Жаңалықтар

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: "МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДЕ СӨЙЛЕЙТIН ЖӘНЕ БӘРI МЕНI ЕШ ҚАПЫСЫЗ ТҮСIНЕТIН КЕЗДI АРМАНДАЙМЫН"

ашық дереккөзі

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: "МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДЕ СӨЙЛЕЙТIН ЖӘНЕ БӘРI МЕНI ЕШ ҚАПЫСЫЗ ТҮСIНЕТIН КЕЗДI АРМАНДАЙМЫН"

Қазақстан халықтары ассамблеясына – 15 жыл. Он бес жыл, әрине аз да, көп те уақыт емес. Елiмiз алғаш тәуелсiздiгiн алып, дербес ел ретiнде еңсе тiктеуге кiрiскен кезде, оның әр алуан ұлтты сипатына қарап, оның болашағына күмән келтiргендер де аз болмаған. Бiрақ, қазақ ұлты бас болып, бiрлiк пен берекенiң арқасында, күдiк пен күмән атаулының ешқайсысына да жол берiлген жоқ. Ел еңсесiн тiктедi, халық өзiнiң ауызбiршiлiгiн сақтай бiлдi.

Қазақтың да, өзге ұлттың да да көксегенi бiр ғана мақсат — береке-бiрлiгi, ынтымағы жарасқан қазақ мемлекетiн құру. Алғашқы Қазақ мемлекетiнiң iргетасы сонау ХV ғасырда негiзiн қалағанымен, жаңа дәуiрде дербес мемлекет болып, тәуелсiз атанғанына да бар-жоғы жиырма жылдай ғана уақыт өтiптi.

Ал, он бес жасқа аяқ басқан ассамблея өзiнiң кезектi 16-шы сессиясын өткiздi. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен басталған сессия "Сенiм. Дәстүр. Ашықтық. Төзiмдiлiк" атты қасиеттi ұғымдардың аясында өткiзiлдi. Ассамблеяның кезектi жиынына республикалық және өңiрлiк этномәдени бiрлестiк басшылары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдар, саяси партиялар, дiни конфессиялар мен үкiметтiк емес ұйымдар, дипломатиялық миссиялар басшыларымен қатар, осы Бүкiләлемдiк рухани мәдениет форумына келген қонақтарымыздың кейбiр өкiлдерi де арнайы келiп қатысты. Олардың арасында елге танымал Полад Бюль-Бюль Оғлы сынды тұлғалар да бар.

Сессия жұмысын бастаған ҚХА Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов алғашқы сөздi ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа бердi. "Бiз бұл сессияны ОБСЕ-ге төрағалығымыздың "Сенiм, дәстүр, ашықтық және төзiмдiлiк" деген ортақ ұранымен өткiзiп отырмыз. Бұл кездейсоқтық емес. Өткен 15 жылда орасан зор жұмыс атқарылды. Бiз уақыт өткен сайын адамдар арасындағы Сенiмдi нығайттық. Бiз ел тағдыры үшiн ортақ жауапкершiлiктiң жаңа Дәстүрiн қалыптастырдық. Бiз этносаралық және конфессияаралық қатынастарда Ашықтықты қамтамасыз еттiк. Төзiмдiлiк – елдi табысты да сенiмдi дамытудың нақты факторына айналды. Бұл қағидаттар тәуелсiз елдiң iшкi және сыртқы саясатының рухын бейнелейдi", – дедi Елбасы өз сөзiнде.

Расында да, ассамблея құрылған он бес жыл iшiнде түрлi ұлыстар мен этникалық байланыстардың құқықтық базасы бекiдi. Қазiр елiмiзде өзбек, тәжiк, ұйғыр, украин тiлдерiнде бiлiм беретiн 88 мектеп, әр ұлттың өз тiлiн оқытатын 190 лингвистикалық орталықтар жұмыс iстейдi. 15 тiлде жарық көретiн 35 түрлi басылым бар. Ұлттық театрларға ұдайы қолдау көрсетiлiп, оларды қаржыландыру соңғы 9 жылда 4,5 есе артты. Сонымен қатар, ассамблея алғаш құрылған жылдары елiмiзде небәрi 40 ұлттық мәдени орталықтар болса, қазiр олардың қатары 820-ға жеттi. Конституциялық мәртебеге ие болған кеңесшi органның ұсынысымен Парламенттiң қабырғасынан өзге ұлыстың өкiлдерiне орын берiлдi.

