Қабылсаят ӘБIШЕВ: ЖҰМЫСТЫ "ӨЛI ЖАНДАРМЕН" КҮРЕСТЕН БАСТАДЫҚ
Қабылсаят ӘБIШЕВ: ЖҰМЫСТЫ "ӨЛI ЖАНДАРМЕН" КҮРЕСТЕН БАСТАДЫҚ
Қабылсаят Әбiшев – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Көшi-қон комитетiнiң төрағасы. Ол кiсiнiң бұл қызметке келгенiне бiр жылдан асты. Белгiлi заңгер, тарихшы азаматтың бұл салада атқарған шаруалары да аз емес. Аталмыш комитетте жасалып жатқан қыруар еңбектi бiреулер бiлсе, бiреулер бiлмесi анық. Осы орайда, Қабылсаят ағаға хабарласып, комитеттiң бүгiнгi тыныс-тiршiлiгiнен сыр бөлiсудi жөн көрген едiк.
– Көшi-қонның күрделенген мәселесi көп екенi баршаға белгiлi. Сiз басқарып отырған комитеттiң көшi-қон саласында атқарған мәселелерiн тереңiрек бiлгiмiз келедi. Қандай маңызды шаруалар атқарылып жатыр?
– Осы қызметке келген күннен бастап бұл салада етек алып кеткен жемқорлықпен күресе бастадық. Арнайы жәрдемақы алу үшiн қолдан құжат жасау, баланың санын көбейту, университет, институт тағы басқа оқу орындарының дипломдарын сатып алу, сөйтiп "квота" алу дағдыға айналған болатын. Бiрiншiден, "квота" 20 мың болып белгiлендiктен, келген қазақтың бәрiне беру және дипломының балдарын есепке алмау туралы бұйрық бердiм. Сөйтiп бiрнеше жыл арнайы жәрдемақысын ала алмай жүрген қарапайым адамдар квотаға қол жеткiздi.
Қазiр жалған диплом тоқтады. Әлгi дипломдарды Қазақстанда, Моңғолияда, Қытайда дайындайтын. Қылмыстық топтардың бiрнешеуi әшкерелендi. Қолданбалы Заңда (1997 жылғы) құжатты сенiмхат арқылы тапсыруға болады деген бап бар. Бұл шетелде жүрген отандастарымызға жаны ашығаннан жасалған шара болатын. Осы сенiмхатты, қамқорлықты пайдаланып алаяқтар, делдалдар Қазақстанның ондаған миллиард ақшасын қолды қылып кеттi. Осыны тоқтату үшiн делдалсыз құжат қабылдау туралы бұйрық бердiк. Әр департаментте "делдалсыз жұмыс көрсетiледi және құжат тiкелей өтiнiш берушiден қабылданады" деген хабарлама iлiндi. Кейiннен прокуратура заңға сәйкес болмағандықтан, оның күшiн тоқтатты. Қолданбалы Заңға 2007 жылы өзгерiс енгiзiлiп, оралман мәртебесi үш жыл бойы сақталатыны және барлық азаматтарға сәйкес арнайы жәрдемақы көрсетiлетiнi туралы бап кiргiзiлген. Осы бапқа сәйкес оралман мәртебесiн алған кейбiр ағайын азаматтығын алмай-ақ зейнетақы, балаға берiлетiн жәрдемақы, тағы басқа жеңiлдiк көмектердi тағайындатып алып, банктен есеп картасын алған соң бұрынғы келген елiне кетiп қалады. Бiзден зейнетақы алады, балаларына көмек көрсетiледi. Моңғолияда, Қытайда, Өзбекстанда тұрып жатқан, келгiсi келмейтiн ағайындарға республикалық бюджет осы көмектердi заңсыз берiп отыр. Бұл республика қаржысына қандай салмақ екенiн өздерiңiз сезесiздер. Бүгiнгi таңда бiз айтып жүрген 1 миллион қазақтың мыңдағаны жоқ. Олар өтiрiк құжатпен кiрген "өлi жандар". Оларды бiз "тiрi" деп азаматтық бердiк, есепте тұр.
