Игорь ШАХНОВИЧ: ОТҚА МАЙ ҚҰЮДАН САҚТАСЫН

Игорь ШАХНОВИЧ: ОТҚА МАЙ ҚҰЮДАН САҚТАСЫН

Игорь ШАХНОВИЧ: ОТҚА МАЙ ҚҰЮДАН САҚТАСЫН
ашық дереккөзі

Игорь Шахновичтiң өз сөзiмен айтқанда, оның бойында "орыстың да, еврейдiң де, татардың да, т.б. қаны бар". Өзi Жамбыл облысы, Мерке ауданы, Ақыртөбе ауылында туған. Былайша айтқанда, қалың қазақтың ортасында өскен. Сондықтан да болар, қазақылықты жатсынбайды.

Бiздiң мақсат — орыстiлдi басылымның бас редакторының қазақ тiлi, қазақ мемлекеттiлiгi жайлы ой-пiкiрiн бiлу болатын.

Айтпақшы, биыл 7 қарашада "Мегаполис" 10 жасқа толады. Орыстiлдi қазақ журналистикасын осы мерейтойымен құттықтаудың да сәтi түстi.

– Игорь Олегұлы, қазақ баспасөзi үшiн сiз "жаңа есiмсiз"…

– Неге "жаңа есiм"?

– Бұған дейiн қазақ басылымында сiздiң сұхбатыңыз не мақалаңыз жарияланған емес. Әлде жарияланып па едi?

– Жоқ, жарияланған емес. Өйткенi мен қазақ баспасөзiне жазып та көрген емеспiн. Мен қазақша бiлмеймiн (тап осы үш ауыз сөздi Игорь Шахнович қазақша айтты).

– Сондықтан да мен сiздi "жаңа есiм" деп атап отырмын ғой. Бiр елде тұрсақ та, нағыз қазақ оқырманы орыстiлдi баспасөздiң бас редакторы ретiндегi сiздiң ойыңызды, пiкiр-көзқарасыңызды бiлмейдi. Негiзi, елiмiз тәуелсiздiк алғалы берi қалыптасқан үрдiс бойынша, қазақ баспасөзi өз бетiнше, ал орыстiлдi баспасөз өз бетiнше, өз заңдылықтарымен өмiр сүрiп жатыр. Әрқайсының көтеретiн мәселелерi, айтар ойы кейде қабыспай, кейде тiптi қарама-қайшы түсiп жатады. Солай ма?

– Қателесесiз. Басқаны былай қойып, тек Алматының өзiн алғанда, қазақ және орыс баспасөзi бiр-бiрiне етене жақын. Журналистер, бас редакторлар арасында тығыз байланыс бар. Мен әртүрлi дайджестердi қарап, қазақ баспасөзiнiң не жазып жатқанын үнемi қадағалап, бақылап отырамын. Менiң байқауымша, орыстiлдi журналистер 20 жол жазған жерде қазақ журналистерi бiр-екi бет жазады. Рас қой! Мен оны күлкi үшiн айтып отырғаным жоқ, шындығында менi осы жағдай таңқалдырады! Қазақ журналистерiнiң қабылдау түйсiгi басқаша жаратылған, олар поэтикалық тұрғыда жазады.

– Қазақ баспасөзiне жалпы қандай баға бересiз?

– Мен қазақ басылымдарын күнде-күнде қарап отырған жоқпын ғой, Серiк Малеев маған шолу дайындап бередi, соны қараймын. Негiзi, маған орыс баспасөзiнде қамтылмайтын мәселелердi жазатыны қызық…

