Жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТШIЛДIК САНА ТУРАЛЫ СIЗ НЕ ДЕЙСIЗ?

ашық дереккөзі

МЕМЛЕКЕТШIЛДIК САНА ТУРАЛЫ СIЗ НЕ ДЕЙСIЗ?

Қазақ жұртының сан қилы заманды басынан кешiре отырып алған тұғырлы Тәуелсiздiгiне 20 жылдың жүзi болды. "Қағанағы қарық, сағанағы сарық болып" қуана қарсы алған егемендiгiнiң құны өлшеусiз. Арыда Ақ Патшаға, берiде Кеңес үкiметiне "иек артып" өмiр сүрген санамыз, дербес мемлекеттiктiң мерейлi шағында "азат бола алды ма?" деген ой бiздердi әрдайым мазалайды. Яғни, қазақ қоғамында Тәуелсiз жұрттың азаматтарына тән мемлекетшiлдiк сана қалыптасқан ба, жоқ па? Жүрекi сыздатып, жан ауыртатын сауал болса да, бiз бұны бiраз азаматтарымызға қоюға мәжбүр болдық.

ДӘЛ ҚАЗIР, БIЗДIҢ ХАЛЫҚТЫ МЕМЕЛЕКЕТШIЛ ХАЛЫҚ ДЕП АЙТА АЛМАЙМЫН

Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ, тарихшы:

– Мемлекетшiлдiк сананы қалыптастыру үшiн халыққа, ұлтқа белгiлi бiр уақыт керек. Мемлекет пен халық арасында өзара түсiнушiлiк, үйлесiмдiлiк болған да барып мемлекетшiлдiк сана қалыптасады. Дәл қазiр, бiздiң халықты “мемлекетшiл халық” деп айта алмаймын. Кезiнде, Патша заманы мен Кеңес үкiметi тұсында халық пен мемлекет арасында үйлесiмдiлiк бола берген жоқ. Бiздiң мемлекетiмiздiң тәуелсiздiк алғанына 20 жыл толды, әлi де уақыт қажет сияқты… Бұл – мемлекеттiң сауатты саясатының негiзiнде қалыптасатын түсiнiк. Халықтың мүддесiн ойлау арқылы, қорғау мен әлеуметтiк жағдайын жақсарту арқылы бiртiндеп қалыптасатыратын сезiм. Халық сезiну керек, мемлекеттiң өзiнiң мемлекетi екендiгiн. Сонда ғана, бiз ойлаған мемлекетшiлдiк сана дәурен сүредi.

Мемлекет арнайы бағдарламар арқылы халықтың экономикалық жағдайын, әлеуметтiк мәселелерiн шешетiн бағдарламалар жасауы қажет. Мысалға, нақты, нәтижесi болатын бастамалар көп болу керек. Кезiнде "ауыл" деген бағдарлама қабылдадық. Яғни, сол "ауыл" бағдарламасы халықтың жанына жағымды әсерлер қалдырса, жақсы ықпал етсе, ауыл халқы неге мемлекеттi түсiнбейдi. Түсiнер едi, жақсы сезiнетiн едi деп ойлаймын. Сондықтан, сол сияқты тiкелей халықтың әл-аухатын жақсартатын бағдарламар көп болуы керек деп санаймын.

Мемлекетшiлдiк идеяны көбiнде Елбасы айтады. Сол кiсiнiң идеясын ары қарай алып кететiн, басқару жүйесiнде отырған ойлы азаматтарымыз жоқтың қасы. Қазiр, мемлекетшiл азаматтарға тапшылық байқалады. Мемлекетiмiздiң негiзi қаланып жатқан кезде, мелекетшiлдiк идеясын насихаттайтын, айтатын, шынайы түрде iске асыратын тұлғалар, өкiнiшке қарай, бiздiң жұртта мүлдем аз. Ал ондай тұлғаларға бүгiнде сұраныс күштi. Алайда, бiр тұлғаның өмiрге келуiн күтiп отырмай, әрбiр азамат өз-өзiн мемлекетшiл етiп қалыптастыруы керек. Әркiм өз отбасында мемлекетшiлдiк идеясын жүргiзуi аса қажет. Ол билiктiң ғана жұмысы емес, қарапайым халықтың да атқаратын iсi.