Қазақстан Республикасының азаматтығы шыққан соң 6-шы нысаналы анықтаманы алуға Көшi-қон полициясына келмеген оралмандардың саны ондаған мың болып саналады. Тек 2008 жылы Iшкi iстер министрлiгiнiң хабарламасында анықтама алуға келмеген адам саны 6713 адам. Әр отбасында кемi төрт баладан бар деп есептесек, сонда 25000 адам Қазақстанға өтiрiк келген "өлi жандар" болып отыр. Ал, Әдiлет министрлiгiне жеке куәлiгiн алмаған ересектер саны өткен жылдың жаз айында 53000 адам болатын. Бұл жерде де әр отбасында кемi төрт баладан есептегенде 200 000 адам болып шығады. Жалған құжат, сенiмхат, өтiрiк бала туралы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi, Iшкi iстер министрлiгi ашқан қылмысты iстер айғақ. Қазiр осы мәселелер бойынша, бiраз адам iстi болып, сотталып та жатыр.
Моңғолияның Баян Өлгей аймағында "квотаға барып келейiншi", "Қазақстанның тегiн ақшасын аяйсың ба?" деп мақтанып жүретiндер туралы сол елден арнайы хабарласқан сыйлы ақсақалдар айтып отыр. Қазақстаннан Ұлан Баторға құрылтайға барған делегация мүшелерiне бiр топ қазақ келiп: "қарақтарым-ау, ақшаларыңа неге ие болмайсыңдар, елiмiздi бүлдiрiп бiттi ғой?" дегенiн Сұлтанәлi Балғабаев ағамыз естiп келдi. Ол туралы жазып та жүр. Бiздiң мiндетiмiз осы келеңсiздiктердi жою, дұрыс жолға қою.
Оның жолы жаңа заң қабылдау, қоғамдық қатынастың күрделi түйiнi – миграция процессi, оны жетiлген императивтi нормалар арқылы реттеуге қол жеткiзу. Өткен жылдың 30 желтоқсанында Үкiмет Парламентке Қазақстан Республикасының "Көшi-қон туралы" Заңының жаңа жобасын кiргiздi. Осы Заңда көптеген мәселелер реттелмекшi, әрине, бiрiншi кезекте этникалық көшi-қон кезек күттiрмей шешiлуi керек.
Бүгiнгi құқық қорғау жүйесiн жетiлдiру туралы Елбасының жарлығы бойынша IIМ құрамынан миграция полициясы құрылып, бiздiң Комитеттiң құзырының сол органға ауысуы осы келеңсiз iстердi бiр жолға қойып, тәртiп орнатуға бағытталғаны белгiлi. Оралман болсын, басқа мигрант болсын шекараны өткенде шетел азаматтары, олардың тiркелуi, тексерiлуi мұқият жүргiзiлуi тиiс және мемлекеттiк тегеурiндi мекеменiң қолында болғаны жөн.
– Көшi-қонмен жылына қаншама адамның елiмiзге келiп жатқанын бiлемiз. Шет мемлекеттерден келiп жатқан оралмандардың тезiрек қоныстануына жеңiлдiктер жасала ма?
– Бiздiң елдегi шешуiн таппаған бiр күрделi мәселе – iшкi көшi-қон. Жылына республикада 300-400 мың адам өңiрлiк, өңiраралық көшi-қонға қатысады. Бұл өте маңызды мәселе, егер бұл үрдiс реттелмесе, iшкi қоныс аударушы жұмыспен қамтылмаса, үй-жайы шешiлмесе болашақта күрделi саяси-әлеуметтiк үдерiстерге алып баруы мүмкiн. Жаңа Заңда бiрiншi рет осы мәселе жұқалап болса да көтерiлдi. Осыны шешудiң жолдарын iздестiрудемiз. Елге көшiп келген оралман ағайындар бүгiнде мекен-жайды өз бетiмен iздеу тәжiрибесi қалыптасқан. Келген соң миграциялық полицияда тiркелiп, мекен-жайды белгiлеп, содан соң көшi-қонға келедi. Оралман мәртебесiн – квотасын сұрайды. Оңтайлы орналасу ретi, елдiмекенiнiң коммуникациялық мүмкiндiгi ескерiлмейдi.
