Жаңалықтар

АДАЛДЫҚТЫҢ АЛДЫ – АШЫҚ, АРТЫ – МҰРА...

ашық дереккөзі

АДАЛДЫҚТЫҢ АЛДЫ – АШЫҚ, АРТЫ – МҰРА...

Туған жерiн жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы өте жақсы көредi. Жаз шыққан сайын ағаларын да апарады, iнiлерiн де апарады Белжайлауға. Танысты да, бейтанысты да жетелеп жетедi жаз сайын. Бүгiнгi күннiң көлiгi Орбұлаққа орғылап барып тұмсық тiрейдi. Сондайда алдан шығатындардың бiрi кешелi-бүгiн жетпiске желiп жеттiм деп отырған ақын ағамыз Әдепхан Төреханұлы.

Бiрде бiз киiз үй тiгiп болғанша жарқыратып тай сойды ол кiсi. Бекең екеуi қатты қалжыңдасады екен. Әлде жастар зерiкпесiн дедi ме, бiраз жерге барысып қалды. Кезiнде мұғалiм болған, бүгiнде үйiрiмен жылқы айдаған Әдекең:

Жалыным бар жанымда қызу денем,

Көктем, жазым, қысым бар, күзiмменен,

Шөберемiн атақты Салпық биге,

Жетi атамнан қара көк үзiлмеген, – деп жырлап та, жырғап та жүрген адам. Аяғы байсалды әңгiмеге ұласып, туған жердiң толғауын тарқатыстық. Сап-салқын суына жуындық, саф таза ауасын сiмiре жұттық, бал қымызына бас қойдық. Әдекеңнiң ол күнiге көрiп жүрген қызығы, бiрақ ол да тоймайды.

Бiр сәт өткен өмiрiн еске алды. Қорғастың арғы бетiнде дүниеге келген. Бергi бетке өткенде бiрден табан тiрей алмай, тың өлкесiнен барып табылған. Көкшетау облысының Чкалов ауданындағы Коммунизм ұжымшарында ДТ-75 тракторын айдапты сонда. Өзi атақты бидiң тұқымы болса, ата-бабасының туған, өнген жерi қалай тартпай тұрсын. Айналып Жетiсудан, Жаркент өңiрiнен бiр-ақ шықты ақыры. Көктал деген ауылда, ондағы Абай атындағы мектепте табан аудармай 43 жыл мұғалiм болды. Зейнетке шыққан соң құрығы ұзарды, үйiрлi жылқысын желдетiп жүрiп, өзi айтпақшы, өлең-жырдың қызығына кiрдi.

Толқындары топтасып, жасап жатқан иiрiм,

Толтырғалы аңғардың тебiнгi қос бүйiрiн,

Алға шыққан толқынды жетектейдi iлгерi,

Жылқышыдай желiге айдап келген үйiрiн.

Екi ақынның бiрiнiң қаламына iлiге бермейтiн сурет. Иiрiмiне үйiре тартып әкетердей шымыр орам. Табиғат пен тiршiлiктiң әркiм-әркiм аңдай бермейтiн шебер үйлесiмi.Тамыршыдай тап баспай, бұлайша өзiмсiне жырлау қиын шығар.

Iлештен туған екен атам Салпық,

Бата алып өскен екен биден Балпық,

Әруағына сиынып Туматайдың,

Iлештiң дәулетiне жүрген шалқып,

Апахан деп те атанып бабам Салпық,

Бай болған, батыр болған атағы артып,

Би болған ата салтын жалғастырып,

Атанған сауда Салпық керуен тартып.

Ата-баба мұрасын көзiнiң қарашығындай сақтағысы келген адамның сөзi-ау дейсiң, жақсының көзi-ау дейсiң. Тар жол, тайғақ кешудiң бәрi артта қалды. Өз кiндiгiнен өрбiген он бала әулеттiң еңсесiн қайта көтердi. "Алды академик, соңғылары кандидат, аспирант", – деп, мақтанып та қояды. Ағайын-туғанмен бәрi жабылып, бабалары Салпық бидiң кесенесiн қайта тұрғызды.

Арамдықтың алды шу, арты тұман болады,

Адалдықтың алды ашық, арты мұра болады.

Жамандық пен арамдық қолға түссе қосақтап,

Отқа жағып жiберсем, сонда көңiлiм толады, – деп жырлаған ақын ағамыздың сөзi мен iсi осылай қабысып та жатыр. Туған жердiң өзен-көлi, тау-тасы әрбiрi өз ат-атауымен жырға қосылған. Әнге айналғандары да бар. Әрбiрiмен сырлас, мұңдас секiлдi.

Кербез кескiн жұмбақтас,

Алтын бесiк құндақ тас,

Еңiреп кел, күлiп кел,

Мiз бақпас ол, тiл қатпас, – деген жолдар осы сөзiмiздiң айғағы болса керек.

Ауылда тұратын ақын-жазушылар қайткенде де қамқорлыққа зәру ғой. Кейде оларға бiр ауыз жылы сөздiң өзi таудай болып көрiнедi. Жақында ғана "Ана тiлi" газетi ол кiсiге бiр бет арнапты, кiтабы да жарыса жарық көрiп жатыр екен. "Әп, бәрекелдi!" деп, бiрге қуандық.

Жүсiпбек ҚОРҒАСБЕК