– Мысалы…

– Маған қазақ баспасөзiнiң Ресей мен Қазақстан қарым-қатынасына, оның империялық амбициясына қалай қарайды деген мәселелер таңсық. Кейде қазақ баспасөзi батыл жазатын, орыс баспасөзi жазуға жүрексiнетiн мәселелер бар. Орыстiлдi баспасөз ұлтаралық қатынастар туралы, мысалы Маловодныйға қатысты, күрдтер, түрiктерге қатысты т.б. мәселелер туралы жазуға қорқады. Мен де бас редактор ретiнде "Бұл жерде отқа май құюдың қажетi жоқ" деп үнемi айтып отырамын. Бiз осы елде өмiр сүремiз, балаларымыз да осы мемлекетте өмiр сүредi. Мысалы, шешендер мен қазақтардың қарым-қатынасына келетiн болсақ, менiң бұл мәселеде өзiндiк көзқарасым бар: қазақтардың шешендерге де, орыстарға да, еврейлерге де, басқаларға да төзiмдiлiкпен қарауға сабыры жетедi, бұл жерде шешендер тарапынан арандату әрекеттерi болған деп ойлаймын. Осы орайда, олардың Ресеймен де мәмiлеге келуiне мүмкiндiктерi бар едi, кезiнде Дудаев Ельцинмен келiсiмге келуiне болатын, бiрақ… Қараңызшы, олардың әрбiрiнiң отбасында 10-15 баладан бар, бiрақ барша шешендердiң саны 1 миллион ғана. Неге? Халықтың санын көбейтуге қанды кек алу, соғыс т.б. өзiндiк әдет-ғұрыптары да мүмкiндiк бермей отыр. Ал орыстiлдi баспасөзге келетiн болсақ, бiр жағынан мұндай мәселелердi жазу керек, жазғымыз да келедi, ал екiншi жағынан келгенде, отқа май құюдан қорыққандықтан мен үнемi "әзiрше қоя тұрайық, әлiптiң артын бағайық" деймiн. Әуелi мемлекетқұраушы халық осы мәселенi талқыға салғаннан соң ғана орыстар осы мәселеге үн қосулары керек деп ойлаймын. Кейде орыстар да "қазақтарға бiз ананы үйреткенбiз, мынаны үйреткенбiз" деп шыға келедi, ал мен оларға "қазiр не болып жатқанын, қазақтардың не ойлап, немен өмiр сүрiп жатқанын бiлiп отыруларың керек" – деймiн, – "егер оны сендер бiлiп, бақылап отырмасаңдар, күндердiң күнiнде тағы да шиеленiстi жағдай туындауы мүмкiн". Оның арты немен бiтетiнi белгiсiз.

– Жалпы, сiздiңше, Қазақстанда журналистиканың қазақтiлдi және орыстiлдi болып бөлiнуiнiң өзi қаншалықты дұрыс? Мұның өзi болашақта әлдебiр келеңсiздiк туғызбай ма? Бәлкiм…

– Орыс журналистикасын "өлтiрiп", қазақ журналистикасын ғана қалдырайық па? Және қазақ тiлiн қалдырайық…

– Бәлкiм, бiзге мұндай бөлiнiстiң қажетi жоқ шығар?

– Қалайша бөлiнбеймiз? Халықтың 80 әлде 60 пайызы орыс тiлiнде (оның iшiнде қазақтар да бар) сөйлейтiн, ойлау қабiлетi орысша болған мемлекетте…

– Қанша пайыз дедiңiз?

– Қанша? Бiлмеймiн. Өте көп екенi анық. Әйтеуiр, бұл елде қазақша ойлап, қазақша сөйлейтiндердiң саны әлдеқайда басым. Нақты санын мен бiлмеймiн. Бұл адамдарға бiр-ақ күнде "қане, жергiлiктi тiлде сөйлейiк" деп талап қоюға болмайды. Олар оны түсiнбейдi. Сiз өзiңiз мұны қалай елестетесiз?

– Сонда мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн қайтемiз? Мемлекеттiк тiлдi бiлу – Қазақстанның әрбiр азаматының мiндетi емес пе?

– Мiндет туралы айталық. Егер барлық адам тек қазақ тiлiнде сөйлеп, басқа тiлде ешкiм сөйлемейтiн орта қалыптасса, онда жалпыға ортақ мемлекеттiк тiлдi бiлу мiндетi жүзеге асады. Мысалы, Балтық жағалауындағы елдердiң халқы өздерiмен орысша сөйлегендi жақтырмайды, сондықтан да сөйлемейдi, бар болғаны сол-ақ.

