БIР АЙҒА – АЛТЫ БӨЛКЕ НАН

БIР АЙҒА – АЛТЫ БӨЛКЕ НАН

БIР АЙҒА – АЛТЫ БӨЛКЕ НАН
ашық дереккөзі

Краснодар өлкесi нан мен сүтке талон таратады

Биылғы қуаңшылық кесiрi астықты елдердiң экономикасына оңбай тиген сияқты. Әлемдiк нарықтағы осындай астық экспорттаушы мемлекеттердiң бiрi Ресейдiң бүгiнгi жағдайы мәз емес. Осыған дейiн әлемдi аузына қаратып келген державаның оңтүстiк өңiрлерiнде жуырда ғана нан мен сүт алуға талон бекiтiлдi. Нақты Новороссийск әкiмшiлiгi 2010 жылдың 1 қазанынан бастап нан мен сүтке талон тағайындап отыр. Тұрмысы нашар аз қамтамасыз етiлген отбасыларға айына 12 талон, оның 6-уы сүтке, 6-уы нанға деп берiледi.

Осы орайда ресейлiк және шетелдiк сарапшылар бұл Ресей үкiметiнiң қай сасқаны деп таңдай қағысуда. Себебi, жаз айларындағы қуаңшылыққа қарамастан астық түсiмi мол болды, нан жетiспеушiлiгi не болмаса баға қымбаттығы да байқалған емес дейдi сарапшылар. Оған мысал ретiнде Краснодар өлкесiнiң губернаторы Ткачев мырза биыл әрбiр гектардан ресми 84 центнер бидай алынды деген, бұл болжамның нақты еместiгi де ықтимал. Десе де Ресей үкiметi бұл жеңiлдiктi ресми түрде қабылдай қойған жоқ, тек жекелеген облыстарда ғана жүзеге асырып келедi.

ТАЛОН – ДАМЫҒАН ЕЛДЕР ТӘЖIРИБЕСI

Азық-түлiктiң кейбiр түрлерiне берiлетiн талон федерация халқына жат емес. Сонау 80-жылдардың тағдырын еске салатын бастама кеңiнен танымал десек қателеспеймiз. Мұны жергiлiктi өңiрдiң тұтынушылары сауалнама барысында растаған. Одан берiректе де "Единая Россия" партиясының қолдауында бар дүние. Екi жыл бұрын аталмыш партия Ресей федерациясының Думасында сауда карталарын қолданысқа енгiзу туралы заң жобасын көтерген болатын. Бiрақ ескiнi жаңғыртатын жоба тек талқылау күйiнен әрiге бара алған жоқ. Бұл идея партияда әлi өмiршеңдiгiн жоғалтар емес. Партияның ұсынған сауда карталары 1 айға 1 мың рубльге тең болуы керек болатын. Осылайша бюджет жыл сайын 10 миллиард рубльге шығынданбақшы. Бұл сома, әрине, аз емес. Дегенмен партия мүшелерi басқа да әлеуметтiк көмектердi қолға алсақ, одан да көп қаражат жұмсауымыз мүмкiн деген пiкiрде. Билiк партиясы мүшелерiнiң бiрi Андрей Исаев талонмен азық-түлiк алудың белсендi қозғаушысы. Оның пайымдауынша, бұл талон Кеңес дәуiрiнде дүкен алдындағы сауда-саттық талоны емес, керiсiнше жаңаша үлгiдегi американдық фудстемптерге жақын. Айтқандай, АҚШ-та жыл сайын берiлетiн фудстемптер қолданыстан шығар емес. Мұхиттың ар жағында талонның жаңа атауы – фудстемп жүйесi қалыптасқан. Құрама Штаттар тәжiрибесiнде бұл жүйе 50 жылдан артық үздiксiз жұмыс iстеп келедi. SNAP (Supplemental Nutrition Assistance Program) бағдарламасы бойынша 2009 жылы 33,2 миллион адам үкiмет ұсынған жәрдемге ие болған. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда 5 миллион адамға көп.

Жағдайы нашар және аз қамтылған қоғам өкiлдерi талонды алмастырған фудстемптердiң арқасында бiрнеше азық-түлiк түрлерiне қол жеткiзе алады. Бiрақ мұның да қисынсыз, дәлiрек айтсақ қитұрқы тұстары жетерлiк. Мәселен, көптеген адамдар табыс көзiн төмендетiп көрсету арқылы бюджет көмегiне ие болғысы келедi-ақ. Сондықтан түрлi алаяқтыққа жол берiлiп жатады. Өткен жылы АҚШ-та бұл бағдарламаға 60 миллиард доллар бөлiнген екен. АҚШ басшылығы фудстемптер экономикаға пайда әкелуi мүмкiн деп есептейдi: тұтынушы шығындарының үлесi штат экономикасы құрылымының 70%-ын қамтыса керек. Алайда осынау танымал талондардың болашағы алаңды, себебi жергiлiктi экономикаға түсiмнен де шығын басым.

