"ОТЫРАР – ҚАЗАҚ ӨРКЕНИЕТIНIҢ АЛТЫН ДIҢГЕГI"
"ОТЫРАР – ҚАЗАҚ ӨРКЕНИЕТIНIҢ АЛТЫН ДIҢГЕГI"
Елбасы оңтүстiктi осылай бағалаған едi
"Той-тәңiрдiң қазынасы" демей ме, қазақ! Бiздiң оңтүстiктегi сапарымыз – Отырар ауданының тойымен тұспа-тұс келiптi. Дәл сол уақытта Жамбыл облысында да Бауыржан батырдың дүркiреген тойы өтiп жатты. Оңтүстiктi ән мен жырға бөлеген той-думанның көркi қыза түсiптi бiз келгенде.
ТОЙ БАСТАЛДЫ ОТЫРАРДА…
Сұлу Сыр мен әсем Арыстың түйiскен жерiнде қоныс тепкен Отырардың халқы шат-шадыман қуанышқа кенелгендей. Отырарлықтардың арқа-жарқа болатындай жөнi бар. Өйткенi, мұнда бiр ғана той емес, төрт бiрдей мереке. Отырардың тұла бойы тұнған шежiре. Олай дейтiнiмiздiң себебi, мұнда әлемге танымал ғұлама ғалым – Әбу Насыр әл-Фараби туған. Күллi мұсылман қауымының ардақтысы саналатын Арыстанбабтың сүйегi осында жерленген. Сонымен бiрге, ән абызына айналған, қазақ вальсiнiң королi Шәмшi Қалдаяқовтың да туған жерi.
Төрт бiрдей тойдың алғашқысы – Әбу Насыр әл-Фарабиге тиесiлi. Әлемге танымал данышпан ғалымның 1140 жылдығы, ән падишасы Шәмшi Қалдаяқовтың 80 жылдығы, Отырар ауданы мен аудандық "Отырар алқабы" газетiнiң 75 жылдығы да қатар өттi.
Отырардың жерi де, елi де киелi. Ел Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Отырарды қазақ өркениетiнiң алтын дiңгегi деп тегiн айтпаса керек. Аудандағы Отырар археологиялық қорық мұражайы мен "Отырар руханияты – Әбу Насыр әл-Фараби мұражай-кiтапханасын" аралап көрген әрбiр жанның осындай ой түйерi хақ.
Салтанатты той ҚР Парламентi Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен облыс әкiмi Асқар Мырзахметовтың құттықтауымен басталды. Ауданның 75 жылдығы туралы алғашқы баяндаманы аудан әкiмi Бейбiт Сыздықов жасады. Көрнектi ақын Мұхтар Шаханов пен жазушы Амантұр Мұсаев, композитор Мыңжасар Маңғытаев, сенатор Орынбай Рахманбердi бастаған тұлғаларымыз Әбу Насыр әл-Фарабидiң ескерткiшiне гүл шоқтарын қойды. Аталмыш шарадан кейiн салтанатты жиын конференцияға ұласты. Конференцияға елiмiзден және өзге де шетелдерден 40-қа жуық белгiлi ғалымдарымыз бен академиктерiмiз қатысты.
Конференциядан соң, жиналған қауым Шәуiлдiр ауылындағы Жiбек жолы даңғылы бойынан орын тепкен мемлекет және қоғам қайраткерi Нұртас Оңдасыновтың ескерткiшiн, "Қобыз бен домбыра" композициясы және Шәмшi ауылында ашылған "Шәмшi саябағын" тамашалады. Сол күнi кешкiлiк мерекелiк шаралар аудандық мәдениет сарайында өткен "Әбу Насыр әл-Фараби" атты драмалық қойылымға ұласты.
Салтанатты жиын бiр күнмен шектелiп қана қойған жоқ. Ертесiнде де отырарлықтар ән падишасының 80 жылдық мерейтойы мен аудандық газеттiң 75 жылдығын, сатирик Көпен Әмiрбектiң 60 жылдығын тойлады.
