Жаңалықтар

ТҰЗДЫБАСТАУ АУЫЛЫНДАҒЫ ТРАГЕДИЯ

ашық дереккөзі

ТҰЗДЫБАСТАУ АУЫЛЫНДАҒЫ ТРАГЕДИЯ

Екi оқушының жұмбақ өлiмiне кiм кiнәлi?

Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылында екi бiрдей жасөспiрiмнiң өзiн-өзi өлiмге қиюы бұйығы қоғамды дүр сiлкiнттi. Айдың-күннiң аманында орын алған қос қайғылы оқиғаның астарында не жатыр? Нелiктен қаза болған екi оқушы да бiрiнiң артынан бiрi асылып өлдi? Қазiр бұл жұмбақ өлiмнiң аясындағы әңгiме сан-саққа жүгiрiп тұрған жайы бар.

Қазан айының бiрi күнi, өз үйiнiң шатырында асылып қалған Сержан Тұрысбековтың отбасы оны мұндай күйде тауып аламыз деп үш ұйқтаса түсiнде де көрмептi. Ол Тұздыбастау ауылындағы №31 жалпы бiлiм беретiн орта мектептiң 9 "а" сыныбында оқып жүрген. Тәртiбi мен сабақ үлгерiмi жағынан мектеп тарапынан шағым түсiрмеген Сержанның ата-анасы да еш уайымсыз тiрлiк кеше берiптi. Оның үстiне бес уақыт намазын жiбермейтiн әрi спорттың грек-рим күресi бойынша талай жарыста топ жарып жүрген жасөспiрiмдi кiм жаман ойға қисын? Ауылды ұлардай шулатқан қайғылы жағдайдың iзi суымай жатып, қазан айының 14-iнде 9 "б" сынып оқушысы Абай Исабеков те дәл солай өмiрмен қош айтысты. Кейбiр дерек көздерiнiң айтуынша, орта мектепте оқитын жоғары сынып оқушылары төменгi сынып оқушыларын қорқытып, ақша бопсалап, қысым жасайтын көрiнедi. Сержан мен Абай да сондай топтың қыспағына шыдамай, тығырыққа тiрелген соң өзiне-өзi қол жұмсауға мәжбүр болған деседi. Әйтпесе, екеуi де асылып өлмес едi ғой дегендi алға тартады ауыл тұрғындары. Шынымен де, оларға бәзбiр бұзақы топ мүшелерi әлiмжеттiк жасап, көп мөлшерде ақша талап еткен де шығар. Бәлкiм, таңның атысы мен күннiң батысына дейiн үйдiң бетiн көрмей, жұмыс iстейтiн ата-анасынан ақша сұрауды ар санап, мәселенi шешетiн басқа жол таппады ма екен, кiм бiлсiн?! Қалай дегенде де, екi баланың тосын өлiмi әртүрлi болжам жасауға итермелейдi екен.

Бiз әуелi қазан айының басында қаза болған Сержан Тұрысбековтың үйiне бет алдық. Ауылдың шеткерi жағында тұратын Сержанның үйiнде ағасы Нұрболаттан басқа жан жоқ. Анасы мен әкесi жұмыста екен. Өзiмiздiң газеттен келгенiмiздi бiлдiрiп, iнiсiнiң ауыр қазасына көңiл айттық. Нұрболат “ә” дегеннен-ақ, әңгiмесiн Сержанның отбасында бес баланың кенжесi екендiгiн, оның тәртiптi әрi спортты жаны сүйетiн оқушы ретiнде бiрнеше мақтау қағаздарына ие болғандығын айтудан бастады. Өзiнен кейiн ерген iнiсiн аса қимастық сезiммен еске алған Нұрболаттан мәселенiң жәй-жапсарын айтып беруiн өтiндiк.