Жылына Алматы облысының Қаскелең өңiрiне 4 мың, Жетiсайға 4,5 мың, Жаңаөзенге 6 мыңдай адам орналасады. Ол жерде жұмыс, мектеп, дәрiгерлiк көмек, балабақша тағы басқа мәселелердi кiм шешедi? Әлде жылына бiр мектеп саламыз ба? Бұл мәселе әзiрге шешiмiн тауып тұрған жоқ. Тек өткен жылы Маңғыстау облысының әкiмi Қырымбек Көшербаевтың мемлекетшiлдiк көзқарасының арқасында, бiз оралмандарды қоныстандырудың көшi-қон департаменттерi арқылы, әкiмдердiң сұранысына сәйкестендiрiп жолдама беру арқылы орналастыру жүйесiн жасадық. Бiрақ заңмен емес, әкiмнiң хаттамалық шешiмiмен жүзеге асып жатыр. Осы наурыз айынан бастап, Алматы облысы осы тәжiрибенi қолдана бастады. Бұл бастама жаңа Заңда көрiнiс тапса, депутаттар қолдаса дұрыс болар едi. Бүгiнгi "оралман көш, елге жет" деген ұран дұрыс. Бiрақ бұл жоспарлы түрде есеппен жүру керек. Облыстарда, аудандарда бос елдi мекендердiң инфрақұрылымдарын сақтап қалу мақсатында үй дайындалып, тұқымдық мал бөлiнiп, әкiмдерден сұраныс алынып, жергiлiктi Көшi-қон департаменттерi оралмандарды жүйелi бөлiп отырса, жәрдемақыны жергiлiктi зейнетақы төлеудiң мемлекеттiк орталығы арқылы төлеп, қоныс аударушымен 5 жылға дейiн көшiп кетпеу шарты жасалып реттелсе, бүгiнгi қалыптасып отырған ретсiз жағдай болмас едi.
Қазiргi таңда оралман бiр үйге тiркеуге тұрады. Арнайы ақшаны алғаннан кейiн ұнаған жағына көшiп кетедi, не келген елiне қайтып кетедi. Тiркеу мекен-жайымен iздесең, Қазақстаннан таппайсың. Кейбiрi Қоянды мен Бақайда жүредi. Не жұмысқа тартылмайды, не олармен мемлекеттiк бейiмдеу, кiрiктiру жұмысын жүргiзу мүмкiндiгi болмайды. Мемлекеттiк күшпен реттеу, жүйелi көшiру саясаты болмаса, жүз мыңдаған жұмыссыз, кәсiпсiз қазақ бауырларымызды елге алып келiп, беретiн малымыз, егiстiк жерiмiз жоқ, еңбекпен қамтымай дербес қоя берсек, әлеуметтiк шиеленiске соғуы мүмкiн екендiгiн естен шығармайық.
Бүгiнгi ағаларымыз айтып жүрген қазақтың бәрiн елге көшiру, Қытайдағы, Моңғолиядағы бауырларымызды түгел қайыру халықаралық құқыққа, еларалық дипломатияға негiзделуi керек. Бiзге Ресей немесе Украина азаматтарын сол елдер "қайтар" деп жатса не болар едi? Олар: "Оу, бұл бiздiң отанымыз, бiз осы елдiң азаматымыз, бiзде нелерiң бар?" деп айтпай ма? Сондықтан, басқа елге барып көшiрiп әкетем деп олар үшiн өзiмiз тон пiшу, дербес басқа елдiң құқығына қол сұққан болады. Оның iшкi iсiне араласу, халықаралық құқық принциптерiне, келiсiмшарттарға қайшы келедi. Қазiргi айтылып жүрген көшi-қон шақыруы деген еш мемлекетте жоқ шара. Халықаралық құқықта тек туысқандық кiрiгуi, оқуға, еңбекке немесе қоғамдық, қайырымдылық ұйымдарды шақыру сияқты түрлерi бар. Басқа мемлекеттiң азаматына көш деп ұсыныс жасауы ол елдiң iшкi саясатына және егемендiгiне қол сұғу болып саналады. Израиль, Германия, тағы басқа елдер тәжiрибесi осылай. Мемлекеттiң мiндетi келген ағайынға, келемiн деген бауырға көмек жасап, жағдай ұйымдастыру. Ал, келген ағайын қазақ болса да қонақ, әдептiлiктен аспай, жергiлiктi халықпен бiте қайнасып кiрiгiп, кiмнiң жерiн жайласаң, соның суын iшiп, ел болғаны абзал. Бұл әлемде қалыптасқан этикет.
