Жаңалықтар

ТЕҢГЕ ҚҰНЫ АРТАДЫ

ашық дереккөзі

ТЕҢГЕ ҚҰНЫ АРТАДЫ

Бүкiләлемдiк экономикалық дағдарысты бастан кешкен мемлекеттер ес жинап, келесi толқынның соққысына әзiрленуде. Осынау тiрлiктен алыс емес Қазақстан экономикасы алдағы жылдары қалай дамиды? Өрге жүзiп, қаржылық қысымды басып өтуi мүмкiн бе? Бiрақ шетелдiк рейтингтiк агенттiкттер жуық арада елiмiздiң көрсеткiштерiнiң көтерiле қоюына күмәнмен қарап отыр. Осы орайда "Ситибанк" басшылығы елiмiздiң макроэкономикалық сараптама нәтижелерiн баспасөз конференциясы барысында таныстырды.

Бұл шолуға көңiл бөлсек, 2013 жылдан бастап жағдай оңала бермекшi. Бюджеттiң бүгiнгi шығындары мен табыстары мұнай бағасына тiкелей қатысты дейдi банк өкiлдерi. Ұлттық қазынаның 40 пайызы мұнай есебiнен екендiгiн алға тартқан мамандар, 2011 жылы нарықтағы мұнай бағасы 1 баррельге – 85-90 АҚШ долларынан келедi дейдi. "Ситибанктың" Ресей және ТМД елдерi бойынша экономисi Наталья Новикованың пайымдауынша, бюджет дағдарыстық жағдайдан бас көтерген. "Бюджеттiң шығыны 18 пайызға өскен, ал инфляция 8 пайызға дейiн барады. Сондықтан шетелдiк тiрi капитал, яғни инвестиция салуды көбейткен жөн. Себебi, бұл ұзақмерзiмдi және тұрақты қаржы көзi, ендеше елiмiз үшiн пайдасы мол", — дейдi Новикова ханым.

Дамыған алпауыт мемлекеттердiң көпшiлiгi қарыздан құтыла алмай отыр. Ал экономика өсiмi тiптен баяулаған, өсiм жоқ деуге де болады. Доллардың құнына байланысты пәлендей өзгерiс болмаса керек. Банк экономистерiнiң болжауына сенер болсақ, 2011 жылы доллар бағасы 142-143 теңге көлемiнде сақталмақ. Сондай-ақ, жыл соңына қарай теңгенiң құны арта бередi. Бұл үрдiстi Ұлттық банк пен Үкiмет назарда ұстап отыр. Керiсiнше, Ресейдiң рублiнiң құны құлдырай бермекшi. Алайда Ресей үкiметi мұны болдырмау үшiн барын салуда, соның iшiнде резервтi толықтыру мақсаты алға қойылған.

Макроэкономикалық сараптама бойынша қазiргi тұрмыстық жағдай дағдарысқа дейiнгi деңгеймен бiрдей болып тұрған көрiнедi. Экономикалық көрсеткiштер 2007 жылдың көрсеткiштерiмен сәйкестiкке жеткен.

Ақниет ОСПАНБАЙ