ҒАСЫР ЖОБАСЫ
ҒАСЫР ЖОБАСЫ
"Көксарай" су реттегiшi аяқталуға жақын
Бала кезiмiзде "су жетпей қалыпты", "су шықпай жатыр" деген әңгiменi естiмейтiн едiк. Әке-шешелерiмiз таңның атысы, күннiң батысы егiстiктiң басы-қасында жүрсе де, судың тапшылығын тартқан емес. Жаздың шiлiңгiр ыстығында еккен егiнiн торуылдап, күзгi маусымда жиын-терiн жасап, уақыт өткiзетiн едi. "Жазғы еңбек қысқа азық" демекшi, жазда төккен тердiң рахатын қыста көрiп, молшылықта, тоқшылықта ғұмыр кештi. Ендi, мiне, сол бiр күндер келмеске кеткендей. Жо-жоқ, ауылдағы бейнеткеш жұрт егiн екпей, "жазды күндi гөлейттап" өткiзiп жүрген жоқ. Баяғы ата кәсiбiн ұмыта да қоймады. Тек, бiр өкiнiштiсi, шаруаның көңiл күйiн түсiретiн жәйттер көп. Көктемгi маусымда салған егiнiнiң нәсiбiн көретiн шақта су жетпейдi, еккен егiнi тырбиып өспей қалады.
ЕРНЕУIНЕН АСҚАН ДАРИЯ
Бұрын… "жаз өте құрғақ болды" деген кезеңде де, Сырдарияның суы өзендi жағалай қоныс тепкен елдi мекендердiң барлығына толық жететiн едi. Сол бiр жылдары Орта Азия аймағында бос жатқан алқаптар кемде-кем болатын. Есесiне, қазiр егiстiк танаптарының ауқымы жылдан-жылға тарылып келедi. Бiр тамшы суға зар болып, ернi кезерген диқаншыларымыз ақ мақтасына тамшы су таба алмай, жыл сайын қиындықтарға душар болатын кездерi көбейiп кеткен соң, вице-премьер Өмiрзақ Шүкеевтiң "бiзге тиесiлi суды Өзбекстан ұстап қалып отыр, осы мәселенi тезiрек шешуiмiз керек" деген сөзiнен кейiн, Елбасының арнайы тапсырмасымен "Көксарай" су реттегiшiнiң құрылысы қолға алынған едi.
"Көксарайдың" салынуының да өзiндiк себебi бар. Өйткенi, Нарын-Сырдария су бассейнi Кеңес Одағы кезiнде суару-энергетикалық жүйе ретiнде құрылған болатын. Қырғыз жерiндегi Тоқтағұл су қоймасы күз мезгiлiнен бастап, тоспаларын тарс жабады да, келесi көктемге дейiн 20 миллиард текше метрге жуық суды жинайды. Осы кезеңде Сырдария өзенi жол-жөнекей қосылатын арық-бұлақтардың суымен толығып отырады. Көктем мезгiлiнде сай-саладан аққан сулар Сырдың арнасын толтырса, оны өзеннiң бойындағы ең соңғы су қоймасы Шардара реттеп, төмен қарай бiркелкi жiберiп отыратын. Қауiп күшейген жағдайда артық су Арнасай құлдиламасы арқылы Қызылқұмда жатқан Айдаркөлге жiберiлетiн. Осыны реттеп отыру үшiн Шардара су қоймасынан Арнасай бөгенi салынғаны мәлiм.
Қазiр… жыл сайын қыс ортасында Сырдың бойына қоныс тепкен Оңтүстiк Қазақстан мен Қызылорда облысына қарасты елдiмекендердiң көбiн су басып қалу қаупi төнiп, тұрғындарды қауiпсiз аймақтарға көшiру әдетке айналды. Өйтетiн де себебi бар. Өйткенi, Шардара су қоймасы ернеуiне жақындаған артық суды сыйдыра алмайтындықтан, дарияға қарай жiберiп жүр. Жоғарғы жақтан келген мол су мұз құрсаған Сырдарияға сыймай, жағалауға жайылып, үлкен аумақта сел жүредi. Тiптi, 2005 жылы Отырар ауданына қарасты Маяқұм ауылы мен оның маңындағы елдiмекен тұрғындарының баспанасын судың астында қалдырғаны да есiмiзде. Осындай сәттерде Арнасайға су жiбере алмайтынымыз тағы бар. Өйткенi, Арнасай бүгiнде Қазақстанға қарағанымен, Өзбекстан жағы су жүретiн құлдиламадан бiрнеше бөген салып тастады. Бұл артық суды Айдаркөлге айдау жүйесiн бiржолата iстен шығарған. Сондықтан, мұндай қиындықтардың барлығы дерлiк, Қазақстандағы халықтарға зардабын тигiзiп отыр. Сол себептi де, "Көксарай" су реттегiшiн салу Қазақстан үшiн бiрiншi кезекте мемлекеттiк қауiпсiздiк үшiн қажет болды. "Көксарай" су реттегiшi толық iске қосылса, Оңтүстiктегi жұртшылық пен Қызылордадағы Сырдың маңындағы елдiмекендердiң халқы көктем сайын әбiгерге салатын сел тасқынынан зардап шекпейтiнiн пайымдаған Үкiмет аталмыш су реттегiшiнiң құрылысын дереу қолға алған болатын.