– Мемлекеттiк тiлге қатысты мемлекеттiк саясат туралы пiкiрiңiз?

– Мен Мұхтар Абрарұлы бұл саясатпен түбегейлi айналысып жатыр деп ойлаймын, ол мемлекеттiк тiлге үлкен құрметпен қарайды, әрi оны енгiзуге бар күшiн салып келедi. Менiңше, бұл салада сатылап әрекет ету – дәл қазiр қазақ тiлiне көшемiз деп бiр-ақ кескеннен гөрi жақсы нәтижеге қол жеткiзедi. Немесе қазiр орыстiлдiлер шығып алып, "бiздiң санымыз көп, сондықтан бәрiмiз орысша сөйлейiк" деуi де мүмкiн ғой. Мұның не керегi бар? Бұл мәселеде шектен шығудың қажетi жоқ.

– Еуропалық елдердiң тәжiрибесiнде бiр мемлекетте екi-үш тiлдi баспасөз қатар өмiр сүре бередi. Бiрақ менiң қоятын сұрағымның төркiнi басқада. Сiздiңше, ендiгi он жылда мемлекеттiк тiл мәселесi осы күйде қала ма?

– Баспасөзден басқа салалардағы тәжiрибеме қарасам, менiңше, бұл мәселе осы күйiнде қалады. Мысалы, мектептерде қазақ тiлi қазiр қай деңгейде оқытылып жатыр, қоғамдық орындарда қазақ тiлiнiң зәрулiгiн алыңыз… Мысалы, менiң үлкен балаларым қазақша сөйлемейдi. Ал өзiмнiң неге қазақша сөйлемейтiнiмдi айтайын. Мен әскери адамның баласымын. Өзiм қазақ ортасында өссем де, күнi ертең тағдырдың желi қайда айдайтынын бiлмегендiктен, ата-анам қазақ тiлiн маған үйренудiң қажетi жоқ деген ойда болды. Әскери адамның жағдайы белгiлi ғой, бүгiн Қазақстанда, ал ертең Украинада, бәлкiм Түркiменстанда деген сияқты… Ал университетте оқып жүргенде, Нарынқол ауданындағы "Коммунизм" ауылында ауылшаруашылық жұмыстарына араластық. Сол жерде тұрмыстық қазақшаға тiл сындырдым. Қазақ балаларымен аралас-құралас болдық, әйтеуiр бiр-бiрiмiздi түсiнетiнбiз. Мiне, қазақ тiлi осылайша қоғамның барлық саласында зәру болған кезде, оны бәрi үйренедi. Ал қалада өскен балаларыма қарасам, оларға қазақ тiлi керек емес.

– Сонда ендiгi 10 жылда да жағдай өзгерiссiз қала ма?

– Дәл осылай қалмауы да мүмкiн. Бiршама жақсаруы да ғажап емес. Өйткенi мемлекеттiк тiлге деген мұқтаждық тудыруға байланысты жұмыстар жүрiп жатыр. Қазақстанда қазақ тiлiнде сөйлейтiндер саны орысша сөйлейтiндердiң санына жеткенде, мемлекеттiк тiл дамиды. Бұл тiптi уақытқа тәуелдi жағдай емес. Бәлкiм, оның дәрежесiн бес-ақ жылда көтеруге болар, бiрақ ол үшiн көптеген әдебиеттердi қазақ тiлiне аудару керек, заманауи көркем фильмдердiң сапалы аудармасын жасап, оларды тек қазақ тiлiнде көрсету керек. Осы маңайда бiр дүкен бар, соған барып жүргенде үнемi байқаймын, сатушылары тек қазақша сөйлейдi. Мен олардың негiзгi тауарларының атауларын бiлемiн, бағасын шамалаймын, сондықтан өзiме керек затты сатып аламын.

– Олармен қазақша сөйлесесiз бе?

– Жоқ, мен орысша, олар қазақша сөйлеседi. Бәлкiм, олар мұны әдейi iстемейтiн де шығар, бiрақ осы үрдiс барлық жерде кең тарағанда, қазақ тiлi қоғамда үстемдiк құрады.