Сессияда мiнбеге шығып сөз алған депутаттарымыз да, қонақтарымыз да қонақжай қазақ халқының дархандығы мен кеңпейiлдiгiн тiлдерiне тиек еттi. Парламент Сенатының депутаты Анатолий Башмаков өз сөзiнде қазақ халқының кiндiк қаны тамған жердiң қасиетi бар екендiгiн, адам сол жерге кiндiгiнен байланатындығы туралы мысал келтiре отырып, өзiнiң де кiндiк қаны қазақ жерiнде тамғандығын, әке-шешесi мен бауырының осы жерде мәңгiлiк тыныстап жатқандығын айта келiп: "Мен тәрiздi адамдар көп. Олардың барлығы өзiн осы елдiң ұл-қызы деп таниды. Олар – қазақстандықтар. Бiздегi түрлi ұлт өзiнiң ерекшелiгiмен, мәдениетiмен, тiлiмен қымбат. Олар бiр оркестрдi құрайтын аспаптар тәрiздi" дедi сөз арасында.

Сөз алғандардың iшiнде Қазақстанның волейболдан құрама командасының экс-капитаны Елена Павлова да бар. Еленаның зал толы көпшiлiктi тәнтi еткен тұсы, өзiнiң қазақтың келiнi екендiгiн, қазақтың баласына жар, қазақтың баласына ана екендiгiн айтқандығы болды. Ананың тiлеуi қашанда бiр, ол өмiрге сәби әкелу, демографияға үлес қосу. Осы тұрғыдан келгенде, Елена да көпшiлiкке "өмiрге сәби әкелiңдер" деген өзiнiң жүрекжарды аналық пейiлiн, аналық лебiзiн жеткiздi. "Бiз Сiз сияқты спортшы Президентiмiз болғанын мақтан тұтамыз" дей келiп, Елена өзiнiң ассамблеялықтар арасында спорттық олимпиада өткiзейiк деген ұсынысын да айта кеттi.

Қазақ жерiн қиын-қыстау кезеңде паналаған ұлттардың бiрi – корейлер. Қазақстан корейлерi ассоциациясының президентi Роман Ким мырза өткен ғасырдың 30-шы жылдары күштеп көшiрiлiп, осында қоныстанған корейлерге қазақ халқының қалай пана болғанын айта келiп, мемлекеттiк тiлдi үйрету мен үйрену жайына да тоқтала кеттi. Роман Кимнiң мемлекеттiк тiлге қатысты айтылған ойларына Елбасымыз да өз ойын қоса кеттi.

Мемлекеттiк тiлге қатысты айтқан пiкiрiне рахмет айта келiп: "Бiз кей елдердегiдей тiлiмiздi бiлмегендерге елден кетiңiздер деген талап қойған жоқпыз. Алайда, қазақтар өз тiлiнiң болашағына алаңдаса, оны басқаша түсiнетiндердiң табылатыны бар. Егер Ассамблея мүшелерi мемлекеттiк тiл мәселесiне көбiрек түсiне қараса, бiз нағыз бiртұтас елге айналамыз. Шынында, көп тiл бiлген адам – нағыз бай адам" дедi.

Жалпы, сессиядағы жарыссөз кезiнде Елбасымыз туған тiлiмiздiң тағдырына қатысты ойларын бiрнеше тұста ортаға салып отырды. "Мен мемлекеттiк тiлде сөйлейтiн және бәрi менi еш қапысыз түсiнетiн кездi армандаймын", – дедi Елбасы. Тiлдi бiлу әрине, қазақтың өзiне байланысты. Тiлдi бiлмеу – қазақтың ұлтжандылығына, қазақтың намысшылдығына сын емес пе?

