Жаңалықтар

"АЙТPARK" АУЫЛҒА АТ БАСЫН БҰРДЫ

ашық дереккөзі

"АЙТPARK" АУЫЛҒА АТ БАСЫН БҰРДЫ

Белгiлi саясаттанушы Нұрлан Ерiмбетовтiң "АйтPARK" қоғамдық-саяси пiкiрталас клубы көзiқарақты жұртшылыққа жақсы таныс. Соңғы үш-төрт жылдың көлемiнде Ерiмбетовтiң "жекпе-жегiне" келмеген саясаткерлер, қоғам қайраткерлерi кемде-кем десек те, артық айтқанымыз емес. Кiлең дөйлер мен дөкейлердiң сырын ашатын, шынын айтқызатын "АйтPARK" ендi ауылға да ат басын бұрды. Дәлiрек айтсақ, интеллектуалдық пiкiрталас клубының аймақтық жиыны жуырда Алматының iргесiндегi Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылының Мәдениет үйiнде өттi. Тiзгiндi, әдеттегiдей, Ерiмбетов өзi ұстады.

Ауылда өткен жиында ең алдымен бүгiнгi қазақ ауылының тұрмыс-тiршiлiгi туралы сөз болды. Қоғам мен мемлекет мәселесi назардан тыс қалмады. Жиналған көпшiлiк дiни ахуалды да айналып өткен жоқ. Дегенмен, негiзгi пiкiрталас мәдениет және ұлттық өнер турасында өрбiдi. Атап айтқанда, ауылдық жерлердегi жас ақындарды жарыққа шығару, өнерпаздарға қолдау көрсету, ұлттық өнердi заманға сай дамыту жөнiнде айтылды. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары және жастар арасында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауындағы негiзгi қағидаларды насихаттау төңiрегiнде де сөз болды.

Ауыл тұрғындарын алаңдатып отырған түйткiлдi мәселе шаш-етектен. Дегенмен, соның iшiндегi ең негiзгiлерiнiң бiрi – жастар мәселесi. Қазiргi әлеуметтiк-экономикалық жағдайдың ауыл жастарына ауыр тиiп отырғандығы, олардың бiлiм алу мәселесi, алған бiлiмiн кәдеге жарату-жаратпауы, яки келешекте жұмыспен қамтылуы, жалпы ауыл жастарының тыныс-тiршiлiгi төңiрегiнде сөз болды. Жиналғандар пiкiр алмасып, ой бөлiстi.

Жиын барысында жергiлiктi жастар мен жасөспiрiмдер өз өнерлерiн ортаға салды. Әсiресе, жиналған жұртшылықты мектеп оқушысы Ақерке Шәйiмованың таланты тәнтi еттi. Кiшкентайынан қалам мен қағазды серiк еткен Ақерке Қызылағаш қырғынына арнап жазған өлеңiн оқып, жиналған жұртшылыққа ерекше әсер қалдырды.

Бұл шараны ҚР Мәдениет министрiлiгiнiң тапсырысы бойынша "Аспект-М" әлеуметтiк-гуманитарлық зерттеу орталығы ұйымдастырды.

"Түркiстан-ақпарат"