— Сержан бiр рет те "менi балалар қорқытып жатыр" деп айтқан емес. Жақында ұйғыр баланың ата-анасы: "Сержан сол күнi төрт баламен бiрге мектепке барып, менiң баламды ортаға алып, ұрып-соғып, ақша сұрапты" деп айтып отыр. Не шын, не өтiрiгiн бiлмеймiз. Оны директордың орынбасары көрiп, "Не үшiн ұрдың?" деп сөгiп, түсiнiктеме жазғызса керек. Сержан сонда "менi боқтаған соң, ұрдым" деп айтыпты. Директордың орынбасары әбден шошытып, қатты ұрысқан болу керек. Сабақтан келiп, киiмiн шешiп, тамағын iшедi де, далаға шығып кетедi. Үйде қарындасым болған. Ал, өзiм Талғарға құжат жасауға кеткен едiм. Оралған соң, қарындасымнан "Сержан келдi ме?" деп сұрап едiм, "Иә, жаңа есiк алдында жүрген" дедi. Е, ойнап жүрген болар, қазiр келетiн шығар деп мән бермедiм. Сөйтсем, ол сол келгелi берi қорқып, шатырда отыра берген ғой. Ертеңiне туған-туыстарға кеткен болар деп, бәрiне хабарластық. Бәлкiм, досының үйiне қонып қалған шығар деп те ойладық. Таңертеңгiсiн мектепке барсақ, әлгi ұйғыр әйел директордың орынбасарына барып, баламды Сержан ұрыпты деп шағым айтып тұр. Ал директордың орынбасары "Одан түсiнiктеме жазғызып алдым, ұрыстым" деп мiз бақпайды. Одан бiз дереу "Сержан қорқып, бiр жерде тығылып отырған шығар" деп үйге келiп, ауланың бәрiн қарап жүрiп, шатырдан тауып алдық. Неге директордың орынбасары Сержан бұзықтық жасаған кезде, үйден бiреудi шақырмайды, айтпайды? "Балаларыңызға ұрсып едiм, бiрнәрсеге ұрынып қалмасын" деп ескертiп, iлестiрiп жiберуi керек едi. Менiңше, ол қорыққаннан осындай өлiмге барған сияқты. Бұл бәрiмiзге, әсiресе, анама қатты соққы болып тидi.

Бұл Сержанның туған ағасы Нұрболаттың пiкiрi. Ол iнiсiнiң жұмбақ өлiмiне қатысты қылмыстық iстiң қозғалғандығын айта келе, екi баланың өлiмi бiрге тексерiлетiн шығар деген ойын жасырған жоқ. Бiз осы iзбен Абай Исабековтың отбасына да көңiл айтып, аз-кем тiлдесуге бел буған едiк. Алайда, қара жамылған үйдiң сыртынан қайтқан бiзге ештеңе айта алмайтындығын жеткiзген ағасы: "бәрiн айтып-айтып болдық" деп қысқа қайырды. Ал, Талғар ауданы әкiмi, бiлiм бөлiмi мамандары, ауыл тұрғындары бас қосқан мектептегi жиналыста Абайдың әкесi Әбу Исабеков баласының мұндай өлiмге өздiгiнен бармағандығын iшi аши айтып, iстiң аяғына дейiн түбегейлi тексерiлу керектiгiн талап еттi.

Екi аптаның iшiнде екi оқушыдан айрылып қалған Тұздыбастау ауылының халқы жандарын қоярға жер таппай, iштен тынып жүр. Ауыл iшi азан-қазан. Көшеде ата-аналар баласын мектепке жетектеп алып кеп, бiрге әкетiп жатыр. Бұрын-соңды мұндай орны толмас өкiнiштi жағдайды құлақ естiп, көз көрмеген жұрттың дегбiрi қашып, балалаларының болашағына қатты алаңдаушылық бiлдiруде. Тiптi, болған оқиға жайында ата-аналардың пiкiрiн бiлгiмiз келiп едi, көбi тiс жарып ештеңе айтпады. Ауылдың еңбектеген баласынан, еңкейген қариясына дейiн мазасыз күй кешкен. Ал, 9, 10, 11 сынып оқушыларына "мектепте ақша жинап, бопсалайтын арнайы топ бар ма?" деген сауал тастағанымызда, тағы да бәрi бiрауыздан "Жоқ, бiзде ондай болған емес. Бiз ештеңенi бiлмеймiз" деп үрке шошып, жауап бердi. Бұқаралық ақпарат құралдарының сұрағынан әбден зәрезап болған мұғалiмдер мен оқушылар анадай жерден айналып қашады. Бәрi де болған оқиғадан әлi есiн жия алмай жүрген сияқты.

