Жаңалықтар

АҚИҚАТ – АРДЫҢ КӨЗIНДЕЙ...

ашық дереккөзі

АҚИҚАТ – АРДЫҢ КӨЗIНДЕЙ...

Ел-ағаның әкесi Аққошқар уағында колхоздың көшпелi дүкенiн ұстаған абыз қария болатын. Тұрмысқа қажеттi бұйымдарды арбасына тиеп, оған ақбас түйесiн жегiп, шаруашылықты аралап, сауда жасайтын. Таршылықтың тарысын қуырып жеп отырған қысыл-таяң кез. Жұрттың бәрi керек-жарағын несиеге алатын. Аққошқардың бiр қасиетi — жұрттың алған затын сойғақтатып қағазға түсiрмей, есте сақтауға тырысатын. Алда-жалда ұмытып бара жатса тауар алған кiсiлердiң өздерi есiне салып, ың-шыңсыз қарызын төлейтiн.

Ол тұста жұрт сондай адал болатын. Құдайдан қорқатын.

Адам тұрмақ шөп екеш шөп те жерiне қарай өседi. Сол сияқты Ел-ағаның тұла бойы да туған елiнiң адалдығынан сомдалып жаратылған. Кiсiге жақсылық жасамаған күнi "бұл күнiм босқа өттi" дейтiн ерлердiң сойынан.

Малазия елiнде мынандай бiр жақсы қасиет бар екенiн ертеректе оқығаным бар-ды. Алда-жалда қажет болып, бiр кiсiнi көмекке шақыра қалсаңыз, сол маңда жүрген үш-төрт адам жүгiрiп жетiп келедi екен. "Өй, бұларың не? Бiреуiңiз де жететiн едiңiз ғой" десеңiз: "Кiсi кiсiге көмектесiп, бес күндiк өмiрде алғыс жинап өткен жөн" деп бәрi қолғабыс жасауға ұмтылатын көрiнедi.

Бiрақ, қалай десек те, бүгiнде қазақ елiнiң азаматы атанып,үстiне ақ көйлек кигеннiң бәрi бiрдей ақ жүрек, биiкте жүргеннiң бәрi бiрдей рухы биiк жандар емес. Ал, Ел-ағаң болса рухы биiк нағыз ақ жүректiң өзi.

Шолақ сайдай тасып, киiп-жарып жүрмегенiне қарап, Ел-ағаны жұрт кейде момын дейдi. Көкiрегiн ақ жалын жайлап, кернеп тұрса да атылмаған жанартау секiлдi өзiн салмақты ұстайды. Барында – тасып, жоғында – саспайды. Сабырлы, ойлы ағып жататын терең өзен секiлдi бiр қалыптан өзгерген емес.

Пенделiктен бiр мойын озық жаратылған Ел-ағаның қасиетi, мiне, осындай тектiлiгiнде жатыр…

* * *

Ел-ағаның ұлттық университеттiң физика факультетiн ойдағыдай бiтiрiп, туған ауылына оралып, сондағы онжылдық мектепке өз мамандығы бойынша мұғалiм боп орналасуы уақыт сыйлығындай сезiлген. Бауыры суық қара тасқа да көктем боп қарап үйренген жас ұстаз мектеп оқушыларын жатырқамады. Қайта бауырына тарта бiлдi. Бiлмегенiн үйретiп, түсiнбегенiн ұқтырудан танбады. Күннiң сәулесi секiлдi оның шапағаты тимеген ауыл балалары болмады.

Ол кезде жоғарғы сынып оқушылары сабаудай-сабаудай iрi едi. Бiразы Ел-ағаның өзiнен сәл-ақ кiшi болатын. Бiрақ дала мәдениетiн бойына сiңiрiп өскен балалар жас ұстаздың кiсiлiгi мен бiлiмдарлығын сыйлап, алдын кесiп өтпедi.

Оның мамандығы физик болса да, жаны лирик. Көркем әдебиеттi талдағанда кәнiгi сыншыдай көсiлiп естен тандырады. Не бiр мысқал кем, не бiр мысқал артық кетпейдi. Орнымен мақтап, орнымен сынайды. Бұлтақтамай ағынан жарылып, жүрек сөзiн айтады. Өйткенi Ел-ағаның бүкiл өмiрi өнеге-дәлдiктен тұрады, дәл көздейдi, дөп түсiредi.

Мектепте оқып жүрген кезiм едi. Бiрде атақты жазушы Тәкен Әлiмқұловтың "Ақбоз ат" романы талқыланатын болды. Қазақ тiлi мен әдебиет мұғалiмiнiң бұл романға тiсi батпады ма, жоқ күнделiктi шаруадан қолы тимедi ме, кiм бiлсiн, әйтеуiр бұл шараны Ел-аға өз мiндетiне алған-ды.

