Жаңалықтар

АҚБӨКЕНДЕР IНДЕТI

ашық дереккөзі

АҚБӨКЕНДЕР IНДЕТI

Бұрын елiмiздегi маң даланы мекендеген ақбөкендер саны 1 миллион 200 мың болатын. Дәлiрек айтсақ, осыдан он екi жыл бұрынғы санақта ару жануарлардың саны осыған жетiптi. Негiзiнен бұл жануарлар Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарын, сондай-ақ Арал мен Каспийдiң арасындағы үстiрттi мекендейдi. Сол даланың еркелерi күнi бүгiнге дейiн небiр қиын кездердi басынан кештi. Солардың бәрi адамдар қолымен жасалынатын үш түрлi қаскөйлiкпен ұштасып жатыр.

Сол қаскөйлiктiң бiрiншiсi – елдiмекендердегi тұрғындар ақбөкендi азық үшiн атып алып жүрдi. Бұл әсiресе, елiмiзде нарықтық қатынастың алғашқы қалыптасу жылдарында күн көрiс қиыншылықтарына байланысты болды. Екiншiсi – сол жылдары ауыл тұрғындары ақбөкен аулап, мүйiз сатып жан бақты. Өйткенi, ақбөкен мүйiзiнiң бағасы Қытайда алтынмен пара-пар болды. Олар сол мүйiздерден 16 түрлi дәрi-дәрмек жасайды екен. Ал үшiншiсi – алыстан ататын мылтықтармен қаруланған, жүрдек автокөлiктермен жабдықталған ұйымдасқан қылмыстық топтар. ҚР Қылмыстық кодексiнде ақбөкендердi атып алған жағдайда қылмыскердi екi жылға бас бостандығынан айыру, сондай-ақ, бiр аталық бөкендi атқаны үшiн 200 есеп көрсеткiшi көлемiнде, ал бiр аналық бөкендi немесе оның жас төлiн атқан жағдайда 150 көрсеткiшiне тең мөлшерде айыппұл төлеу жазасы көрсетiлген. Өкiнiшке қарай, ұйымдасқан қылмыстық топтар әлi де тиылмай отыр. Мiне, осы үш зұлматтан Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында ақбөкендер саны бiрнеше есеге кемiген. Жыл маусымдарына байланысты көшiп жүретiн даланың ерке жануарларына осы үш зұлмат азабы аз болғандай биыл көктемде тағы да iндет тиiп, ауыр қырғынға ұшырады. Ендi мiне, олардың саны 40 мыңға жетер-жетпес болып қалды.

Сонымен биыл ақбөкендер қандай iндетке ұшырады?

Арнайы құрылған комиссияның соңғы ақпараттарына қарағанда, ақбөкендер өлiмi Батыс Қазақстан облысының Жәнiбек ауданындағы Борсы мен Жақсыбай ауыл округтерiнiң аумағында 17 мамыр күнi тiркелген. Жануарларды қорғау инспекциясының қызметкерлерi сол күнi даладан екi жүзге жуық ақбөкеннiң өлiктерiн тiркеген. Табиғат қорғаушылар облыстағы тиiстi орындарға дабыл қағады. Екi күннен соң-ақ ондай өлiктер саны 12 мыңға бiр-ақ жетiптi.

Мемлекеттiк санэпидемстанция бақылау комитетi облыстық департаментiнiң бастығы Серiкбай Иманқұлдың айтуына қарағанда, өлген ақбөкендердiң 90 пайызы аналық бастар. Ал аталық бастарының саны 450-ге жеткен. Жаңа туған төлдерiнiң арасында да шығын көп.

