ХАЖЫЛЫҚ ЖӘНЕ БӘДЕЛ ХАЖЫЛЫҚТЫҢ БЕДЕЛIН ТҮСIРМЕУ ҮШIН...

ХАЖЫЛЫҚ ЖӘНЕ БӘДЕЛ ХАЖЫЛЫҚТЫҢ БЕДЕЛIН ТҮСIРМЕУ ҮШIН...

ХАЖЫЛЫҚ ЖӘНЕ БӘДЕЛ ХАЖЫЛЫҚТЫҢ БЕДЕЛIН ТҮСIРМЕУ ҮШIН...
ашық дереккөзі

Кiтаби түрде "Хаж — Бәдел — хаж" деп жазылатын осы сөздi қарапайым қазақтар жалпақ тiлмен "Қажы — Бедел — қажы" деп айта бередi. Ал оның нақты мән-мағынасы мен орындалу шарттары жөнiндегi түсiнiгiмiз де әрқалай екенi белгiлi. Дiндiк сауатымыз бен бiлiм-бiлiгiмiздiң деңгейi әртүрлi болғандықтан, насихат уағыз айтушыларда да бiрiздiлiк, жүйелiлiк болмай жүргенiн бiлемiз.

Қажылық сапарына дайындалып жүрген дiн бауырларыма пайдалы болар деген iзгi ниетпен аталарымнан естiген кейбiр әңгiмелердi айта отырып, ой бөлiсудi жөн көрдiм. Менiң атам Шылбы Көбекұлы Қытайда тұрып жатқан қазақтарға өте танымал тұлғаның бiрi едi. 1978 жылы Алматыда "Ғылым" баспасынан шыққан "Қазақ совет энциклопедиясының" 12 томында Шылбы Көбекұлы (1860-1936) ақын-жырау, "Әтiкей-Нұржекей" дастанының авторы ретiнде атап өтiлген болатын. Ал, Шылбыны Iле өңiрiн мекен ететiн "төрт Қызай, төрт Сама" елi Шылбы Ағламақұн немесе Шылбы қалпем деп ерекше құрметтеп атайды. Шылбы Әлiмақұн сол "төрт Қызай, төрт Самани жұрты мойындаған заңды дiн басы, былайша айтқанда, Хадис, шәрiп өкiмдерi бойынша пәтуа шығарып, билiк айтатын мәртебелi адам болған. Дiн, шариғат өкiмдерiн домбыраның сүйемелдеуiмен өзi шығарған ән-әуендерiне салып, өлеңмен айтатын болған. Күнi бүгiнге дейiн ел арасында "Шылбы Әлiмақұн айтқан" дейтiн қысқа жырлар айтылып келе жатыр.
* * *
 

Шылбы атамның "Хажылыққа кiм қалай барады" деген сұраққа берген жауабы жөнiнде бала күнiмде әкемнен бе, әлде Жүнiс атамнан ба естiгенiм бар едi. Бiрақ толық есiме түсiре алмағанмын. Елге барғанда үлкендерден сұрастырып көрсем әртүрлi әңгiме айтылды.