Жазған өлеңдерi мектеп қабырғасынан әрi асып көрмеген бiздерге "Ақбоз ат" секiлдi кесек дүние жалынан қалай сипатсын. Роман жөнiнде шатып-бұтып бiрдеңе айтқан болдық. Онымызға жұрт қанағаттанды ма, қанағаттанбады ма, оны бiлмеймiн.

Кенет Ел-ағаң шығып сөйлегенде ығы-жығы зал iшi сiлтiдей тынып қалысты. Романның кейiпкерлерiне жеке-жеке тоқталып, қасиет-ерекшелiктерiн жүйелi талдап, мiнез-құлқын, табиғат-болмысын ажарлы ашып көрсетiп, көркем тiлмен келiстiрiп баяндай жөнелгенде таңданбасқа шарамыз қалмады. Алдымызда физик емес, әйгiлi әдебиет сыншысы сөйлеп тұрғандай сезiлген.

Содан бастап мектептегi әдебиет үйiрмесiн өзi басқаратын болды. Ел-ағаның көңiл шуағының әсерiнен бе, кiм бiлсiн, мектепте өлең, проза жазатындар көбейдi. Осы жолдардың авторынан бастап, Елен Әлiмжан, Серiк Томанов, Шорабек Айдаров сияқты қаламгерлер уағында Ел-ағадан дәрiс алып, алдынан түлеп ұшқан тастүлектер екенi жалған емес.

Ел-ағаң болмағанда, менiң Алматыға келiп, жоғарғы оқу орнына түсiп, оны бiтiрген соң қызмет iстеп, кiтап шығарып, ақын атануым екiталай едi. Қарауындағы шәкiрттердiң болашағына алаңдап, өмiрiне сәуле шашып тұратын ұлағатты ұстаздар болады. Менiң бағыма осы Ел-ағаң жолықты. Әлдеқандай себеппен мектептен шығып қалып, совхоздың жаман қойын баққан көкеме (әкемнiң ағасы) көмектесiп жүрген кезiм едi. Арада екi жетi өткенде Ел-ағаң үлкен басымен менi iздеп келедi деп кiм ойлаған.Айдар атам "жақсыдан қалған жалғыз тұяқ" деп менi беттен қақпай еркебұлан өсiрген-дi. Қанша бас асау болсам да Ел-ағаның алдында тақ тұратынмын. Аттан түсiп, ұлағатты ұстазыммен қос қолымды ұсынып амандастым. Аз-кем әңгiмеден соң:

— Қалайда оқуың керек. Сен болмасаң совхоздың малы бағусыз қалмайтын шығар. Көп сөздi қой да, ертеңнен бастап мектепке келетiн бол. Сабақтан соң, өзiңдi жеке алып қалып оқытам. Сөйтiп қатарыңды қуып жететiн боласың, – дедi.

Ел-ағаң басымнан, маңдайымнан сипады. Алақаны мұндай жылы болар ма. Жүрегiмнен мұздай бiр нәрсе ағып түскендей болды.

Бұл кезде Ел-ағаның көзiнен нұр төгiлiп тұрған едi. Сол нұр әлi күнге дейiн өшпей өмiрiмнiң шырағына айналып келе жатқандай сезiледi.

Арада үш-төрт жыл өткенде Ел-ағаң Ауыл шаруашылығы институтына оқытушы боп Алматыға ауысты. Оның бiлiмдар екенiн бұрыннан жақсы бiлетiн ауыл жұрты: "Е..е, Елден орнын жаңа тапты" деп өзара қауқылдасып қуанып қалысты.

Ол тұста өкiметтен үй алу қиямет-қайым болатын. Сонан ба, Ел-ағаң үй-жайын көшiрiп алып келуге асықпады. Бұл – менiң ұлттық үниверситетке оқуға түсiп, студент атанып жүрген кезiм едi. Бiрде ақшам болмай қатты тарығып қалдым. Салт жүрген Ел-ағаң айлығының жартысын жан досы Төлебектiң анасына берiп тықтырып қоятын да, жартысын күнделiктi қажетiне жарататын. Қысылғанда адам неге бармайды. Төлебек ағаның үйiне құстай ұштым. Жеткен бойда анасына аптығып:

— Апай, сiзден екi жүз сом алып кел деп менi Елден аға жiбердi, — дедiм сенiмдi сөйлеуге тырысып.

Ол кiсi Ел-ағаның менi қалай еркелететiнiн жақсы бiлетiн едi. Жүзiме сынай бiр қарады да, сұраған соманы қолыма ұстата салды. "Өтiрiк айтқан жерде көп тұрма" деген. Табанымды жалтыратып лезде тайып тұрдым.

Содан кейiн де Ел-ағаның ақшасын әлгi апайдан талай алып кеткен кездерiм болды. Бiрақ соның бәрiнде де ол кiсi қабақ шытып ренжiген емес. Қайта оқып, адам бол деп жiгерiмдi үнемi жанумен болатын.