– Елiмiзге келгеннен кейiн тiркеуге тұру қиындығы туралы жиi қозғалып жүр. Бұл мәселенi шешуге тырысып жатырсыздар ма?
– Иә. Бұрын оралмандар тiркеуге тұру мәселесiнде қиындықтарға жиi тап болатын едi. Бiздiң әр облыстарда арнайы ортақтарымыз жұмыс iстейдi. Оралмандардың уақытша тiркеуге тұруына сол орталықтар арқылы жеңiлдiктер жасауға қол жеткiздiк. Ол үшiн миграция полициясымен келiсiмге келдiк. Осының арқасында оралмандар үшiн өздерiнiң ақшасын үнемдеуге мүмкiндiктерi туды. Бiздiң бұл әрекетiмiзге олардың өздерi де ризашылықтарын бiлдiрiп, рахметтерiн айтып жатыр. Мұны кез келгенiнен сұрасаңыз да, айтып бередi. Сосын тағы бiр нақтылап айта кететiн жайт, оралман дегенiмiз 90-шы жылдары елiмiзге келген қазақтар емес. Оралман дегенiмiз – Қазақстанға келгеннен кейiн, құжат алғанға дейiнгi аралық. Ол алты-жетi айдың арасы да болуы мүмкiн. Одан кейiн, ол – Қазақстанның азаматы. Қазақстанның азаматы болғаннан кейiн, ол – оралман емес. Заңның 14-шi бабында көрсетiлген, оралман Қазақстанның азаматтығын алғанға дейiн айтылатын ұғым. Оралман дегенiмiз құқылық ұғым ғана. Кейбiреулер 90-шы жылы келгендi де, 2000 жылы келгендi де оралман деп түсiнедi. Бұл – дұрыс емес. Олар азаматтық алғаннан кейiн Қазақстан азаматтарымен құқығы бiрдей.
– Бұл дегенiңiз – оралманның статусы жергiлiктi халықпен бiрдей болады деген сөз емес пе?
– Әрине. Азаматтық алғаннан кейiн Заң алдында бәрi тең. Бiздiң комитеттiң жасаған тағы бiр үлкен мәселесi, осы азаматтық алуға байланысты. Миграция полициясымен бiрiгiп азаматтық алу мәселесiн реттеуде жеңiлдiктер жасауға қол жеткiздiк. Бұрындары азаматтық алу мәселесi кезiнде көп адамдар бюрократиялық тосқауылдарға ұшырап, түрлi қиындықтарға душар болатын едi. Қазiр олар миграция полициясына құжат тапсырған соң, оның рәсiмделу тәртiбi бiрге бақылауда болады. Осылай бiрлескен бұйрығымыз жүзеге асып, жұмыс жасап жатырмыз. Бұл оралмандардың азаматтық алу процесiн жеңiлдететiн шаралардың бiрi.
Қазiр пiкiрталас тудырып жатқан мәселенiң бiрi – 20 мың квотаға қатысты. Адамды көшiрiп әкелу, адамның көшiп келуi, өндiрiстiк үрдiс емес. Бiз өзiмiз барып, оларды көшiрмеймiз. Бiреудiң мемлекетiне барып, "көшiңдер" деп айта да алмаймыз. Тек келген адамды ғана қабылдаймыз. Теледидар арқылы үгiт жүргiземiз, кейбiр сол жақтың адамдары арқылы хабарласамыз. "Елге қайтыңдар, келiңдер" деген мәселенi айтамыз. Көшi-қон мәселесi тек үгiт-насихат арқылы ғана жүзеге асады. Қазақстанға келген азаматтардың негiзгi мақсаты – елiмiздiң азаматтығын алу. "Елiм, жерiм, ұлтым" деп патриоттық сезiммен келiп жатыр. Көшi-қон полициясының берген мәлiметiне қарағанда, 2008-2009 жылдар аралығында 25 мыңнан астам адам ықтиярхат алыпты. Ықтиярхат деген сөз, бұрынғы елiнiң азаматтығынан шықпайды, бiздiң елiмiзде тұрақты тұрады. Негiзiнен мұны алып жатқандар Қытай азаматтары. Оларға ықтиярхат, сауда жасауға, бизнесiн өркендетуге керек. Биылдың өзiнде бiр Алматы облысында көшi-қон полициясында 8 мың қазақтардың арызы жатыр. Олардың мүддесi визасыз Қытайға барып тұру, Қазақстанға еркiн кiру.