Мереке күндерi аудан орталығындағы саябақтар мен ескерткiштер гүлге оранды десек те болады. Гүлге көмкерiлген саябақтарда ән салды, жырға оранды. Көрермендердiң көзайымына айналған "Менiң Қазақстаным" кешенi де ерекше сән-салтанатымен көз сүйсiндiредi. Кiре берiстегi Шәмшi Қалдаяқов ескерткiшi анадайдан менмұндалап, көзге шалынады. Одан әрiректе Кеңестер Одағының батыры Сейiтқасым Әшiров пен Темiрбек Ибрагимовтың бюстi, "Батыр аналар гүлзары", онымен жалғасып жатқан "Жастар саябағы" да көңiлге қуаныш ұялатты.
"ШӘМШI ӘЛЕМI"
Қазақ вальсi падишасының мерейтойын тойлау бiр күндiк шара емес. Шәмшi Қалдаяқов бiр оңтүстiктiң ғана маңдайына бiткен тұлға емес. Ол – бүкiлхалықтық тұлға. Шәмшi әнге қоспаған қазақ жерi кемде-кем шығар. "Терiскейдi" де, "Тамды аруын" да, "Сұлу сырды да", "Ақжайығын" да, Жетiсуын да әнмен тербеген Шәмшiсiн барша қазақ ортақ ардақ тұтады.
Шымкенттегi "Шәмшi әлемi" аллеясын көргенiмiзде ойымызға оралғаны да осы болды. Қасқая қарап, көз алдымызда ән падишасының ескерткiшi тұр. Қарсы алдындағы үлкен аллеяның бойында оңтүстiктен шыққан сазгерлер мен әншiлердiң есiмдерi ойып жазылған. Тастан қашалып жазылған тақтайшалардағы есiмдердi шолып келе жатып, ерiксiз есiмiзге мына бiр жайт оралды. Жуырда ғана басылым беттерiнiң бiрiнде, осыған байланысты пiкiрталас туған болатын. Онда "Пәленнiң есiмi жазылмай қалыпты, түгеннiң есiмi iлiкпептi" деген сөздердi оқығанбыз. Тасқа қашап тiзе берсеңiз, оңтүстiктен мыңдаған әншi мен жыршыны кездестiруiңiз мүмкiн. "Әу демейтiн қазақ жоқ", ендеше, ондай дарынды тұлғалар оңтүстiкте жетерлiк. Оңтүстiктен шыққан жұлдыздарды тiзсеңiз, бiр аллея жеткiлiксiз болар едi. Дегенмен, аллеяға композитордың әндерiн алғаш орындаған әншiлерiмiздi немесе барша қазаққа ортақ әншiлерiмiз бен бұлбұлдарымыздың есiмдерi жазылғанда, мұндай дау туар ма едi, тумас па едi. Мәселен, Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Бибiгүл Төлегенова, Мүсiлiм және Ришад Абдуллиндер, т.с. сияқты белгiлi жандардың есiмдерi тiзiлгенде ғой, шiркiн дестiк. Қалдаяқов қазаққа ортақ болса, аты аталған жоғарыдағы тұлғаларымыздың да есiмдерi барша халыққа ортақ емес пе?
НЕКЕ САРАЙЫН САЛҒАН КӘСIПКЕР
"Шәмшi әлемi" аллеясы орналасқан аймақ кезiнде қаланың ең лас бөлiгi, құжынаған базарлардың ордасы болды дегенге қазiр бiреу сенсе, бiреу сенбес. Бiрақ анығында солай. Осыдан 3-4 жыл бұрын базарлар қала сыртына көшiрiлген соң, бiр кезде шымкенттiктердiң нағыз демалатын орны болған "Көл" аймағы өзiнiң көрiктi келбетiн қайта тапты. "Шәмшi әлемiнiң" бiр жағында табиғи бұлақтардан нәр алып тұрған кiшiгiрiм көл жатыр. Анадайдан сәулетi ерекше Неке сарайы менмұндалайды.
Неке сарайының тұсауын жуырда Оңтүстiкке арнайы iс-сапармен келген Елбасының өзi кестi. Бұл ғимаратты салуға бюджеттен бiр тиын да қаржы бөлiнбеген. Неке сарайы жергiлiктi кәсiпкер, "Береке" корпорациясының бас директоры, облыстық мәслихаттағы бiрден-бiр нәзiк жанды ару Рәшкүл Оспанәлиеваның шымкенттiктерге тарту еткен сыйы. Бұл жұмыстар Елбасының өзi жариялаған Бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi шарасы аясында жүзеге асып отыр.
