ҮКIМЕТТIК ЕМЕС ҰЙЫМДАР ЕЛ ҮМIТIН АҚТАСА...
ҮКIМЕТТIК ЕМЕС ҰЙЫМДАР ЕЛ ҮМIТIН АҚТАСА...
Қазiргi заманғы әлемнiң дамуында көзге түсерлiк беталыстардың бiрi – саясатта, экономикада, әлеуметтiк-мәдени және өзге де салаларда үкiметтiк емес ұйымдардың саны артып келе жатқаны. Соңғы жылдары Қазақстанда бiрқатар ауқымды қоғамдық-саяси өзгерiстер орын алып, оның барысында үздiк шетелдiк тәжiрибе мен әлемнiң алдыңғы қатарлы мемлекеттерiнiң дамуындағы қазiргi заманғы тенденциялар ескерiлдi. Ондай болса, билiк пен үкiметтiк емес сектордың өзара iс-қимылы өзгерiстен өтуi мемлекеттiк дамудағы басты векторлардың бiрi болып отыр. Бiр сөзбен айтқанда, өзара тиiмдi ынтымақтастық басты орынға шыққанын қадап айтуға тиiспiз.
Қазақстанда саяси жүйенiң либерализацияға ұшырауы азаматтардың қоғамдық-саяси өмiрге араласуын кеңейтiп қана қоймай, олардың Конституцияда бекiтiлген құқықтары шеңберiнде билiк қатынастарына кiрiгуiне де мүмкiндiк бердi. Қазiргi азаматтық қоғам дамуының бiр беткей белгiлерiнiң бiрi – ол халықтың әлеуметтiк-мәдени және саяси өзiн-өзi ұйымдастыру қабiлеттiлiгi. Бұл мағынада үкiметтiк емес секторды жетiлдiрiлу процесi – өзгерiп жатқан қоғамның белгiсi болып табылады. Нәтижелi қызмет атқару үшiн азаматтық қоғамның құрылымы нақты болуы шарт. Ал үкiметтiк емес, немесе коммерциялық бiрлестiктер мен ұйымдар мұндай қоғамның маңызды бөлiгi. Олардың саны, әл-ауқаты және қызметiнiң нәтижелiлiгi азаматтық қоғам дамуының тiкелей көрсеткiштерi.
Бүгiнде бiз қазақстандық үкiметтiк емес секторы қалыптасуының күрделi процесiне куә болып отырмыз. Қоғамдық-саяси модернизацияның қисыны бұл iсте азаматтық қоғамның жылдамырақ, сонымен қатар сапалы түрде қалыптасуын талап етедi. Сондықтан мемлекеттiк саясатты әзiрлеу iсiн оны iске асыру жұмыстарынан бөлуге болмайды. Дайындық кезеңiнен бастап көзделiп отырған жоспарды немесе бағдарламаны нақты бiр жағдайда iске асыруға қаншалықты жарамды екенiн ескере отырып талдау қажет.
Тағы бiр маңызды мәселе – ол кез келген iстiң жүзеге асырылып жатқан саяси ортасы. Бiздiң мемлекетiмiз өзiнiң стратегиялық мақсаттарына қол жеткiзу процесiне үкiметтiк емес ұйымдарды қатыстыру жағынан кейбiр дамыған елдерден озбаса қалмай келе жатқаны сөзсiз.
Жалпы, мемлекеттiк саясатты iске асыру – ол қойылған мақсаттарға қол жеткiзудiң тұрғылықты және серпiндi процесi. Бұл iске мемлекеттiк билiктiң түрлi органдарымен қатар азаматтық қоғамның институттары да қатысқаны жөн. Өзiнiң табиғи жаратылысы себебi мен құзыретiне байланысты бұл жерде бас рөлдi әрине атқарушы билiк органдары орындайды. Ал екiншi орынды осы саясаттың тиiмдi iске асырылуына тағы да мүдделiлердiң бiрi – үкiметтiк емес ұйымдар иеленедi. Неге дәл үкiметтiк емес ұйымдар мемлекетке осылай көмектесу керек екендiгiн түсiну үшiн оларға берiлген жалпы сипаттамаға жүгiнейiк.
Сонымен, үкiметтiк емес ұйым (ҮЕҰ) – қызметiнiң негiзгi мақсаты ретiнде қаржылай пайда алуды көздемейтiн мекеме.
Үкiметтiк емес ұйымдар әлеуметтiк, қайырымдылық, мәдени, бiлiм беру, ғылыми және басқарушылық мақсаттарға, денсаулық сақтау, дене шынықтыру мен спортты дамыту, халықтың рухани және өзге де материалдық емес сұраныстарын қанағаттандыруға, заңды, сондай-ақ, жеке тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауға, шиеленiстердi шешу, заңдық көмек көрсету және өзге де iзгi мақсаттарға қол жеткiзу үшiн құрылады. Оған қоса әлеуметтiк және қоғамдық функцияларды мемлекетке қарағанда үкiметтiк емес ұйымдар тиiмдiрек орындайды деген пiкiр бар.
Қазақстанда үкiметтiк емес ұйымдар республиканың әлеуметтiк-экономикалық даму саясатын әзiрлеу мен оны iске асыруға жиi қатысады. Сондай-ақ, олар нормативтiк құқықтық актiлердi қоғамдық сараптамадан өткiзедi, адам құқықтарын қамтамасыз етуге белсендi түрде араласады.
Өзiнiң жұмысы шеңберiнде үкiметтiк емес ұйымдар халыққа түрлi қызмет көрсетедi: әлеуметтiк, ұйымдастырушылық, бiлiм беру, әдiстемелiк, ақпараттық және т.б. Бiздiң елде халыққа осындай қызметтер көрсету және азаматтық бастамаларды қолдау мен дамыту саласында үйлестiрушi рөлдi Қазақстанның азаматтық альянсы атқарады. Осы бағыттағы өзектi мәселелердi талқылау мен болашаққа ортақ жоспар құру мақсатында альянс екi жыл сайын Азаматтық форум өткiзiп тұратынын айта кеткен жөн.
Бұл жұмыстар мемлекет тарапынан да қолдау тауып отыр. Бiрнеше жылдан берi Үкiмет жанынан құрылған үкiметтiк емес ұйымдармен өзара iс-қимыл жөнiндегi үйлестiру кеңесi өзiнiң қызметiн атқарып келедi. Күнделiктi мәселелердi оперативтi шешу үшiн Мәдениет министрлiгi аталған кеңестiң жұмыс органы болып бекiтiлiп, бұл орталық мемлекеттiк органның жанынан да тиiстi кеңес құрылған.
Сонымен қатар, қазiргi заманғы үрдiстер бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтудi талап етедi.
Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев өзiнiң жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларын нәтижелi iске асыру мәселесiне келгенде үкiметтiк емес ұйымдарға зор үмiт артқаны белгiлi. Оның биылғы Жолдауында "Елiмiзде азаматтық қоғам институттарын одан әрi қолдауға бағытталған саяси жаңғырту жалғаса бередi" деген сөздерi осыған дәлел.
Сондықтан үкiметтiк емес ұйымдардың бiздiң елде өңiп-өнуiне барлық жағдай жасалған деуге негiз бар. Ендiгi сөз қоғамның өзiнде.
Жанар ОМАРОВА