– Сонда олар ықтиярхат арқылы екi елдiң ортасында жүре ала ма?
– Екi елдiң ортасында жүре бередi. Бiздiң мақсатымыз – Қазақстанға қазақты көшiруде елiмiздiң санын көбейту, азаматтығын алғызу. Сондықтан бұл мәселенi басқаша тегеурiндi шешуiмiз керек. Мен олардың ықтиярхат алуына қарсы емеспiн. Олар Қазақстанның азаматы болып саналмайды. Қазақстанға еркiн келiп-кетiп жүруге рұқсат алған басқа елдiң азаматы. Олардың елде қалуға, Қазақстанның азаматын алуға ұмтылысы бар ма, оны бiз бiлмеймiз. Сондықтан, қазiр осы мәселе төңiрегiнде арнайы орындарға мәселе қоюымыз керек. Ықтиярхатты беруге мұқият қарауымыз қажет. Ол жақта ата-анасы, балалары қалған жағдайда, тағы басқа себептi мәселелер туындаған кезде ғана беру керек сияқты. Өйткенi, ықтияр хатты көбейту, бұл бiздiң мемлекеттiң қауiпсiздiгiне зиян келтiретiн мәселе.
– Оралмандар солтүстiкке, алыс аудандарға барғысы келмейдi деген пiкiрлер де бар. Бұған сiз не айтасыз?
– Барғысы келмейдi. Негiзiнен, қалалық жерлердiң маңына жиналады. Жаңа заңда мұны реттеймiз деп жатырмыз. Бес жылға дейiн мемлекет қай жерге көшiп бар дейдi, сонда тұру керек. Бес жылдан кейiн оның қай жерге барғысы келедi, өзi шешедi. Бұл Израильде де, Америкада да осылай бекiтiлген. Сосын, "Нұрлы көш" бағдарламасының жасалғанын бiлесiздер. Көкшетауда, Курчатов қаласында, Шымкенттегi "Асар" шағын ауданында жүзеге асты. Оралмандарға арнайы арзан үйлер салынды. Көкшетауда 276 үй дайын. 225 отбасы сол үйлерде тұрып жатыр. Бұл жерге оралмандардың бәрi бара алмайтын өзiндiк бiр себебi бар. "Нұрлы көш" бағдарламасы десе, барлығына үй берiледi деп ойлайды. Ол дұрыс емес. "Нұрлы көш" бағдарламасына кiретiн адамның бiлiктiлiгi, табысы, мамандығы сәйкес келу керек. Бұл не деген сөз? "Нұрлы көштiң" үйiне кiргеннен кейiн, олар ай сайын 30 мың теңге банкке несие төлеп тұру керек. Мамандығы, табысы жоқ адам оны төлей алмайды. Қалған оралмандар бұрынғы квота алу, орналасу тәртiбiмен келуi керек. "Нұрлы көш" бағдарламасында биылғы бөлiнгенi 912 пәтер. Оған бiлiктi, табысы жақсы ағайын ие бола алады.
– "Моңғолиядан келiп жатқан оралмандардың көбi бiлiмсiз" деген әңгiмеге қатысты не айтасыз?