– Бiз қаламыздың дамуына үлес қосуға мiндеттiмiз. Мемлекет пен бизнес экономикадағы мәселелердi шешуде ғана емес, сондай-ақ әлеуметтiк саланы дамыту жолында толыққанды мүдделес әрiптес болуы керек. Былтыр облыс әкiмi Асқар Мырзахметов кәсiпкерлердi шақырып, халыққа қажеттi бiрқатар әлеуметтiк нысандардың жобаларын ұсынған болатын. Сонда маған осы Неке сарайының жобасы қатты ұнап, осы нысанды салуды мiндетiме алдым, – дейдi Рәшкүл Оспанәлиева ханым.
Кәсiпкердiң тарту еткен Неке сарайының құны 241 миллион 700 мың теңгенi құрайды.
"ИНДУСТРИАЛДЫҚ АЙМАҚ" ШЫМКЕНТТIҢ КЕЛЕШЕГIН АЙҚЫНДАЙДЫ
Шымкент – елiмiздегi өндiрiс өркендеген қалалардың бiрi. Мұнда фосфор, қорғасын, цемент, шина сияқты алып зауыттар тоқсаныншы жылдардың ортасына дейiн тоқтаусыз iстеп тұрды. Одақ ыдырап, экономикалық байланыстар үзiлген сәтте, осы алып кәсiпорындардың барлығы дерлiк тоқырауға ұшырады. Солардың бiрi – Фосфор зауыты едi.
Биылдан бастап қаңырап қалған фосфор зауытының орнында Шымкент қалалық әкiмдiгi "Индустриалдық аймақ" құрып, көптеген өндiрiстiк жобаларды жүзеге асыруға кiрiстi. Қазiр "Индустриалдық аймақта" жүзеге асыруға 10 инвестициялық жоба iрiктелдi. Аталған өңiрдегi жұмыстарды үйлестiрiп отыру үшiн қалалық әкiмдiк жанынан "Шымкент қаласының индустриалды аймағы" мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорны құрылған. Жоба жетекшiлерi аталған кәсiпорынның басшыларымен келiсiмшартқа отыруда.
"Индустриалық аймақтың" жалпы жер көлемi 337 гектар жердi алып жатыр. Аталмыш жоба бойынша, арнайы жұмыс жоспары белгiленiп, нақты iс-шаралар қызу атқарылуда. Атап айтар болсақ, қазiргi таңда 505,8 мың тонна құрылыстық күл-қоқыстар шығарылды. Сонымен бiрге, 112,2 га алаңында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жүргiзiлуде. Сондай-ақ, сот арқылы 79,4 га жер телiмi мемлекет меншiгiне қайтарылды. "Индустриалдық аймақтың" арнайы дирекциясы да құрылды. Дирекцияның ғимараты сол жерде орналасқан және тағы бiр айта кететiн жайт, инвестициялық жобаларды талдау және iрiктеу Кеңесi құрылды.
Аталған Кеңес бүгiнгi (күнге 26 инвестициялық жобаны қарап, оның iшiнде 13 жобаны мақұлдаған екен. Олардың арасында:
"Zolfo Kazakhstan" ЖШС-гi – ПВХ трубалар мен пластмассалық панельдер және спутниктiк антенналар өндiрiсi;
"КЕН-Б" ЖШС-гi – жоғары сапалы темiр бетон өндiрiсi;
ЖК "Жұмағұлов" – жоғары полимерлi химиялық қосымшалары бар құрылыстық құрғақ қоспалар, водоэмульсиялық бояғыштар, колерлер және т.б өндiрiсi
"ARMS" ЖШС-гi – құрылыс материалдарының өндiрiсi (асфальт, битум);
"АВД – Сервис" ЖШС-гi – ағаштан жасалған европолеттер, құрылыстық ағаштан қалқалар өндiрiсi;
"Темiр-Ойл-KZ" ЖШС-гi – автошина өндiрiсi бойынша шағын зауыт құрылысы;
"Қазприбор" ЖШС-гi – газ реттегiш құрал-жабдықтар өндiрiсi;
"ДДЭК" ЖШС-гi – шикi резиналық қоспалар, резина-техникалық бұйымдар өндiрiсi;
"Жұматаев" ЖШС-гi – тежегiш колодалар өндiрiсi;
ЖК "Есжанов" – металл черепицаларының, сэндвич панелдердiң өндiрiсi;
Түркиялық "Polihas" ЖШС-гi – қаптамалық материалдар өндiрiсi;
"Азамат Құрылыс-1" ЖШС-гi – полипропилен қаптарын шығаратын өндiрiсi;
"Пилипенко" ЖК – сұйықтырылған газ таситын вагон– цестерналарды жөндейтiн кәсiпорын.
