Жаңалықтар

ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚ ҺӘМ ҚЫМБАТШЫЛЫҚ

ашық дереккөзі

ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚ ҺӘМ ҚЫМБАТШЫЛЫҚ

Биылғы жаздағы Шығыс Еуропадағы алапат өрт, Орталық Еуропадағы су тасқыны, Пәкiстандағы апаттар, Мексика шығанағындағы мұнай ұңғыларының бұзылуы тұтас жер шарындағы климаттың өзгеруiне әсер еттi. Планетадағы климаттық тепе-теңдiктi сақтап отырған Гольфстрим ағысының "тынысынан" жаңылуы экожүйенiң түбегейлi бүлiнуiнiң алғышарты есебiнде бағамдалып, әлемдiк деңгейде алаңдаушылық тудырып отыр. Гольфстримды, әлбетте, жер климатындағы күретамыр деп бағамдайды.

Экожүйедегi ауытқудың адамзаттың тұрмыстық-әлеуметтiк жағдайына тiкелей әсер еткенi байқалады. Биылғы аптапты жаздан Ресей мен Қазақстан сияқты астықты державалар тиiстi деңгейде дәндi дақылдар жинай алмауы мүмкiн. Тiптi, аталмыш мемлекеттер астық экспортын шектеу туралы шешiмдер де шығарған. Рас, Қазақстанның биылғы аса сапалы астығы өзiн-өзi асырауға жетедi. Iшiнара экспортталуы да ықтимал. Дегенмен, былтырғы аста-төк астық жоқ.

Мамандар мен сарапшылар осының бәрiне ауа райындағы ауытқушылық себепкер деп пайымдап отыр. Өскеменде өткен жоғары деңгейлi Қазақстан – Ресей кездесуiнде де осы мәселе айтылды. Атап айтқанда, Өскемендегi саммиттiң басты тақырыптарының бiрi – әлемдi дендеген қымбатшылық пен қаржы дағдарысына қоса, техногендi және табиғи апаттар салдарынан туындаған экологиялық проблемалар болды.

* * *

Жалпы, экология проблемаларының дәл осындай жоғары деңгейлi кездесулердегi әңгiме өзегiне айналуы өте сирек. Алайда биылғы жылғы апаттар мен катаклизмдер әлемдiк қауымдастықтың алаңдаушылығын тудырғаны да өтiрiк емес.

Еңсенi езген қымбатшылық пен қаржы дағдарысы өз алдына, адамзат климаттағы елеулi өзгерiстi дәл биыл ғана сезiнгендей.

Жоғарыдағы айтылған саммитте Қазақстан Президентi: "Бүгiн әлем душар болып отырған экологиялық жағдай проблемаға ерекше көңiл бөлудi талап етедi. Техногендi және табиғи апаттардан қорғанудың ортақ жүйесiн құру керек",– деп атап көрсеттi.

Көптеген елдер биылғы қымбатшылық пен әлемдiк қаржы дағдарысын мойындай тұра, осы солақай құбылыстарға тiкелей әсерi болып отырған экологиялық кiнәраттар туралы ләм-мим деп аузын ашпайды. Алдымен о баста өнеркәсiптiң дамуы салдарынан жүзеге асып жатқан жаппай жылыну процесiн тоқтату мақсатында Киото бағдарламасын құруға түрткi болып, оған 192 елдi бiрiктiргенiмен, соңынан өзi сол ұйымнан шығып кеткен АҚШ-ты айтуға болады. Индустриясы ерекше дамыған, құдiреттi державаны түсiнуге де болатындай. Вашингтон соңғы дәуiрдегi ең үлкен экологиялық апат болып отырған Мексика бұғазындағы мұнай платформасының кiнәратының зардабын да барынша жасыруға тырысуда.

Бұл орайда Нұрсұлтан Назарбаев "аса мол мөлшерде мұхитқа мұнай төгiлуi экологияға келтiрiлген үлкен шығын әрi ол адам қолымен жүзеге асып отыр",– деп атап көрсеттi.

Демек, биылғы жаздың катаклизмдерге толы әрi аптапты болуына таңғалудың да қисыны жоқ. Әрi оның әлемдiк деңгейдегi ғылыми байламдары да белгiлi бола бастады. Италияның теоретик физигi Д. Зангари Гольфстримдегi су жылуының соңғы айларда 10 градусқа суып кеткенiн айтады.

