Жаңалықтар

"КазГУ-дiң ГYЛДЕРI YЛБIРЕДI..."

ашық дереккөзі

"КазГУ-дiң ГYЛДЕРI YЛБIРЕДI..."

БIРIНШI КУРС. АЛМАҒА АТ БАЙЛАДЫМ…

"Азаулыда аға болған ерлер көп едi,

Әйтсе де алмаға ат байлағаны жоқ едi…"

Доспамбет жырау.

Не көрдiм, ешкiмге де айтпа мүлдем,

Ай, өмiр, қақпайладың.

Сонда да дегенiмнен қайтпадым мен,

Алмаға ат байладым.

Тоба, көңiл, шүкiр ет,

Азаулылық ағалардан астым ба?

Оқытып жатыр үкiмет,

Мен де бiр толықсыған жас тұлға.

Ат байладым алмаға,

Ерiп келдi анау жақтан қосақ-елес.

Қарындас, қарамаңыз паңдана,

Менiң де тұқымым осал емес.

Ар жақтағы аталарым —

Азаулыда аға болған ерлер едi.

Ал мен — дастан емес, қысқалау мақаламын,

Менi Едiл-Жайық тербемедi.

Кiмге керек көк асфальт жер басқаным?

Ұшатын қанат таппай қалам.

Басқа едi ағаларым, мен басқамын,

Басқа менiң алмам да ат байлаған.

"Азаулыда аға болған ерлер көп едi",

Рас едi.

Ендi көк аспан көз жасын төгедi,

Қайтейiн, көңiлiм, мына сенi?!

Қайтпекшi шырқалмай қалған әнiм?

Тұр, әнеки, шекпенiн шешпей Күз.

…Сiз басқасыз, ат байлаған алмаларым,

Мен басқамын,

… Не iстеймiз???

ӘТТЕҢ…

Алматының белдеуi — көк iрге,

Алматының аспаны — мұңсыз.

Риза болмайтын осындай өмiрге,

Уа, кiмсiз?

Қаптаған гүл бар, қыз бар,

Себеп жоқ кiнәлар түк.

Соқпайды ызғар,

Уа, не керек бұдан артық?

Арықтағы тамшылар сарқылмайды,

Шөптер желкiлдейдi, бұқпайды.

Алматы жарқылдайды,

Алатау, әрине, құптайды.

Мөлтеңдейдi жемiстер терiлмеген,

Анау — бiздi күтiп тұрған ғалам.

Уәделер бар берiлмеген,

Қаншама арулар бар жырланбаған.

Келедi ешбiр бұлтты жамылмай түн,

Жұлдыздар жымияды үнсiз.

Шаттықтан жүрегi жарылмайтын,

Уа, кiмсiз?

Қыс — жып-жылы, төбеңе қар қонбады,

Тоңдырған жоқ Күз де.

Өзiңiз студентсiз бар болғаны,

Уа, бұдан артық не керек Сiзге?

Жолы болғалы тұр жең түргеннiң,

Кетпей ме аулаққа көшiп ой?!

… "Әттең…" дейтiнi шалдар мен кемпiрлердiң,

Осы ғой!

ЖАҢБЫР

Көрiп жүрсiз бұл жайды сiз де күнде,

Емес бұл тәмсiл-аңыз.

Қолшатыр болған емес бiзде мүлде,

Жаңбырға малшынамыз.

Өзара сыбырласқан жапырақтар

Сая боп жарытпайды.

О, мейлi. Бiз секiлдi ақымақтар

Ешқашан қамықпайды.

Жау, жаңбыр. Жылаймыз ба соған-дағы?

Онсыз да көп күлкiнi ұрлады қыз.

Бiз — еш мұңсыз тайпамыз қоғамдағы,

Үлгi алыңыз.

Қолшатырсыз дәуренбiз, шiркiн, бiздер,

Құмармыз жайнағанға, құлпырғанға…

…Уақытым жоқ құп-құрғақ мүлкiмдi iздер,

Шынымды айтсам, iздейтiн мүлкiм бар ма?

Бiздiң көңiл түктен де шошынбайды,

Қашпайды ұлып қырға.

…Алматының жаңбыры осындай-ды,

Ұмыттың ба?

БОЛЖАМ

Әне, тербелiп тұр қайыңдар,

Дәрiс. Емтихан. Достық.

Шiркiн, қандай уайым бар!

Курстан курсқа көштiк.

Дүниеге шаттанып қараймыз,

Кiтаптан тоқыған ой ескiредi.

Сүрiнемiз, әрине, талай бiз,

Әрине, талай ақыл кеш кiредi.

Талай күн жазылады есебiмiзге,

Өсемiз, әрненi ескеремiз.

Өкiнiп отырамыз кешегiмiзге,

Ертеңiмiзден, әрине, сескенемiз.

Қашанғы аспанда сайрап ұшамыз —

Амал жоқ, некелiк тұрмыс құрамыз.

Бәлкiм, ақындықпен айналысамыз,

Жазылады жыр жинағымыз — тұңғыш мұрамыз.

Реализмдi ұстанамыз. Алданбаймыз,

Өзгередi жолдасымыз-жорамыз.

Бәлкiм, бастық болуды армандаймыз,

Немесе боламыз.

Ұмытамыз шөлдегенiмiздi, тоңғанымызды,

Бәлкiм, қонар келiп iрi атақ.

Қандай студент болғанымызды

Ешкiм бiлмейдi. Рахат.

Теңеуiңiзге болады ұлыққа бiздi,

Себебi, қызыңыз құлпырды, өстi ұлыңыз.

…Кешiре ме сонда өздерiн ұмытқанымызды

Мынау Дәрiсiмiз, Емтиханымыз, Достығымыз?!.

ТӨМЕНГI КУРСТЫҢ БАЛАСЫНА НАСИХАТ

Таптым мен өзiме лайықты әнiмдi,

Талай ғажап сәт түске де кiрдi.

…Ал, сен ұқпайсың айтқанымды,

Iстемейсiң менiң iстегенiмдi.

Жарқылдады жүзiк-дарын,

Едiл жайланды, Жайық та күлдi.

Қанша дүниенi қызықтадым,

…Ай, ұқпайсың айтқанымды.

Өтiп кетедi ғұмыр мынау,

Қашанғы бесiкке бөлесiн?!

Толықсымайды тұғырлы бау,

Өшедi ол да,

…көресiң.

Шашырап кетедi мына қыздар,

Жатақхана жолатпайды.

…Белгiлi ақындардан сұраңыздар,

Көңiлге мұң қонақтайды.

Болады басқаша бәрi,

Тыңдасаң менiң айтқанымды.

…Рас, тұлпарың тасқа шабады,

…Рас, қиратасың қайықтарыңды.

…Рас, маңдайды тасқа ұрасың,

Бермейдi декан оң батасын.

Өзiңе өзiң қас қыласың,

Өзiңдi өзiң сорлатасың.

Жыламайтын жерде жылайсың,

Күлмейтiн жерде күлесiң.

Кешiрiм сұрайсың,

Кешiрiлмей жүресiң.

Сараптайсың айыптарыңды,

Ұшасың, қонасың.

Тыңдасаң менiң айтқанымды,

Дәл осындай боласың.

Аңсайсың мұңсыз ғайып таңыңды,

Жоғалтасың күнәсiз құс-дерегiңдi.

…Тыңдама менiң айтқанымды,

Iстеме менiң iстегенiмдi.

ЖАТАҚХАНА. №212 БӨЛМЕ

(Абдулхамитке, Мұратқа, Жолдасбекке, Аманғалиға және өзiме)

Кең дүние тымық әрi тұнық-ты,

Бөлме мынау. Бес ұл бар.

Беу, шалқұйрық, бұлар сiздi ұмытты,

Бұлар сiздi ұмытты ғой, есiл нар!

Ешқашан да бақпағандай қозы-лақ,

Бортас көше жыртпағандай жұлықты…

(Бiздiң төзiм, уа, шiркiн, төзiм-ақ, Ұмытты)

Бiз — ертеңгi бес зиялы. Бес ұлмыз,

Құтылуға таяу жүрмiз желiктен.

Менсiнбейдi неге мына кесiр қыз,

Нелiктен?

Бiз көп айтқан, уа, қанша арман бар,

Оралды ма есiңе?

Қане, қыздар, құр алақан қалмаңдар,

Бiз дегенiң — тұнып тұрған несiбе.

Бiз дегенiң — бұлттан асар бес қыран,

Көк аспанға мың сәлем.

Уа, жойылсын көне дүрмек, ескi ұран,

Ояна бер, тың тiршiлiк, тұмса әлем.

Мақсатымыз — мүлiк толы қоймадай,

Ығай-сығай бес ұлмыз.

…Ай, жүрсiң-ау түк ештеңе ойламай,

Есiл қыз!

ЕЛУ АЛТЫНШЫ ЖЫЛЫ ТУҒАНДАР

Жаңартыңдар жүректерiңдi ескiрген,

Жайнаңдар. Кәдiмгiдей тулаңдар.

Кем емессiңдер ешкiмнен,

Уа,

елу алтыншы жылы туғандар!

Рас, өмiр шаршатты,

Кезiктi тiрлiктiң түрлi лебi.

Көрдiк қаншама бану-күндi, бал-шақты,

КазГУ-дiң гүлдерi үлбiредi.

Бай болдық қызыл-жасыл түрге енген,

Күн кештiк маңдайымызды мұң тұтпай.

Уа,

мына Шаһизада кiмнен кем,

Кiмнен кем әйтпесе Мылтықбай?!

Кем емес. Артық.

Болдық. Толдық.

Ұштық аспанда қалқып,

Қондық.

Келiңiз. Қоныңыз қасымызға,

Демiмiзге ерiмейдi нендей сыз?!

"Бiз сендердей жасымызда…"

Әрине, сенбейсiз.

Әрине, әңгiмемiз тыңдалмайды,

Жаз өттi, гүл — ғайып; қыс келдi, алма — ғайып.

Өмiр, бiз болмасақ, кiмдi алдайды?

Жарайды, алданайық.

Алданайық. Көрсетейiк ырза көрiк,

Өткен-кеткен өкiнiштердi қазбаламаңдар, қумаңдар.

Жүрейiк аңқау мырза болып,

Уа,

елу алтыншы жылы туғандар!

Гүл қашан солады, жауады қашан қар?

Оған көңiл бөлмеңдер.

Сөйтiп, ұзақ жасаңдар,

Мүмкiн болса, …өлмеңдер!

Ертай Ашықбаев

Ақтөбе қаласы