Жүзеге асырылатын 13 жобаның жалпы соммасы 8769,4 млн. теңгенi құрайды, жаңадан 1006 жұмыс орындардың ашылуы жоспарланып, жылына 786,9 млн. теңге салық түсiмi көзделiп отыр. Жоғарыда аталған 13 жобаның сегiзi осы жылдың соңына дейiн iске қосылады деген жоспар бар.
"Индустриалдық аймақта" жұмыс қызу жүрiп жатыр. Бұрынғы зауыт аумағын тазалау, құрылыс қалдықтарынан тазарту, оларды қайта өңдеу жұмыстарымен "Зольфо Қазақстан" ЖШС айналысуда.
– Қазiр 132 гектар аумақтың 44 гектары тазаланып бiттi. Бiз мамыр айының ортасынан берi тыным таппай жұмыс iстеп жатырмыз. Жұмысқа 60-тан астам арнаулы техника жұмылдырылған. Осы уақытқа дейiн зауыт аумағынан 600 мың тоннадан астам құрылыс қоқыстары шығарылды, – дейдi аталған серiктестiктiң бас директоры Бахадүр Исатбай.
Аталмыш серiктестiктiң өнеркәсiптiк аумақтарды қалпына келтiру саласында 15 жылдық тәжiрибесi бар. Бұзу жұмыстары жүрiп жатқан аймақта ғимарат қалдықтарынан жол құрылысына қажеттi шағыл тас шығаратын қуатты уатқыш қондырғылар орнатылуда. Бұл жобаның мақсаты – инвесторлар үшiн тартымды аймақ құру.
– Бұл әкiмдiктiң тамаша идеясы. Бiздiң кәсiпкерлер осы жерде жаңа кәсiпорындар салудың тиiмдiлiгi зор екенiн түсiнуде. Себебi бұрынғы зауыттан қалған барлық инфрақұрылым сақталып қалып отыр, – дейдi Б. Исатбай.
Қараусыз қалған аумақты тазарту және өндiрiстiк аймақ құру жұмыстары "Бизнестiң жол картасы 2020" бағдарламасы бойынша қаржыландыруда.
ШАРУАҒА ЕҢ АЛДЫМЕН ТЕХНИКА КЕРЕК
Облыс басшысы Асқар Мырзахметов өз қызметiне кiрiскелi берi ауылға, ауыл шаруашылығына көп көңiл бөлуде. Бұл бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрiнiң осы саланың жай-күйiн жақсы бiлетiндiгiмен байланысты болса керек. Облыс басшысының тiкелей бастамасымен биыл арнаулы жұмыс топтары барлық дерлiк елдiмекендердi аралап, халықпен кездестi. Осы кездесулердегi ұсыныс-пiкiрлер, талап-өтiнiштер алдағы бюджеттi жоспарлауда негiзге алынған. Облыс басшылығы мен Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң бiрлескен жобасы арқылы қазiр Мақтарал ауданындағы диқандарға жеңiлдетiлген несие берiлуде. Шардара су қоймасында су тартқыш қондырғылар орнатылуда. Бұл Мақтарал ауданындағы ағын судың проблемасын бiржолата шешпек. Кiшi және шағын кәсiпкерлiктi қаржыландыратын "Максимум" аймақтық инвестициялық орталығының жұмысы жандандырылды. Бүгiнде осы орталықтың оң қорытындысымен бизнеске, өндiрiске несие алып жатқан жобалардың көпшiлiгi ауыл шаруашылығына қатысты. Өйткенi, ауыл шаруашылығы – өндiрiстiң өзегi. Өнеркәсiпке қажеттi шикiзаттың басым бөлiгi ауылда өндiрiледi. Алайда өндiрiс пен ауыл шаруашылығы арасындағы байланыс өзара үйлесiм таппай отыр. Әсiресе шаруа бұл күнде техникаға зәру. Не iстеу керек?
