Жаңалықтар

ТЕЛЕДИДАР – ТӘРБИЕ ҚҰРАЛЫ

ашық дереккөзі

ТЕЛЕДИДАР – ТӘРБИЕ ҚҰРАЛЫ

Қазiргi уақытта теледидарсыз өмiрiмiздi елестету қиын. Елiмiз бен жаһан жаңалықтары болсын және басқа да көптеген қызық мәлiметтердi осы бiр көксандықтан көрiп, бiле аламыз.

Руханияттың салалары саналатын көркем шығарма мен театр қойылымдары секiлдi теледидар да үлкен тәрбиелiк маңызға ие. Қазiргi кезде теледидар көрмейтiн адам кемде-кем шығар. Мiне, осыдан-ақ қоғамдық ой тудырып, қалың бұқараға бағыт-бағдар беретiн тәрбие құралы ретiнде теледидардың орны айқын көрiнедi. Мәселен, отандық телеарналар ұсынып жүрген кино мен көптеген сериалдарды алып қарайықшы. Ұлтымыздың менталитетiне кереғар дүниелердi көзiмiз шалып қалатыны жасырын емес. Бұл орайда әсiресе дөрекiлiк пен жауыздықты, "көше" өмiрiн насихаттайтын Ресейдiң фильмдерi мен сериалдарын айта кетуге болады. Әрине, отандық кино өндiрiсi кенжелеп қалған соң телеарналардың шетел өнiмiне жүгiнуден басқа амалы қалмайтынын түсiнуге болар. Әйткенмен, сол шетелдiк кино өнiмдерiн жан-жақты (ұлттық, мәдени-эстетикалық, т.б.) талдаудан өткiзiп барып қана халыққа ұсынуға болар ма едi?! Сөзiме дәлел ретiнде "Ел арнадан" ұсынылып жүрген әйгiлi BBC-дiң сериалдарын келтiргiм келiп отыр. "Қылмыс пен жаза", "Джейн Эйр", "Робин Гуд"… Танымал тарихи тұлғалардың өмiрi мен классикалық шығармалардың желiсiне түсiрiлген мұндай сериалдар әлемдiк киноның үздiгi саналады. Арнаның мұндай игi iсiне алғысымыз шексiз! Мiнеки, осындай деңгейi жоғары дүниелерге келгенде бiздiң арналарымыздан орын табылмай қалатындығы түсiнiксiз. Жатырқамай елеп-екшеп алатын болсақ, жаттың да жақсы дүниелерi бар, тек — таңдай бiлу керек. Шетелде табиғат, жан-жануар, сәулет өнерi секiлдi жеке тақырыптарға тұтастай арна ашылғандығын бәрiмiз бiлемiз. Әр тақырыпқа жеке арна ашуға қалтамыз көтермейтiн шығар, алайда көрерменге пайдасы мол, танымдық ағылшын немесе немiс арналарындағы бағдарламаларын ана тiлiмiзге аударуға болар едi. Жуырда елiмiзде балаларға арналған тұңғыш "Балапан" арнасы ашылды. Бұл сөзсiз, көңiл қуантарлық жайт. Арнаның болашағына сәттiлiк айта отырып, кiшкентай көрермендердiң көзайымына айналсын деген тiлегiмiз бар. Бiр өкiнiштiсi, қазiр адамның танымын, жан-жақты бiлiмiн арттыратын салмақты бағдарламалардан гөрi жұлдыздарды көрсетiп жататын даңғаза шоулар көбейiп бара жатыр. Ал мән-мағынасы жоқ, мәдени деңгейi төмен бағдарламалар неге басым болып барады деген сұраққа телеарналар рейтинг деп ақталып жүр. Қазiр модаға айналған бұл терминдi мықтап ұстанған телеарналарымыз көрермендi керi тәрбиелеп жүрмесе болғаны… Әрине саналы, өзiндiк пiкiрi бар көрермен қандай жағдайда да асыл мен жасықты ажырата алады. Бiрақ, барлығы ондай емес қой! Сол себептi таным көкжиегi ауқымды әрi талғамы биiк, зиялы әрi мәдениеттi азаматтардан тұратын қоғамда өмiр сүргiмiз келсе, телеарна мәселесiне немқұрайды қарамағанымыз жөн! Мұратхан ТҰРАРОВ