– Сонда сiзге әлдекiм қазақша тiл қатса, қитығыңызға тие ме?

– Ол не деген сөз? Маған қай тiлдi сөйлесе де бәрiбiр. Егер адам өзi қазақы ортада өсiп, тек қазақша сөйлейтiн болса, мен оны түсiнуге тырысамын. Өйткенi, мен қазақ жерiнде, осы тiлдiң иелерiнiң ортасында тұрамын.

– Ұлттар арасындағы қарым-қатынас туралы айтып өттiңiз ғой. Қазiргi көпұлттылық саясатына қалай қарайсыз?

– Мен сұрағыңызды түсiнбедiм. Көп ұлттылық саясатына мен қалай қараймын деген не сөз? Бiздiң мемлекетiмiздiң өзi осындай. 100-ден астам ұлт өкiлдерi тұрады бұл елде.

– Сiз халық санағының қорытындысын көрдiңiз бе?

– Жоқ, мен оны қараған жоқпын. Бұл – Қазақстан, мемлекетқұраушы ұлт – қазақтар десек те, бәрiбiр Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Соңғы 1,5-2 ғасыр бойы қалыптасқан жағдай – түрлi ұлт өкiлдерi әлде саяси себеппен, әлде тағдыр айдауымен осы елге қоныс аударған.

– Тұра тұрыңыз. Егер халық санағы нәтижесiн қарамаған болсаңыз, оны сiзге мен айтайын. Ресми қорытынды бойынша, Қазақстанда тұратын қазақтар саны 63 пайызды құрайды. Халықтың 25 пайыздан астамы – орыстар. Сонда негiзгi саны басым ұлт екеу-ақ: қазақтар мен орыстар. Сонда қалған ұлттар қанша пайыз құрайды? Бар-жоғы 1-2 пайыз ба?

– Онда тұрған не бар? Сонда да бұл – көпұлтты мемлекет. Бiр грек болса, ендi оны да көп ұлттың қатарына жатқызуға болады. Тағы екi-үш этнос бар. Егер осы елде тұрақты өмiр сүрiп, өзiн осы мемлекеттiң азаматымын деп есептесе, президенттiң оған бұл жерден кет деп айтуға құқы жоқ.

– Ол грек болып қала берсiн, өзiнiң салт-дәстүрiн сақтауына әбден құқы бар…

– Ол да бұл қоғамның мүшесi ғой.

– Онда берi қараңыз. Қазақ баспасөзiн үнемi қадағалап жүрсеңiз өзiңiз де бiлесiз, барша ұлттарға "қазақстандық" статусын беру идеясы қоғамдық пiкiр туғызған едi. Осы идеяға қалай қарайсыз?

– Серiк Малеев бәрiмiздi қазақ қылғысы келедi. Маған оның осы идеясы ұнайды. Француздың француз екенi анық. Францияда вьетнамдықтар, қытайлықтар көп. Тiптi, Париждiң көшесiнде оларды көптеп кездестiруге болады. Бiрақ олардың бәрi – француздар. Сондықтан бiзде де бәрi қазақ болсын. Мен қарсы емеспiн. Төлқұжатымда "Қазақстан" деп жазылған. Шетелге барғанда, маған бәрi "қазақ" деп қарайды. Ресейдегi орыстар да сондай көзқараста.

– Сонда сiз төлқұжатыңызда "қазақ" деп жазуға келiсесiз бе?

