Жаңалықтар

МАЛАЙЗИЯ АСХАНАСЫНЫҢ АПТАЛЫҒЫ

ашық дереккөзі

МАЛАЙЗИЯ АСХАНАСЫНЫҢ АПТАЛЫҒЫ

"Әр елдiң салты басқа". Әрбiр ұлттың өз ұлттық нақыштағы дастарқаны, өз дәмi бар. Бұл олардың бағзы өмiрiнен сыр шертiп, халқының асқа деген құрметiн көрсетедi. Жақында Алматы қаласындағы Hyaat Regency қонақ үйiнде малайзиялық асхана фестивалiнiң салтанатты түрде ашылу рәсiмi болып өттi.

Өзiнiң мол дастарқанынан дәм татқызуды жөн деп тапқан малайзиялықтар бұл шара арқылы туризмдi де дамытуды қолға алып отыр. Бүгiнде Малайзия – Орта Азия елдерi iшiнде табиғатының сұлулығымен туристердi тартып жатқан бiрден-бiр мемлекет. Оның сиқырлы жағажайлары, мөлдiр тұнық сулары, тропикалық ормандары, ең бастысы ашық-жарқын халқы әп-сәтте сiздi баурап алмай қоймайды. Мiне, осындай керемет туристiк мемлекетке Қазақстан тұрғындарының жиi атбасын бұруына мүмкiндiк туды. "Эйр Астана" әуекомпаниясы Алматы – Куаоа-Лумпурға тiкелей рейсiн ашып отыр. Ал қараша айынан бастап Малайзияға аптасына екi рет, сейсенбi мен жексенбi күндерi ұшуға болады!

Туризмдi дамыту мен қолдауға байланысты өткiзiлiп отырған Малайзия асханасының апталығы ертеңге дейiн жалғасады. Фестиваль барысында малайзиялық аспазшылар әрбiр талғампаз адамға таңдаулы тағамдар әзiрлеп, әртүрлi қырынан көрiнiп келедi. "2009 жылы бiрiншi фестиваль үлкен жетiстiкпен өттi. Ол Алматы және қала қонақтарына Малайзия асханасымен танысуға мүмкiндiк берiп қана қоймай, Малайзия елiнiң терезесiн ашуға, мәдениетiмен танысуға ықпал еттi", – дедi сөз алған Қазақстандағы Малайзия елiнiң төтенше және өкiлеттi елшiсi Дато Со Чин Хон. Ал, Hyaat Regency қонақ үйiнiң бас менеджерi Моши Перера малайзиялық асхананың дәмi кiм-кiмдi де жалықтырмайтындығын айта келе, көбiне-көп ащы болып келетiндiгiн жасырмайды. Өйткенi, тағамдар түрлi дәм келтiргiш қоспалар мен ұнтақтар арқылы әрленедi.

"Эйр Астана" әуе компаниясының президентi Питер Фостер: "Бүгiнгi шараның Малайзия сынды құпияға толы керемет елдiң мәдениетi мен аспаздық өнерiне бiртабан жақын ететiндiгiне қуаныштымын. Бұл орайда, ендi Куала-Лумпурға ұшатын екiншi тiкелей рейстiң ашылғандығын жеткiзгiм келедi. Жолаушыларға Малайзияның iшкi бағыттары бойынша да, тiптi Оңтүстiк-Шығыс Азия және Австралия сынды елдерге Куала-Лумпур арқылы ыңғайлы тоғысулар қарастырылды",– деп жағымды жаңалықпен бөлiстi.

Осымен екiншi мәрте өткiзiлiп жатқан Малайзия асхана апталығын Қазақстандағы Малайзия елшiлiгi, Алматыдағы Малайзия туризмi және "Эйр Астана" әуе компаниясы ұйымдастырды. Аталмыш шара Малайзия елiнен келген ұлттық би ансамблiнiң өнер көрсетуiмен басталып, арнайы дайындалған мерекелiк концерттiк бағдарламамен жалғасты.

Динара ДҮРМӘН