"КӨКСАРАЙ" ДАРИЯҒА ДЕМ БЕРДI
"Көксарайдың" алғашқы тынысы да басталды. Биыл мамырда оңтүстiкке iс-сапармен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев су реттегiшiнiң құрылысына оң бағасын бердi. Қарқынды жүргiзiлiп жатқан құрылыстың алғашқы кезегiне өзi куә боп қайтты. "Көксарай" су реттегiшi салынып бiткен кезде бiз көршi мемлекеттерден ағын суға тәуелдi болмаймыз. Әрi жақын маңдағы елдi мекендердiң де экологиялық жағдайы жақсара түспек. Су реттегiштiң өңiр үшiн экономикалық тиiмдiлiгi де зор. "Көксарай" су реттегiшiнiң құрылысы 2012 жылы бiтiп, толыққанды пайдалануға берiлетiн болады. Биылғы жылы аталмыш су реттегiш алғашқы кезектегi 1 млрд. текше метр суды қабылдап та үлгердi.
"Мың рет естiгеннен, бiр көрген артық" демей ме?! Сол айтқандай, "Көксарайды" сырттан естiген бiр бөлек те, көзбен көрген бiр бөлек. "Ғасыр жобасы" деп аталатын алып құрылыстың жұмыс барысын көзбен көрмекке жолға шықтық. Оңтүстiк Қазақстан облысы, Арыс ауданының аумағында салынып жатқан "Көксарай" су реттегiшiне жетудiң өзi мұң екен. Ой-шұқыры көп жолдардың көбiн көктемгi мезгiлде су шайып кеткен. Оған күндiз-түнi ағылып жатқан жүк көлiктерiн қосыңыз. Құрылысқа қажеттi дүниелердi тасумен айналысып жатқан жүк көлiктерiнiң ауыр салмағынан жол мүлдем жаншылып, езiлiп кеткен. Биiк "Джип" автокөлiгi болмаса, анау-мынау жеңiл көлiктiң қатынауы мүлдем мүмкiн емес. "Тәуекел" десiп жолға шыққан бiздiң де орта жолдан қайтар ойымыз жоқ. "Шешiнген судан тайынбас" демекшi, қалай да су реттегiшiнiң басына жетпей тоқтамаймыз деп, iлдәлдалап, алға беттеп келемiз.
Асықпай аяңдаған соң ба, Арыс пен "Көксарайдың" арасындағы 45 шақырымдық жер тiптен ұзап кеткен сияқты көрiндi бiзге. Әупiрiмдеп жүрiп, су реттегiшiнiң басына да жеттiк-ау. Мұнда құрылыс қызу жүрiп жатыр екен. Жан-жағымызда құрылысшылар жатақ орнына айналдырған вагон үйлер ғана бар. "Көксарай" су реттегiшiн қадағалап отыратын бас штабтың қайда екенiн бiлгiмiз келiп, жұмысшыларға қарай аяңдадық.