Асқар Мырзахметовтың айтуына қарағанда, облысқа ауыл шаруашылық техникалары, комбайндар, тракторлар және оның қосалқы бөлшектерi сырттан әкелiнедi екен. Мәселен, 2007 жылы – 36,7 млн., 2008 жылы – 31,4 млн., 2009 жылы – 33,9 млн. АҚШ долларына ауыл шаруашылық техникалары әкелiнген. Бiрақ соған қарамастан қолданыстағы техникалардың 40 пайызының тозығы жетiп тұр. Осыған орай облыстағы машина жасау зауыттарының жұмысын қайта жандандыру мақсатында қажеттi қосалқы бөлшектердiң және құрал-жабдықтардың санын анықтайтын жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы облыстағы шаруа қожалықтарына барып, машина жасау кәсiпорындарына қажеттi ақпараттарды жинақтады.
Жуырда Сайрам ауданының орталығы Ақсукентте облыс әкiмдiгiнiң ұйымдастыруымен ауыл шаруашылығы машина жасау саласын дамытуға байланысты семинар-көрме болып өттi. Өнеркәсiпшiлер мен шаруашылық өкiлдерi "Оңтүстiк Қазақстан машина жасау" акционерлiк қоғамының ауласында өзара пiкiр алысты.
Ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды дамытуға байланысты құрылған жұмыс тобының жетекшiсi Евгений Воеводиннiң айтуынша, астық өсiретiн диқандардың соқа, түрен, тырма және комбайнның қосалқы бөлшектерiне деген сұранысы жоғары. Шаруаларға жыл сайын бiр мыңнан астам түрен мен соқа қажет екен. Мақта өсiретiн аудандар тiркемелерге мұқтаж. Сондай-ақ, шөп шабатын, маялайтын, жинайтын, дән себетiн құрал-жабдықтардың тапшылығы облыстағы барлық аудандарына тән.
– Бұл техниканы да, оған керектi қосалқы бөлшектердi де өз кәсiпорындарымызда жасауға әбден болады. Тек ол шаруашылықтар алдын ала тапсырыс берiп отыруы қажет, – дейдi ол.
Кездесуде сондай-ақ, елдiмекендерде ауыл шаруашылығы техникасын жөндейтiн сервистiк қызмет орталықтарын ашу туралы ұсыныстар да айтылды.
ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ
Оңтүстiктiң шұрайлы жерлерi де қазба байлықтарға толы. Биылғы жылы Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және өндiру жұмыстарына 205 келiсiмшарт тiркелген екен. Оның iшiнде 117 құмды-гравийлi қоспаны, 41 саздақты, 12 құмды, 8 әк тасын, 6 бентонит саздағын, 21 басқа пайдалы қазбаларды өндiру жұмыстары бойынша жасалыпты. Барлық жер қойнауын пайдаланушылардың келiсiмшарттарына қазақстандық мазмұн бойынша толықтырулар енгiзiлген.
Түрлi ескертпелердiң негiзiнде, әрi депутаттардың сауалдары бойынша, Сайрам ауданындағы өзен арналарында орналасқан 24 жер қойнауын пайдаланушылармен келiсiмшарт талаптарын орындау бойынша уәкiлеттi органдардың өкiлдерiнiң қатысуымен бiрлескен тексеру амалдары жүргiзiлдi. Тексеру қорытындысы бойынша заң талаптары аясында 12 жер қойнауын пайдаланушылардың келiсiм- шарттарын керi қайтару жөнiнде де арнайы шешiм қабылданып, тиiстi жұмыстар жүргiзiлiптi. Алдағы уақыттарда да барлық аудан, қала аумақтарында да жұмыс күшейтiлiп, жалғасын табатын болады.
