Жаңалықтар

"Азиада-2011" "ЭЙР АСТАНАҒА" СЕНIМ АРТТЫ

ашық дереккөзі

"Азиада-2011" "ЭЙР АСТАНАҒА" СЕНIМ АРТТЫ

VII Қысқы Азия ойындарына 2500 спортшы келмекшi

Алдағы VII Қысқы Азия ойындарына барша халқымыз дайындық жасау үстiнде. "Азиада-2011"-дiң кiшiгiрiм естелiктерi жасалып, жарыстар өтетiн стадиондар тексерiстен өтiп жатыр. Халқымыз дүбiрлi додаға сақадай сай дайын.

Қысқы Азия ойындарының барысында елiмiзге әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен қонақтар ағылады. Жарыстардың халықаралық деңгейде өтiп, өзге жұрттың алдында абыройы артуы үшiн бар күш жұмылдырылуда. Алматы-Астана қалаларында өтетiн Азиада ойындары жоғары деңгейде өтсе елiмiздiң имиджi жақсара түсетiнi хақ.

2011 жылғы VII Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетiнiң мәлiмдеуi бойынша, маңызы ерек шараға Азияның 32 елiнен 2500-ден астам спортшы мен 10 мыңнан астам туристер келедi деп күтiлуде. Мәртебелi қонақтарды күтiп, оларды тасымалдау үшiн әлбетте сапасы жоғары әуекомпаниясын таңдап, қонақтарға өз деңгейiнде қызмет көрстелiгенi жөн-ақ. Осы орайда, "Азиада-2011"-дiң Ұйымдастыру комитетi "Эйр Астана" ұлттық әуекомпаниясын VII Қысқы Азия ойындарының ресми тасымалдаушысы ретiнде танып, компанияға зор сенiм артып отыр. Бұл дегенiңiз, "Эйр Астана" әуекомпаниясына Азия ойындарының барысында шетелдiк делегаттарды, Ұйымдастыру комитетiнiң қызметкерлерiн, сондай-ақ поштаны тасымалдау жұмыстары жүктелетiндiгiн бiлдiредi. Ұлттық әуекомпания дүбiрлi доданың ашылу, жабылу салтанаттарында қызмет атқарады. Бұған қоса, Азиадаға қатысушылар мен ұйымдастырушыларды тасымалдау үшiн Астанаға арнайы чартерлiк рейстер ұйымдастыру көзделiп отыр.

"Азиада-2011"-дiң барысында "Эйр Астана" компаниясының ұшақтары Азиада ойындарының логотиптерiмен безендiрiлiп, ұшақтар бортында Азия ойындарының бағдарламалары мен спортшылар туралы мәлiметтер жазылған арнайы буклеттер мен экрандар қойылады. Сонымен қатар, "Эйр Астана" әуекомпаниясы әуетасымалдау барысында ұтыс ойындарын ұйымдастырмақшы. Ұтыстардан жеңiмпаз атанғандар әуебилеттерi, Азиада ойындарына кiру билеттерi мен қонақүй билеттерiнiң иесi атанады. "Компания мiндетiне алған қызметтi жоғары деңгейде атқара отырып, шетелдiктерге қазақ елi туралы жақсы әсер қалдыруға тырысады. Бiзге сенiм бiлдiрiп, осындай мәртебе сыйлаған Азиаданың ұйымдастыру комитетiне алғыс бiлдiремiз" – дедi "Эйр Астана" әуекомпаниясының президентi Питер Фостер.

Елге келетiн 12 000-нан астам шетелдiк қонақтар компания қызметiне дән риза болып, елiмiздiң абыройы асқақтай түседi деп сенемiз.

Ә.БАҚЫТҚЫЗЫ