Жаңалықтар

АЗИАДА НЫСАНДАРЫ АЛАҢДАТАДЫ...

ашық дереккөзі

АЗИАДА НЫСАНДАРЫ АЛАҢДАТАДЫ...

Қонақтарды қалай күтемiз?

Таяуда жолымыз түсiп Азиада ойындары өтетiн спорт кешендерiнiң бiразын тамашалап қайттық. Қарасаң көзiң қызығар сарайлардың қоныс тепкен орны мен сәулет өнерiнiң кескiндерi қисынды пайдаланылған. “Сырты бүтiн” демекшi, iргетасы қаланып, шатыры жабылған құрылыс алаңдарының ұсақ-түйек жөндеу жұмыстарының бiтер түрi жоқ. Бұл нысандардың қолға алынғанына бiрнеше жылдың жүзi болды. Қаржы министрi Болат Жәмiшов елiмiздегi жалпы спорт нысандарының құрылысына 200 миллиард теңге бөлген едi. Олай болса қаржы жетiспеушiлiгi деген жайттың болуы мүмкiн емес.

Ақ алауын желбiреткен Азиада ойындарының басталуына 100 күндей қалды. Қысқы ойындардың бәсекесi биыл тартысты өтетiн секiлдi. Азия құрлығының әдiсқой спортшылары елiмiзде өнер көрсетiп, тiгiлген бәйгенi ортаға салады. Бiрақ сырттан келген спортшылар сыйлай келсе де сынап кететiнi сөзсiз. Осы орайда Азиадаға деп белгiленген спорт кешендерi мен трамплиндер құрылысының барысы қандай? Бiрнеше жылдан берi бұл құрылыс қолға алынып, қомақты қаржы бөлiнiп жатқаны баршаға мәлiм. Бәрiбiр құрылыс бiтпей тұр. Нелiктен? Тиiстi мекемелерге хабарласып көргенiмiзде, нысандар құрылысының түгелдей аяқталғанын айтудан танбады. Жалпы, халықаралық талаптарға сәйкес, олимпиада жүгiн мойнына алған мемлекеттiң спорттық нысандары 2 жыл бұрын сақадай сай тұруы тиiс. Сондай-ақ, сайыс өтетiн қаланың қатынас жолдары мен безендiрiлуi, туристердi орналастыру әрекеттерi қамтылып, алдын ала көрсетiлуi мiндеттi. Олай болса, ару Алматының бүгiнгi арпалыстарына не жорық? Жауап берiп көрелiк, қазақтыққа салынып, кеш қозғалдық десек ақиқатқа келе ме? Әлде құрылыс қаржыға тiрелiп тұр ма? Ол жағы беймәлiм. Әйтеуiр жартылай салынған кешендерде спортшыларды қабылдап жүрмесек болғаны. Осы орайда VII Азиада ойындарын ұйымдастыру комитетi Алматы қалалық дирекциясының директоры Сұлтанмахмұт Шоқбытов мырзадан ару қаламыздағы нысандардың жалпы жағдайын сұрастырып көрген едiк. Шоқбытов мырза кешендердiң дайындығын 95 пайызға бағалады.

– Шаңғымен секiру кешенiнiң жұмыстары толыққанды бiттi, 25-қыркүйекте бұл жерде халықаралық жарыс өттi. Осы жарыста Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов кешеннiң ашылу рәсiмiн хабарлады. Кешеннiң салыну мәнерiне жоғары деген баға бердi. Осында халықаралық жарыстарды өткiзуге Халықаралық федерацияның сертификаты да табысталды. Бұдан былай кез келген халықаралық дәрежедегi сайыстарды ұйымдастыра аламыз, – дедi С.Шоқбытов.

Азиада ойындары өтетiн кешендердiң құрылысын екi топқа бөлiп қарау керек, яғни жаңадан салынған және жөндеу жұмыстары жүргiзiлетiн нысандар. Жөндеу жұмыстары жүргiзiлетiн нысандарда қосымша инфрақұрылым салынуда. Мәселен, Балуан Шолақ спорт кешенi 100 пайызға жөнделген. Бұл жерде де жуырда жарыс ұйымдастырылмақ. Шоқбытов мырзаның айтуынша, қараша айында стадионға мұз қабаты қойылмақшы. Осыдан соң мұз қабатының сапасын тексеру жұмыстары басталуға тиiс. Мұз айдыны демекшi, Медеу айдынында мұздың қаттылығы тексерiлуде. Айтқандай, естерiңiзде болса, Медеуде жыл сайын мұз ерiп кетiп, сырғанаушылардың есiн алатын. Осындай әбiгерге салуы мүмкiн деген олқылықтардың барлығы қайта қаралып жатыр. Мұндай асығыстыққа тағы бiр себеп бар. Қазан айының 26-27-жұлдызында Медеу мұз айдынында тестiлiк жарыс өтедi. Кiшiгiрiм жарысқа елiмiздiң спортшылары түгелге жуық қатысады делiнген. Сонымен қатар, қайта жөндеу жұмыстары жүргiзiлген нүктелердiң бiрi – Табаган ойын-сауық кешенi. "Бұл жердегi жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен арнайы қаржы бөлiндi. Осында биатлон және фристайл спорт түрлерi бойынша жарыстар өтедi", – дейдi ұйымдастыру комитетi.