"АЛАШ" ПАРТИЯСЫНЫҢ БЕС ТҰЖЫРЫМЫН ҰСТАНУЫМЫЗ КЕРЕК

Тұрсын ЖҰРТБАЕВ, ғалым, жазушы:

– Мемлекетшiлдiк сана дегенiмiз – адамның жан жүйесiн баураған, бiр мақсат пен бiр идеяға бiрiктiрiлген iс-қимыл, ой бiрлiгi деп есептеймiн. Бұл – ұлттық бiрлiктiң негiзi. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында Қазақ мемлекеттiк идеясы – қазақ даласына ең жақын келiп қонып, бiр мақсатқа бiрiктiруге елдi оятқан арман құсы сияқты. Ол құс жылдар өте келе, бiздiң мемлекеттiк аппараттың өзiндегi мемлекеттiк идеологияның болмауы себептi, биiктеп, алыстап, қайтадан шарықтап кеткендей болды. Бұл қазiр, бiздiң жұртта елес кейпiнде жүр. Оның басты себебi, бiздегi мемлекеттiк құрылымда таза мемлекеттiк идеяның жоқтығы. Сауда, алыпсатарлық, аларман-берермендiк, сатармандық пиғылдар асыл идеяны басып кеттi. Шындығын айтар болсақ, мемлекеттiк қызметте отырған адамдардың 80 пайызы мемлекеттiң мүддесiн көздемейдi. Олар өздерiнiң жеке мүддесiн көздейдi. Әркiм, өз мүдделерiн қанағаттандыру мақсатында сыбайластарын iздейдi. Парламентте көтерiлген ағылшындық жобаны ұсыну соның бiр көрнiсi. Мен сондағы достарыма айттым: “Сендер онда сыбайластық пен жемқорлыққа қарсы деген заңнаманы алып тастаңдар” деп. Мемлекеттен қарапайым ұлттың қашықтап кетуiнiң себебi осыдан. Қарапайым халық пен мемлекеттiң арасындағы алшақтық бiр-бiрiн көзбен көрмейтiндей жерге жеттi. Соның нәтижесiнде, сол жерде отырған бес-алты адам бүкiл қазақстандық идеяның негiзiне айналатын имандылық, мұсылмандықтан артқан жау жоқ сияқты науқанға айналдырып барады. Менiң ойымша, имандылық ұйымай мемлекеттiк құрылым, мемлекеттiк идея шықпайды. Ол массондық идеяны насихаттаушылардың уақытша халықаралық кейiпте, солардың алдындағы өздерiнiң массондық мүшелiктерiн дәлелдеу үшiн құрған айла-тәсiлдерi. Ол қазақстандық мемлекетке қызмет етпейдi. Қайта, отанымызды ыдыратуға себепкер болады. Бiздiң мемлекеттiк идеологиямен айналысатын адамдардың кейбiрi қазақстандық идеологияға қарсы жұмыс iстеуде. Мемлекеттiң мүддесi – әр адамның мүддесi, әрбiр адам мемлекеттiң мүддесiн қорғауы керек. Бiзде мемлекет пен жеке адамдардың ара байланысы жоқ. Манағы, Ұлттық сезiм мен толыққанды рухани тәуелсiздiктiң құсы аспандап кеттi…

Менiң ойымша, мемлекетшiлдiк сананы қалыптастыру үшiн "Алаш" партиясының бес тұжырымын ұстануымыз керек. Бiрiншi, жер, жер, жер және жер. Жердi елдiң менiшiгiне қайтару керек. Екiншi, Қазақстандағы жердiң астындағы, үстiндегi, аспанындағы дүниелерi болсын, осы елдiң азаматтарының мүддесi үшiн қызмет етуi керек. Бiздегi пайдалы шикiзаттық қордың 80 пайызы басқа ұлттың, мемлекеттiң меншiгiнде. Бiз баяғыдағы Оңтүстiк Африкадағы мемлекеттiк жағдайға дөп келiп отырмыз. Бұл қауiптi, мен 1989 жылғы "Тәуелдi тәуелсiздiк" деген мақаламда жазғанмын. Үшiншi, Қазақстанның экономикасы, зауыт-фабрикасы да, шаруашылығы да, шыққан шөптiң ұшқан жапырағы да Қазақ елiне қызмет етуi керек. Төртiншi, елдiң ең басты нәрсесi – рухани идеология саласы. Тiл, дiл, дiн үшеуiнде де мемлекеттiк идеология басым болуы керек. Осы үшеуi қазiр Қазақ мемлекетiнiң қас-жауы сияқты қаралып жатыр. Бесiншi, тәуелсiз ғылым, дәстүрге негiзделген заң, ұлттық демократиялық мемлекет болу керек. Осы бес принципсiз мемлекет деген ұғымды насихаттаудың қажетi жоқ.