"Қазақ қазақпен қазақша сөйлессiн деп мен қашанғы айтамын? Арамызда өзге ұлттың бiр адамы отырса сол тiлге көшуге мәжбүр болатын кешегi күнiмiз өттi ғой. Талайлар жұмыста да, үйде де, көшеде де өз тiлiнде сөйлемей, сорлы күйде жүргенiне қалайша қаның қайнамайды?! Өкiнiшке қарай, қазақ пен қазақ әлi қазақша сөйлеспейдi. Тiптi, балалар қазақ бақшасына, қазақ мектептерiне бармайды. Сонда бiз кiмге мiндет қыламыз?! Өзiмiз сыйламасақ өз тiлiмiздi, өзiмiз өркендетпесек, кiм ойлайды?!" – дедi Нұрсұлтан Әбiшұлы.

Белгiлi журналист, "Айқын" газетiнiң редакторы Нұртөре Жүсiп те өз кезегiнде: "2008 жылы бiзге – бiр топ қазақ бас редакторына арнайы сұхбат бердiңiз. Сонда "Бiз үйренетiн ұлттан үйрететiн ұлтқа айналуымыз керек" деген болатынсыз. Сол сұхбатта: "Тәуелсiздiктi күн сайын қорғау керек, ай сайын қорғау керек, жыл сайын қорғау керек, нығайту керек, өркендету керек" деп шегелеп айттыңыз.

Тәуелсiздiктi күн сайын бекiте түсетiн тегеурiндi тетiк бар екенiн де атап көрсеттiңiз. "Қазақ тiлi – Қазақстан халқының басын бiрiктiрушi бiрден-бiр фактор" деген сөзiңiз соның айқын дәлелi.

Өзiңiз жиi айтып жүрген бiр ел, бiр ту, бiр тiл, бiр дiл қағидатын ұстану – жас ұрпақты елдiкке, ерлiкке жұмылдырады. Елдiң бiрлiгi мен достығына жаңа мазмұн, жаңа серпiн бередi.

Қазақстан Тәуелсiздiк алғанға дейiн ел оқушыларының 22 пайызы ғана қазақ мектептерiнде оқыған болса, қазiр мемлекеттiк тiлде бiлiм алатын оқушылар саны 77 пайызға жеттi. Соңғы 19 жыл iшiнде жаңадан 1000-ға тарта қазақ мектебi ашылды. Қазiргi таңда отыз мыңға жуық басқа ұлт өкiлдерiнiң балалары қазақ мектебiнде оқып жатыр. Бұл – шын мәнiнде үлкен жетiстiк",– дей келе, "Тiл мәселесi кезең-кезеңiмен жүйелi шешiлiп келедi. Тiлге қатысты көп сөзден гөрi айқын да нақты iстер керек. Қазақстанда тiлдi дамыту үшiн барлық жағдай жасалған. Ендiгiнiң бәрi өзiмiзге байланысты. Ал қазақ тiлiнiң болашағына күмәнмен, күдiкпен қарайтын писсимистерге айтарым: осыған дейiн жойылмаған қазақ тiлi өз елi, өз Мемлекетi барда ешқашан жойылмайды" дедi.

Жарыссөзге шыққан Әзiрбайжан Республикасының Ресей Федеарциясындағы Төтенше және өкiлеттi елшiсi Полад Бюль-Бюль Оғлының пiкiрi көпшiлiктi тәнтi еттi. "Мен Қазақстандағы бүгiнгi тiрлiкке қызыға қараймын, – деп бастады Полад мырза әңгiмесiн. – Мен Астананы сонау Целиноград кезiнен бiлемiн. Және Астанаға жолым жиi түседi. Қала көз алдымда өсiп келедi десем де болады. Астананың сұлулығына таңдана қараймын. Қазiр Солтүстiк Кавказдағы, Таулы Қарабақтағы оқиғалар адамды қалай ойландырмайды. Аллаға шүкiр, қазақ елiнде бұндай мәселе жоқ. Әрине, болмай-ақ қойсын деп тiлеймiн. Бүгiн осы мiнбеден Назарбаевтың көшбасшылығы туралы орынды пiкiрлер айтылды. Бұл сiздердiң iшкi мәселелерiңiз болғандықтан, оған араласуға бiздiң қақымыз жоқ. Дегенмен, Назарбаев өзiнiң өмiр жолымен, еңбек жолымен қазақ халқының шынайы көшбасшысы екенiн баяғыда-ақ дәлелдеп қойған. Қазақстанды – Назарбаевсыз, Назарбаевты – Қазақстансыз елестете алмайды",-дедi.