"ЖОЛ КАРТАСЫ" АЯСЫНДА ЖОЛДАР ЖӨНДЕЛIП КЕЛЕДI
Жол – экономиканың күре тамыры. Оңтүстiк Қазақстан облысында кейiнгi жылдары жол жөндеу жұмыстарына көп көңiл бөлiнуде. Бұл бағыттағы шаралар "Жол картасы" бағдарламасы аясында атқарылуда. 2010 жылы облыс бойынша, "Жол картасы" бағдарламасы бойынша 432 инвестициялық жобаларды iске асыруға жалпы 18,5 миллиард теңге қарастырылған екен. Оның iшiнде республикалық бюджеттен бөлiнген қаржы 12,1 миллиард теңгенi құрайды. Ал, облыс қазынасынан – 6,4 миллиард теңге бөлiнiп отыр. Ағымдағы жылдың 1 тамызына дейiн бұл қаржының 14 миллиард теңгесi игерiлген.
Осы жуырда Созақ өңiрi мен Кентау қаласының арасын жалғаған "Шолаққорған-Кентау" тас жолының ашылу салтанаты өттi. Аталған тас жолдың салынуы Қаратаудың күнгейi мен терiскейiн жайлаған қалың елдiң көптен бергi арманы болатын. Бұған дейiн созақтықтар мен кентаулықтар бiр-бiрiне қатынау үшiн Қаратауды айналып өтiп, "Шымкент-Самара" тас жолы арқылы жүретiн. Тауды кесiп өтетiн жаңа жол екiарадағы 250 шақырым қашықтықты үш есеге қысқартып отыр.
Халықтың көптен бергi арманы "Жол картасы" аясында атқарылды. Бiр жылдан аса уақыт бойы жүргiзiлген құрылыс жұмыстарына 1 миллиард 200 миллион теңге жұмсалған.
– Биыл "Жол картасы" бағдарламасы аясында облыстық маңызы бар жолдарды дамытуға 11 млрд. 321,5 млн. теңге бөлiнген. Оған 180 нысан бойынша 975,5 шақырым жолды және 2 көпiрдiң жөндеу жұмыстары жүргiзiлiп, 5731 жұмыс орнын ашу жоспарланған-ды. Солардың бiрi – Шолаққорған-Ащысай бағытындағы ұзындығы 32 шақырымды құрайтын автожол Елбасының байыпты бағдарламасы аясында ел игiлiгiне берiлiп отыр. Бұл жол облыс экономикасына жаңаша серпiн берiп, Созақ өңiрiмен рухани астанамыз Түркiстан, Кентау қалаларының қарым-қатынасын одан әрi жандандыра түседi, – дедi Асқар Исабекұлы осы тас жолдың ашылу салтанатында сөйлеген сөзiнде.
Сондай-ақ, облыста аталған бағдарлама аясында 19 845 жаңа жұмыс орындары құрылды. Жұмыспен қамту органдары арқылы 13 598 адам жұмыспен қамтылып отыр. Ал, жұмысқа алынған жұмысшылардың орташа жалақысы 31,5 мың теңгенiң көлемiнде.
"Ғасыр құрылысы" атанған "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық транзиттiк дәлiзi облыстың бес аудан, қаласын басып өтедi. Жоспар бойынша бұл алып құрылысқа жергiлiктi жерден 10 мың жұмысшы күшi қажет. Қазiр осы жұмысшыларды iрiктеу, қайта даярлау жұмыстары жүргiзiлiп жатыр. Облыс тарапынан, осы жобаны жергiлiктi инерттiк материалдармен толығымен қамтамасыз ету жоспарланып, 30 жер қойнауын пайдаланушы белгiленiп отыр. Оған қоса, 3 цемент, 21 асфальтобетон, 2 битум шығаратын зауыттар да дайындық үстiнде.
Алла бұйыртса, бұл зауыттардың дүниеге келетiн күнi де алыс емес тәрiздi. Оңтүстiктегi өзiмiз куә болған игiлiктi шаралардың бiр парасы әлгiндей. Көз қуантарлық жағымды жаңалықтарды естiп, көңiлiмiз орнына түскендей болды. Ең бастысы, халықтың игiлiгiне айналар дүниелердiң көптiң көңiлiнен шыға бiлуi. Оңтүстiктiң жұртшылығы әзiрге атқарылып жатқан iс-шараларға көңiлi толатындай.
Гүлзина БЕКТАСОВА, Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ,
Оңтүстiк Қазақстан облысы