Айналасы үш-төрт күннiң iшiнде жұрттың төбе құйқасын шымырлатқан жайт барысында әртүрлi алыпқашпа әңгiмелердiң өрбiгенi рас. Тiптi, ауыл тұрғындары олардың өлiмiне мектепте әлiмжеттiк жасайтын "Жетi қарақшы" атты қылмыстық топтың қатысы бар екенiн жеткiзген-дi. Әрине, көз алдында тәрбиеленiп жүрген екi оқушысынан айрылу мектеп директорына да оңай соқпасы анық. Ауыр қазаға қабырғасы қайысып, не iстерiн бiлмей дал болып жүрген №31 жалпы бiлiм беретiн орта мектеп директоры Дина Ақжiгiтоваға жолыққанымызда, ол осы жағдайдан кейiн күндiз күлкiден, түнде ұйқыдан айрылғанын жыларман күйде жеткiздi. Екi бiрдей оқушының өлiмi уайым тұңғиығына батырғаны соншалық, оның екi көзi жасқа толып, дiрiлдей әрең сөйледi.

— Екi оқушының қазасы бүкiл ауылды ауыр қазаға батырыпты…

— Иә, ешкiмге оңай тиген жоқ.

— Бұған дейiн мектепте тәрбие жұмыстары қалай жүргiзiлiп келген едi?

— Тәрбие жұмысы дұрыс жолға қойылған. Мәселе одан болып тұрған жоқ.

— Сiздер мектеп iшiнде жоғары сынып оқушыларының төменгi сынып оқушыларынан ақша талап етiп, қорқытатындығын бiлген жоқсыздар ма?

— Бiздiң мектепте ақша жинайтын, бұзақы балалар жоқ. Мен соны сенiммен айта аламын. Қазiр бәрi тексерiлiп жатыр. Ештеңенi нақты айта алмаймын. Ақ пен қараны бiр Алла ғана бiледi. Ешкiмге қара күйе жағып, мынау кiнәлi деп те айта алмаймын. Бұл жерде ауыл бар, қоғам бар, мектеп бар. Шын мәнiнде, оқиға мектептен тыс жерде болған.

— Қаза болған екi баланың мiнез-құлқы, сабақ үлгерiмi қандай едi?

— Екеуi де жақсы оқитын оқушылар болатын.

Өзi де жаны күйзелiп, бұған дейiн түрлi сауалдың астында қалған мектеп директорын бұдан әрi қинауға дәтiмiз бармады. Екi көзi боталап, екi кiшкентай қозысын жоқтаған ананың кейпi тұрды қарсы алдымызда. Қайтсiн ендi?! Ана жүрегi қашан да мейiрiмдi ғой! Жоқ болса, iздейдi, аңсайды, қайда екенiн сезедi. Осы тұрғыдан алғанда, мектеп директоры Дина Ақжiгiтованың жағдайын түсiнуге болады.

Ал, бұл оқиға жөнiнде ауылдың әкiмi не дейдi екен деген оймен Тұздыбастау селолық округiнiң әкiмi Мейiрманов Жанжар Базарбекұлымен тiлдескiмiз келген. Алайда, аталмыш оқиғадан соң әрi-берi шапқылап жүрген әкiм орнында болмай шықты. Бiз көңiлдi күптi қылған сауалымызды әкiмнiң орынбасары Орынкүл Жарқынбекқызына қойған едiк.

— Ауылыңызда болып жатқан оқиға туралы не айтасыз?

