Жаңалықтар

ҰЛТТЫҚ МЕКТЕПТI ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ АМАЛДАРЫ

ашық дереккөзі

ҰЛТТЫҚ МЕКТЕПТI ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ АМАЛДАРЫ

Ұлттық мектептердiң тұжырымдамасын жасау туралы пiкiр-ұсыныстар ортаға салынып жатқаны мәлiм. Кезiнде халыққа бiлiм беру iсiн шамадан тыс орталықтандыру – ұлттық мектептердiң өзiндiк ерекшелiгiн жойып жiбергенi жөнiнде де аз айтылып жүрген жоқ. "Ұлттық мектеп" деген үлкен ұғымның iшкi мазмұны мен маңызына жете мән бере қоймаппыз.

Қазiргi қазақ мектептерi дегенiмiз – орысша құрылған мектептердiң жадағай көшiрмесi ғана. Оны кез келген облыс, аудандардағы қазақ және орыс мектептерiн салыстыру арқылы айқын аңғаруға болады.

Осы бiр өзектi мәселе баршамызды жан-жақты ойландыруы тиiс. Қазақ мектептерiндегi көрнектi құралдар мен әдiстемелiк бағдарламалардың тапшылығы да шәкiрттерге сапалы бiлiм беру iсiнде қолбайлау болары ақиқат. Осыған орай тәжiрибелi ұстаз Ә.Берiкболова:

– Қазақ мектептерiнде пайдаланылатын оқулықтардың 60 пайыздан астамы – аударма. Сапасы да қазiргi талапқа толық сай келмейдi. Егер өз ғалымдарымыз қазақша сапалы оқулық жаза алмаса, аударма жасауға асқан жауапкершiлiкпен қараулары керек қой. Өйткенi, қазiргi оқу кiтаптарындағы қойыртпақ бала түгiлi, үлкендерге түсiнiксiз. Бiр емес, бiрнеше ұрпақ мектепте жаратылыстану, тарих пәндерiн аудармадан немесе көшiрмеден оқып, өсiп келе жатыр. Бұл оқулықтардан өз елiмiз, халқымыздың тарихы туралы мәлiметтi оқушылар толық деңгейiнде ала алмайды, – дейдi.

Ұстаз сөзiнiң жаны бар. Бұл – ұлттық мектептерiмiздегi толғағы жетiп, шұғыл шешудi күтiп отырған мәселе. Мағжан Жұмабаев кезiнде қазақтың ұлттық мектебi қандай болуы керектiгi туралы ғылыми-педагогикалық терең пайымдау жасаған екен. "Қазақтың тағдыры, келешегi, ел болуы да, – дейдi ақын – мектебiнiң қандай негiзге құрылуына барып тiреледi. Мектебiмiздi сау, берiк һәм өз жанымызға қабысатын, үйлесетiн негiзге құра алмасақ, келешегiмiз күңгiрт".

Ойшыл ақынның "өз жанымызға қабысатын, үйлесетiн негiзге құру", "таза, берiк" деген тұжырымында қаншама парасатты, зерделi ғылыми түйiн жатыр. Осы ойдың астарынан-ақ қазақ мектебiнiң ұлттық сипатын пайымдауға болады. Көреген ақын сол кездiң өзiнде-ақ қазақ мектебiнiң бүгiнгiдей халге душар болмауына алдын ала жiтi көз жiберген екен.

Соңғы жылдары әр жерде жаңадан ашылып жатқан қазақ мектебi мен балабақшалары туралы естiгенде, кәдiмгiдей қуанатын болдық. Алдағы басты мiндет – олардың санын да, сапасын да арттыра түсу. Олай болса, осы мәселе төңiрегiнде арнайы сұхбаттасқан әртүрлi мамандық иелерiнiң пiкiрiне зер салып көрелiк.

Ә.Асқаров, заңгер, экономист:

– Қазiр мектеп реформасы жаңаша арнаға бет бұра бастады. Олай дейтiнiм – жергiлiктi жерлердегi атқару органдары мен қамқор болуға тиiстi ұйымдар мектепке көңiл бөле бастады. Оның дәлелi, ауыл мектептерi күрделi жөндеуден өткiзiлiп, кейбiр ауылдарда уақыт талабына сай жаңа мектеп үйлерi салынып, пайдалануға берiлуде. Алайда, қыс айларында жылымайтын, компьютерлер жетiспейтiн мектептер баршылық. Осындай жағдайда қандай сапалы бiлiм туралы айтуға болады? Осы ретте ең алдымен, қазақ мектептерiне қамқорлық, демеушiлiк көмек беретiн кәсiпорын, мекеме басшыларының жауапкершiлiгiн арттыру қажет. Сондай-ақ, халқымыздың кәсiптiк қолөнерi, рухани мол мұрамыз мектептiң оқу бағдарламасынан тиiстi орын ала алмай келедi. Осы мәселенi де қолға алған орынды.

