Бауыржан МОМЫШҰЛЫ: "ЕРЛIК ДЕГЕНIМIЗ НЕ?..."
Бауыржан МОМЫШҰЛЫ: "ЕРЛIК ДЕГЕНIМIЗ НЕ?..."
Халқымыздың бiртуар батыры Бауыржан Момышұлының соғыс майданындағы жасаған ерен ерлiктерi жөнiнде жазушыларымыз тарихи деректемелер келтiрiп, көркемдеп жазып келедi.
Бауыржан ағамыздың халқымызға мұра етiп, мәңгiлiкке қалдырып кеткен баға жетпес жазба еңбектерi – құнды дүниелер. Қазағым деп бүкiл ғұмырын, саналы өмiрiн арнаған Бауыржан ағамыздың "Қанмен жазылған кiтабы" ұлағатқа толы. "…Ал парыз сезiмi дегенiмiз не? Бұл адамгершiлiк сезiмi, намыс, ар-ұят – бұл адам өзiн кез келген опасыздықтан сақтайды, қорғайды, яғни масқара болып жүргеннен аброймен өлген артық деген сөз. Өлiмнен ұят күштi. Ерлiк дегенiмiз не? Бұл адамға туа бiткен қасиет емес, дұрыс жүргiзiлген әскери тәрбиенiң желiсi. Ержүректiлiк пен батырлықты найзаласқан қолма-қол ұрыстан көргiсi келетiн адам қателеседi. Ерлiк табиғат сыйы емес, ең алдымен өзiңнiң ар-намысыңды және азаматтың қасиеттi абыройын ұятқа қалу, опасыздық пен масқара болу сезiмiнен қорғай отырып, адамның ең ұлы сезiмiн – азаматтық парызын орындау үшiн осындай адамгершiлiк, теңдiкте өзiңмен сайысқа түсе отырып, тұтас коллектив өмiрiнiң игiлiгiн ғана емес, сонымен қауiп-қатерiн де бөлiсiп, жауды барынша жою, жанға жанмен, қанға қанмен аяусыз кек алу жолымен жеке басыңды және отандастарыңды қауiпсiз етуге ұмтылу, саналы түрде қауiп-қатерге бас тiгуге мәжбүр ету. Батылдық – қимыл әрекет есебiн тәуекел үйлестiре алушылық. Тәуекелдi есеп ақтайды. Есепсiз тәуекел – тұл. Көзсiз батырлық – ептiлiктi батылдықпен ұштастыра бiлушiлiк. Ойланбай жасалынған көзсiз батырлық – есерсоқтық. Ептiлiк – адамның ақыл-ойын ұшқыр ойлай бiлуге, дене қимылын икемдiлiкке, бұлшық еттерiнiң шиыршық ата қозғалыс жасауға қатаң түрде тәрбиелеудiң (жаттықтырудың) нәтижесi. Бойында адамға тiлерлiк барлық абзал қасиеттерi бар парасатты азаматты тәрбиелеу оңай iс емес. Бұл iс жақсы тәрбиешiлердi ғана емес, сонымен қатар ондаған жылдар бойы тер төге еңбек етудi де талап етедi. Тәрбиелеу жұмысы көп сатылы, алуан қырлы әрi көп еңбек сiңiрудi қажет етедi. Әскери тәрбие проблемасы – бұл жөргекте жатқан кезден бастап, найзаласқан қоян-қолтық айқасқа дейiнгi аралықта жүргiзiле беретiн тәрбие проблемасы болып табылады. Әскери қызметшiлердiң iсi – әскерге шақырылған азаматтарды әскери өнердi, техниканы және ұрыс жүргiзу айла-тәсiлдерiн, солдат кәсiбiн үйрету, сонымен бiрге жалпы тәрбие беру жұмысын да жүргiзу. Ерлiкке тәрбиелеу. Солдат, әскери қызметшi болу оңай емес. Бiрiншiден, себебi, солдат қызметi жағынан ешқандай да демократиялық праволарға ие бола алмайды, мен сайлау системасында емес, қызметiнде деп айтып отырмын. Егер халық әскери тұрғыдан алғанда мәдениетсiз болса, онда мұны жөргекте жатқан кезден бастап тәрбиелеу мәселесiне жатқызу керек, егер адамды жауынгерлiк қасиетке тәрбиелемесе – онда бұл халық жауынгер халық болмағаны деп айта аламыз ба? Жоқ, бiз бұлай деп айта алмаймыз, өксiктi