Жаңалықтар

“ҚЫЗЫЛЖАРҒА” ҚАРСЫ КIМ?

ашық дереккөзі

“ҚЫЗЫЛЖАРҒА” ҚАРСЫ КIМ?

Кiлтипанды мемлекетшiлдiк санадан iздесек қайтер…

Саяси маусымның жандана бастағанына да екi ай уақыт өттi. Саясат көрiгiн қыздыратындай айтулы оқиға орын алмаса да, елдi елең еткiзерлiк мәселелер жеткiлiктi. Соның бiрi – қыркүйек айының соңында басталған Петропавлды Қызылжар деп өзгертуге қатысты пiкiрталас болса, екiншiсi – Қазақстан халқы ассамблеясының ХҮI сессиясында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөзi.

"Мен, сiрә, екi тiлде бiрдей сөйлеуге тура келетiн сирек Президенттердiң бiрi шығармын. Ал мен тек мемлекеттiк тiлде ғана сөйлейтiн және бәрi менi түсiнетiн күндi армандаймын", – дедi Президент ағынан жарылып. Сiрә, бұл Қызылжар үшiн басталған қиын күрестiң тағы бiр бетi болар. Бұл бiздiң қоғамда әлi де шешiмiн таппаған түйткiлдi мәселелердiң көп екендiгiнен хабар бередi.

ҚЫЗЫЛЖАР АТАУЫ ҚОҒАМДЫ ҚЫРҒИҚАБАҚ ЕТЕР ТҮРI БАР

Тәуелсiздiгiмiздiң жиырма жылдығында Қазақстан халқын бiр жұдырықта жұмылдыра алмағандығымыздың көрiнiсi – Петропавлды Қызылжарға ауыстыруға қатысты пiкiрталастан көрiндi. Әуелi, елi сенген қалаулысы, сенатор Тасбай Симамбаев тарихымызды жандандырып, санамыздағы отаршылдық таңбаларынан айығуға үзiлдi-кесiлдi қарсы болса, елi сенген қызылжарлық мәслихат депутаттары да бiр күннiң iшiнде қаланың атауын өзгертуге қатысты шұғыл мәжiлiс өткiзiп, Петропавлды Қызылжар деп атамау жайлы шешiм қабылдап үлгердi. Қоғам тағы да екiге жарылды. Өзгесiн былай қойғанда, орыстiлдi БАҚ пен қазақтiлдi БАҚ-тың арасында мылтықсыз майдан ашылғандай.

Аталған тақырыпқа қатысты орыстiлдi қазақстандық басылымдарды шолып шыққанымызда, жалпы, мемлекеттiң қазақтыкi екендiгi, тарихи атауларды қайтару қажеттiгi жайында ешкiм тiс жармайды. Қызылжар атауына қарсылардың айтар уәждерi әртүрлi. "ЭкспрессК" газетiнiң тiлшiлерi Павел Воронин, Елена Чернышова "Задали Кызылжару. Зачем нужно переименовывать Петропавловск?" (№ 175 (17047) от 23.09.2010) атты мақалада: "Тарихтан аздаған сауаты бар адамның өзi Петропавловск өз бастауын 1752 жылы Есiл өзенiнiң жағалауындағы құмда қаланған әулие Петрдiң қамалынан алатындығын бiледi. Көпшiлiктiң көшiп келе бастауымен қамал христианның қос әулиесi – Петр мен Павелдiң атауын мәңгiлiкке иеленген қалаға айналды. Беделдi өлкетанушылардың дәлелдегенiндей, оның алғашқы кiрпiшi қаланған күннен бастап, күнi бүгiнге дейiн басқа атауы болған жоқ" дейдi. Олар 1925 жылы Петропавлдың Қызылжар атауын иемденгенi жайында айтқысы да келмейдi.

Ресейлiк "KM.ru" сайтында "В Казахстане требуют наказать русских" атты мақала (авторы көрсетiлмеген, 04.10.2008) жарияланған. Онда "Петропавловск мен Павлодар қазақтарды жоңғардан қорғау үшiн салынған" деген сенатор Симамбаевтың пiкiрiн көлденең тарта отырып, "орыстар қалануына сондай тер төккен қалалар неге тарихи атауынан ажырауы керек? Кезiнде бұл қалалар Омбы губерниясының құрамында болған заманда Қазақстанның өзi де болған жоқ қой. Қазақстан құрамына Кеңес одағы заманында берiлдi. Кеңес одағы құлағаннан кейiн, мұрагерлiкпен Қазақстан аумағына өттi. Павлодардың атауы Александр II патшаның ұлы Павелдiң дүниеге келу құрметiне орай берiлдi емес пе?" деп тұлан тұтады. Өкiнiшке қарай, аталған мақалада авторы көрсетiлмеген. Бiрақ, айтылған ойларының бәрi қазақстандық орыстiлдi басылымдардың идеяларын қайталаған. Отарсыздандыру идеясы жер-су атауларын өзгертуден бастау алатыны түсiнiктi. Орыстар қазақ жерiн басып алу ниетiнде қамал сала бастағаны белгiлi. Бүгiнде тәуелсiз Қазақстанның құрамындағы бұл қалалардың тарихи атауы болмаса да, империялық басқыншылықтан бүгiнгi ұрпақтың санасын азат ету үшiн де, оларға жаңа тәуелсiз атау берiлуi тиiс. Егер, орыстар Қазақстанның тәуелсiздiгiн мойындаса, оның ұлттық құндылықтарын да мойындауға тиiс.

