Жаңалықтар

БIЛIКТI ҰСТАЗДАР САЙЫСЫ

ашық дереккөзі

БIЛIКТI ҰСТАЗДАР САЙЫСЫ

Республикалық О.Жәутiков атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернатының бастамасымен 2004 жылы Алматыда алғаш рет ұстаздар арасында математика, физика және информатика пәндерi бойынша конкурс өз жалауын көтерген болатын. Өткен аптада осы конкурс төртiншi мәрте өз мәресiне жеттi.

Оған Алматы қаласынан 80-ге жуық ұстаздар қатысып, өздерiнiң бiлiктiлiгiн байқатты. Нақты пәндерден сабақ беретiн ұстаздардың қоғам алдындағы жауапкершiлiгi де, көтерер жүгi де орасан екенiн көрсеткен екi күндiк бiлiм бәйгесiнiң қорытындысы бойынша математика пәнiнен И.Ибатулин, А,Ким, С.Шынасылова, С.Обшивкина, Ю.Иманғалиева, Л.Есмағамбетова, Г.Соғамбаева жүлдегер атанса, физика пәнiнен С.Мұсатай, Н.Адайхан, Г.Мұқанова сынды бiлiмi мен бiлiгi бабына келген ұстаздардың бағы жанды. Информатика пәнiнен И.Нозикова мен Г.Дөрбетхан өздерiнiң шын мықты екенiн дәлелдеп шықты. Жүлдегерлердiң барлығы да марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.

Алматы қалалық Бiлiм департаментi мен Қазақ-Британ техникалық университетiнiң қолдауымен және "ExxonMobil Kazakhstan Inc." компаниясының демеушiлiгiмен өткен бұл шараға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, ҚБТУ ғалымдары қазылық жасады.

"Түркiстан-ақпарат"