Солай болса да әңгiменiң ұзын-ырғасы былай сияқты: “Қызайдың Есенкелдi би атасынан тарайтын 17 рулы елдiң бiр жуан атасы Солтанкелдiден шыққан атақты бай Естемес 73 жасында Меккеге баруға ниет етедi. Қалай дайындалу керек, жолға не алу керек, қай жолмен жүру керек дегендердi бiледi-ау деген адамдардан сұрастыра келе, сол тұста хажы болып келген Нылқы ауданында тұратын бiр дұңған қариядан ақыл-кеңес алады. Ол адам өз бiлгендерiн айта келе, хажылық парызын өтемесе де оның мән-жайын жетiк бiлетiн Шылбы Әлiмақұннан ақыл-кеңес алыңыз, шариғат iлiмiне жетiк адам өз елiңде, iргеңде отырған жоқ па десе керек. Шылбы атам сонда ол кiсiге былай кеңес берген екен: — Өзiм хажылыққа барып парызымды өтей алмадым. Жас болса келiп қалды. Балалар жас болды. Ал хажылық кiмдерге парыз, оны қалай өтеу керек дегенде мен бiлетiн шариғат былай дейдi. Хажылыққа жұмсар мал-дүние адал еңбекпен келген болуы керек. Барымта, ұрлық, парадан келген байлықпен хажыға барудан пайда жоқ. Мен сiз сондай жолмен мал тауып байыды деп отырғам жоқ. Дегенмен өзiңiзге аян ғой. Сол малдың iшiнде әртүрлi жолмен келгендерi жоқ дей аласыз ба? Сiз базарлатқан мал iшiнде сондай харам малдар болып қалса, ақ жолыңыз кiрленiп қалмас па екен?— деген күмәнiм бар. Сонда Құдай жолына шын берiлiп, хажылық сапарға көңiлiмен бекiнген Естемес бай күмiлжiп: — Ахұным, сөзiңiзге құлдық, жастық желiк пен мастық даурықпамен жүрген есер кезде талай жортуылға аттанып, торғауыттардан қанша жылқы айдап алғанымыз Аллаға аян болар. Пендешiлiкпен алған сый-сияпаттың пара деген жаман аты да болуы мүмкiн ғой. Жасым болса 73-ке келiптi. Күнәм, асылығым болмай қалмаған шығар? Ниет қылған соң оны орындауым керек қой, — дептi. Атам ойлана келе мынадай кеңес берiптi: — Ақсақал ниетiңiз дұрыс екен, Алла қабыл еткей. Жасыңыздың келгенiне қарамай тәуекелге бел байлапсыз. Бiр-екi жыл онша көп уақыт емес, дәм тартса қасиеттi қағбаны көрiп, парызыңызды өтерсiз. Менiң тiлiмдi алсаңыз, малдарыңыздың бiразын сатып, оған тұқымдық астық, жетерлiк соқа-сайман алдырыңыз да көктем шығысымен өзiңiз бас болып, соқа ұстап егiн егiңiз, оны диқандармен бiрге баптасыңыз, күзде орып, қырмандап қызылдасыңыз. Сосын дайын астықты сатып жолға керектi алтын, күмiс және басқа да керек жарақ алыңыз. Сөйтiп қысқа қарай Алла деп жолға шығыңыз. Сонда сiз өз еңбегiңiзбен, маңдай терiңiз сiңген қызыл дәннiң бодауына келген ақ, адал қаражатпен Алла жолына шыққан боласыз деп ойлаймын. Ең сенiмдi жол осы болар, оған қалай қарайсыз? Менiң мұңымды достық ақыл, әрi шариғат жолын бiлгенiмше ұғындыру деп бiлiңiз. Естемес ақсақалдың көңiлiнде күдiк бары рас екен ағынан жарыла шынын айтып, атамның кеңесi бойынша дайындық жасауға келiседi, әрi сол бойынша қызу дайындалып бiр жылдан кейiн — шамасы 1934 жылы хажылық сапарға аттанып, Мединеге барғанда науқастанып қайтыс болған екен. Сүйегi Мединеге жерленiптi. Қасына iлесiп барған атқосшы, iнiлерi Меккеге барып, марқұмның хажылық парызын өтептi. Сонымен Естемес хажы атанып жылдық асын елiнде бүкiл төрт Қызай, төрт Сама баласының қатысуымен дүрiлдетiп өткiзiптi. Содан былай қарай "Естемес ауылы, хажы ауылы, хажы балалары" деген құрметтi атақ орнығып, күнi бүгiнге дейiн айтылып келе жатыр. Ал хажыға iлесiп барып, Меккеге парыз өтеуге марқұмның атынан барған туыстары да "Бәдел хажы" атанып, олар да ел құрметiне бөленген екен. Бәдел хаж туралы ХХ ғасырдың басында қандай айтыс-тартыс басталған болса, ХХI ғасырдың басында тағы да алдымыздан шығып, дұрыс жауап күтiп тұрған сияқты. Құран кәрiмнiң "Нәжiм" сүресiн оқып "Еш бiреу екiншi бiреудiң жүгiн арқаламайды, һәм өз амалынан басқа адамның пайда көруi де жоқ" екенiмен дәлелдеу керек болар. Хадис шәрiптегi "Адам жауыздықтың кiнәсiн кiсiге арқалата алмаса, iзгiлiктiң сауабын басқа бiреуге бағыштауға болады" деген уәждiң алды-артындағы пайғамбарымыздың (М.С.У) сөзiн толықтай қамтып айту керек болар. Хажылыққа — Алла тағала тыйған iстерден сақтанушы, бұйырған нәрселерiн орындаушы, намазхан, салауатты мұсылман болуы, сондай-ақ хажылыққа барып келуге жетерлiк қаржысы адал кәсiбiмен табылуы тиiс деген тұғырлы шарттарға толған адам ғана баруын талап ету керек. Естемес бай адам едi. Байлық басында қалай қордаланғаны, әрi ол кейiн қалай молайғаны бiр өзiне аян. Бiрақ, бiздiң бүгiнгi небiр лас жолмен байыған парақорлар мен ұрлық, алаяқтық пен дүние жиған байшiкештердiң харам ақшасымен хажы болып жүрген ата-аналарына обал-ақ. Сауабы қаншалық болар екен? Ал, "Жолдамамен" саяхаттап қайтқан хажы сапарын арақпен жуып тойлаған дарақылар сауап емес, күнә үстiне күнә жамаған болмай ма?
Әлiмғазы ДӘУЛЕТХАН