Жергiлiктi тұрғындар сол қырғаннан аз күн бұрын ғана даланы көгiлдiр түстi күдiктi тұман басқанын, жағымсыз иiстi сезгендерiн естерiне алған. Олар алғашқыда бiрнеше шақырым жердегi Капустин Яр сынақ алаңынан жеткен иiстен уланған болу керек деп топшыласа керек. Ақбөкендердiң жаппай қарылуы соның залалы деген алып қашпа сөздер де тараған. Алайда, санэпидемстанция мамандары мен ветеринарлық инспекция ауаның, топырақтың, шөптердiң анализдерiн алып, мұқият зерттеген кезде бәрiнiң көрсеткiштерi қалыпты нормадан аспаған. Ақбөкен өлiктерiнен алынған химиялық және физикалық анализдер де ондай топшылауды жоққа шығарып отыр. Ал бұл iндет неден пайда болды? Әзiрге оның жауабы жоқ. Арада төрт ай өтсе де арнайы зертеу жүргiзiп жатқан мамандар нақты себебiн айта алмай отыр. Олар тек "Ақбөкендер пастереллез ауруына шалдыққан" деп анықтама берумен ғана шектелген.

Пастереллез қандай ауру?

Пастереллез – үй жануарлары мен құстардың арасында кең таралатын жұқпалы аурулардың бiрi. Бұл ауруға қарсы дер кезiнде емдеу шаралары қолданылмаса, ауыл шаруашылығына орасан зор шығын әкелуi мүмкiн. Ең қауiптiсi, бұл ауру өте жылдам таралатындықтан жануарларға жеке дара емес, үйiр-үйiрiмен жұғып, үлкен шығынға ұшыратады. Адамдарға жұғу ықтималдығы да өте жоғары. Бiрақ адамдарға жұғу фактiлерi мен оның клиникалық көрiнiсi әлi толық зерттелмеген. Түбегейлi жiктелуi, дифференциалдық диагноз қою белгiлерi де жоққа тән. Көп жағдайларда бұл ауруға шалдыққандар өлiмге ұшырап жатады.

Сәуiр айы ақбөкендердiң жаппай төлдейтiн кезi. Төлдеген ақбөкендер бiрнеше күн бойына қалыпты жағдайына келе алмайды екен. Төтенше жағдай аумағында жұмыс iстеп жатқан мамандардың мәлiмдеуiнше, iндет ақбөкендердiң сол төлдеп, иммунитеттерi әлсiзденген кезiнде тиiп отыр. Бұл ауруды тышқандар ғана таратуы мүмкiн. Оның қоздырғыш талшықтары – "hasterella multocida" микробы жабайы жануарлардың бойында кездесетiнi әлiмсақтан белгiлi. Ол көктем мезгiлiнде тез өршiп, ауру жұқтырған кез келген жануарды бес тәулiкке жеткiзбейдi. Ветеринарлардың тәжiрибесiне сүйенсек, тышқандардан немесе үй жануарларынан адамдарға жұққан жағдайлар тiркелген.

Биология ғылымдарының докторы, микробиолог Тоғжан Мұқашева:

– Пастереллез – ұлпаны зақымдайтындықтан ол емге ырық бере қоймайды. Әсiресе, бұл ауруды антибиотиктермен емдеу нәтиже бере бермейдi. Аурудың жануарлар арқылы адамға жұғуы әбден мүмкiн. Мәселен, өлген жануар денесiн ұстаған адам пастереллез жұқтырып алуы ықтимал. Бұл iндет сирек тарайды. Жануарлардан жұғатын болғандықтан халқымыз бұрынырақта бұл ауруды да оба деп атаған, – дейдi.

Ауа райының кенеттен өзгеше өзгеруi мен ақбөкендердiң пастереллез ауруынан жаппай қырылуы кездейсоқ сәйкестiк пе?

Алайда Мұқашеваның тұжырымына қайшы келетiн пiкiрлер де айтылуда.

ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiне қарасты Зоология институтының профессоры, биология ғылымдарының докторы Аманқұл Бекенов Алматыда өткен баспасөз мәслихатында өз пiкiрiн ортаға салды. Ол ақбөкендердiң жаппай қырылуы пастереллез ауруынан болды деген пiкiрмен келiсе бермейтiнiн айта келiп:

– Бұл ретте ғалым ретiнде мен оған күмән келтiремiн. Себебi, сол 17 мамыр күнi, алғашқы өлген киiктер табылған кезде жануарлар жаппай қырылған жерлерде тұман түскен, тұманнан кейiн сұрғылт түстi бұлт пайда болған. Ал бұл объективтi шындық болуы мүмкiн.Себебi, жануарлардың қай кезде, қалай қырылғанын жергiлiктi халық жақсы бiлетiн шығар, – дейдi. Ол өз сөзiнде сол күннен бiрер күн бұрын яғни, 15-16 мамырда Атырау зауытында апат болды деген хабардың тарағанын, сол апаттан ауаға улы заттар шығып кеткенiн, егер солтүстiк батысқа қарай жел соқса, әлгi улы заттардың солай қарай өтетiнiн құлаққағыс қылды.