Екi нысан ғана жаңадан салынды. Атап айтсақ, Талғардағы шаңғы және биатлон спорт кешенi және шаңғымен секiру трамплинi. Талғардағы шаңғымен секiру және биатлон кешенiнiң құрылысы бiтпеген. Мұны анадайдан-ақ байқауға болады. Азиада ойындары өтетiн спорт кешендерiнiң iшiндегi кеш қалып тұрғаны осы. Шала тұрғызылған қабырға жерге қаратпаса болғаны. Сәл артқа шегiнiс жасайық. Ағымдағы жылдың қаңтар айында Туризм және спорт вице-министрi Талғат Ермегияев Азиада нысандарының құрылысы Алматы және Астана қалаларында жұмыс кестесi бойынша жүруде деп мәлiмдеген едi. "Құрылыстарды салу қарқыны кешеуiлдеп жатқан жоқ. Өткен жылы 48 миллиард теңге бөлiндi. Биыл 33 миллиард теңгенi игеру көзделiп отыр. Конькимен сырғанау және дайындалу мұз айдындарынан басқа негiзгi нысандарды биыл шiлде айында қолданысқа табыс ететiн шығармыз", – делiнген БАҚ-на берiлген сұхбатта. Бiрақ шiлде тұрмақ, қараша айында аяқтасақ ләзiм болар едi. Айта берсек, ауызша берiлген уәделерден аяқ алып жүре алмайтынымыз анық байқалады. Осы орайда Азиада ойындарын ұйымдастыру комитетi Астана қалалық дирекциясының директоры Наил Нұров 90 пайыздық iстiң атқарылғандығын айтуда. Оның мәлiмдеуiнше, қазiр тек аздаған олқылықтарды түзеумен айналысып жатыр. "20-қазанға дейiн барлық спорттық нысандар толық дайын болуы керек. Бiз алдымызға осындай мiндет қойып отырмыз", – деп жазылыпты "Аламан.kz" сайтында. Қос қаладағы дайындықтың нобайы осы. Әйтсе де мұндай жайбасарлық бiзге жат емес. Елiмiзде тұңғыш ұйымдастырлып отырған VII Азиада қысқы ойындарының өту жағдайы осы тектес болмаса игi. Сонымен Ақ Азиада ойындары өтетiн спорт кешендерiнiң құрылысы жыл соңында ғана толық бiтедi екен…

ҚАЗАҚСТАН ҚОНАҚҮЙЛЕРI ҚАЙ ТIЛДЕ СӨЙЛЕЙДI?

Ат шаптырып алыстан келетiн қонақтарды күтiп алу қандай деңгейде жүзеге асады? Қандай қонақүйлерге орналастырылады? Бұл сұраққа жауап iздемес бұрын қонақтардың санатын анықтап алған жөн. Ұйымдастыру комитетiнiң айтуынша, қонақтар 4 санат бойынша iрiктеледi, яғни деңгейiне қарай қонақүй берiледi деген сөз. Олай болса спортшылар мен бапкерлер, техникалық делегаттар мен ресми өкiлдер, сыйлы қонақтар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi. Мiне, осы дәреже бойынша 3,4,5-жұлдызды қонақүйлерге жаңғастырылады. 2011 жылғы VII қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетiнiң атқарушы дирекциясы" АҚ президентi Анатөлi ҚҰЛНАЗАРОВ: "Алматы мен Астана бойынша Азиадаға қатысушыларды қабылдайтын қонақүйлердiң саны мен сапа деңгейi толық анықталып болды. Астанада – 10, Алматыда 16 қонақүй ресми делегация мен спортшыларды, жаттықтырушылар мен журналистердi қабылдауға толығымен дайын десе болады", – дедi.

Алматы қаласы бойынша "Қазақстан", "Алматы", "Отырар" секiлдi iрi қонақүйлер жұмылдырылған. Ал халықаралық сапаға сай дейтiндей "Holiday Inn", "Hayatt Regency", "Intercontinental" бар. Ал ендi ауыз толтырып айтарлық осы қонақүйлердiң қызмет көрсетуi және қай тiлде қызмет көрсететiнi туралы айтар болсақ, аузымызға құм құйылады. Халықаралық талаптарға сай деп отырған қонақүйлерiмiздiң басым көпшiлiгi қазақ тiлiн менсiне бермейдi. Мұнда орыс тiлi мен ағылшын тiлiнде сайрайтын қызмет көрсетушiлер Қазақстанда тұрғаныңды ұмыттырып жiбередi. Арнайы бас сұғып, байызын бiлгенiмiзде қазақ тiлiнде ешбiр мәзiр, ешбiр қағаз табылмады. Нақты қонақүйлерге тоқталып көрелiк.