– Мен өзiмдi бәлен ұлттың өкiлiмiн деп санамаймын. Менiң бойымда шешеннiң де, татардың да, орыстың да, еврейдiң де, белорустың да қаны бар. Сондықтан да менде ұлтқа деген ерекше көзқарас жоқ. Мен Қазақстанда тұрамын. Қазақтардың жерiнде. Егер бiз келiсiмге келсек, қоғам ретiнде қалыптасамыз. Ал егер бiз келiсiп, ортақ қоғам құра алмасақ, онда бұл мемлекет мемлекет болып тұра алмайды. Өйткенi, бұл жерде орыстардың саны 25 пайыз емес. Бұл елдегi орыстардың санын орысша ойлайтын адамдардың санымен есептеу керек. Ал олардың саны 25 пайыздан көп. Ендi осы орыстар, шала қазақ, нағыз қазақтармен келiсiмге келiп өмiр сүруi керек. Маған олардың бәрi, бiздiң бәрiмiздiң ортақ келiсiмге келгенiмiз тиiмдi, өйткенi, мен балаларымның бейбiт елде, тұрақты қоғамда өмiр сүргенiн қалаймын. Егер сiздердiң сандарыңыз басым түсiп, бәрiмiз қазақ тiлiнде сөйлеуiмiз керек екенiн дәлелдесеңiздер, мен қазақша сөйлеймiн. Мен үшiн соншалықты қиын мәселе емес. Мен үшiн маңыздысы, балаларым тыныш елде жақсы өмiр сүргенi. Сондықтан да осы жерде өмiр сүретiн 100-ден астам ұлттар келiсiмге келуi керек. Осы 20 жылдың iшiнде мемлекет құра алдық, рас, бiрақ егер осы жерде тұратын ұлттар арасында ауызбiрлiк болмаса, бiр-ақ күнде мемлекет мемлекет болудан қалады.

– Сонда келiсiмге келу үшiн барлық тараптардың әрқайсысы белгiлi бiр уағдаластық жасап, компромис жасауы керек қой.

– Компромис дегенiмiз не? Бiз бәрiмiз..

– Былтырғы жылдың соңында "Ел бiрлiгi" доктринасының жобасы қызу талқыға түстi. Ұлт патриоттары өз нұсқасын ұсынды. Олар қандай компромиске дайын деп ойлайсыз?

– Бiржақты ұстанымы бар адамдар әлдебiр компромиске дайын деп ойламаймын. Мен Шахановты бiржақты, сыңарезу ұстанымның адамы деп санамаймын. Бұл мәселенi мемлекет реттеп отыруы керек. Жалпы, мемлекеттiлiктiң өзi – азаматтардың белгiлi бiр саладағы әрекеттерiн тыю деген сөз. Бiр жағынан алғанда, мемлекет азаматтардың құқығын қорғайды, екiншi жағынан алғанда, оларға белгiлi бiр шектеу, белгiлi бiр талаптар қояды. Мемлекеттiк құрылымда адам ешуақытта толықтай бостандыққа ие бола алмайды. Сондықтан мемлекет келiсiмге келудiң жолын реттеп, жалпыға ортақ компромистi табуы керек. Бұл үшiн Президент, оның идеологтары бар.

– Бiзге, жалпы, ұлттық идея керек пе?

– Әрине, ұлттық идея болу керек. Бiрақ ол Мәсiмов айтқан индустриалық-инновациялық даму да емес, ол қазақ тiлi де, орыс тiлi де емес… Егер мен ұлттық идеяны ойлап тапқан болсам, оны енгiзуге шамам келер едi. (Игорь Шахнович жұмбақ жымиып қойды). Кезiнде Бас редакторлардың клубы деген болған. Соның мәжiлiсiне Марат Тәжин келiп қатысатын. Бiр отырыста ұлттық идея жөнiнде әңгiме болғанда, Тәжин былай деген едi: "Ешкiм жаңадан ешнәрсе ойлап тапқан емес. Әлемде ұлттық идеяны құрайтын екi нәрсе бар: дiн және ұлттық сана-сезiм. Мiне, осыдан ұлттық идея жасауға болады".

– Осы 20 жылда Қазақстанда мемлекеттiлiк қалыптасты ма, қалай ойлайсыз?

– Мемлекеттiлiк дегеннiң не екенiн анықтап алайықшы. Бiзде мемлекет бар. Ол қалыптасып үлгердi. Мен ендi оның сақталып қалуын тiлеймiн. Себебi менiң ұрпағым осы елде өмiр сүредi. Егер мен мемлекеттi көрiп, мойындап отырсам, яғни мемлекеттiлiк бар….

– Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын Халыққа Жолдау жасап тұрып "Құрметтi Отандастар!" – деп сөз арнайды, ал басқа мемлекеттiң президентi (мысалы, Путин президент болып тұрған кезiнде) Қазақстанға келiп, осы елдiң ұлты орыс азаматтарына арнап "Отандастар!" деген қаратпа сөздi қолданады. Осы қарама-қайшылық неден шығады?

– Бұл – саяси популизм. "Осылай болса екен" деген тiлектен туған әрекет қана. Бұл елде оның азаматтары жоқ. Бұл – кешегi Кеңес одағы емес. Мұндай империялық пиғылдың еш негiзi жоқ деп ойлаймын. Одан да олар өз елiндегi азаматтардың жағдайын жасасын да. Менiң балдызым ресейлiк "Отандастар" бағдарламасы арқылы Қиыр Шығысқа көшiп кеттi. Ендi өзiн ол жерде ешкiмге керексiз қалғандай сезiнедi. Сондықтан Путин Ресейдегi отандастарының жағдайын жасасын.

– Жақсы. Ол айта берсiн делiк. Ал бiрақ осындай сөздердiң бiздiң қоғамға керi әсерi тиюi мүмкiн бе? Мысалы, сiз…

– Мен өзiмдi Путиннiң отандасымын деп санамаймын да, сезiнбеймiн де.

– Оның сөзi бiздiң қоғамда кейбiр қайшылықтарды тудырады деп ойламайсыз ба?

– Ельциннiң кезiнде-ақ Ресейдiң елшiлiгi Ресей азаматы болғысы келгендердiң бәрiне жаппай төлқұжат үлестiрдi. Сондықтан Ресей азаматы болғысы келгендердiң барлығы баяғыда көшiп кеткен. Бұл сұрақты сол кезде мемлекеттi, азаматтарды бөлiп алған президенттерге қою керек. Мен Кеңес одағының ыдырауын жақтап дауыс берген емеспiн. Референдум болғанда мен Одақты сақтап қалуға дауыс бергенмiн. Қазiр қарап тұрсаңыз, ендi барлық президенттер түрлi интеграциялар жайлы келiссөздер жүргiзiп, келiсiмдерге қол қойып жатыр. Неге? Өйткенi, бұл барлық ұлттарға пайдалы. Еуропаның өзi одаққа бiрiктi емес пе? Бiз де кезiнде Ресей империясында немесе Әмiр Темiр империясында болдық (екi атауы да дұрыс). Орыстар айта берсiн, "бiз – империя мұрагерiмiз" деп қанша кеуде қақса да, шындығында империяны кiм құрғаны даулы мәселе. Сондықтан "отандастар" деген қаратпа сөз арнағаны – Ресей басшылығының қателiгi.

– Тағы да мемлекеттiлiкке оралсақ. Келесi жылы Қазақстан Республикасы тәуелсiздiгiнiң 20-жылдығын тойлаймыз. Осы 20 жылдағы бiздiң мемлекеттiң жетiстiгi неде, кемшiлiгi ше?

– Менiң қоғамымызда қалыптасқан сот жүйесiне көңiлiм толмайды. Бүгiнгi таңда бiздiң редакцияға, маған келген азаматтардың арыз-шағымдарына қарағанда, Қазақстанда сот жүйесiне "парақор-жемқор" деп баға беруге болады. Бiрде-бiр сот процесiнде парасыз шешiм шығарылмайды. Менiң жеке тәжiрибем осылай дейдi. Мысалы, Қарағанды облысында жергiлiктi сот адамды құлдықта ұстағаны үшiн қылмыскердiң бiреуiне шартты түрде 3 жыл, бiреуiне 4 жыл жаза кесiп, қоя берген. Менiң пайымдауымша, адамды еркiнен айыру, әйел зорлау сияқты адамшылыққа жат қылмыстар үшiн ең жоғарғы жазаға дейiн беру керек. Ал еркiн азаматты құлға айналдырғаны үшiн оған шартты түрде жаза кескен! Бұл – сот сатылған деген сөз. Қарапайым адамдардың шағымдарына қарағанда, бiзде сот жүйесi толық қалыптасып болған жоқ деуге негiз бар. Бiздiң адамдар сот билiгiнiң әдiл екенiне сенбейдi. Досқалиевтiң өзiн алыңызшы. Ол өзi реанимацияда жатқан кезде әйтеуiр жағдайды реттеуге болады деп ойлаған. Мұндай әрекеттi Заңның өзiн қорғайтынына сенбеген адам ғана жасайды.