Ел-ағаның үйi Алматыға көшiп келген бойда қара-құра кiсiден босамады. Бiрi келiп, бiрi шығып, ертеңнен қара кешке дейiн сапырылып жататын. Бұл, әсiресе, бiз секiлдi жарты құрсақ студенттерге тiптi рахат болды. Ағамыздың үйi жұмақтың төрiндей көрiндi. Қарнымыз сәл ашса бiттi — сол үйге қарай маңдай түзеп тартып отырамыз.

Оның үстiне Тойған жеңгемiз де бiздiң бағымызға қарай қонақжай, кең қолтық кiсi боп шықты. Қашан барсаң да қабақ шытқан емес. Барын iшiп-жеп базарлап қайтқандай болатынбыз.

* * *

Қазақстан Республикасы бiлiм беру iсiнiң үздiгi, педагогика ғылымының кандидаты, профессор Ел-ағаң — Елден Аққошқаров институтта дәрiс оқып жүргенде де, Қазақ совет энциклопедиясында қызмет атқарған кезде де қолынан қаламы түсiп көрмеген белгiлi журналист. Әдетте, жасынан көркем әдеби кiтаптарды көп оқып, көзi қаныққан кiсi жазуға да шебер келедi. Ел-ағаның республикалық газет, журналдарда үш жүзге жуық мақаласы жарық көрген. Оның сексенi ғылыми мақала болса, қалғандары танымдық, ғылыми-методикалық және проблемалық еңбектер болатын.

Сондай-ақ, Ел-ағаның он екi томдық Қазақ совет энциклопедиясында, қысқаша энциклопедия мен "Қазақ" ұлттық энциклопедиясында екi жүз елуге тарта мақаласы басылып шығуы оның қарымды әрi бiлiктi қаламгер екенiн танытса керек. Ол осы энциклопедиялық басылымдардың бәрiнде терминологиялық комиссиясының физика саласы бойынша редакциялық кеңестiң мүшесi әрi ғылыми кеңесшiсi болды.

Ел-ағаң сонымен бiрге жақсы аудармашы да. Мектепке және жоғары оқу орындарына арналған сегiз физика оқулықтарының, оқу-методикалық кiтаптарды тәржiмалаған.

Ол жоғарғы сынып оқушылары мен студенттерге арналған үлкендi-кiшiлi он екi кiтаптың авторы. Бұрын жарық көрген физика терминдерiнiң орысша-қазақша сөздiгi 1992 жылы толықтырылып қайта басылып шығуы оның еңбектерiнiң өмiршең екенiн толық дәлелдейдi.

Ел-ағаның еңбектерiнiң бiразы физика терминдерiнiң дамуы мен қалыптасуына арналса, бiразы мектеп мұғалiмдерiне арналған методикалық құралдар қатарына жатады. Автордың қазақ және орыс тiлiнде жарық көрген "Из истории казахов", "Қазақ тарихынан" деп аталатын еңбектерi ұлттық тарихымыздан сыр шертетiн туындылар екенi даусыз.

Жаны сұлу адам сұлу табиғаттан туатын болса, ойлы шығарма да ойлы кiсiнiң жүрегiнен туындайды. Ел-ағаның өткен жылы жарық көрген "Атадан өсиет, анадан қасиет" деп аталатын кiтабы, мiне, осыны дәлелдейдi. Ата қазақтың салт-дәстүрi, әдет-ғұрпы, жаратылыс-болмысы, тiршiлiк-қаракетi шежiре тiлмен сырлы сұхбат ретiнде шебер баяндалып, шертпе күйдей жүрек тербейдi. Кiтаптың көлемi шағын болғанмен көтерiп отырған әлеуметтiк жүгi қомақты, тәрбиелiк мәнi зор. Бұл еңбектi мектеп бағдарламасына енгiзсе артық болмас едi.

Ел-ағаң Қазақ ССР Жоғарғы Советi президумының құрмет гамотасымен марапатталған. Қазақстан Журналистер одағы Ахмет Байтұрсынов атындағы сыйлықтың иегерi.

Ол бұл күндерi ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, олардан бiрнеше немере сүйiп, дүниенiң қыр-сырына мол қанығып, көкiрегi күмбiрлеген күйге толып, баянды бақытқа кенелген көкiрегi қазына қарттарымыздың бiрi, Өз балаңды өскенше, немереңдi өлгенше бағасың деген, мiне, осы. Ел-аға туралы аз ғана сырды өлең жолдарымен аяқтағым келедi.

Елiнiң жоғын iздеген

Ер бар ма шәрбәт iшпеген.

Өзiңдей жанның шуағы

Шашырап кiмге түспеген.

Сыр тартып жастық шағыңнан,

Жарылып айтсам ағымнан:

Кiмдер кеп жемiс термедi

Жайқалып өскен бағыңнан.

Тереңнен тулап нәр алған

Шуақ боп елге таралған, —

Көңiлi көктем ағасыз,

Көктемнен ғана жаралған.

Рафаэль НИЯЗБЕК