Қырғызстан: САЙЛАУДЫҢ НӘТИЖЕСI ӘЛI БҰЛЫҢҒЫР
Қырғызстан: САЙЛАУДЫҢ НӘТИЖЕСI ӘЛI БҰЛЫҢҒЫР
10 қазанда Қырғызстанда өткен сайлауға өлкенiң өз азаматтары да, әлемдiк қауымдастық және халықаралық байқаушылар да оң бағасын бердi. 15 қазанда Президент Роза Отынбаевамен телефон арқылы сөйлескен ЕҚЫҰ-ның төрағасы, Мемлекеттiк хатшы – Қазақстанның Сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаев Қазақстанның Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлаудың игiлiктi өткенiне байланысты құттықтауын жеткiздi. Роза Отынбаева қиыншылықта да, жақсылықта да әрдайым көңiл бұрып келе жатқаны үшiн Қазақстанның мемлекет басшысына ризашылығын бiлдiрдi.
Шынында да, Қазақстан Қырғызстанға елдiң басына iс түскен қысылтаяң кезеңде жап-жақсы көмегiн бердi. Өлкенiң оңтүстiгiнде маусым айында болған жанжалдың кесепатынан қирауға ұшыраған Ош және Жалал-Абад облыстарын қалпына келтiруге көмек ретiнде гуманитарлық тұрғыда 11,6 миллион АҚШ доллары көлемiнде азық-түлiк және құрылыс материалдары жеткiзiлдi. Қазақстанның Қырғызстандағы елшiлiгiнiң мәлiметiне қарағанда, Қазақстан Үкiметi Қырғызстанға тағы да қосымша гуманитарлық жәрдем беру жөнiнде шешiм қабылдаған. Бұл жолы 230 мың 300 тонна көмiр берiлмекшi. Бұл – биылғы күз-қыс мезгiлiнде бүкiл Қырғызстанға қажет көмiрдiң 20 пайызы деген сөз.
Әлқисса, сайлаудан берi он күн өттi. Бiрақ, оның ресми нәтижесi әлi шыққан жоқ. Жиынтық барлық сайлау учаскелерi хаттамасының протоколдарының түпнұсқасын тексерген соң және Орталық сайлау комиссиясына(ОСК) түскен арыздардың ақ-қарасы анықталғаннан кейiн айтылмақшы. Кейбiр арыздар сот орындарының қарауына жiберiлуде. Бұл процестi созуы мүмкiн.
Сайлаудың барысындағы ең түйткiлдi мәселе "Бүтiн Қырғызстан" партиясының төңiрегiнде өрбiп отыр. ОСК сайлау науқанын бастап жатып 2 миллион 866 мың бюллетень шығарылады, Парламентке өту үшiн 5 пайыздық шекте 141 мың 828 дауыс бар деп ресми түрде бiлдiрген. Бiрақ, ОСК 11 қазанда 5 пайыздық шек 142 мың 637 дауыс деп жариялайды. "Бүтiн Қырғызстан" партиясы елдiң 145 мың 455 дауысын жинағаннан кейiн ОСК алдыңғы шешiмiн тағы да өзгертiп, сайлаушылардың саны 198 мыңға көбейiп кеттi деген тұжырымдамамен 5 пайыздық шек 150 мың дауыстан кем болмауы керек деп мәлiмдейдi. Сөйтiп, "Бүтiн Қырғызстан" Парламентке өте алмай отырған жайы бар.
Мiне, мәселе осы 198 мың сайлаушының қайдан пайда болып қалғанын анықтауға тiрелуде. "Бүтiн Қырғызстан" партиясы наразылық акцияларын тоқтатар емес. Бiр Бiшкекте, бiр күнi Ош қаласында ереуiлдер ұйымдастыруда. 19 қазанда Ош қаласындағы облыстық мемлекеттiк әкiмшiлiктiң алдындағы алаңда партияның жақтастары болған 20 адам аштық жариялауды бастады. Бүгiнгi күнi партияның лидерi Адахан Мадумаров: "ОСК-ден әдiл шешiм күтемiз, егер бiз ойлағандай болмаса, қатаң шараларға барамыз", – деп талап қоюда. Партияның мүшесi, бұрынғы әдiлет министрi Марат Қайыпов: "Егер де бiз Парламентке келiп, "Ата Жұрт" және "Ар-Намыс" партияларымен бiрiгiп кетсек, онда Жоғарғы Кеңеште жоқ дегенде 62 орынды иеленемiз, сондықтан ОСК жалтарып отыр" – дейдi. Ескерте кетсек, болашақ кырғыз Парламентiнде 120 депутат болады.
Қазiр 5 пайыздық шектi бағындырған 5 партия ОСК-ның сайлаудың нәтижесi жөнiндегi ақырғы шешiмiн күтiп, коалиция түзуге асықпай отырған сыңайда. Бәрi анықталғаннан кейiн ғана Парламенттiң алғашқы жиналысы өтедi. Сол күннен бастап 15 күннiң iшiнде партиялардың көп мандаты бар коалициясы үкiметтi жасақтаумен және бағдарламасын түзумен айналысады. Коалиция үкiметтi аталған мерзiмде жасақтай алмаса, өлке Президентi мұндай құқықты аз мандатты коалицияға бередi. Ол 15 күннiң iшiнде жүктелген мiндеттi атқара алмаса, онда партиялар тағы да өздерi бастама көтерiп, үкiметтi жасақтайды. 15 күннiң iшiнде iс қолдарынан келмесе, Президент оларды таратып, жаңа парламенттiк сайлауды жариялайды.
Әлбетте, елдiң сенiмiне ие болуда 5 пайыздық шектен әрең өтiп, ең алдыңғыларының өзi 9 пайызға жете алмаған 5 партия да сайлауға қайта түсуге жүректерi дауаламайтыны хақ. Сондықтан олардың өзара ымыраға келуi болжанып отыр. "Бесеу боламыз ба, алтау боламыз ба, бәрiмiз бiрiгiп бiр ғана коалицияны құрайық, өлкемiз үшiн ынтымақтасып, еңбек етейiк" дегендер де бар. Мысалы, "Ата мекен" партиясының белсендi мүшелерiнiң бiрi Равшан Жиенбеков "Ата Жұрт" партиясының лидерi Қамшыбек Ташиевке осындай ұсыныс айтқан.
19-қазанда Қырғыз Республикасының Президентi Роза Отынбаева Парламентке өткен партиялардын лидерлерiн және Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Ақылбек Сариевтi қабыл алып, жағдайды талқылады. Президент ОСК-ның төрағасына сайлаудың нәтижелерiн тезiрек шығаруға тапсырма бердi
Назарбек БАЙЖIГIТОВ,
Бiшкек қаласы