Естуiмiзше, мұнда 1800-ге жуық құрылысшы жұмыс iстеп жатыр. Оның тең жартысынан көбi жергiлiктi тұрғындар. 645 арнаулы, 131 қосымша техника құрылыстың мерзiмiнде аяқталуы үшiн жұмылдырылған. Демек, жұмыс күшi мен техника жеткiлiктi, ендiгi мақсат – құрылысты дер кезiнде аяқтау. Қажеттi қаржы бөлiнген, керектi құрылыс материалдарымен де қамтамасыз етiлген. Бүгiнге дейiн 40-45 млн. текше метр топырақ үйiлiп, 128 мың текше метр темiр-бетон құйылған екен. 1553 дана темiр-бетон бұйымдары орнатылыпты. Байырқұм ауылынан бас ғимаратқа дейiн және Аққұм ауылынан су жiберетiн орынға дейiн 28 шақырым электр қуатын таратқыш желi жүргiзiлiп, үш қосалқы станса орнапты. Барлық нысанға жол салынып жатыр. Су жiберетiн құбыр мен технологиялық суды беретiн 80 шақырымдық құбыр дайын. Бұрын ақтаңданып, соры шығып жатқан дала алып қазанға айналған. Құрылысшылар америкалық қондырғылармен жақтауларды бекiтiп, бетондап жатыр. Бiрi – демалыстан келiп, бiрi – үйiне демалуға кетуге дайындалып жатқан жұмысшыларды байқадық құрылыс басында.
Құрылыстың жұмысын қадағалап отырған басшылықтың адамдарын iздеген едiк. Бас штабтың Байырқұмда орналасқандығын айтып, бiр жұмысшы жол сiлтеп жiбердi. Байырқұм елдi мекенi құрылыс қызу жүрiп жатқан аймақтан 20 шақырымдай жерде көрiнедi. Бас штабтың маңызды құрылыстан осыншалық қашыққа орналасуын да түсiне қою қиын. Неге алысқа орналасқан? Басшылықтың пiкiрiн бiлейiк деген оймен, Байырқұмға қарай жол бастадық. Құрылыс маңынан ұзағанымыз сол едi, екi-үш жұмысшы жол бойында қол көтерiп тоқтатты. Өздерiн Достық ауылының тұрғындарымыз деп таныстырған жiгiттердi Байырқұмға жақын ауылда тұратын болған соң, жол қысқартармыз, әрi құрылыс туралы сөз қозғармыз деген оймен, көлiгiмiзге отырғызып алдық. Расында да, жұмысшы жiгiттер "Көксарай" басталған алғашқы күннен жұмыс атқарып келедi екен. "Әуелде жалақымыз тәуiр едi. Қазiр кешiктiрiп беретiн болды. Бұрынғыдай емес, қазiр құрылыс басында отырған бастықтарымыз қазақ жұмысшыларына аса зәру емес. Бiз бiрнәрсе талап ете бастасақ, "кете берулерiңе болады" деп қорқыта бастайды. Өйткенi, мұнда өзбек азаматтарынан жиналған жұмыс күшi жиi келiп жатыр. Әрi оларға төленетiн жалақының мөлшерi де бiзге қарағанда арзанырақ" деп мұңын шақты бiрi. Аты-жөнiн жазуымызды қаламаған әлгi жiгiттiң айтуына қарағанда, олар жұмыс атқаратын "Ақсу" қосалқы мердiгер компаниясы жұмысшы күшi ретiнде өзбек мигранттарын көбiрек пайдаланып жатқанға ұқсайды. Екi айлық жалақысының бар екендiгiн, әрi оны алмағандығын, егер аты-жөнiн жазар болсақ, жалақысын ала алмай қалатындығынан қауiптенген жұмысшы бiзге осылай сыр шерттi. Ақпараттың қаншалықты рас-өтiрiгiн басшылықтан сұрап бiлермiз деген оймен, бұл өкпе-назды көңiлiмiзге түйiп алдық.
"КӨКСАРАЙДЫҢ" ҚҰРЫЛЫСЫ 2012 ЖЫЛЫ АЯҚТАЛАТЫН БОЛАДЫ
Байырқұмға барған сапарымыз сәтсiз аяқталды. Штаб орналасқан аймақ Байырқұмда емес, Қожатоғай маңы болғандықтан, "Көксарайға" қарай керi қайтуымызға тура келдi. Шындығында да, негiзгi штаб сонда қоныс теуiптi. Штабқа барар жол болмаған соң, тасжолдың бойында күтуге тура келдi. Құрылыс жұмыстарына жетекшiлiк етiп жүрген басшылармен осы жерде тiлдесудiң сәтi түстi. Өзiн Санат Дунаев деп таныстырған азамат "Селденқорғауқұрылыс" республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсiпорны бастығының орынбасары екен. Аталған кәсiпорын "Көксарай" су реттегiшi құрылысының бас мердiгерi болып табылады. Оған көкейде жүрген бiрер сауал тастадық.
– "Көксарай" су реттегiшiнiң бүгiнгi жағдайы туралы не айтар едiңiз? Қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Биыл 3 млрд. текше метр суды қабылдауға дайындық жұмыстары жүргiзiлiп жатыр. Тiптi, дайын десек те болады. Бөгендi бетондау жұмыстары қарашаның онында аяқталады.
Жоба бойынша "Көксарайға" су көбiне қыста, Сырдың төменгi ағысына мұз қатқан кезде жiберiледi. Ал, оның қанша көлемде болатынын Су ресурстары комитетi шешедi.
– Жалпы, су реттегiшiнiң құрылысы үш жылға жоспарланғаны белгiлi. Қанша пайызын орындап бiтiрдiңiздер?
– Сексен пайыздайын орындап бiтiрдiк десек болады. Келесi жылдары эксплуатациялық жолдар, тағы басқа да жұмыстарды атқаратын боламыз.
– Судың астында қалатын Арыс-Шардара тас жолының ендiгi жағдайы қалай болады?
– Тас жолдың 34 шақырымы су астында қалады. Жаңа жол салуға республикалық бюджеттен әкiмшiлiкке арнайы қаржы бөлiнген. Жолдың құрылысы жүрiп жатыр. Жуырда пайдалануға берiлуi тиiс.
– Құрылыста жұмыс iстеп жатқан жұмыс күшiнiң көбi өзбек мигранттарынан құралған деген ақпаратты естiдiк. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?
– Жұмыскерлердiң тоқсан пайызы осы маңдағы елдi мекендердiң тұрғындары. Қалғандары республиканың өзге аймақтарынан жинақталған. Ал, өзбек азаматтарына келсек, олар негiзiнен Ақсукенттен келген. Жаңадан құрылысшылар алып жатырмыз. Қазiр мақта терiмi басталды да, көпшiлiк мақта теруден босай алмай жүр. Сондықтан, жұмыс күшiнiң жетiспей жатқаны рас.
– Жұмыскерлердiң алатын жалақысы қанша?
– Жалақы 80-100 мыңның арасында.
– Жалақы тұрақты берiлiп отыра ма?
– Тұрақты берiледi.
– "Көксарай" су қоймасының жергiлiктi тұрғындарға берер қандай пайдасы бар?
– Шаруашылыққа пайдасы көп. Су жиналған орынға шөп бiтiк шығады. Яғни ол жердi шабындыққа, мал жайылымына айналдыруға әбден болады.
– Құрылыс жұмыстарын толығымен бiтiрудi қай уақытқа жоспарлап отырсыздар?
– 2012 жылдың қаңтарында толығымен тапсыруымыз қажет. 2011 жылдың аяғында аяқтайтын боламыз.
– Бөгеннiң ұзындығы қанша?
– 44 шақырымды құрайды.
ТҮЙIН: Алып құрылыс аймақтың дамуына да оң әсерiн тигiзуде. Жергiлiктi тұрғындарды жұмыспен қамтығаны бiр бөлек, оңтүстiктiң халқы су реттегiшiн ауылшаруашылығын дамытуға да пайдаланатын болады. Су қоймасы санаулы айда, яғни қыста және ерте көктемде суға толтырылып, жиналған артық су жаз айларында Аралға қарай ағады. Ең бастысы, Сыр бойындағы халық су тасқыны қаупiнен құтылады. Сонымен бiрге, ауылшаруашылық дақылдарын өсiрiп-өндiруге қажеттi су мәселесiнде көршiлерге тәуелдi болмайтынымызды да ескерген жөн. Әрi жыл сайын қайталанатын су тасқынының да алдын алатын боламыз. "Көксарай" су реттегiшi мен Мақтарал ауданын ағын сумен қамтамасыз ету үшiн Шардара су қоймасынан салынып жатқан насос стансасы iске қосылар болса, онда Оңтүстiк пен Сырдың жұртшылығы сумен тұрақты түрде қамтамасыз етiлетiн болады.
Сонымен, "Көксарай" су реттегiшiнiң алғашқы кезектегi аяқталған жұмыстарын көрiп, өзiмiз куә болдық. Қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр. "Ғасыр жобасының" халықтың игiлiгiне берiлетiн күнi алыс емес. Суреттегi жобасына қарасаңыз, көрсе көз тоятын алып құрылыстағы бiз көрген жәйттар осындай. Ендiгi кезек, тек iстiң оңды аяқталуы ғана…
Гүлзина БЕКТАСОВА, Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ,
Оңтүстiк Қазақстан облысы.