– Қазақстан Республикасының Парламент Мәжiлiсiнде депутат Уәлихан Қалижан басқаратын оралмандардың, отандастардың консультациялық кеңесiнiң отырысында, "Нұрлы көш" бағдарламасына Моңғолиядан келген ағайындар көптеп қатысуы туралы берiлген сауалға қазiргi келiп жатқан Моңғолия оралмандарының 98 % бiлiмдерi төмен, бiлiмдiлерi бұрындары келген деп айтқан сөзiм болды. "Бiлiктiлiк, мамандық" деген ойды бiлдiруге "бiлiмi төмен" деген сөздi қолдану арқылы жаңсақ айттым. "Сүрiнбейтiн тұяқ жоқ, жаңылмайтын жақ жоқ" деген ғой бабаларымыз. Айтылған сөз – атылған оқ. Қайта қайтпайды. Моңғолиялық ағайындардың шамданғаны сол. Мен басқа пиғылда ойым болған жоқ. Бiрақ, мен "сауатсыз" деген сөздi айтқаным жоқ. Өзгелердiң маған жасаған ескертуiнде қолданылған тiркесi. Тағы қайталап айтамын, бүгiнгi елге келiп жатқан ағайынның негiзгi бөлiгiнiң бiлiктiлiгi мен мамандығы төмен. Олардың тұрып жатқан елдерiнде кәсiбi, жұмысы бар қазақтар елге қайтуға асығар емес.
– Жоғары оқу орындарына түсiруге мүмкiндiк жоқ па?
– Жоғары оқу орнына жастар түседi ғой. Бiрақ, бiзге келiп жатқандардың бәрi қырықтағы, елудегi, алпыстағы адамдар. Сiз маған сенбесеңiз, Өскеменге, Қарағандыға, Көкшетауға телефон соғып, бiлуiңiзге болады. Ай сайын бiзде жасалатын есеп кестемiз бар. Сонда арнайы көшiп келiп жатқандардың тiзiмi, бiлiмi, мамандығы, отбасы жазылып тұрады. Егер мамандығы болса, соны бiрден байқаймыз да, оған жұмыс тауып беруге тырысамыз. Мәселен, Көкшетауда пәленбай дәрiгер қажет болып отыр. Сол Қызылжар ауылында 160 отбасы тұрып жатыр ғой, сол жерден бiр ғана дәрiгер таптық. Айта кететiн нәрсе, соңғы бiр-екi жылдың iшiнде келiп жатқан адамдарға қатысты айттым. Оның арасында 90-шы жылдардан бастап, келiп жатқан оралмандар туралы әңгiме жоқ. Өзiм қызмет iстеп жатқан уақыттағы жағдайды айтып отырмын. Оларға қамқорлық жасамай отырған жоқпыз. Қолымыздан келгенше, көмек қолын созып жатырмыз. "Бiздi дұрыс қабылдамады" деген арыз бiзге түскен емес. 90-шы жылдары келген оралмандардың 40-тан аса қауымдастықтары бар. Он жыл бойы тұрып жатқан адамдар оралман болып саналмайды. Мемлекет көп жағдай жасап жатыр. Тұрмысы нашар отбасыларға көмек қолын созып, жатақхана ала алмай жүрген студенттiң жатақханасын алып беруге көмектесемiз. Арнайы грант бөлiнiп отыр. "Көрмес, түйенi де көрмес" демей ме, бiз жұмыс iстемей жатқан жоқпыз. Қолдан келген қызметтi Көшi-қон комитетi атқарып отыр. Оның қызметтiк функциясына симайтын, құзырына жатпайтын мәселелердi шешу, әрине, бiзге қиын. Әлемде отандасын жинаған аз мемлекеттердiң бiрiмiз, жасалған игiлiк көп. Бiр өкiнiштiсi, осы қамқорлықты, жасалған жеңiлдiктердi көрмей, тек жоққа шығаруға, байбалам салуға, iстелген iстi қаралауға бейiм ағайындар кездеседi. Барды жоқ дейтiн әңгiме көп.
Мемлекетке, оның Елбасына "рақмет" айтылып, ағайынды сабырға шақырған, жасампаздықты жариялайтын жұмыстарға әдiл баға беретiн баспасөзде зиялы қауымның, оның iшiнде, оралған ағайынның пiкiрi сирек көрiнiс табатыны қынжылтады.
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА