Жаңалықтар

ДЕРТТI БАЛАЛАРҒА ТЕГIН ОПЕРАЦИЯ

ашық дереккөзі

ДЕРТТI БАЛАЛАРҒА ТЕГIН ОПЕРАЦИЯ

Елiмiзде жүрек ауруының түрлерi жасарып келедi. Бұл дерт, әсiресе, өмiр есiгiн жаңа ашқан нәрестелер арасында белең алып бара жатқандығы жанға батады. Тiптi, жүрегiнде ақауы бар бүлдiршiндерге елiмiзде операция жасап, қуаныш нұрын сыйлау да күнi бүгiнге дейiн өзектi мәселеге айналып келген едi.

Жақында А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы жүрек ауруына шалдыққан 40 баланың тегiн емделу мүмкiндiгiне ие болғандығын хабарлады. Әлеуметтiк жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға өмiр сыйлайтын операцияны Таяу Шығысқа танымал, ханзада Сұлтан бин Абдул Азиздың кардиохирургия орталығының кардиохирургтары, сондай-ақ, Оманнан, Канада мен Германиядан арнайы шақыртылған майталман мамандар жасайтын болады. Олар Қазақстанға өздерiнiң жасақталған тобы мен барлық қажеттi дәрi-дәрмек, құрал-жабдықтарын ала келедi. Пәкiстан, Иемен, Индонезия сынды iрi елдерде операцияларын сәттi өткiзiп жүрген тәжiрибелi медициналық топ шипалы қолдарымен алдағы он бес күн iшiнде Қазақстан балаларын да емдемекшi.

Несiн жасырайық, елiмiзде кардиохирург көмегiне зәру адамдардың саны ұзын-сонар. Бүгiнде кезекте тұрған жүрегi ауыратын балалардың саны 2 мыңнан асып жығылады. Ал, отандық мамандардың шамасы жылына 700 күрделi операция жасауға ғана жетсе, оның iшiнде 400 ересек, 300 сәбидiң ғана жүрек түтiкшесi емделедi. Шетелде емделуге кемiнде 8 мың АҚШ доллары керек. Квота арқылы жеңiлдiктер тек 3-4 жастағы балаларға ғана көрсетiледi. Ал жүрек ауруымен туылғандардың 85-90 пайызының өмiрi бiр жасқа жетпей үзiледi екен. Мүмкiндiгi бар отбасы Ресейдiң Новосибирск, Томск қалаларындағы бiлiктi дәрiгерлер көмегiне жүгiнедi. Шын мәнiнде, салмағы 10 келiден аспайтын балаларға жасалатын кардиохирургиялық операциялар өте қиын және аса қымбат оташылық қатарына жатқызылады. Құны 30 мың АҚШ долларына бағаланатын операцияны Әл Уақф атты қайырымдылық қорының Қазақстандағы филиалы және Бүкiләлемдiк ислами құтқару ұйымы тегiн жасауға кiрiсiп кеттi. Кардиохирургия бөлiмiнiң меңгерушiсi Арыстан Сейдалин: "40 балаға көмек көрсету арқылы елiмiздегi ауру балалардың мәселесi шешiлмейдi. Басты мақсат — бiлiктi әрiптестерден сабақ алу. Болашақта осындай күрделi операцияларды өзiмiзде жасай беремiз деген ойдамын" дегендi айтады. Шетелден келген мамандар бiрiншi кезекте сырқаты өмiрiне қауiптi балаларды емдейдi. Жоспар бойынша араб кардиохирургтары күнiне 3-4 сәбиге операция жасауды көздеп отыр.

Шетелдiк кардиохирургтар тобында өз iсiнiң шеберi атанған 29 бiлiктi маман бар. 2008 жылдан берi жер шарын шарлап жүрген мамандар қазақстандық әрiптестерiмен тәжiрибе бөлiспекшi. Сондай-ақ, қонақтар өздерiмен алып келген заманауи құралдарын елiмiзге сыйға берiп кетпек. Бүкiләлемдiк ислами құтқару ұйымының жүрекке операция жасау делегациясының жетекшiсi, профессор Джамел Алата: "Бұл делегация Бүкiләлемдiк ислами қорғау ұйымы негiзiнде 2008 жылдан берi жұмыс iстеп келедi. Сонан берi жас нәрестелерге мыңнан аса күрделi жүрек оталарын жасады. Бiз адамгершiлiк борышымыз ретiнде сырқат жандарға көмектесудi өзiмiзге мiндет санаймыз" деп ағынан жарылды.

Жәнiбек ӘШIМ