Мұндай iндет бұрын Қазақстанда бiрнеше рет қайталанған. 1981 жылы Торғай облысында 180 мың бас, 1984 жылдың ақпан сәуiрiнде 250 мың бас,1988 жылы мамырда 500 мың бас ақбөкен қырылған. Арнайы комиссия солардың бәрiн пастереллез ауруына ұшыраған деп қортынды жасаған. 1988 жылы Мәскеудегi Бүкiлодақтық ветеринарлық институттан ғалымдар келiп, барлық сынамаларды алып, "Пастереллез ауруының неден болғанын анықтап беремiз" деп кеткен едi. Бiрақ ғылыми iзденiстерi аяқсыз қалды. Мiне, қазiр де өзiмiздiң бiлiктi деген ғалымдарымыз толық бiр шешiмге келе алмай екiұдай, пiкiрлермен шектелуде.

Қазiр Жәнiбек ауданында ауру ошағын iздеу, iндеттiң одан әрi таралуының алдын алу шаралары жүргiзiлiп жатыр. Соған байланысты ақбөкендер қырғынға ұшыраған 50 шаршы шақырым жер көлемi толық бақылауға алынып, үй жануарларына осы ауруға қарсы дәрi-дәрмектер егiлген. Жуырда Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы осы келеңсiз жайға байланысты қылмыстық iс қозғады. ҚР Қылмыстық кодексiнiң 289-бабы, яғни, "Жануарлар әлемiн қорғау ережелерiнiң бұзылуы" бойынша тергеу амалдары жүргiзiлмек. Олардың пайымдауынша, қорғаушы құрылымдар жануарлардың төлдейтiн мерзiмiнде iндетке төзiмсiз болатынын алдын ала бiлуi керек екен. Жайық бойында былтыр 26 мыңнан астам ақбөкен мекендеген. Көктемгi iндеттен соң солардың жартысына жуығы өлiм-жiтiмге ұшыраған. Алайда, жауапты мекемелердiң бұл айыптауларға қарсы қояр уәждерi де бар көрiнедi. Олардың айтуынша, аудан территориясынан өтетiн газ құбырлары мен жол құрылыстары ақбөкендердiң төлдеген соң орын ауыстырып көшуiне кедергi келтiрдi-мiс. Табиғат қорғаушыларын қылмысқа тартумен бұл мәселе толық шешiле ме? Алдағы жылдарда бұл iндеттiң қайталанбасына кiм кепiлдiк бере алады? Менiңше, ешкiм. Өйткенi, пастереллез ауруының шығу себептерi анықталмайынша бұл мәселенiң нақты шешiле қоймайтыны айдан анық. Бұл ауру алдағы уақыттарда қайталана беретiн болса, табиғатымыздың төл перзентерi – ақбөкендердiң мүлдем жойылып кетерi сөзсiз. Экономикамызға да зор шығын келтiредi. Профессор Аманқұл Бекенов:

– ҚР Ауылшаруашылығы министрлiгiнiң Орман және аң шаруашылығы комитетi тек киiктердi есепке алу жұмыстарына ғана ақша бөледi. Бұдан басқа басты мәселелерге, тiршiлiк ортасы секiлдi экологиялық ерекшелiктерiн зерттеуге ақша жоқ. Сол себептi де ғылым саласы мүшкiл халде. Қаржының тапшылығынан ақбөкендердiң экологиясына қатысты көптеген мәселелердi бiз зерттемеймiз. – дейдi.

Сонымен ақбөкендердi жаппай қырып жiберген пастереллез ауруы неден, қандай жағдайда пайда болды? Әзiрге нақты жауап жоқ. Бәлкiм, дамыған шетел ғалымдарын iске қосу қажет шығар.

Көлбай Адырбекұлы