— Ауыл тұрғындарының 90 пайызы — мұсылмандар. 60 пайызы — қазақ, 30 пайызы — ұйғыр, ал 10 пайызы — басқа ұлттар. Негiзi Тұздыбастау ауылы — қаймағы бұзылмаған, тату-тәттi ауыл. Бiр-бiрiмен араздасу деген болған емес. Талғар ауданындағы ынтымағы жарасқан ауылдың бiрi едi. Жақын арада болған екi баланың өлiмi бәрiмiздiң жанымызға қатты батты. Екi баланың да отбасы ауылға сыйлы жандар. Кейiнгi қайтыс болған Абай Исабековтың әкесi Мәдениет үйiнiң меңгерушiсi. Ал, “балалар бiр-бiрiнен ақша жинап, жоғары сынып төменгi сыныпқа қысым жасайды” дегендi естiген емес едiк. Бұл — бiрiншi оқиға. Осы уақытқа дейiн, "оқушылар бiр-бiрiмен төбелесiптi" дегендi естiмедiк. Мына оқиға аяқастынан болды. Халық iшi болғаннан кейiн "мектепте жоғары сынып оқушылары ақша жинайды екен" деген алыпқашпа әңгiмелер гуiлдеп жүр. Қазiр Iшкi iстер басқармасы, қызметкерлерi жан-жақты тексерiп, жұмыс iстеу үстiнде. Қорытындысы шықпай ештеңе айта алмаймыз. Бұған тек Талғар аудандық iшкi iстер мамандары ғана емес, Алматы облыстық IIД қызметкерлерi де жұмылдырылып отыр.

— Мектептiң тәрбие жұмыстарын үнемi бақылауда ұстайсыздар ма, әлде…

— 2012 бала оқиды, 82 сынып бар, 160-тай мұғалiм, 1 директор және оның 8 орынбасары жұмыс iстейдi. Осы уақытқа дейiн мектептiң жаман аты шыққан емес. Спорт, мәдениет жағынан үйiрмелер жұмыс iстейдi. Неге қадағаламаймыз? Жастар тәрбиесi жөнiнен жұмыс жүрiп жатыр. Олар – осы ауылдың ертеңгi тiрегi. Қандай жұмыс жасасақ та, мектептi тысқары қалдырмаймыз.

— Сiздiңше, учаскелiк инспектордың оқу мезгiлiнде демалысқа шығуы – қадағалауды босаңсытып алған жоқ па?

— Осы мәселе бойынша ата-аналар комиетiнiң бiрiккен жиналысын өткiздiк. Сонда мынадай ұсыныс жасадық. 2012 балаға және Алматы-Талғар тас жолының бойындағы үш селолық округтiң мектебiне бiр-ақ инспектор берген. Ойлаңызшы, ол қай кезде үлгередi? Оның үстiне адам баласы болғаннан кейiн жылына бiр рет еңбек демалысына шығуға құқы бар ғой. Ауылда 14 мыңдай халық нақты тiркелсе, тұратын халықтың саны 20-25 мыңға жетедi. Негiзi 3 мың халыққа 1 учаскелiк инспектордан келу керек. Бiзде бар болғаны 2-уi ғана iстейдi. Сондықтан да бiзге тағы бiр инспектор берсе екен деймiз.

— Бұған дейiн мұндай суыт оқиға тiркелмеп пе едi?

— Жоқ, болған емес. Балаларды мұндай жағдайға не итермелегенiн бiлмей отырмыз. Жанымыздағы мешiттегi имам имандылық сабағын өткiзiп тұрады. Қайтыс болған екi бала да мешiтке барып тұратын. Екеуi де спортпен, музыкамен айналысатын әдептi оқушы едi. Бұл жерде мектептi кiнәлауға болмайды. 2012 балаға бiр директор, 160 мұғалiм не iстей алады? Оқушы 6 сағат мектепте болса, қалған уақытында ата-анасының жанында ғой. Бәлкiм, кемшiлiк бәрiмiзден кеткен шығар. Ауылдың аға буын өкiлдерi жастарға қарауды босаңсытып алдық па деймiз. "Баланы жастан" демекшi, бiз баланы бесiктен тәрбиелеуiмiз керек пе деймiн. Мүмкiн, қысым болса, болған да шығар. Бiз оқушыларға сауалнама таратып, есiмдерiңдi жазбай-ақ қойыңдар, тек шындықты айтыңдаршы десек те, айтпайды.

— Әрине, көпшiлiктiң iшiнде әртүрлi мiнездi оқушылар да болады. Кейбiр мектепте қиын балалармен жұмыс iстейтiн мамандар да бар. Бәлкiм, оларды психологиялық жағынан әңгiмеге тартып тұру керек шығар…

— Мектепте екi психолог iстейдi. Бұрын округтiң iшiнде екi қызбала ғана тiркелген-дi. Ал, есепке алынған қиын балалар жоқ.

