ЖАЛАҒАШ ТYРЛЕНIП ТЕ, ГYЛДЕНIП ТЕ КЕЛЕДI
ЖАЛАҒАШ ТYРЛЕНIП ТЕ, ГYЛДЕНIП ТЕ КЕЛЕДI
Жалағаш ауданы – Қызылорда облысындағы көлемi жағынан iрi аудандардың бiрi. 1939 жылдың 17 қазанында Қазақ ССР Жоғарғы Советi Президиумының Жарлығымен құрылған. Ауданның жер көлемi 27 мың 156 шаршы шақырымды алып жатыр. Ауданда 17 елдiмекен бар.
Бiз аудан орталығы Жалағаш кентiне арнайы ат басын тiредiк. Облыс орталығы Қызылорда қаласынан 75 шақырымдық қашықтықта орналасқан Жалағаш кентiнiң Мәдениет үйiнде ауыл тұрғындарымен кездесуiмiз ұмытылмас әсер қалдырды.
Жалағаш ауданының негiзгi саласы – егiн шаруашылығы. Ауданда 21 мектеп, 17 кiтапхана, екi музей, 7 мәдениет үйi бар. Шөл және шөлейттi жерлерден тұратын бұл аймақтың негiзгi күнкөрiсi де егiн шаруашылығы мен мал шаруашылығы. Қарақұм мен Қызылқұм жүздеген жылдар бойына берекелi мал жайылымы. Аталмыш ауданда 31 мың гектардан астам инженерлiк жүйеге келтiрiлген егiстiк алқабы бар. Сонымен бiрге, Жалағаш ауданында археологиялық, архитектуралық жәдiгер болып табылатын сәулет ескерткiштерi де жиi кездеседi.
Аудан орталығына барғанымызда көзiмiз жеткен тағы бiр мәселе, ауылдағы мәдениет үйлерiнiң қайта жандануы, соңғы үлгiдегi саябақтардың дүниеге келуi. Iскер, бiлiмдi жас азаматтың аудан басшылығына келуi де ауданда жақсы, оңды iстердiң дүниеге келуiне себепкер болып отыр екен. Әуелде аудан жұртшылығы шет ел бiлiмiн көрген, қаланың тәрбиесiнде өскен жас әкiмнен мұндай оңды, игiлiктi iстердi күтпесе керек. Елбасының "Балапан" бағдарламасы аясында шалғайдағы ауданға әкiм қызметiне келген Қайрат Әскербекұлы "Болашақтың" түлегi.
Ауыл тұрғындарымен өткiзiлген кездесу барысында көпшiлiктiң қойған сұрақтарына жауап берiп, ауылдағы мұғалiмнiң, дәрiгердiң әңгiмесiне құлақ түрдiк. Ел iшiнде болып жатқан жағымды жаңалықтардан да хабардар болдық. Әсiресе, ауыл жастарының демалыс орнына айналып үлгерген соңғы үлгiдегi жаңа саябақты да аралап қайттық. Бiздi қуантқан жағдайлар өте көп. Жалағаштықтар әзiрге әкiмiнiң алғашқы аяқ алысына ризашылық танытып отыр. Өз кезегiмiзде бiз де аудан әкiмi Қайрат Әскербекұлына бiрнеше сауал тастаған едiк.
– Қайрат Әскербекұлы, Ұлыбританияның тәрбиесiн көрген азаматқа қазақ ауылының тiрлiгi қалай әсер етiп жатыр? Жалпы, ауылдың тыныс-тiршiлiгiнен бұрыннан хабарыңыз бар ма едi?
