Жаңалықтар

ТҰЛҒАНЫ ҰЛТТЫҢ ТАРИХИ САНАСЫ ТӘРБИЕЛЕЙДI

ашық дереккөзі

ТҰЛҒАНЫ ҰЛТТЫҢ ТАРИХИ САНАСЫ ТӘРБИЕЛЕЙДI

Алаш зиялылары – кiсiлiктiң үлгiсi 

Қазақтың тарихы елдiк пен ерлiктiң, даналық пен парасаттылықтың, бiр сөзбен айтқанда, рухтылықтың үлгiлерiне тұнып тұр. Төл тарихымыздың қатпарлы қойнауына сергектiкпен бойлай бiлген тұлға ғана, ондағы кiсiлiк келбет пен iзгiлiк рухын бiрден аңғарады. Сөйтiп, мәңгiлiк жойылмайтын рухани құндылықты өз бойына сiңiредi.

Ұлттық рух ұлт тұлғаларының өнiмдi әлеуметтiк iстерiнен қуат алады. Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынов: "Рух ұлы мақсат, ұлы мұрат үстiнде керек. Жұрт үшiн, көп үшiн құрбандыққа шалынуға даяр болған кезiңде сезiнесiң… рух үшiн қымбат дүние – "жұрт қамы, жұрт iсi", – деп ұлттық рухтың мазмұнын тереңнен ұғындырған едi. Қазақтың ұлттық рухының өзiндiк бейнесi болғандығы қазақ болмысын жете бiлетiн жанға жақсы таныс. Қазақ даналығы жас буынның рухты болып жетiлуiне, рухты iстiң иесi болып қалыптасуына ерекше көңiл бөлген. Хандарымыздың, батырларымыздың, ақын-жырауларымыздың, би-шешендерiмiздiң, ақылгөй аналарымыздың, түйiндеп айтқанда, зиялыларымыздың тарихи келбетi осы айтқанымыздың бұлтартпас дәлелi. Алаш зиялылары бағыттағандай тәннiң күштi болуы да, елдiң күштi болуы да – екеуi де тәрбиеден. Мәселенiң түп төркiнi ұлттық рухтың шынайы өмiрдегi халiне келiп тiреледi. Ұлттың рухы зиялылардың ұлт мүддесi жолындағы алуан түрлi қызметтерiнен қуат алса, ал мемлекеттiң беделi ондағы азаматтардың тұлғалық iстерi арқылы мазмұндалатындығы да шындық. Ата-баба өсиетiне сай, әке тұлғасының құрметтелуi, ана бейнесiнiң сақталуы арқасында сәби көңiл жастайынан жақсы менен жаманды айырып өстi. Ер азамат әйелге күнiн қаратпағандықтан да ердiң рухы биiк болды. Бiр сөзбен айтқанда, iргесi сөгiлмеген ұлттық тәрбие негiзiнде әркiм өзiнiң әлеуметтiк мәртебесiне (статус) сай адал қызмет атқара бiлдi. Әлеуметтiк әдiлеттiлiктiң арқасында батыр қыздардан да кенде болмадық. Бұның бәрi болашақ ұрпақтың естi болып жетiлуiне жасалған қамқорлық едi. Азамат бейнесi адалдық ұғымымен қатар жүредi. Зиялылық деңгейiн анықтайтын ұғым адалдық десек қателеспеген болар едiк. Адалдық – ар қуатының көзi. Ойшыл Шәкәрiм айтқандай – ұждан дәлелi. Қазiргi таңда адалдық мәселесiнiң әрдайым басты орында тұра бермейтiндiгiн жиi кездестiретiнiмiз де шындық. Ер деген сөздiң мәнi азаматтық деңгеймен, тұлғалық iспен айқындалады. Ел ердi тәрбиелесе, ер елiн өрге сүйрейдi. Өйткенi, ана сүтiмен бiрге қанға там-тұмдап сiңген тәрбие өзiнiң түпкi мәнiн (сусбтанция) ешқашан да жоғалтпақ емес. Ананың аялы алақанымен тербелген бесiк жыры, баланың есi кiре келе тыңдалған ертегiлер, балаң шақта естiген батырлар жыры өскелең ұрпақтың рухты болып жетiлуiне тiкелей себепшi