Жаңалықтар

Григорий МАРЧЕНКО: "БАНК ПЕН БОРЫШКЕРЛЕР ДАУЫНА АРА ТҮСПЕЙМIН"

ашық дереккөзі

Григорий МАРЧЕНКО: "БАНК ПЕН БОРЫШКЕРЛЕР ДАУЫНА АРА ТҮСПЕЙМIН"

Ұлттық банк басшысы Григорий Марченко елiмiздегi қаржы және банк саласы жөнiнде ақпарат құралдарын үнемi хабардар етiп отыруды дәстүрге айналдырған. Кезектi басқосу өткiзген Григорий Марченко банктер экономиканың нақты секторын несиелеуден қорқақтайтынын айта келе, бұл мәселенiң шешiмiн табуды қарастыру керектiгiн жеткiздi.

Сондай-ақ, Марченко қазақстандық ұлттық компанияларды iшкi нарықта жекешелендiру қажет, бұған жергiлiктi инвесторлардың қаржысы жетедi деп есептейдi. "Егер ұлттық компаниялардың акциясын халыққа сатсақ, басқа мемлекеттердегiдей ел iшiнде халықтық IPO жүргiзу керек. Мұны халықаралық нарықта жасасақ, сiздер тағы да ұлттық қор нарығының дамуы туралы сұрақтар қоясыздар. Сондықтан мұны кешендi түрде қарастыру керек сияқты. Ұлттық компаниялардың пакеттерiн iшкi нарықта сату идеясы дұрыс", – деп өз пiкiрiне түсiнiктеме бере кеттi.

Халықтың зейнетақы қорларында да, банктерде де бос жатқан қомақты қаржы бар екенiн ескерсек, бұл қағаздарды iшкi нарықта орналастырған дұрыс болады екен. Қаржыны орналастыратын жер табылса, iрi компанияларымыз өз мақсаттары үшiн қаржы тартатын едi. Яғни, бұдан бәрi ұтпаса, ұтылмайтындығы белгiлi.

Ұлттық банк басшысы Григорий Марченконың пiкiрiнше, IPO кезiндегi сұранысты қамтамасыз ету үшiн iшкi нарық жеткiлiксiз деген пiкiр ескiрiп қалған. "Бiздiң нарығымыз тым кiшкентай, сондықтан компанияларымыз iшкi нарыққа орналастыра алмай, сыртқы нарықтарға шығуға мәжбүр деген сөз шындыққа сәйкес келмейдi. Бұған 90-шы жылдары сенуге болатын едi. Зейнетақы қорларының активтерi 14 млрд. доллардан асады. Банктердегi халық салымдары да осындай шамада. Пай қорларында 2 млрд. доллардан аса қаржы бар. Бiздегi қай компания 30 млрд. доллар тартуды жоспарлап едi", – дедi өз сөзiнде Г.Марченко.

Елiмiздiң жалпы сыртқы қарызы 2010 жылғы бiрiншi жартыжылдықта фирмалық берешектi қоспағанда, 3,7 млрд. АҚШ долларына төмендеп, 2010 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша 59,4 млрд. АҚШ долларын құрапты. Бұл, негiзiнен, банк секторының сыртқы борышының төмендеуiмен қамтамасыз етiлген. Сонымен бiрге осы кезеңдегi резиденттердiң фирмааралық берешегiнiң 5,1 млрд. АҚШ долларына өсуi жалпы сыртқы борыштың өсiп шыға келуiне ықпал жасаған. Нәтижесiнде, елдiң жалпы сыртқы қарызы 2010 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша, 114,6 млрд. доллар болған. Ал банктердiң сыртқы мiндеттемелерiнiң үлесi 22 пайызға жуықтайды екен. Марченко банктердiң экономиканы несиелеудiң жалпы көлемi 2010 жылғы тамызда 7451,4 млрд. теңгенi құраса да, оның соншалықты мандытпай отырғанын жасырған жоқ.

Қазiргi кезде банк саласынан қыруар қаржы алып, үлескерлiкке ақшасын құйған борышкерлер мәселесi түпкiлiктi шешiмiн тапқан жоқ. Осы тұрғыда өз пiкiрiн бiлдiрген Ұлттық банк басшысы: "Ипотекалық борышкерлер мен екiншi деңгейдегi банктердiң ортасындағы дауға араша түспеймiн", – деп мәлiмдедi. Себебi, сол мезетте несиесiн қайтара алмай жүрген 100 шақты адам әдеттегiдей әкiмдiк алдына емес, Алматыдағы Ұлттық банктiң бас кеңсесiнiң алдына жиналған едi. Олар ипотекалық несиелерiнiң пайыздық мөлшерiн азайтуды және Григорий Марченконың қызметiнен кетуiн талап еттi. Борышкерлердiң мәселесiмен бұрыннан таныс Григорий Марченко оларға ешқандай көмек бере алмайтынын ашып айтты.

Жәнiбек ӘШIМ