Менi ойға қалдырған, абазин қызы Аза Косованың сөзi болды. Мәскеу Мемлекеттiк университетiнiң Қазақстандағы филиалында оқитын студент қыздың пiкiрi орнықты шықты. "Бiз – өте аз ұлтпыз. Қазақ жерiндегi санымыз 64 ғана. Елiмiздiң сындарлы саясаты арқасында бiздер жастар өз салт-дәстүрлерiмiздi сақтай аламыз, тiлiмiздi үйренемiз, ұлттық асымызды iшемiз" дедi абазин қызы. Абазин қызы дүниежүзi бойынша азайып бара жатқан абазин ұлтының қамын ойлап қамкөңiл болады. Тiлiн, салт-дәстүрiн, ұлттық тағамын ұмыттырмаған қазақ халқына деген алғысы шексiз. Ал, бiз өзiмiздiң жерiмiзде, өзiмiздiң елiмiзде тұрып, өз дәстүрiмiзден, өз салтымыздан, тiлiмiз бен дiлiмiзден жерiнемiз. Бұл не сорақылық десеңiзшi?! Тiл туралы Елбасымыз қадап-қадап айтса да, айналамда отырған қазақ жастары өзге тiлде шүлдiрлеуiн қойған жоқ. Туған тiлiн ұмытып, салт-дәстүрiнен безген бұл жастардан келешек не күтпекпiз?! Абазиннiң жасөспiрiм қызы өз тiлi мен салт-дәстүрi үшiн жаны ауырады, өз елiмiзде, өз жерiмiзде отырып, бiздiң жанымыздың ауырмайтыны несi екен?!

Сессия соңында, Елбасы ҚХА Төраға орынбасарлығына Юрий Тимощенко мен Ахметжан Шардиновтың кандидатураларын ұсынған болатын. Көпшiлiк бiрауыздан қабылдады. Және бiр айта кетерлiгi Елбасы былтыр "Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық "Бiрлiк" деп аталатын алтын медалiн жасауды тапсырған едi. Сессия соңында елдегi тұрақтылық пен татулықтың салтанат құруына еңбек сiңiрiп жүрген бiр топ жерлестерiмiз ассамблеяның жаңа медальдарымен марапатталды.

Сөзiмiздiң соңын, белгiлi журналист, "Айқын" газетiнiң Бас редакторы Нұртөре Жүсiптiң жарыссөзде айтылған мына бiр сөздерiмен түйiндегiмiз келiп отыр.

"…Егемендiгiмiздi баянды етудiң берiк қамалы, елдiк пен мемлекеттiлiктiң еркiн самалы, толағай табысымыздың толымдысы, барлық атқарып жатқан iстерiмiздiң болымдысы – осы Тәуелсiздiк. 20 жылдықтың ең басты жетiстiгi – еркiн де егемен Ел болғанымыз. Бүкiл адамзат танитын, мойындап, құрметтейтiн Мемлекет құрғанымыз.

Тәуелсiздiк ең алдымен ұлттың беделiн орнықтырды. Дүниежүзi қазақ дейтiн халықтың бар екенiн бiлдi. Әлем картасынан Қазақстанды, оның Астанасын жазбай танитын болды.

Тәуелсiздiк Тiлдiң беделiн орнықтырды. Қазақ тiлi – Мемлекеттiк тiл мәртебесiн иелендi.

Тәуелсiздiк Дiннiң беделiн орнықтырды. Имандылық пен рухани құндылықтар қайта оралды.

"Елу жылда – ел жаңа" дейдi қазақ. Қазақ қоғамы 20 жылға жетпей-ақ жаңарды. Жаңа тұрпатты, жан-жақты жетiлген жаңа ұрпақ қалыптасты. Қазақстан атты қуатты, жас та өршiл мемлекет өркениет көшiне қарқынды қадам басты.

Кең-байтақ Отанымызда ұрыс жоқ, ырыс бар. Берекемiз де, мерекемiз де бар. Ол – осы бiрлiктiң арқасы. Ынтымақтың арқасы. Достық пен өзара жарасымның арқасы. Талай қиындыққа төзе бiлген қазақтың арқасы. Қазақты түсiне бiлген туыс-бауырлардың да арқасы".

Гүлзина Бектасова