болған. Рухты тұлға уақыт қисынын ұғыну, замана деңгейiн таза ақылмен пайымдау арқылы Отанына адал қызмет етедi. Бұл дегенiмiз рухани жетiлген жанның адамдық борышын орындауы. Төле би: Бiрлiгi мықты ел болса, Барлығы түгел бауырды, Ұрпағыңа үлгi етiп, Батырыңды жырлап өт, Жерлеп жеңсе жауыңды…– деп айтқандай, адамды тұлғалыққа тәрбиелейтiн ұлттың тарихи санасы. Кез келген мемлекет өзiнiң ақыл-ой қуатына сүйенiп, дамудың өзiндiк дара жолына түсе алады. Ақыл-ой қуаты ұлттық құндылықтардың қоғам өмiрiнде терең тамырлануына да тәуелдi. Ұлттық құндылықтар жалпы адамзаттық игiлiктерге қызмет етедi. Ұлттың дамуы тұлғалықтың, кiсiлiктiң дамуымен сабақтаса байланысып жатыр. Кiсiлiк келбет тарих өрiсiмен бiрге жүретiн рух үндестiгiнiң арқасында ғана ұрпақтан ұрпаққа берiлмекшi. Оны тасымалдайтын да, әрi оған қорғаныш болатын да зиялылар. Нағыз зиялыны қалыптастыратын, тәрбиелейтiн ұлттың жан-дүниесi. Алаш зиялыларының ұлттық рухты көтеру жолындағы сан қилы қызметтерiн саралағанда, бүгiнгi және келер ұрпаққа рухтылықтың биiк өнегесi болар қайталанбас феномендi мойындаймыз. Саяси басқару кiлтi ұлт жанын ұғынбайтын жаттың қолында кеткендiктен де тұрмыстан мән, елден бұрынғы сән кетiп, ұлттың рухы бұрынғы қуатынан айырылған уақытта қазақ рухымен қаруланған, әрi әлемдiк дамудың қыр-сырын ғылым жолымен меңгерген алаш зиялылары тарих төрiне шықты. "Қазақ" газетiнде халықтың саяси мәдениетi мен саяси санасын көтеру мақсатында жарияланған мақалалар мазмұны, әсiресе, әлемдегi болып жатқан саяси оқиғаларды сараптау деңгейi олардың нағыз зиялы келбетiн көрсетедi. Ойшыл деп өз заманының биiгiнен пайымдау жасап, уақыт шындығын өзi көрiп қана қоймай, қалың жұртшылыққа түзу ұғындыра бiлетiн тұлғаны айтамыз. Нағыз зиялыға ойшылдық келбет тән. Алаш зиялыларын жақындастырған Отан, ұлт алдындағы азаматтық парыз едi. Алаш зиялылары үлкен буын мен кiшi буын арасында зиялы байланыстың тамырын тереңге жаю мақсатында халықты ұлтжандылық қасиетпен тәрбиелеу iсiн басты орынға қойды. Олар империялық мүддемен қаруланған билiкпен арпалыса жүрiп, "Қазақ" газетiн шығарып қана қоймай, оның бетiнде ұлт санасын көтеретiн мақалалар легiн жариялау арқылы халықпен үнемi бiрге болды. Ұлт жанын ұғына бiлгендiктен де, биiктеген сайын халыққа жақындай түстi. Қазақ рухын көтеру үшiн бiлiмдi де бiлiктi азаматтар жұрт жұмысына шақырылды. "Ұлт үшiн деген iстiң ұлғаюына күшiн қосып, көмектесiп, қызмет ету қазақ баласына мiндет. Халыққа қызмет етемiн десеңдер, азаматтар, тура жолдың бiрi осы. Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенiн ғұмыр кеткенiнше iстеп кетелiк. Малша оттап, асап iшiп, халық үшiн қам қылмай, қарын тойғанына мәз болып, мал өлiмiнде өлмейiк" – деген жолдардың мәнiне үңiлгенде терең өсиеттi байқаймыз. Алаш зиялылары ұлттың жанын ұғынғандықтан ұлт iсi жолында құрбан болды. Өз өз жаны, өз тағдыры үшiн өкiнбедi, орта жолда қалып бара жатқан қазақ тағдырына өзектерi өртендi, жандары күйдi. Бұл нағыз зиялыға тән қасиет едi. Мiржақыптың: Не көрсем де алаш үшiн көргенiм, Маған атақ ұлтым үшiн өлгенiм! Мен өлсем де, алаш өлмес, көркейер, Iстей берсiн қолдарынан келгенiн! – деп жазуы өмiрлiк кредосы едi. Сонымен қатар осы мәселе тұрғысында Әлиханның, Ахметтiң, Сұлтанмахмұттың, Мағжанның, Шәкәрiмнiң, Жүсiпбектiң, Ғұмардың, Мiржақыптың және өзге де зиялыларымыздың жазған өлеңдерiнiң мәнiне үңiлгенде ұлттық рухтың қуатын анық көремiз. Қазiргi таңда жастардың бойында тектiлiк қалыпты қалыптастыру iсi де тым өзектi болып отыр. Нағыз зиялының ұлттық рухы биiк болады. Ал, ұлттық рухы биiк жанның тектiлiк келбеттi иеленетiндiгi сөзсiз. Ер азаматтың тектiлiк қалпы артқан сайын халық та тектiлене түседi. Мәселен, философ-ғалым Ж.Молдабеков "Тектiлiк-өнеге ажары" деген мақаласында: "Тектiлiктi атадан балаға қалыптасқан күйiнде қалатын мұра деп ұғыну әбестiк. …Өмiр сүйгiш, ел сүйгiш ынтызар – тектiлiктiң бекем ұйытқысы", – екендiгiн әрiден ұғындырады. Бiз бұл жерде қан тектiлiгi емес, азаматтың жеке басының тектiлiгi негiзiнде қалыптасатын халық тектiлiгi турасында айтып отырмыз. Сонымен, тектiлiк ұлттық рухтың қуаты, мемлекеттiлiктiң iргетасы. Мемлекеттiлiктiң тұғыры халықтың мемлекетшiлдiк рухтағы тәрбиесiне, әсiресе зиялы қауым өкiлдерiнiң ұлттық мүдде тұрғысындағы зиялы iстерiне келiп тiрелетiндiгi ақиқат. Сондықтан да нағыз зиялыны қалыптастырып, тәрбиелеп шығару әр мемлекеттiң мәңгiлiк мұраты, әр ұлттың орасан зор жетiстiгi болмақ. Нағыз зиялысы көп ұлттың болашағы да зор. Ахмет Байтұрсынұлы: Не пайда өнерiң мен бiлiмiңнен, Тиiстi жерлерiне сарп ұрмаған? – деп жазғандай, оқыған адам ел пайдасына жарамаса, оны зиялыға жатқызуға болмас. Нағыз зиялының сөзi мен iсi үндеседi. Сонда ғана зиялылықтың қуаттылығы да күштi болмақ. Осы мәселенi қазақ даналығы ер мен ел жарастығы деп ұғындырады. Ер мен ел бiр-бiрiнен ажырамайтын ұғымдар. Тұлға мен мемлекет жарастығы нағыз зиялылар iсi арқылы қалыптаспақ. Сөзi мен iсi бiр-бiрiне қайшы келгендер саны артқан сайын тексiздiк те тамырын тереңге жайып, ұлттың қауiпсiздiгiне зиянын тигiзе түседi. Елдiк, мемлекетшiлдiк рухта тәрбиеленген ұлт өзiндiк даму жолы арқылы өзiн өзегелерге мойындата алады. Елдiк тәрбие кем болған уақыттың адамы ұлттық санадан алшақтайды. Нәтижесiнде – өз қоғамынан өзi өгейленiп, өз этносынан жаттанады. Ақырында адам бойында ұсақ мақсатты көздейтiн, алысты (ұлт болашағын) болжап бiлмейтiн тайыз пайымдаулар орын алып, рухани әлсiздiктен мың құбылуы мүмкiн. Атақ құмарлық пен оңай олжаға кенелу пиғылы, парақорлық секiлдi жат қасиеттер рухы әлсiз жанның