Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ТIЛIНЕ ҚАТЫСТЫ СОТ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ ТIЛIНЕ ҚАТЫСТЫ СОТ

Талапкерлер 7 миллион теңгенi Балалар үйiне аудармақшы

Газетiмiздiң №40 санында (7-қазан, 2010 жыл) "Надежда Бендзьдiң бопсалауы" атты мақала жарық көрген едi. Бiз онда "ЭФЕС Қарағанды зауыты" АҚ-на мамыр айынан бастап супервайзерлiк қызметке тағайындалған Надежда Бендзьдiң қарамағындағы қазақ жұмысшыларына "Қазақ тiлiнде тек шүберекпен ғана сөйлесесiңдер. Мұнда жұмыс iстеймiн десеңдер, менiң алдымда қазақша сөйлемеңдер" деп қоқан-лоққы көрсеткендiгiн, қазiргi кезде осы iске қатысты сот отырысының өтiп жатқандығын жазған едiк.

Надежданың қорлығына төзе алмаған жетi жұмысшы сотқа шағымдануға мәжбүр болған. Олар бұл ауыр сөздердiң ар-намысына тиiп, құқығын шектегенi үшiн Надеждадан 7 миллион теңге талап етiп отыр. Шағымданушы топ бұл қаражаттан бiр тиын да пайда көрмей, бәрiн Балалар үйiне аударатындығын жеткiздi. Алайда, "Сендер ақша табудың көзiн ойлап отырсыңдар" деген Надежда Бендзь: "Жалғыз қызымды өзiм бағып отырмын. Егер ондай ақшам болса, сыра зауытын ашып алмаймын ба?!" деп әңгiменi келемежге айналдырды. Ол тiптi, жұмысшылар тарапынан дәлел ретiнде ұсынылған аудиожазбадағы дауысты "менiң даусым емес, мұның бәрi өңделген, жасалған. Заңсыз жолмен жазылған таспаның дәлелi жоқ" дегендi алға тартты. Надежда тағы бiрде, "әйел заты екенiмдi бiле тұра, апталдай жетi азаматтың алдына барып, қазақ тiлiнде сөйлемеңдер деп қалай тыйым саламын. Менi тiптi, қорғайтын күйеуiм де жоқ" десе, ендi бiр сөзiнде "Егер қазақ тiлiн жек көрсем, жалғыз қызымды қазақ тiлiндегi балабақшаға беретiн бе едiм?" деген уәж айтады.

Десе де, жетi жұмысшы: “Надежда Бендзьдiң айтқан ауыр сөздерiн әлi күнге ұмыта қойған жоқпыз” дейдi. Ол қазақ тiлiне қарсы шыққан сорақы сөздердi айтпаған болса, сот отырысында "Мен сендерге артық бiрдеңе айтып, ренжiтiп алсам, кешiрiм сұрауға дайынмын" деп айтпас та едi. Бiз өз құқымыздың тапталуына жол бермеймiз. Бұл әрбiр азаматқа үлкен сабақ болады" дейдi бiрауыздан.

Мәселен, зауытта 3 жылдай оператор қызметiн атқарған Дархан Бейсенбеков: "Надежда Бендзь келе салысымен, бiзге өзара қазақша сөйлесуге тыйым салды. Бiз оны жеке шығарып: "олай айтуыңа болмайды. Бұл бiздiң құқымызды бұзады" деп те талай айттық. Соның өзiнде де Надежда: "Бұл менi қызықтырмайды. Когда вы разговориваете на казахском языке это мне бесит" деп айтудан танбады. Оның бұл сөзiне шыдай алмаған бiз кадрлар бөлiмiне шағымдандық. Осыдан кейiн жұмысшыларды жинаған Надежда Бендзь "Сендер қазақша шүберекпен сөйлесетiн боласыңдар" деп қоқан-лоққы көрсеттi. Бiз оның осылай айтатынын бiлiп, бәрiн ұялы телефонның диктофонына жазып алған едiк" дейдi. Мұны естiген зауыт директоры Сержан Белгiбаев та сенер-сенбесiн бiлмей, бiр шара қолданатындығын айтады. Сөйтiп, Надежда Бендзьдi этикалық нормаларды бұзғаны үшiн супервайзерлiктен алып тастап, жәй кiшi маман етiп қояды.

Ал, шағымданушылардың қорғаушысы Әдiлбек Тұрғынбаев: "Iс басталғанда Надежданың "Егер мен солай айтсам, кешiре салыңдар" деген сөзi бар. Қазiр ол: "Бұлардың мақсаты — тек ақша табу және кек алу" деп жала жауып отыр. Талап-арызда көрсетiлген ақша — қазақ тiлiн қорлауды болдырмаудың бiр әдiсi ғана. Егер сот талап еткен 7 миллион теңгенi өндiрiп берсе, ол соманы Балалар үйiне беремiз" дегендi жеткiздi.

Әзiрге сот процесiне нүкте қойылған жоқ. Мәселенiң анық-қанығы әлi талқыға салынуда. Бәлкiм, соңғы шешiм ертеңгi күнi болатын сот процесiнде нақтыланатын шығар. Бiр белгiлiсi, қазақ тiлiне қатысты сот отырысының шешiмi мемлекеттiк тiлдi менсiнбейтiндерге үлкен сабақ болары сөзсiз.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