Алматы қалалық дирекциясының мәлiметi бойынша, қаламыздан 16 қонақүй Азиада қонақтарын қарсы алады. Солардың iшiнде ең ауқымды да халықаралық талаптарға сай деген қонақүйлерге бас сұқтық. "Қазақстан" мейманханасы 1977 жылы салынған, архитектуралық ансамбльдер шоғырланған Абай және Достық даңғылының түйiскен жерiнен бой көтердi. "Қазақстан" мейманханасы – бұрынғы КСРО-да жер сiлкiнiсi байқалып тұратын өңiрде салынған ең биiк ғимарат. Оның инженерлiк құрылымы сәттi ойластырылып, онда құрылыс iсi мен техникасының ең iрi жетiстiктерi қолданылған. Қазақтың қаймағы атанған мейманхана – 4 жұлдызды, сондықтан болар, әлде халықаралық талап деген осы дедi ме екен, мәзiр ағылшын және орыс тiлiнде ғана қызмет көрсетедi.

Ал 5 жұлдызды "Hayatt Regency" мейманханасы бертiнде бой көтердi. Мұндағы мәзiр тек ағылшын және орыс тiлдерiнде екен. Сонымен қатар соңғы үмiтiмiзге айналған 4 жұлдызды "Отырар" мейманханасы да ағылшын мен орыс тiлiне судай. Көңiлге медеу боларлық бiр ғана қонақүйдiң мәзiрi үш тiлде бiрақ сөйлейдi. Ол – 3 жұлдызды "Алматы" мейманханасы.

Қонақүйлердiң қай тiлде сөйлейтiнiн бекер анықтап отырған жоқпыз. Беткеұстарымыз деп қонақтарды орналастырған соң, орыс тiлiнде қызмет ұсыну өз саусағымызды кескенiмiз… Туристер қай елге келгенiн қайдан бiлмек, әсiресе қазақ жерiнде тұрып, орыс тiлiнде тiл қатсақ, қазақтығымызды кiм бiлмек? Ұлттың ұлттығы осындайда айқындалмай ма? Бүрмелi көйлектi қазақ қыздары мен бөрiктi жiгiттердiң қызмет көрсетуi кiм-кiмге де болса ұнар едi. Ағылшынша сөйлеп, орысша арақ сыңғытқанымыз ұлтымыздың салт-дәстүрiн қияс басып өткенмен тең. Космополит белгiсiндей осы қасиеттердiң қазақ ұлтына жақын еместiгiн байқатсақ керек едi?! Мiне, гәптiң түйiнi осында. Бiрақ Қысқы Азиаданы ұйымдастыру комитетi бұған бола бас қатырып отырған жоқ. Олардың басты мақсаты қонақтарды жақсы қарсы алу екен.

– Қонақүйлерге бiз қазақ тiлiнде айт деп талап қоя алмаймыз. Мақсатымыз – халықаралық талаптарға сай қызмет көрсету. Олардың аман-есен келiп, ойындарына қатысып, бiзге сын айтпай кетуi маңызды, – дейдi С.Шоқбытов. Ал ұлттығымызды таныту үшiн "Мәдени Азиада" жобасы аясында "Ұлы Жiбек жолы" акциялары, көрмелерi ұйымдастырылады. Мiне, осылай да қазақ ұлтының мәдениетiн жекелей тамашалауға болады дейдi олар. Ал туристердге қызмет көрсететiн таксилердiң киiмi, тiлi қандай болады? Голливуд киноларындағы такси секiлдi болса, тағы да қазақ ұлтының ұмытылғаны.

Сонымен қатар Азиадаға қатысатын елдердiң басым бөлiгi мұсылман мемлекеттерiнiң спортшылары. Азия құрлығында орналасқан 45 елдiң 30-ы 2011 жылы Қазақстанда өтетiн 7-шi Қысқы Азия ойындарына қатысуға ниет бiлдiрiп отыр. Оның iшiнде 27-сi – мұсылман елдерi болғандықтан, Астана мен Алматының қонақ үйлерiн халал стандарттарына сай келтiру басты мiндет. Осы мәселелер ескерiлсе, Ақ Азиаданың асқақтағаны деп бiлемiз.

P.S. Жуырда ғана елiмiзде бой көтерген трамплиндер әлемде үздiк деп танылуда. Бұған дейiн Шаңғымен секiру кешендерiнде тестiлiк жарыстар өткiзiлген болатын. "Медеу" спорт кешенiнiң директоры Сабыржан Бектемiсов: "Биыл Континентальды кубок бәсекеге салынды. Бұл сайысқа 12 мемлекеттен спортшылар қатысты. Жарысқа қатысушылардың айтуынша, бұрын-соңды мұндай керемет трамплин көрмеген екен", – дедi. Жыл сайын дәстүрлi түрде озық үлгiдегi трамплин анықталып жатады. Ал 2010 жылдың үздiгi Алматы трамплинiне бұйырды.

Ақниет ОСПАНБАЙ