Жаңалықтар

КЕШIРЕ АЛҒАН ЖОҚ...

ашық дереккөзі

КЕШIРЕ АЛҒАН ЖОҚ...

Жаратушымыз бар адамға сан алуан тағдырды еншiсiне жазған ғой. Мен бiлетiн бiр азамат сол тағдырдың жазуымен әйелiнен айрылуға мәжбүр болды. Жалғыз ұлы мен төрт-бес қызының жүрегiне қаяу салып, жұбайлар екi жаққа жарылып, кете барды…

…Арада жылдар өткен соң, бiр жамағайыны араға түсiп, екеуiн қайта қосуға әрекеттенген екен. Ерi айтыпты: "Ол менi "Маскүнемдiкке салынды" деп айыптайды ғой. Ал өзiнiң күнi-түнi карта қуғаны ойында жоқ. Егер менi күтсе, үйдi әйел ретiнде қалыпты ұстаса, арақ iшiп не жыным бар? Картасын қойып, дұрыс өмiрге қайта оралса, мен де жаман қылықтан бас тартар едiм. Оған әзiрге еркiм жетедi". Алайда сол кезде-ақ елудi еңсерiп қалған бұрынғы әйелi: "Жоқ, картаны қоя алмаймын" дептi ерегiсiп. "Онда маған несiне ренжидi, қандай кiнә артады?" дептi әлгi азамат. Сөйтiп, ұл-қыздары қаншама үмiттенiп күтсе де, ерлi-зайыптылар арасындағы ымыраға келудiң жолы осылай кесiлген…

Арада жылдар өттi. Көптен берi екiншi қызы мен күйеу баласының қолында тұрып, күнiн көрген азамат жетпiс жасында ұзаққа созылған аурудан төсек тартып, жатып қалды. Оның бетiнiң берi қайтпайтыны белгiлi. Соны сезген қызы мен күйеу баласы ағайыннан ақыл сұрапты: "Ақтөбеден анамызды шақыртып, әкемiзбен жүздестiрiп, екеуiн соңғы сәтте бiтiстiрсек, қайтедi?!". Оған жиен ағасы: "Сендер адамның iшкi азабы мен қайғысын қызықтағыларың келе ме?! Кемпiрiнен хабарым жоқ, ал әкең ажырасқаннан кейiн өмiр бойы шешеңдi иттiң етiнен бетер жек көрдi. Ең болмаса, ажал алдында мазаламаңдар оны…" деген шат-шәлекейi шығып. Бүгiнде жөн сөзге жығылар жан жоқ қой. Ақыры екi-үш қыз жиналып, аналарын сонау Ақтөбеден күштеп әкелiп, әкесiне көрсетсе керек. Өлiм алдында қимылсыз қалған сорлы бейбақ жанарына жас толып, бұрынғы жұбайына ерекше өшпендiлiкке толы көздерiмен қарағаны соншалық, кемпiр теңселе тайқып шығып, есiкке қарай жөнеле берген…

Адамның көңiлi сынған кесе сыңайлы. Сондықтан бұл дүниеде бiр-бiрiмiзге қиянат жасаудан тартынғанымыз дұрыс шығар, сiрә?! Кектенген жандардың ешқашанда жұлдызы жараспайды…

Серiк Ықсанғали