Тұтынушылар талоны Еуроодақ елдерiн де айналып өтпеген. Атап айтар болсақ, Ұлыбританияда кез келген тауар түрiне талон белгiленген. Осылайша төлем жасау жанармай бизнесiн де жандандырып, тек 1950 жылы ғана тоқтатылды. Ал қант пен тәттi тағамдарға 1953 жылы, етке 1954 жылы талонмен төлем жасауға тоқтау қойылды. Өмiршеңдiгiн жоймаған фудстемптер Еуропа елдерiнде азық-түлiктiң кейбiр түрлерiне жеңiлдiк ретiнде сақталып қалған. Бұл әдiс көп жағдайда нарықтағы бағаны тұрақтатып сақтап қалу үшiн жасалады. Бiрақ өмiр сүру деңгейi мен саяси идеологиясы үлгi боларлық шведтер талонға әу бастан-ақ терiс көзқараста. Олардың ойынша талонмен төлем жасаған адам өзiнiң кедей екенiн елге паш етiп тұрады-мыс. Ал Украинадан мұндай көзқарастың шынайы келбетiн көруге болады. Соңғы екi жылда азық-түлiк өнiмдерiнiң бағасы әжептәуiр қымбаттап, тұрғындардың тұтынушылық қабiлетiн төмендеттi. Ендi Украина да бiрегей талон ендiруге қызығушылық танытып отыр.

РЕСЕЙ ТАЛОНДАРЫНЫҢ ТҰСПАЛДЫ ТҰСТАРЫ

Ресей сарапшыларының бiрiне сенсек, бұл жеңiлдiктi бағдарламаның ғұмыры қысқа: үкiметтi сазға отырғызуы ықтимал. Ресей статагенттiгiнiң мәлiметi мұндай болжам жасауға негiз бола алады. "Право ребенка" қоғамдық ұйымының жетекшiсi Борис Альтшулер жағдайы нашар отбасында тұратын балалардың саны тым көп деп отыр. Расында, аз қамтамасыз етiлген балалы отбасылар жалпы халықтың 32%-ын құрайды. Ал олардың iшiнде көпбалалы аз қамтылған отбасылар саны 58%-ды алқымдаған. Егер де пайызды сандық мөлшерге жақындатсақ, 11 миллион кәмелетке толмаған бала тұрмысы нашар отбасында өмiр сүредi. Сондықтан әлеуметтiк аз қамтылған отбасыларға ғана арналған бағдарлама қабылдау анағұрлым пайдалы болар едi дейдi Альтшулер мырза.

Осынау бастаманы жақтаушылар да, даттаушылар да бар. Бiрақ бiр нәрсе ескерусiз келедi. 80-жылдардағы қайта құрылымдауды еске салатын талондар ұзаққа бара ала ма? Талонмен жұмыс iстейтiн дүкендердiң кестесi қиын емес. Дүкендер азық-түлiкке төлем ретiнде талон алады, оны банктен қолма-қол ақшаға айырбастайды, осылайша федералды бюджетке есепшотты жеткiзедi. Талон алу үшiн азаматтың табыс көзiн жазатын анықтамалар рәсiмдеу алаяқтыққа апаруы мүмкiн. Нәтижесiнде нағыз көмектi қажет етiп отырған тұрғындар құрқол қалу қаупi бар. Есесiне, олигархтар оң қабақ танытатын Дума депутаттарының жалпы шығыны 1,4 миллард доллар бола тұрып, айлық жалақыға ғана қарап отырмыз деген ұстанымнан танған емес. Бұл – бiр. Жергiлiктi халыққа жағымсыз тұстары да жетерлiк. Атап айтар болсақ, идеология мәселесi күдiк тудырады. Ресейлiк сарапшылардың қаупi осыған тiреледi десек қателеспеймiз. Капиталистiк жүйеден бiр қадам керi аттап, Кеңес үкiметiнiң жүйесiн алға тарту идеясы әлi күнге етектен тартып қалар емес.

2009 жылы Новороссийскте қала басшысы Владимир Синяговскийдiң ұсынысымен "Социальный хлеб" акциясы ұйымдастырылды. Оған сәйкес қала тұрғындары талон бойынша тегiн нанға қарқ болған едi. Тегiн бөлке үшiн зейнеткерлер мен жұмыс iстеу қабiлетi төмен отбасыларға айына 15 талон берiлдi.

Волгоград облысында да тұрмысы нашар отбасылар 200 рубль тұратын талонға ие болған. Жергiлiктi жердiң бағасына қарай 15-16 бөлке нан берiледi. Бiрақ бұл көмек 6 айда бiр рет жүзеге асырылатындықтан, соншалықты танымал емес. Мұнда инфляция деңгейi тамызда 0,6 пайызға, ал қыркүйекте 0,8 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткiш бүкiл Ресейге тән.

Сонымен бекiтiлген талон саны 12. Оған сәйкес алты нан, алты құты сүт алуға болады. Бұл бiр айға белгiленген азық. Сонда жергiлiктi халық бiр ай бойы алты нанның бетiне қарап отыра ма? Бұған бола Ресей үкiметiнiң қабырғасы қайысып отырған жоқ. Оңтайлы шешiм қабылдаған шенеунiктер аз да болса көптей көр деумен шектелуде.

Ақниет ОСПАНБАЙ