1991 жылдан күнi бүгiнге дейiн отаршылдық таңбасындай болған жер-су атауларының 60 пайызы, солтүстiк және шығыс облыстардың 30 пайызының ғана атаулары өзгертiлген екен. Гурьев – Атырауға, Семипалатинск – Семейге, Шевченко – Ақтауға, Целиноград – Ақмолаға ауыстырылғанда, халықтың қарсылығы дәл бүгiнгiдей сипат алмаған екен. Петропавловскiнi Қызылжарға ауыстыру идеясын ұсынған мәжiлiсмен Жарасбай Сүлейменов "Abai.kz" интернет газетiнде "Мылтықсыз майдан" деген мақала жазыпты. Сонда "Егер, Тасбай Симамбаев Петропавловскiнi Қызылжар деп атауға қарсымын" деп баспасөз-мәслихатын өткiзбегенде, бұл мәселе дәл бүгiнгiдей ушықпас едi" дейдi. Рас, Тасбай Симамбаев мырзаға бұл мәселеде отқа май құюдың қаншалықты қажет болғаны түсiнiксiз. Бiрақ, бiздiң қауым өзiн әлi бiртұтас ел ретiнде сезiне алмайтындығын танытты. Елдегi 16 миллион адамның бiразында мемлекетшiлдiк сана әлi қалыптаспағандығы байқалды.

ҚҰЛДЫҚ САНА ПРЕЗИДЕНТТIҢ ДЕ ҚАБЫРҒАСЫН ҚАЙЫСТЫРАДЫ

20-қазанда Астанада өткен Қазақстан халқы ассамблеясының ХҮI сессиясында сөйлеген сөзiнде Президент Нұрсұлтан Назарбаев құлдық қамыттан құтыла алмай жүрген қазақтарды шенедi, жиырма жыл өтсе де, бiр ауыз қазақша тiл қатпаған өзге ұлт өкiлдерiн түйредi. Сөйтiп санасы оянбаған, мемлекетшiлдiк идеясына мойынсұнбаған отандастары жанын қамықтыратындығын танытты: "Он қазақ отырып, бiр орыс келсе, орысша сөйлеп кететiн әдетiмiзден әлi айрыла алмай, сорлы болып жүрмiз. Бұрындары Алматыда зорға дегенде бiр қазақ мектебiн аштырсақ, қазiр қаншама қазақ мектептерi ашылды. Сөйте тұра, қазiр көп қазақ өз баласын қазақ балабақшасына бермейдi. Қазақ мектебiне бермейдi. Сонда бiз кiмге мiндет қыламыз? Өзiмiздiң тiлiмiздi өзiмiз құрметтемеймiз", — дедi ол күйiнiп.

Кәрiстер қауымдастығының президентi Роман Ким де Елбасының жан жарасына у сепкендей болды. "Я согласен" дегенi үшiн Нұрсұлтан Әбiшұлы "Жиырма жылдан берi "Я согласен" деп келесiңдер. Владей языком" деп тиып тастады.

Бұның астарында қаншама ащы шындық, астарлы ой жатыр десеңiзшi. Тәуелсiздiктiң жиырма жылдығы қарсаңында бүкiл қазақстандықтарды жұмылдыратын елдiк идеяның, қазақтық патриотизмнiң қалыптаспауы, қоғамның әлi де интеграцияға дайын еместiгi – ұлт көшбасшысының ең толғақты проблемасына айналғандығының куәсi iспеттi бұл сөздер.

ПЕТРОПАВЛДЫ ҚЫЗЫЛЖАР ДЕП АТАУҒА КАЛАЙ ҚАРАЙСЫЗ?

Ардақ: Бұл атауға оң көзбен қараймын. Себебi, мемлекетiмiз Қазақстан болғандықтан қазақша атау болған дұрыс. Бiзде әлi де бұрынғы отарлық езгiден арыла алмаған жалтақтық бар.

