"ӨНЕРПАЗ БОЛСАҢ АРҚАЛАН..."
"ӨНЕРПАЗ БОЛСАҢ АРҚАЛАН..."
Қазанның 18 күнi Астана қаласы Тiлдердi дамыту Басқармасының ұйымдастыруымен "Өнерпаз болсаң арқалан…" атты кездесу кешi өттi. Оқырманмен кездесуге Алматыдан бiрқатар жас ақындар қатысты.
Аталмыш ақындардың шығармашылығына пiкiр бiлдiруге Қазақстанның халық жазушысы Фариза Оңғарсынова мен Алматыдан арнайы халықаралық "Алаш" сыйлығының иегерi Ұлықбек Есдәулет шақырылған екен. Сонымен қатар, ақын, сазгер Роза Әлқожа мен Досымжан Таңатаров ән шырқады. Көңiлдi кеш "Тұран" мейрамханасында өттi. Осы орайда ақын қыз Құралай Омар: "Кеш маған өте ұнады. Себебi ешқандай жасандылық, жаттандылық болған жоқ. Еркiндiк сезiлiп тұрды" дедi.
Айтпақшы, аталмыш кездесу кешiн өткiзу идеясын Тiлдердi дамыту басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазыға белгiлi тележурналист Ринат Думанұлы өтiнiш еткен екен.
– Бiздiң осынау iс-шаралар өткiзудегi мақсатымыз бiреу – ол Қазақ тiлiн қолданысқа енгiзу. Менiң Тiлдердi дамыту басқармасының бастығы болғаныма алты жыл болыпты. Осы жылдар iшiнде Ұлағат Ханзададан басқа бiр қазақ ана тiлiмiздiң болашағына алаңдап сотқа жүгiнбептi. Астананың жарнамасы толық қазақ тiлiнде жазылмайынша аттан түспейiк, – деген Оразкүл Асанғазының ұсынысын жастар жағы бiрден құптады.
Ал жас ақындарға жеке-жеке пiкiрiн бiлдiрген Фариза апамыз: "Бүгiнде Астананы қазақыландыруда ер азаматтар көтере алмайтындай жүктi көтерiп жүрген жалғыз Оразкүл ғана", – дедi ағынан жарылып.
– Қазiргi таңда өлең деген кенже қалып жатқан өнер ғой. Мәселен, қазақ жастар поэзиясының мемлекет тарапынан насихатталуы аз. Сол себептi бүгiнгi таңда жазба ақындарының iшiнде жастар жағы оқырманмен тiкелей кездесе алмайды, – дедi ақын Қалқаман Сарин.
– Бүгiнгi кеш ақындардың бұрынғы ресми түрде өтетiн кештерiмен салыстыруға еш келмейдi. Мәселен менi студенттер мен мектеп оқушыларының кешке келуi және белсене араласуы қатты қуантты. Сондай-ақ, өзге де облыс орталықтарында жүрген ақындардың шақырылуы ұйымдастыушылар тарапынан ұтымды болған деп есептеймiн. Менiңше, тiлге байланысты iс-шаралар ресми кездесулерден емес, осылай жастардың поэзияға деген құштарлығын оятудан бастау алса деймiн, – дедi ақын Тоқтаралы Таңжарық.
Серiк Құдайбергенұлы