– Мемлекеттiк маңызы зор бағдарламаның бiрi – "Болашақ" бағдарламасы арқылы Ұлыбританияда болып, сол елдiң мәдениетi мен өнерiн, экономикалық жетiстiктерiн көрiп, құнды тәжiрибелер жинақтадым. Әрине, дамыған елдердiң мәдени тұрғыдағы жетiстiгi жоғары. Онда жеке адамның құқықтық бiлiмi, этикалық көзқарасы жоғары дамыған. Ендi салыстырып қарасақ, бiздiң ауылдық жерлерде қоғамдық мүлiкке жауапкершiлiкпен қарап, бағалай бiлу жағы жетiспейдi. Бiрақ, мен бүгiнде тұрғындардың сол бiр жат әдеттен арыла бастағанын байқадым. Айналада әсем демалыс орындары, саябақтар салынған уақытта тұрғындардың жанарынан қуаныштың ұшқынын байқадым. Әсiресе, жас ұрпаққа қолайлы жағдай жасап, олардың қоғамдық өмiрдегi мәдениетiн көтерудiң мен үшiн маңызы зор деп айтар едiм. Яғни, үлкен қалалардағы аллеялар, фонтандар, түнгi жарықтар ауыл баласы үшiн жаңалық болмауы қажет. Олар кiшкентай күнiнен-ақ сол әсемдiктi көзбен көрiп, оны бағалай бiлуге қалыптасуы тиiс. Бiр сөзбен айтқанда, дамыған елдердiң көптеген жетiстiктерiн үйренуге болады. Бiрақ бiздiң елдiң өзiндiк тәлiм-тәрбие, ұлттық салт-дәстүрi бар. Қазақ халқындағы баланың ата-анаға деген құрметi, кiшiнiң үлкенге деген iзетi, сонымен бiрге қазақ ұлтының қонақжайлық, мейiрбандық қасиетi өзге ұлттармен салыстыруға келмейдi. Осы ауданға әкiм болып тағайындалған уақытымда маған бiр досым: "Әр ауылды аралаған сайын саған қорасындағы жалғыз қойын сойып тартатын болады", – деген едi. Мiне, мұның өзi қазақ халқының қандай ұлт екенiн аңғартады емес пе? Мен ауыл тұрғындарымен араласқан уақытымда, олардың сондай ашық жарқын, қарапайым, қонақжайлылық қасиеттерi көңiлiмдi толқытты. Әрине, бiз дәл осы ұлттық құндылығымызды дамыған елдердiң өзiнде кездестiре алмаймыз. Рас, үлкен қалаларда орыстанып бара жатқан тәрбиенi де байқаймыз. Бiрақ, ауыл – бүкiл қазақ болмысының түп қазығы. Бұл тұрғыда ел Президентiнiң жас кадрларға ауылдық жерлерде жұмыс жасауға тапсырма берiп отырғаны – сол бiлiмдi кадрлар өздерiнiң теория жүзiндегi ой-сезiмдерiн ауылдардағы қайнаған қызу еңбектiң арасында жетiлдiре түсiп, практикалық мүмкiндiктерiн арттыру. Бiр сөзбен айтқанда, қазақ баласы ауыл халқының немен тыныстап, қалай өмiр сүрiп жатқанын бiлуге тиiс!
– Жалағаш ауданының негiзгi кәсiбi – ақ маржан. Күрiш мұндағы өмiрге де ерекше мән бередi. Одан өзге аудан жұртшылығы қандай кәсiппен шұғылданады?
– Кеңес үкiметi кезiнен бастап, Жалағаш ауданы ауылшаруашылық саласымен, оның iшiнде күрiш егумен айналысып келедi. Еңбеккерлер өз жұмыстарының жайын жақсы меңгерген. Айта кету керек, биыл бiз соңғы жиырма-отыз жылда болмаған көрсеткiш – 18049 га жерге күрiш егiп, орналастырдық. Қазiр күрiштiң шығымы жақсы. "ҚазАгроҚаржы" институты арқылы төрт пайыздық жеңiлдiкпен лизинг жолымен жаңа техникалар алынды. Жалпы саны 12 комбайн алуға құжаттар өткiзiп, бүгiнгi таңда 7 комбайн жеткiзiлдi. Күрiш сорттары бойынша новатор, янтарь, лидер, кубань, маржан сорттары егiлдi. Жалпы, күрiш көлемiнiң 67 пайызын маржан сорты құрайды.
Сонымен бiрге, мал шаруашылығын дамытуға да көбiрек мән берiп отырмыз. Әсiресе, iрi қара малдардың басын көбейтуге, жылқы, түйе малдарын өсiруге бетбұрыс жасалуда. Осы орайда айта кетейiн – маған бiр бизнес өкiлi келiп, алдағы жоспарлары жайында сөз еткен болатын. Мен оған құс фермасын ашуды ұсындым. Жергiлiктi билiк тарапынан барынша қолдау болатынын да жеткiздiм. Ол: "Сiз неге бизнесменге бар жағдай жасағалы отырсыз?" – деп таңдана сұрады. Менiң ойымша, жаңа жобаны жүзеге асыру арқылы жаңа жұмыс орны ашылады, бәсекелестiк артады, сонымен бiрге жергiлiктi жерде сол өнiм түрiнiң бағасы да арзан болады. Сондай-ақ, жергiлiктi тұрғындар көкөнiс, бақша өнiмдерiн егуге қалыптасқан. Айта кетуiмiз керек, бiздегi барлық көкөнiс бақша өнiмдерi экологиялық тұрғыдан таза, сапасы жоғары өнiмдер. Себебi, оларға ешқандай тыңайтқыштар қосылмайды.