бойына ұялайды. Алаш зиялылары ұрпақты осындай тексiз iстерден аулақ болуға шақырды. Мысалы, Әлихан Бөкейханов парақор адамды қысты күнi үңгiрде жатып, өз табанын өзi сорған аюға теңейдi. Түсiнген адамға өз халқын жеген жанның өзiн жегенмен бiрдей екендiгi де шындық. Зиялылықты анықтайтын тәрбиемен берiлген таза бiлiм. Тәрбиелi жан ғана өз рухын биiктетiп, рухани жетiле алады. Бiлiмiн орнына жұмсай алмаған жан бойында мәдениеттiлiк деңгейi де төмен болады. Сонымен, кез-келген қоғамның даму өлшемi ондағы зиялылардың деңгейiмен анықталады. Түсiне бiлген адамға Алаш зиялылары өздерiнiң тарих төрiндегi кiсiлiк келбетi арқылы ұлтты әлi күнге дейiн тәрбиелеуде, тәрбиелей де бермек. Өйткенi, ОЛАР Отан алдындағы перзенттiк парыздарын өтей бiлдi. Соның арқасында, яғни қазақ тарихындағы рух үндестiгi негiзiнде азамат бейнесi бiзге келiп жеттi. Жарастықпен, адал ниет жалғастықпен азамат бейнесiн сақтау әрi қорғау Отан алдындағы перзенттiк парызымыз. Осыншама жердi сақтап, қазынасын жатқа алдыртпай қызғыштай қорып, жанқияр ерлiкпен, шеберлiкпен амалдап сақтап, бiзге жеткiзiп кеткен ата-бабаның зиялы iсiне, аманатына, өсиетiне адал болу адамдық мiндетiмiз. Жастар – қоғамның болашағы. Жас ұрпақты түзу тәрбиелеу ұлттық қауiпсiздiгiмiздiң кепiлi. Жастар тәрбиесiнiң кiлтi ақылға қонымды саясатта. Бiлiктi де бiлiмдi мұғалiм, түзу жазылған оқулық, ғылыми мазмұнды еңбектер, түйiндеп айтқанда зиялы келбет (кiсiлiк келбет) жастардың рухты болып жетiлуiне қол ұшын бермекшi. Ал, отбасы тәрбиесi арқылы бала бойында рухтылықтың iргетасының негiзi берiк қаланатындығы да шындық. Ахмет Байтұрсынов "…Аталық мiндеттi атқарып отырған жұрт жоқ, жұртқа борыштымын деп жүрген қазақ баласы жоқ. Баланы ұлша тәрбиелесең ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең құл болмақшы" – дегендей, жастар бойындағы зиялылықтың деңгейi аға буынның азаматтық парызын орындау қабiлетiне қарай қалыптаспақшы. Жастар аға буыннан көп үмiт күтедi. Әсiресе, жастардың ғылыми өмiрдегi тағдыры аға ұрпақтың жауапкершiлiгiне қарай анықталмақшы. Қазақ даласына бiлiм, ғылымның таралып, қазақ баласының қатарынан кем қалмай, жаттың алдында төменшiктемеуi үшiн аянбай қызмет еткен алаш зиялыларының кiсiлiк келбетi нешеме ғасыр өтсе де жас ұрпаққа зиялылықтың биiк үлгiсi болып қалатындығы анық. Қазiргi таңда жастардың да ұлттық рухты көтеру iсiне қомақты үлес қосары сөзсiз. Сондықтан да жас буынның парызы – қазақ рухын асқақтатып, тарих өрiсiнде жүрген зиялы iстi зиялылықпен өз деңгейiнде жалғастыру. Бұл – ата-бадан қалған аманат. Сөзiмiздi түйiндей келе, Алаш зиялыларының өнегесiмен дамудың қайнар көзi реттелген iсте, ұқсатуда, шеберлiкте деген тұжырым жасаймыз. Құралай СӘРСЕМБИНА, тарих ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетi