Жаңалықтар

ЕЛ НАРЫҒЫ ТЕХНИКАЛЫҚ МАМАНДАРҒА ЗӘРУ

ашық дереккөзі

ЕЛ НАРЫҒЫ ТЕХНИКАЛЫҚ МАМАНДАРҒА ЗӘРУ

Жұмыссыздық. Түрлi терiс әрекеттерге жетелейтiн жұмыссыздық пен кедейшiлiк екеуiн бөлiп қарай алмайсың. Өркениеттi елдердiң де арыла алмаған проблемасы бұл. Мұның iшiнде бiздiң елiмiзде де жұмыссыздардың қатары аз емес. Әсiресе, жастар арасында. Нелiктен? Қоғамда қазiр қай мамандыққа деген сұраныс жоғары? Жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендетуге байланысты қандай шаралар қолға алынып жатыр? Осы сауалдарды Оңтүстiк Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының бастығы Мұхит ӘЛIГЕ қойған едiк.

– Мұхит Оралбайұлы, нарықтың қай уақытта да сұраныс пен ұсынысқа негiзделетiнi белгiлi. Еңбек нарығы да осы екi қағидаға тәуелдi. Бүгiнгi таңда қай мамандыққа деген сұраныс жоғары. Ал оқу орындары осы сұраныстың үдесiнен қаншалықты шығып отыр?

– Ресми мәлiметтер бойынша, жыл сайын жоғары оқу орындарын бiтiрген мамандардың 13 пайызы, орта арнаулы оқу орнын бiтiрушiлердiң 5 пайызы, кәсiптiк мектеп түлектерiнiң 3 пайызы жұмыссыздардың қатарын толықтырады. Мұның себебi қарапайым. Мектеп бiтiрген жасөспiрiмнiң басым көпшiлiгi бiлiмiн жоғары оқу орнында жалғастырғанды жөн көредi. Ал, орта арнаулы, кәсiптiк мектептерге барушылардың саны аз. Мұны бiр деңiз. Екiншiден, қазiр жұмысқа қабылдар кезде бiлiктiлiк талаптары күрделенiп кеттi. Ал, ең басты себеп еңбек нарығындағы жұмыс күшiне деген сұраныс пен ұсыныстың сәйкессiздiгiнде жатыр. Ал, оқу орындары көбiне осы сұранысқа ие емес мамандықтарды даярлайды. Қазiргi кезде жаңа технологиялардың көптеп ендiрiлуiне байланысты өнеркәсiп кеңейiп, қосымша мамандықтар ашылып жатыр. Оқу орындары осыған қарай икемделуi тиiс. Бiздiң сараптамамыз бойынша энергетика саласында жұмыс iстейтiн жоғары бiлiктi мамандар, экология, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау саласында мамандар жетiспейдi. Сондай-ақ, бүгiнгi еңбек нарығы орта буынды техникалық мамандарға зәру. Нақтырақ айтар болсақ, құрылыс, агротехника саласында тапшы.

Тағы бiр айта кетер мәселе, барлық оқу орындарында жұмыс берушiлермен тығыз ынтымақтастық болуы тиiс. Жоғары оқу орындарында осыған байланысты жұмыспен қамту бөлiмдерi немесе секторлар құрылуы керек. Мұндай қызмет бүгiнде М. Әуезов атындағы ОҚМУ мен Қ.А. Яссауи атындағы ХҚТУ-да ғана бар. Жекеменшiк оқу орындарында жоқ.

Шынын айту керек, жоғары оқу орнын бiтiрушiлердiң қаншасының жұмысқа орналасқаны жөнiнде нақты мәлiмет бiзге келiп түспейдi. Өйткенi оқу орындарының өз түлектерiмен қайтарымды байланысы жоқ. Олар тек диплом берумен шектеледi, басқасымен бастарын ауыртқысы келмейдi.

– Аудан, қалаларда жыл сайын өткiзiлетiн бос жұмыс орындарының жәрмеңекесi жұмыссыздықтың деңгейiн төмендетуге қаншалықты ықпал етiп отыр?

– Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесi қалыптасқан үрдiске айналды. Бұл жәрмеңке негiзiнен жоғарыда айтқан оқу орындарының түлектерiне өте қажет. Өткен сегiз ай iшiнде облыста 27 жәрмеңке өткiзiлiп, 991 жұмыс берушi 5344 бос жұмыс орнын ұсынды. Нәтижесiнде жұмыс iздеп келген 11 935 жұмыссыздың 2 777-сi немесе 23,3 пайызы жұмысқа орналасты. Ал, ұсынылған орындардың 52 пайызы жабылды. Көрiп отырғандарыңыздай, жәрмеңкелер барлық аймақтарда өткiзiлгенiмен, бос жұмыс орындары толығымен жабылмай қалуда. Мысалы, осы шараның арқасында оқу орнын бiтiрген 7 131 түлектiң 1 807-сi немесе 25,3 пайызы жұмыс берушiлермен келiсiм-шартқа тұрған. Ал, ұсынылған жұмыс орындарының жартысына жуығы ғана жабылды.

– Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады?

– Бiздiң ойымызша, жұмыс берушiлер ұсынған жұмыс орындары талапкерлердiң бiлiктiлiгiне сай келмейдi немесе жәрмеңкелер жай формальды түрде ұйымдастырылады деген сөз. Осыған орай, барлық аудан, қала әкiмдерi жәрмеңкелердi жиi және сапалы өткiзуiне көңiл бөлуi керек.

– Бос жұмыс орындары талапкерлердiң мамандығына сәйкес келмейдi дегеннен шығады. Бұл орайда қайта даярлау қаншалықты нәтиже бередi?

– Қайта дарялау жұмыстарына мемлекет тарапынан үлкен көңiл бөлiнiп отыр. Осы шараға бюджеттен арнайы қаржы да қаралған. Мәселен, биылғы жоспар бойынша кәсiптiк даярлауға және қайта даярлауға 2305 адам қамтылады деген жоспарымыз бар. Жұмыссыздықты төмендетуге байланысты жасалған бағдарламаға сәйкес олардың саны жыл санап өсе бередi. Қайта даярлау талапкер үшiн тегiн жүргiзiледi. Сондықтан жұмыс iздеген жас одан тартынбауы керек. Осыған ниет бiлдiргендер жергiлiктi жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмдерiмен хабарласқаны жөн.

– Жасыратыны жоқ, құрылыспен айналысатын мердiгер компаниялар көп жағдайда арзан жұмыс күшiне арқа сүйейдi. Жұмысшыларды сырттан әкеледi. Мәселен, бiздiң облыстың аумағы арқылы өтетiн "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" транзиттiк жолының құрылысы жүрiп жатыр. Бұған жергiлiктi жерден жұмыс күшi тартылады ма?

– Әрине, тартылады. Қазiр осы бағытта жұмыстар жүрiп жатыр. "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық транзиттiк дәлiзiнiң жаңа автотрасса құрылысы облыстағы 5 аудан, қаланың аумағын басып өтедi. Олар Түркiстан қаласы мен Бәйдiбек, Ордабасы, Сайрам және Түлкiбас аудандары. Алдын ала жасалған болжамдарға сәйкес, облыс бойынша бұл құрылысқа жергiлiктi жерден 10 мың жұмысшы қажет екен. Сұраныс түсiп тұрған мамандықтар негiзiнен жұмысшылар мен инженерлiк-техникалық қызметкерлер. Осыған байланысты Шымкент қаласы мен Сайрам, Түлкiбас, Сарыағаш, Ордабасы аудандарындағы кәсiптiк лицейлерде жол құрылысына бейiмдi мамандарды даярлау және қайта даярлау жүргiзiлмек. Қазiр аталған аудан, қала әкiмдiктерiмен бiрлескен шаралар қабылданды. Ол шаралар аталған құрылысқа жұмыссыз жастарды көбiрек қамтуды көздейдi.

– Жұмыссыз ретiнде тiркелген жастарды қоғамдық ақылы жұмыстарға тарту жағы қалай шешiлуде?

– Жұмыссыз ретiнде тiркелген жастардың қазiргi уақытта 1,2 мыңнан астамы кәсiби оқуға жiберiлдi. 26 пилоттық жоба негiзiнде 2,6 мыңға жуығы әлеуметтiк маңызы бар ақылы жұмыстарға жiберiлген. Бiрақ өкiнiшке қарай, осы бағыттағы жұмыстар әлi төмен деңгейде. Мысалы, Мақтарал ауданында жұмыс iздеп келген 1206 жастың тек төртеуi немесе 0,3 пайызы ғана қоғамдық жұмысқа тартылған. Ал, Сарыағашта бұл көрсеткiш 4,4 пайыз, Шымкентте 8,7 пайызы, Кентау мен Түркiстан қалаларында 10 пайызы ғана. Өйткенi, азаматтар қоғамдық жұмысқа төленетiн ақшаны азсынады. Бұл ненi бiлдiредi? Бұл деген сөз әлгi жұмыссыз ретiнде тiркелген азаматтардың жасырын жұмысы, яғни табыс көзi бар деген сөз.

– Ал, "Жастар практикасы" бағдарламасы жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендетуге қаншалақты ықпал етiп отыр? Бұл шара өзiн қаншалықты ақтады?

– Бұл бағдарлама 2009 жылдан бастап қолға алынуда. Қажеттi қаржы республикалық бюджеттен бөлiнедi. Былтыр облыста жұмыссыз жүрген 14 917 маман тәжiрибесiн арттыру мақсатында 2140 кәсiпорынмен келiсiм шарттар жасасты. Нәтижесiнде жас мамандардың 1,5 мыңнан астамы немесе 12 пайызы жұмыспен қамтылды. Биыл осы бағдарламаны ұйымдастыруға 780 миллион теңге бөлiнiп, 6,5 мың жас маман практикадан өтуге мүмкiндiк алды. Өткен сегiз айда 7561 жас маман еңбек дағдысын практика арқылы жетiлдiруге жiберiлдi. Ол үшiн 1856 кәсiпорынмен келiсiм жасалды. Аталған бағдарлама аясында жұмысқа тұруға ниет бiлдiрген жастардың көпшiлiгi бiлiм саласында (31 пайыз), денсаулық сақтау саласында (8 пайыз) құқық және салық саласында (17 пайыз) тәжiрибеден өтуде. Бағдарлама өзi толық ақтауда. Бұл жастардың өз мамандықтарын жете меңгеруiне үлкен мүмкiндiк. Осындай шараға қаржы тек республикалық бюджеттен емес, жегiлiктi қазынадан де қаралуы тиiс деген ұсынысымыз бар.

Тағы бiр атап өтерi, оқу орнын үздiк бiтiрген жастарға да мемлекет тарапынан қолдау көрсетiлiп жатыр. Өткен тамызда бiздiң басқарма мен iшкi саясат басқармасының "Жастар орталығы" арасында Меморандум түзiлдi. Ол бойынша жоғары және арнаулы оқу орындарын мемлекеттiк грант негiзiнде үздiк үлгiдегi дипломмен бiтiрген жас мамандардың жұмысқа орналасуына мүмкiндiктер жасалады.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