Биылғы ауа райының өзгеруiнен Ресей мен Қазақстан астығы ылғалға зәру болса, тағы да бiр астықты держава – Канаданың бидайы алапат нөсерлi жауыннан пiспей қалды. Осының бәрi айналып келiп, әлемдiк саудада астық нарқының жоғарылауына, жаппай қымбатшылыққа әкелiп соғуда. Оны әлемдiк сарапшылар жасырып та отырған жоқ. Басқаша айтқанда, ауа райының өзгеруiнен болған биылғы құрғақшылық тiкелей азық-түлiк нарығындағы қымбатшылыққа әсер етiп отыр.

Мәселен, Ресейде қарақұмықтың қымбаттап кеткенiн бүкiл әлем бiледi. Ол тiкелей Қазақстан нарығына да әсер еттi. Атап айтқанда, Ресеймен iргелес Қызылжардағы қарақұмық нарқы бiрден үш есе қымбаттап, Ақтөбеде қарақұмық қасқалдақтың қанынан қат тауарға айналды.

Кедендiк одақтағы әрiптесiмiз Ресей дүкендерiндегi азық-түлiк бағасының 10-нан 30 пайызға дейiн қымбаттағаны белгiлi болып қалды.

Кедендiк одақтағы Қазақстанның алға ұстар, басымдыққа ие тауарының бiрi – ет. Бiртұтас экономикалық аймақ ауқымында ет бағасының қымбаттай түскенi де анық аңғарылуда. Мәселен, биылғы жазда ет бағасының ең қымбат деңгейi Қызылжар қаласында тiркелдi. Қала базарларындағы еттiң құны 2000 теңгеге дейiн шарықтаған!

Сондай-ақ, құрғақшылықтың әсерiнен жем-шөптiң де нарқы жоғарылағаны белгiлi. Соның салдарынан алдағы уақытта ет бағасының 60 пайызға дейiн қымбаттауы мүмкiн екенi де айтылып жүр. Дегенмен, бұл құбылыстарды ауа райындағы өзгерiстермен ғана салыстырсақ, әдiлдiк болмас. Көптеген аймақтарда әлемдiк экономикалық дағдарыс азық-түлiк бағасының күрт көтерiлуiне әкелдi. Ол бұрынғы посткеңестiк аймақта, оның iшiнде Кедендiк одақ ауқымында да байқалады. Қыркүйек айының ортасынан бастап, Кедендiк одақ комиссиясының шешiмi бойынша Кеден одағынан тысқары аймақтарда өндiрiлген сүт өнiмдерiне салынатын салық айтарлықтай көтерiлдi. Демек, импорт сүт өнiмдерi де қымбаттай түседi деген сөз.

Қазiр азық-түлiк нарқының күрт көтерiлуiне байланысты сан алуан пiкiрлер айтылуда. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының бәсекелестiктi қорғау агенттiгi тамыз айындағы қымбатшылықты делдалдардан көрiп, соларды жазғырды. Оған агенттiктiң мониторинг және тауар бағасын талдау департаментi басшысы Маржан Әбсаттарованың ақпарат құралдарына берген дерегi куә.

Қорыта келгенде, қыркүйек айында азық-түлiк нарқының айтарлықтай көтерiлгенi айдан анық. Әзiрге сарапшылар оның себебiн әлемдiк қаржы-экономикалық дағдарыс пен биылғы ауа райының ерекшелiгiнен көрiп отыр. Сондай-ақ ара делдалдар әсерiнiң бары да анық. Жалпы алғанда, биылғы құрғақшылық жылдың зардабының қымбатшылыққа ұласу тенденциясы әлi де жалғаса беретiнге ұқсайды.

Ең соңғы деректерге қарағанда, ерте көктемде топырағына түскен бiр түйiр картоптан бiр шелек өнiм алуға болатын Қазақстанның қара топырақты өңiрiнде картоп құнының күрт қымбаттағаны аңғарылып қалды. Мәселен, қазiргi Қызылжар мен Көкшетаудағы картоп нарқы оңтүстiк өңiрлердегiден де жоғары 70 теңгелiк меженi көрсетiп отыр. Бұрын-соңды картоптан тарығып көрмеген солтүстiк өңiрдегi бұл ахуал биылғы жылдың ерекшелiгiн тағы бiр дәлелдеп бергендей.

Өмiрзақ МҰҚАЙ