МӘСКЕУДЕ ТҰРАРҒА ЕСКЕРТКIШ ТАҚТА ОРНАТЫЛДЫ
МӘСКЕУДЕ ТҰРАРҒА ЕСКЕРТКIШ ТАҚТА ОРНАТЫЛДЫ
Мәскеу. Покровский гүлзары, 14-үй.
Осыдан 80 жыл бұрын, дәлiрегi 1931-34 жылдары аталған мекен-жайда қазақтың бiртуар ұлы, РСФСР халық комиссарлар кеңесi төрағасының орынбасары қызметiн атқарған
Тұрар Рысқұлов тұрған.
Әкесi Рысқұл Саймасай болысты атып өлтiрiп, Сiбiрге жер аударылғаннан кейiн Қырғызбаев деген фамилиямен бiлiм алып, Меркi, Әулиеата, Ташкентте жоғары қызметтердi атқарған, одан кейiн сонау Мәскеу төрiнен бiр-ақ шыққан Рысқұлов бәлкiм өзiнiң әйгiлi Сталинге хатын осы үйде жазған шығар. Осы шаңырақта тұрған кезеңде Тұрардың қияндағы туған жерiнiң болашағы туралы толғанып, қазақты аштықтың тырнағынан құтқарып қалу үшiн қолынан келгеннiң бәрiн iстегенi ақиқат.
Өкiнiшке қарай, Мәскеу Алаштың аяулы ұлының ең соңғы тұрақтаған жерi болды. 1938 жылы ол осында "халық жауы" деген жаламен атылып кеттi. Рысқұловтар отбасы қуғын-сүргiнге ұшырады. Жұбайы Әзиза 18 жыл бойы АЛЖИР-де азап шектi. Ұлы Ескендiр айдауда жүрiп қаза тапты.
Жуырда Тұрар Рысқұловқа арнап Мәскеуде жоғарыда аталған мекен-жайда ескерткiш тақта қойылды. Оның ашылуына Қазақстанның Ресейдегi елшiсi Зауытбек Тұрысбеков, Мәскеу қаласы мәдениет департаментi бастығының орынбасары Ольга Грышина, Мәжiлiс депутаттары Сатыбалды Ибрагимов, Динар Нөкетаева, Ұлттық ғылым академиясының президентi Мұрат Жұрынов, М.Әуезов атындағы Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетiнiң ректоры Уәлихан Бишiмбаев және тағы басқа қазақ зиялылары қатысты.
– Қазақтың бiртуар перзентiнiң тағдыры трагедияға толы, – дедi ескерткiш тақтаның ашылу салтанатына Оңтүстiктен арнайы делегацияны бастап барған М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың ректоры, академик Уәлихан Бишiмбаев. – 1920 жылы Т. Рысқұлов Түркiстан Орталық атқару комитетiнiң төрағасы болып сайланды. Ол атқару комитетiн Түркiстанның объективтi жағдайы мен ерекшелiгiн басшылыққа алып жұмыс iстейтiн органға айналдырды. Орыс шаруалары мен казактардың көшпелi халықтардан тартып алған жерлерiн иелерiне керi қайтаруларына қол жеткiздi. Түркiстан Республикасының саяси-мемлекеттiк егемендiгi жолында табанды күрес жүргiздi. Осылайша басын қатерге тiге отырып, халқының амандығы мен болашағын ойлады.
Т. Рысқұлов бар күш-жiгерiн сол кезде қазақ даласында орын алған ашаршылықпен күрес iсiне бағыттады. Қолынан келгенше оның тауқыметiне ұшырағандарға жәрдем көрсетуге талпынды. Тiптi, ол БК(б)П Қазақ өлкелiк комитетiн басқарған Ф.Голощекиннiң "Қазақстанда кiшi қазан" төңкерiсiн жасау идеясына ашық қарсы шықты. Кеңестiк ұжымдастыру саясатының зардаптарын жою, Қазақстандағы ашаршылықтың апатынан халықты құтқару жайында нақты ұсыныстар жасады.
Тұрар Рысқұлов 1924-1926 жылдары Коминтерн АК Орта-Шығыс бөлiмi меңгерушiсiнiң орынбасары, сонымен қатар 1924 жылдың ортасынан 1925 жылдың шiлдесiне дейiн Коминтерннiң Моңғолиядағы уәкiлi, 1926 жылы БК(б)П Қазақ өлкелiк комитетi баспасөз бөлiмiнiң меңгерушiсi және өлкелiк "Еңбекшi қазақ" газетiнiң жауапты редакторы, 1926 жылдың маусымынан 1937 жылға дейiн РСФСР Кеңестiк халық комиссариаты төрағасының орынбасары қызметiн атқарады.
"Ресейдiң астанасының төрiнде Тұрардай тұлғаға ескерткiш тақта салтанатты жағдайда ашылған сәттегi кеудемдi кернеген мақтаныш сезiмiн айтып жеткiзу мүмкiн емес. Бұл үлкен iс болды. Осы ретте Қазақстанның Ресейдегi елшiсi Зауытбек Тұрысбековке және қаржылай демеушiлiк жасаған Жеңiс Сұлтанов, Абай Көмекбаев, Серiк Пiрәлиев, Молдалы Қолдасов секiлдi Оңтүстiк азаматтарына ризашылығымды бiлдiремiн", – дейдi Мәскеуден оралған Уәлихан Бишiмбаев.
Е.МҰХТАРҰЛЫ25.08.2011