ТӘУЕЛСIЗ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТIН ҰСТАП ТҰРҒАН – ҚАЗАҚ ТIЛI

Жәркен БӨДЕШ, ақын:

Бұл үлкен сауал. Алдымен мемлекеттiк сана деген ұғымды түсiнуiмiз керек. Мемлекеттiк сана дегенiмiз – бүкiл мемлекеттiң адамдарындағы сана. Бiрақ, бұл сана бiр күнде немесе бiр айда қалыптаспайды. Мемлекеттiк сана ұзақ жылдар бойы, ғасырдан астам уақыт өтiп барып қалыптасады. Ол үшiн сенiң тұрақты мемлекетiңнiң ұлты болуы керек. Тәуелсiз Қазақ мемлекетiн ұстап тұрған – қазақ тiлi. Осы қазақ тiлiнiң жайы бәрiмiзге белгiлi…

Ұлы Абылай хан үш жүздiң басын қосты, тәуелсiздiк әрқилы себептермен тарихи Отанынан ауып кеткен қазақтардың келуiне жол ашты. Тәуелсiздiк болғанан кейiн ғана қандастарымыз елге оралды. Алғашқы кездерде тiптен нөсерлеп жауды. Бұл туралы "Аспаннан қазақ жауып тұр" деген поэма жаздым. Сол кезде, алғашқы құрылтай Түркiстанда өттi. Қандас бауырларымыз ұшақтан түсе салып, үлкенi бар, кiшiсi бар, туған жердiң топырағын сүйдi. Мiне, қазақтың мемлекеттiк санасының қалыптасқандығына нақты мысал. Бiрақ, сол кездегi нөсер бүгiнде ақ жауынға айналып барады. Мемлекеттiң ұлтына деген қамқорлығы, азаматтардың мемлекетiне деген сүйiнспеншiлiгi болса, мемлекеттiк сана деген осы.

Мемлекеттiк сананың қалыптасып, дамуында маңызды рөл ойнайтын дүние – мемлкеттiк тiл мәселесi. Қанша жазылып, қанша рет айтылып жатса да бұл саланың кемшiн тұстары әлi көп. Мәселен, менiң балаларым үйде қазақша сөйлейдi, алайда былай шыққаннан кейiн орта басқа… Елбасының өзi де тiлдi дамытуды, мемлекеттiк өреге көтерудi айтып жатыр. Бiрақ, онан бергi аралықтағы "ақ жағалыларда" еститiн құлақ болмай тұр. Қазақ мемлекетi бар, Қазақ тәуелсiздiгi бар, бiздер де соған лайық өмiр сүруiмiз керек. Әрбiр адам мемлекеттiк сананың қалыптасуына жауапты болуы шарт. Жеке адамдар мемлекетiн қадiрлеу, әдебиетi мен мәдениетiн ұлықтау, тiлiн сүю арқылы өз үлесiн қоса алады. Қазақ халқының дәстүрiн бойына сiңiру арқылы мемлекеттiк сана қалыптаса бастайды. Дәл қазiр мемлекеттiк сана бiз ойлағандай өреге жете алған жоқ. Сондықтан, мемлекеттiк сана қалыптасты деп айта алмаймын.

Ендi, Жазушылар одағы – мемлекеттiк сананы қалыптастыратын бiрден-бiр ұя. Қазақстан Жазушылар одағында ұлыларымыз Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Iлиястар осы шаңырақта қызмет еттi. Солардан қалған, мемлекеттiк сананы қалыптастыратын дүниелердi жандандыруымыз керек. Мемлекет пен халық ара жiгi айырылмастай тұтасып кетуi керек. "Менiң мемлекетiм — менiң санам!" деп тұруы керек.

P.S. Бәрiнiң де айтары уақыт және уақыт. Уақыт өтедi, кетедi. Уақыттың кешеден бүгiнге алып келген мемлекеттiк сана жайлы ұғымы да шамалы. Бiзде уақыт тар. Мемлекетшiлдiк сананы дәл бүгiн қалыптастырмасақ, ертең мүлдем кеше болады.

Жәнiбек ҒАЛЫМ