Бауыржан: Тарихи атау болғандықтан Қызылжар деу орынды.

Қалыш Аманжол: тарих ғылымдарының кандидаты, доцент: Бұнда үлкен саясат жатыр. Ресейдiң қайраткерлерi, мемлекеттiк ғалымдары бiздiң тәуелсiздiгiмiздi әлi де мойындамай отыр. Олар отаршылдық кезеңiнде бiздiң мемлекетiмiздiң батысы мен солтүстiгiне кiрiп, Қазақстанның құнарлы жерлерiне қоныстанған. Сөйтiп, Қызылжар атауын Петропавл деп өзгертiп алған. Ал ендi, бiз егемендiк алғаннан кейiн қазақша атауларды енгiзген дұрыс. Орыстар қарсыласқанмен түк те шықпайды.

Оля, студент: Менiң ойымша, Петропавлды өзгерту дұрыс емес. Өйткенi, тұрғылықты халық Петропавл деген атауға үйренiп қалған.

Надя, пенсионер: Мен 70 жылдан астам Алматыда тұрып келем. Қазақстанның азаматымын. Сондықтан да елiмiз тәуелсiз мемлекет болғандықтан қазақша атау болған дұрыс. Мәселен, Алматыдағы орысша аталған көшелердiң бiразын қазақшаға ауыстырды. Халық оған да үйрендi, сондықтан да Қызылжарға да халық бiрте-бiрте үйренiсiп кетедi.

Александр: Бұл мәселенi билiк өкiлдерi шешсiн.

Оксана, саудагер: Маған бәрiбiр. Атауды өзгерткенмен келiп-кетер пайда жоқ сияқты.

Женя: Атау өзгергенмен халық одан ешқандай зиян шекпейдi. Сондықтан бұл мәселенi ушықтырып қажетi жоқ.

Дана: Бұл мәселеге қарапайым халық қанша араласып, шу шығарса да билiк өз бiлгенiн iстемей қоймайды.

Асима, студент: Ия, ауыстыру қажет.Себебi, ол Қазақстанның жерiнде тұрғанмен, қазақтың қаласы болған менде, мүлде орыстанып кеткен қала.Мен өзiм орыс бөлiмiнде оқитын қазақпын.Қазақша түсiнемiн,ойлаймын,сөйлей аламын. Алайда мен оқитын оқу бөлiмiнде осы Петропавлдан бiр қыз оқиды. Ол қыз қазақ болғанымен қазақша сөйлей алмайды, мүлдем түсiнбейдi. Сондықтан, бiз ол жердiң атауын өзгертiп, қазақыландыру қажет.

Құрмет, архитектор: Иа, Қызылжар деп атау керек. Себебi, бұл орыстың екi патшасының есiмiнен құралған "Петр" және "Павл" деген мағынаны бiлдiредi. Яғни, бұл дегенiмiз орыстың байырғы ықпалының әлi де бар екендiгiн байқатады. Сондықтан, атауды тез арада өзгертiп, ол жерге қазақыландыру жүйесiн жүргiзу керек.

Самал, саудагер: Мен бiлмедiм. Мүмкiн ауыстыру қажет шығар. Өйткенi, қазақи есiм болғаны дұрыс. Бiр жағынан Петропавл деген атқа құлағымыз үйренiп қалды.

Армат, мұғалiм: Өзгертудiң қажетi жоқ сияқты. Петропавл деген атау жарасады. Ал, Қызылжар деген ескi атау секiлдi.

Майнұр, студент: Әрине, Петропавлға Қызылжар атауын берудi қолдаймын. Неге? Себебi, қазақ топырағында, қазақтың елiнде, жерiнде қала, ел, жер атаулары да ана тiлiнде болуы шарт. Сондықтан, терiскейдегi қалаға Қызылжар атауы берiлсе, нұр үстiне нұр болар едi.

Мұхтар, оқушы: Неге Қызылжар деп ауыстырмай жатқанын бiлмедiм. Бiрақ, Қызылжар деп атауы тиiс. Ол қазақтың ежелгi атауы. Қазаққа орыс атауының керегi не?

Асылбек, оператор: Тәуелсiздiк алғанымызға 20 жылдың жүзi болды. Бұл көп те, аз да уақыт емес. "Петропавлды Қызылжар деп атауға қалай қарайсыз" деген сауалды қоюдың өзi бiз үшiн ұят. Егер билiктегiлер бiр ауыздан мақұлдап, бiр жеңнен қол, бiр жағадан бас шығарар болса, бұл мәселе баяғыда шешiмiн табар едi.

Сауалнаманы жүргiзгендер: Ақынбаева Айнұр, Кегенбаева Мадина, Айтбаева Бақытгүл, Ерубаева Гүлмира

Есенгүл Кәпқызы