Жаңалықтар

САРЫАРҚАНЫ ӘН МЕН САЗҒА БӨЛЕГЕН

ашық дереккөзі

САРЫАРҚАНЫ ӘН МЕН САЗҒА БӨЛЕГЕН

Қыркүйек айының аяғында "Қазақконцерт" өнер бiрлестiгiнiң шығармашылық ұжымы 50 — жылдық мерейтойдың қарсаңында Павлодар облысы тұрғындарының назарына "Сәлем, Сарыарқа" думанды концерттерiн ұсынып қайтты.

Бас-аяғы 14 күнге созылған концерттiк сапардың мақсаты — халықтың рухани байлығын нығайту, тұрғындардың көңiлiн думанды ән мен сазға бөлеп, табиғи апаттың қалдырған қаяуын сәл де болса сейiлту едi.

"Қазақконцерт" өнер бiрлестiгiнiң директоры, ҚР Халық әртiсi, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Алтынбек Қоразбаевтың басшылығымен "Әлқисса" ұлт аспаптар ансамблi, Бағдат Сәмидинова, Айжан Нұрмағамбетова, Сембек Жұмағалиев, Тахмина Әшiмбекова, бишi Перизат Омарбекова, Әлiшер Каримов, Нұржан Жанпейiсов, Сүлеймен Ибрагимов, Майра Дәулетбақова, Фархат Ескенеев сынды танымал өнер иелерi Жаяу Мұса Байжанов, Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев, Жүсiпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Иса Байзақов, Шәкен Айманов шыққан киелi топырақ тұрғындарының ыстық ықыласына бөленiп, Баянауыл, Майқайың, Ақтоғай, Ақсу, Екiбастұз, Павлодар қаласында концерттер қойып, облыс, аудан, ауыл әкiмдерiнiң арнайы алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, ҚР Мәдениет министрлiгi және "Қазақ әуендерi" акционерлiк қоғамы Қазақстанның Азаматтық Альянсының бастама көтеруiмен өмiрге келген "Бiрлiгiмiз жарасқан!" әлеуметтiк акциясына қосылып, 8-10 қазан күндерi қазақ эстрада жұлдыздарының көлiк-керуенi форматында концерттiк турнесi Шымкент және Тараз қаласының орталық алаңында өтедi. Концерттiк бағдарламаға "Гүлдер" ансамблiнiң солистерi Жанна Орынбасарова, Бейбiт Қорған, саксафоншы Нұржан Баймаханов, "Гүлдер" би ансамблi және "Қазақконцерт" өнер ұжымы қатысады.

Манар ӘЛИЕВА