С.Тiлеубаев, Қазақстанға еңбегi сiңген жаттықтырушы, тоғызқұмалақтан Қазақстанның спорт шеберi:

– Қазақ мектептерiндегi дене тәрбиесi сабақтарында спорт түрлерiне баулиық деп талаптанып, iзденiп жүрген ұстаздарды кездестiре алмай келемiн. Қазақтың ұлттық спорт ойындарын мектеп бағдарламасында ұмыт қалдырған. Ал халқымыздың ұлттық спорт ойындары жастарды батылдыққа, сергектiкке, тапқырлыққа баулумен қатар, тәрбиелiк мәнi зор емес пе?! Оларда халықтың рухы жатқан жоқ па? Бәйге, көкпар, қыз қуу сияқты ойындарын көргенде делебесi қозбаған қазақ болған ба? Ал ендi, дене тәрбиесi сабағында доп қуғаннан әрiге аспаған оқушы жастар арасынан, ертеңгi күнi ұлттық спортымыздың туын көкке көтеретiн спортшылардың шыға қоюы екiталай-ау.

Қазақ мектептерiндегi оқу-педагогикалық бағдарламада халықтық педагогиканың жақсы дәстүрлерiн де кәдеге жарата алмай жүргенiмiз жанға батады. Содан да болар, жастар арасында қылмыс арта түсуде.

Қазақ мектептерiндегi жас ұрпақты имандылыққа, адамгершiлiкке, қайырымдылыққа тәрбиелеудiң тың да тиiмдi жолдарын пайдаланбай болмайды. Осы ретте ұлттық спорттың да әсерi ерекше екенiн ұмытпайық.

Ж.Тәлiпова, суретшi-дизайнер, ұстаз:

Қазақ мектептерiндегi арнайы киiм үлгiсi болғаны жөн. Мұның өзi оқушылардың ұлттық сана-сезiмiнiң оянуына септiгiн тигiзбек. Халқымыздың ұлттық киiмi бiр кездерде мансұқ етiлiп, оны қазiр театрда және концерттерде ғана сирек көретiн болдық қой. Шын мәнiнде қазақтың ұлттық киiмдерi, әсiресе жастар киетiн түрлерi, әркiм тұлғасына, сымбатына лайықтап талғаммен тiгiп кие бiлсе, мәдениетi жоғары елдердiң киiм үлгiсiнен ешбiр олқы емес. Тар шалбар киiп алып, қарындарын жарқыратып жүрген оқушы қыздар мен ұстаздар қауымы осы мәселенi жете ойласып, қолға алса құба-құп болар едi.

Ұлттық мектептердi ашуын ашып, оларды қазақша көрнекi және оқу құралдарымен қамтамасыз етпей, мұғалiмдерге баланы қазақша оқыт деу – сауыншыға аш сиырдан мол сүт сау дегенмен бiрдей емес пе?!

Бастауыш сыныптарда оқып-үйренушi баланың сана-сезiмi оянған шақта, ана тiлiн еркiн игерген кезiнде өзге тiлдердi, яғни орыс тiлiн 3-сыныптан, ал шетел тiлдерiн 5-сыныптан оқытқан жөн деп есептеймiн. Өйткенi, әртүрлi себептермен ана тiлiн дұрыс меңгере алмаған бүлдiршiнге бөгде тiлдердi тықпалау – орынсыз. Бұл – ғылыми түрде де, өмiрлiк тәжiрибеде де толық дәлелденген жай.

"…Мектеп – бiлiм ұясы, ұлттың болашағы. Халыққа наннан кейiнгi ең қажетi – мектеп" (Ж.Дантон) екенi белгiлi жай. Олай болса, мектептiң қай-қайсысы да өз шәкiрттерiнiң санымен емес, сапасымен мақтануы тиiс. Бүгiнгi уақыт талабы – осы.

Болат ШАЙМАНҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегерi