағы мына бiр хикаяны Құрбанғали кiтабынан да кездестiремiз:

"Бiрiнiң ұлдары мен жақын тумалары – Қамысбай, Қашқынбай, Бұлақбай, Қасқырбай, Қойлыбай, Қайрақбай, Пышақбай, Қуанбай секiлдi есiмдерi бар ағайындарға жас келiн түскен екен. Келiн бұлардың әрқайсысына мағынасын өзгертпей ат қойған. Содан бiр күнi атасы келiнiн сынау мақсатымен ауыл сыртынан асығыс келiп.

– Келiн, келiн! Ауылға дауыста. Бұлақтың арғы шетiнде, қамыстың бергi бетiнде бiр қойды қасқыр жеп жатыр. Тездетiп пышақ пен қайрақты әкеп, жаны шықпай тұрғанда бауыздап алсын. Мен қасқырды қуайын, – дептi.

Келiн ауылға дауыстап:

– Ау, шапқы! Сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында, маңыраманы ұлыма жеп жатыр. Жылдам бiлеуiт пен жанама әкелiп, адал орақтап алсын. Шапқыбай, жылдам, әтекем ұлыманы айдап кеттi,"– деген екен.

Халқымыздың тарихын, мәдениетiн, салт-санасын, әдет-ғұрпын жан-жақты зерттей бiлген Құрбанғали Халидтың "Тауарих хамса" кiтабы сол кездiң өзiнде-ақ әдiл бағасын алған екен. Осы шырайлы шығарма туралы 1913 жылы "Шуро" журналы кiтап жазбагерiнiң дүниеден өтуiне байланысты жарияланған көлемдi қазанамада былайша баяндалған екен.

"1910 жылы Қазанда оның екiншi кiтабы, яғни Шығыс түркiлерiне арналған "Тауарих хамса шарси" деп аталатын "Шығыстағы бес елдiң тарихы" баспадан шығып, таратылды. Егер аңыздар мен ескi нанымдарға қатысты жеке элементтерiн алып тастаса, бұл кiтап шын мәнiсiнде тамаша еңбек. Онда өте құнды және басқа жерде кездесе бермейтiн мәлiметтер бар. Бұл кiтап жазбагердiң ғалымдығы мен адамгершiлiгi және оның ойы мен ақылының еркiндiгiн көрсетедi", (Журнал "Шуро", 1913 жыл, 15 – наурыз, №6, 163 бет)

Айтпақшы, Қ.Халидтың екiншi кiтабы "Тауарих хамса" болса, оның тұңғыш шығармасы "Тарих-и жәриә-и жадидэ" ("Тарихтың жаңа жазбалары") деген атпен 1889 жылы Қазан қаласында түрiк-татар тiлiнде жарық көрсе керек. Көлемi 71 беттен тұратын бұл танымдық мәнi басым кiтапта ғалым сол кездегi Қытай құзырына қарайтын Шығыс Түркiстанның iшкi географиялық болмысына тарих сипаттама бередi, тұрғындарының тұрмыс-тiршiлiгiн суреттейдi.

Халқымыздың әлi де болса ақтаңдақтары көп тарихы мен этнографиясын оқып үйрену барлық көне әдеби және деректi шығармаларды iздеп табуды және зерттеудi талап етедi. Себебi, олар әдетте көптеген деректiк және жылнамалық мәлiметтердi, шежiрелердi қамтиды. Мiне, осындай деректер қатарына жерлесiмiз аягөздiк Халидтiң жоғарыда әңгiме еткен "Тауарих хамса" кiтабын ұялмай қосуға болады

Жасамаймын еңбектiң,

Жемiсiн көзбен көрем деп.

Жасаймын бiр қолқабыс,

Кейiнгiге берем деп, – әйгiлi ақынымыз айтқандай. 80 жылдан кейiн ортамызға қайта оралған бұл кiтап көпшiлiк қолына тиiп, ойлы оқырманның көңiл төрiнен лайық орын алғаны нұр үстiне нұр емес пе! Бұл үшiн бүгiнгi ұрпақ Құрбанғали Халид рухына тағзым етiп, алғыс айтады.

Ғабит ЗҰЛХАРОВ, бұрынғы мұрағат қызметкерi,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесi