АДАМИ ӨЛШЕМДЕР БАСТЫ НАЗАРДА
АДАМИ ӨЛШЕМДЕР БАСТЫ НАЗАРДА
Варшавадағы ЕҚЫҰ конференциясы талқыланды
Жуырда Варшавада өткен Еуропа қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының конференциясында Астана саммитiне дайындық мәселелерi қарастырылған едi. Осыған сәйкес Алматыдағы Демократия үйiнде Варшава қаласында өткен ЕҚЫҰ шолу конференциясына қатысушы бiрқатар үкiметтiк емес ұйым мүшелерi баспасөз мәслихатын өткiздi.
Ұйымның адами өлшемдер аумағындағы мiндеттемелерiнiң орындалуына шолу жасау жөнiнде тақырыптар қарастырылды. Варшавадағы кеңеске 56 мемлекеттен 400-ден астам сарапшылар қатысты. Ал Қазақстаннан Польша астанасына 50-ге жуық сарапшы аттанған болатын. Бұл конференцияның бiрiншi бөлiмi шеңберiнде адам құқықтарын сақтау, демократиялық басқару және шыдамдылықты алға жылжыту сияқты адами өлшем саласындағы мiндеттемелер қарастырылған. "Кризистi орталық ұйымының" төрайымы Зүлфия Байсақова адам саудасының ЕҚЫҰ құрамында ғана емес, бүкiл әлемде қатер төндiруi мүмкiн екенi туралы мәлiмдеме жасады. "Адам саудасы Азия елдерiнде жиi орын алатынын атауға болады. Бұл елдердегi қақтығыстар мен шиеленiстер нәтижесiнде iшкi миграция қатты өршiп отыр. Бұл туралы заң жобасы ЕҚЫҰ-ның 2003 жылы мүше мемлекеттердiң қатысуымен қабылданған", – дейдi Зүлфия Байсақова. Ал БҰҰ ұйымының сарапшыларының айтуынша, әлемде адам саудасына мыңдаған, миллиондаған адамдар тап болған. Соның iшiнде әйел адамдар мен балалар саудасы қызып тұрған көрiнедi. Қазақстанда 2008 жылы адам саудсына қатысты 390 iс қозғалып, 44 қылмыстық iс тiркелген. Ал 2009 жылы 465 iс қозғалып, 284 қылмыстық iс анықталды.
Ақниет ОСПАНБАЙ