Ал ендi менiң көңiлiм толатын нәрсе – бiздiң мемлекетте қайнауы тасып, ушыққалы тұрған жағдай жоқ. Ұлттар арасында, түрлi әлеуметтiк топтар арасында ушығып тұрған нәрсе жоқ. Барлық мәселелер бойынша ортақ келiсiмге келуге талпыныс бар. Мұның бәрiн Президент тұлғасымен байланыстырамыз. Егер Президент барлық азаматтарға бiрдей қарап, барлық ұлттар мен әлеуметтiк құрылымдардың әрқайсысының қамы үшiн әрекет етсе, онда барлық адамдар бiр-бiрiмен келiсiмге келуге дайын болады. Ал егер билiк басына бiржақты саясат ұстанған саясаткер келсе…

– Мысалы тек қазақша сөйлеп, бәрiмiзден тек қазақша сөйлеудi талап етсе дейсiз ғой…

– Иә, "ертең бәрiмiз тек қазақша сөйлейiк" десе, онда оның жағымсыз салдары болуы мүмкiн.

– Әңгiмемiздiң басы баспасөзге қатысты едi ғой. Тағы соған оралсақ… Бiраз уақыт бұрын қазақтiлдi журналистикаға қарағанда орыстiлдi журналистика озық деген пiкiр айтылып жүрдi. Сiз қалай ойлайсыз?

– Менiңше, Қазақстанда орыстiлдi де, қазақтiлдi де журналистика нарықтан артта қалып келедi. Бәрiмiз де белгiлi бiр жайлы жағдайда өмiр сүрiп келемiз. Бiздiң де, сiздiң де басылымдарға берiлетiн белгiлi бiр тапсырыстар бар, жалпы баспасөздiң нарқын оқырмандар анықтауы керек. "Караван" алғаш шыға бастаған кездегi бiр оқиға есiме түсiп отыр. Төретам станциясында жүргенмiн, бiр таныс келiншек көре сала: "Бiлесiң бе, үлкен бiр шенеунiк тоқал алыпты! "Караван" жазыпты!" деп тамсана хабар жеткiздi. Сонда "Караван" қоғамда талқыланып жатқан тақырыптар туралы жазды. Газет қоғамда айтылып, талқыланып жатқан мәселелердi жазуы керек, ол тақырып оқырмандардың арасында толқу туғызуы керек. Осы тұрғыдан алғанда, бiзде орыстiлдi болсын, қазақтiлдi болсын, барлық ақпарат құралдары түгел дерлiк аяғынан тұрып, нарыққа iлестi дей алмаймын. Ендеше, журналистикамыз да сол деңгейде.

– Ал екi баспасөздi салыстыра қарағанда…

– Мен екi баспасөздi салыстыра алмаймын. Өйткенi, қазiргi таңда Қазақстандағы орыстiлдi баспасөз бен қазақтiлдi баспасөздiң мұқтаждықтары мен сұраныстарын салыстыра алмаймын. Егер оны оқыса, сатып алса, оған сұраныс бар деген сөз. Әр халықтың ойлау жүйесi әр қилы. Әрбiр халықтың өкiлi әр түрлi бейнеде ойлауы мүмкiн. Менiң бiр қазақ досым көлемдi-көлемдi мақалалар жазатын. Оның ойлау жүйесi поэтикалық тұрғыда қалыптасқан. Мәселен, сенiң сұрақтарыңа да қысқа-нұсқа жауап беруге болады. Бiрақ мен сенiмен "қазақы болмыста" сөйлесiп отырмын (Шахнович кеңкiлдеп күлiп алды).