— Мектеп директорының орнынан кетуi мүмкiн бе? Ол кiсiге де оңай тимегенi анық көрiнiп тұр. Обал екен…

— Мәселе, оның орнынан кетуiнде емес қой. Ешкiм креслоға байланып қалған жоқ. Мәселе — екi баланың осындай жағдайда қаза болғанында. Директор жұмыс iстемедi деп айта алмаймыз. Мектепте қаншама iс-шаралар жасалып жатыр. Ол да осылай болатынын бiлген жоқ қой.

— Ата-аналардың халi қандай күйде? Не деп жатыр?

— Қазақ: "Аталатсаң аталат, боталатпа" дейдi ғой. Баланы туғанынан айырмасын. Қандай жағдай болмасын, бала үйiндегi анасына, ағасына, бiреуге "маған қысым жасап жатыр" деп айтса, мұндай жағдайға бармас па едi?! Бұл жерде ешкiм кiнәлi емес. "Тым болмаса, имаммен жақсы қарым-қатынаста едi, неге соған айтпады?" деп қынжыламыз. Және Алматы қаласы iргемiзде болған соң жағдайымыз да ерекше. Бiзге күнiне 60 автобус, 80 шақты такси, 40 шақты жолаушы тасымалдайтын жеңiл көлiктер келiп, кетiп жатады.

— Жасыратыны жоқ, соңғы кезде жасөспiрiмдер арасында қылмыстың түрi көбейiп кеттi. Мәселен, суық қару алып, бiр-бiрiне пышақ сұға салу сияқты қаныпезерлiк әрекетке баратындар бар. Мүмкiн, бұған азғындап бара жатқан қоғамның өзi кiнәлi шығар?

— Қазiргi оқып жатқан оқушылар 1990-1995 жылы туған балалар. Кеңес үкiметi тарап, елде қиын-қыстау уақыт туған кезде көпшiлiк ата-ана күнделiктi нәпақа табумен кеттi де, балалары қараусыз қалды. Олар бұл кезде телеарнадағы түрлi атыс-шабыс кинолармен, т.б. тәрбиелендi. Содан ба екен, кейде көшеде бiздiң көзiмiзше өрескел нәрселер жасап жатады.

Р.S. Осы оқиғаға байланысты Тұздыбастау ауылындағы №31 орта мектепте Талғар ауданы әкiмi Талғат Өмiрәлиев үлкен жиналыс өткiздi. Оған аудандық, Алматы облыстық IIД қызметкерлерi, мұғалiмдер мен ата-аналар қатысып, қайғылы оқиғаның алдын алу жайын талқыға салды. Алайда, құзырлы мекеме өкiлдерi екi оқиғаны бiр-бiрiмен байланыстыруға болмайды, өйткенi, қысым көрсетiлгендiгiн дәлелдейтiн бiр де бiр шағым түспеген десе де, сот медицина-сараптама қорытындысы бойынша Абай Исабековтың өзiн-өзi өлтiргенi айғақталған. Ал, олар ақша бопсалау, үркiтiп-қорқыту фактiлерiне қатысты әзiрге мардымды ештеңе айтпай отыр.

Ауылдың бiр бұрышындағы дүкенге кiрiп жөн сұрағанымызда, болған оқиға жайында сарнай жөнелген саудагер қыздың айтқан ойынан қатты секем алдық. "Бәрiнiң өлiмi бiрдей. Бұл екi бала ғана емес, осыдан бiр жыл бұрын да осындай оқиға болды. Мұны ауылдың кез келген адамынан сұрасаңыз, айтып бередi" деп едi. Бiрақ та, бiздiң бөтен екенiмiздi бiлген жоғары сынып оқушыларын ашық әңгiмеге тарту мүмкiн болмады. Бәлкiм, мектеп ұжымы "ешкiмге жақ ашып, ләм-мим демеңдер" деп қатаң ескертiп қойған ба, оқушылар қасқырдан үрiккен қозыдай қашып жүрдi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