Елдегi маңызды жоба – "Батыс Қытай – Батыс Европа" халықаралық транзиттiк дәлiзiнiң құрылысы бiздiң аудан көлемiнде де жүрiп жатыр. Мұнда жұмысқа тартылған дәрiгерлер, аспазшылар және басқа да қарапайым жұмысшылар жоғары табыс тауып, әлеуметтiк жағдайларын көтеруде. Осы жоба аясында ауданға асфальт зауытын салып, жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкiндiк туды.
– Қазақ ауылдарының шағын және орта бизнестi игеруi үшiн қандай көмектер жасалуда?
– Аудандағы шағын бизнес өкiлдерiн жергiлiктi билiкпен әрiптестiкке шақырып, ортақ меморандумға қол қойдық. Сол арқылы аудан деңгейiндегi абаттандыру жұмыстарын бiрлесiп жүзеге асырып келемiз. Бүгiнде кент орталығында бiр саябақ, екi демалыс орны, бiр балалар бассейнi iске қосылды. Ендi дәл осындай абаттандыру жұмыстары ауылдық жерлерде жалғасатын болады. Мiне, бұл бастама шағын бизнес өкiлдерiнiң де қызығушылығын тудырып отыр. Туған жерiнiң гүлденуi үшiн тер төгу – әр азаматтың мiндетi. Сондықтан, аудан тұрғындары осындай демалыс орындарының ашылғанына дән риза.
– Жалағаш ауданының бүгiнгi әлеуметтiк жағдайы, оқу-ағарту саласы, медицинасы төңiрегiнде не айтар едiңiз?
– Ең бастысы, жұмыссыздық деңгейi өткен жылдармен салыстырғанда 6,4 пайызға төмендедi. Оқу ағарту саласы бойынша айтар болсақ, оқушыларға барынша сапалы қызмет көрсетiп, олардың жаңа оргтехникаларды осы бастан меңгеруiне жағдай жасалып отыр. Менiң арманым – Жалағаштың бiлiмдi шәкiрттерi "Болашақ" бағдарламасының грантын жеңiп алып, шет елдерде бiлiм алса, сол жоғары бiлiктiлiк нәтижесiнде туған жерiне қайта келiп, қызмет жасаса деймiн. Сонда ауданның даму деңгейi жоғарылап, халықаралық талаптарға сай жетiстiктерге қол жеткiземiз. Мiне, бүгiн осы бағытта ең үздiк оқушыларды дайындауға мән берiп отырмыз.
Сондай-ақ, жақында ғана ашылған мүгедектiктен оңалту орталығын айтуға болады. "Ұмай" қоғамдық ұйымының ұсынған әлеуметтiк жобасына сәйкес мемлекеттiк грантты жеңiп алдық. Сол қаржыға 40 балаға арналған мүгедектiктен оңалту орталығын ашып, қажеттi жабдықтармен толық қамтамасыз еттiк. Балаларды күнделiктi әкелiп, алып қайтатын автобус алып бердiк. Бүгiнде сондағы мүмкiндiгi шектеулi балалардың көздерiнен қуаныш байқалады. Жүректерiне үмiт ұялағандай әсер қалдырады маған.
Ал ендi халықтың аса қажет ететiн әлеуметтiк нысаны – аурухана жөнiнде айтар болсақ, қазiргi таңда 130 орындық аурухана халыққа қызмет көрсетiп келедi. Дегенмен бұл аурухана типтiк жобаға сай келмегендiктен, палаталардың сыйымдылығы тар. Сондықтан, бiрыңғай ұлттық жүйе бойынша медициналық талаптардың деңгейiнде қызмет көрсету мүмкiн болмай отыр. Осыған байланысты халықаралық талаптарға сай келетiн типтiк жобадағы аурухана салуды жоспарлап отырмыз. Бұл жоспарымыздың Үкiмет тарапынан қолдау тапқаны бiздi қуантады. Демек, аудандағы ең өзектi мәселе шешiмiн тапқалы отыр.
Жалпы басқару органдарында қызмет етсеңiз, қойылатын ең басты талап – жоспарланған iсiңнiң жүзеге асуы. Шынайы еңбектiң нәтижесi арқылы ғана халықтың жүрегiне жол табатынымыз анық.
– Қысқа әңгiмеңiзге рахмет!
P.S. Жалағашпен қоштасып барамыз. Мұнда қолға алынған аса ауқымды iстер әйгiлi Сыр өңiрiнiң оңды келешегiне сенiмiмiздi нығайта түскендей. "Жатқан тастың астына су ақпайды" дейдi ғой дана халқымыз. Әр күнiн еңбекпен ұштастырған аудан жұртшылығының еткен еңбек, төккен терi ақталарына зор сенiммен аттандық.
Гүлзина Бектасова