Ал ақшасына келгенде… Мен "НТК"-да ақпараттық бағдарламалар директоры болып жұмыс iстеген кезде қазақтiлдi журналистердiң айлығы орыстiлдi әрiптестерiне қарағанда, әлдеқайда аз болатын. Неге олай болғанын бiлмеймiн. Бiрақ сапа жағынан олар қалыспайтын, тiптi көбiне олар әлдеқайда ұтымды материалдар жасайтын едi. Қазiр олардың айлықтары теңескен болуы керек. Сондықтан ақпараттық салада жүрген журналистердiң кәсiбилiгi орыстiлдi әрiптестерiне қарағанда еш кем емес. Ал көлемдi мақалалар жазуға қатысты… Егер өздерiне ыңғайлы болса, жаза берсiн! Мен оған баға бере алмаймын, өйткенi мен қазақтiлдi баспасөздi оқымаймын. Менiң қазақшам тұрмыстық деңгейде ғана. Ал қазақтiлдi баспасөзге Серiк Малеевтiң аударма дайджесiне қарап баға беруге менiң қақым жоқ.

– Кезiнде сiздiң "Экспресс К" газетiндегi бас редактордың қызметiн тастап, "Мегаполиске" бас редактор болып келуiңiздiң астарында үлкен дау болған сияқты… Кезiнде оны ашып айтпадыңыз. Ендi айтуға болатын шығар?

– Менi "Мегаполиске" Арманжан Байтасов шақырды. Мен бұл газеттiң негiзiн қалаған жоқпын, бұл қызметке Ермек Тұрсыновтан кейiн келдiм. Негiзi, "Қала" деген газет ашпақшы болғанбыз. Қала тұрғындарының бәрi iздеп жүрiп оқитын газет. Қазақстанның жер аумағы үлкен. Бүгiн шыққан газет республиканың басқа аймақтарына жетем дегенше 2-3 күн өтедi, ал газет бүгiн не болды деген сұрақтарға дер кезiнде жауап беруi керек қой.

"Экспресстен" қалай кеткенiм жөнiнде… Александр Машкевичпен келiспей қалдық…. Сол кезде редакцияның басым көпшiлiгi жұмыстан өз еркiмен кеттi.

– Машкевич екеуiңiз не бөлiсе алмай қалдыңыздар?

– Бөлiсетiн ортақ дүниемiз болған жоқ. Ал қазiр бөлiстемiз… Мен "Экспресс К" газетiнiң 7 пайыз акциясына иемiн. (Шахнович тағы күлiп алды). Ал ол кезде газеттi қалай жасау жөнiндегi ойымыз үйлеспедi. Былайша айтқанда, идеологиялық келiспеушiлiк болды.

– Сiз қай жағында едiңiз?

– Әйтеуiр, Машкевичтiң жағында емес. "Мына жақ", "ана жақ" деген болған жоқ. Жағдай былай болды. Машкевич телефонмен хабарласты да, "Қазком" дефолтқа ұшырайды" дедi. Сол туралы материал бiр журналға шығыпты. Мен журналды көрсетуiн сұрадым. Машкевич "Маған Вадим айтты" дейдi. Вадим Рабинович украиндық азамат. Журнал ақыры табылмады. Ал олар "Қазкоммерцбанктi" құлатқалы жатқан. Менiңше, бұл Машкевичтiң де емес, одан басқа саяси күштердiң мүддесiне сай болды ғой деймiн. Жалпы, бұл жерде "лас пиардың" иiсi аңқиды. Сонымен, ол материалды газетке басудан мен бас тарттым. Осылайша, кикiлжiң шиеленiсiп, ақыры мен газеттен кеттiм. Сырттан келген топ өз ақшасын алды да, тайып тұрды. Ал мен осы елде өмiр сүремiн, осы елдiң суын iшемiн. Сондықтан маған елдiң тыныштығы керек. Қандай тiрлiктiң басында жүрсек те, осы ойдың үдесiнен шыққанымыз жөн.

– Әңгiмеңiзге рахмет.

Гүлбиғаш Омарова