өкiнiшке орай бiздiң жауынгерлiк, ержүректiк қасиеттерiмiзге соңғы уақыттарда өткенге жаппай тас лақтыру, қаралауға байланысты жатсына, тосырқана қарай бастаған сияқты. Өткенге жатсына қараушылық орыс және басқа да ұлттарда да болған. Мұның өзiн республиканың ескi басшыларының тарапынан жасалынған белгiлi дәрежедегi зиянды iс деп санаймын. Халықты жауынгерлiк асыл қасиеттерге тәрбиелейтiн дәстүрлерiнен қалай айыруға болады? Игi дәстүрлердi архивтiң сөрелерiне қаттап қоюға бола ма екен? Бұл пайда келтiрер ме едi? Бiр ұлттық масштабта ғана емес, сонымен бiрге халық сияқты мемлекеттiк масштабта, әлемдiк масштабта да өте үлкен зиян келтiредi. Егер бiздер қазақ халқының барлық жақсы дәстүрлерi керегi жоқ деп қудалайтын болсақ, ата-бабаларымыздың кiм екенiн бiлмейтiн болсақ, мұның өзi пайда бере қоя ма екен? Бұдан Одаққа да үлкен зиян келедi. Өйткенi кез келген парасатты адам Африкада, Қытайда, не кез келген басқа елде болмасын бiздердiң нағыз адам болғанымызды қалайды емес пе! Ал бiз не iстедiк десеңшi, өткен тарихымызды барып тұрған хайуандықпен жермен жексен ете аяққа таптап, содан кейiн "өткенге қарсы шыққан бунтарьлар" деген жалпы қорытынды жасауға келiп тiрелдiк, ал кейбiреулер бұл игi дәстүрлердi қайта дамыта түсудiң орнына, түкке тұрғысыз мәселелермен, ұлттың одан әрi дамып жетiлуiне зиянды нәрселермен айналысты. Барлық өткен нәрселердi жаппай, ақ-қарасына көз жеткiзбей қаралау қандай жағдай болса да мақтай қоярлық қылық емес, өте тар өрiстiлiк, қатыгездiк, надандық, тiптi бұзақылық әрекет. Ол зияннан басқа түк те емес. Мен осылай деп жазуға неге мәжбүр болдым? Оның себебi мынада. Қатарымызды толықтырар жаңа күш келiп қосылып жатады, олардың кейбiреулерiне қарасақ бет әлпетi бiздiкi, ал кеудесiне үңiлсек, аяғы аспаннан салбырап түскендей. Бұл қалай деп ойлайсың? Оған орысша айтсаң ұқпайды, қазақша айтсаң да түсiнбейдi. Оның бойында не қазаққа, не орысқа тән ешнәрсе жоқ. Бұл жағдай менiң зығырданымды қайнатты, неге бұлай болды деп мұның себебiн iздеуге мәжбүр болдым, сөйтсем бұл сорлы бейбақ өзiнiң халқының игi дәстүрлерiнен мүлдем бейхабар мақұрым болғаны, ал егер саналы түрде iстелiнсе – онда зиянкестiк болғаны, ал егер саналы түрде iстелiнбесе – онда халқымыздың игi дәстүрлерiн аяққа басып таптағандық – нағыз ақымақтық әрекет болғаны. Дәстүр тәрбиенiң басты қайнарларының бiрi болып табылады әрi оның өте үлкен мәнi бар. Ұлттық мақтаныш сезiмi дегенiмiз не? Ұлттық мақтаныш сезiмi дегенiмiз – белгiлi бiр ұлт адамының жеке мақтаныш сезiмi, белгiлi бiр немесе басқа бiр ұлт адамының көптеген жеке мақтаныш сезiмiнiң жиынтығы болып табылады. Ұлттық мақтаныш сезiмi әрбiр ұлт адамдары үшiн бұзылмас заң. Кiмде кiм өз ұлтын сыйламаса және оны мақтан тұтпаса, ол сөзсiз барып отырған арамза, отансыз қаңғыбас. Өзiн сыйлай алған адам өзгенi де сыйлай алады, белгiлi бiр ұлттың толық азаматы болып әрi өз ұлтыңды мақтан ете отырып, сен басқа халыққа да лайықты қарай аласың. Мысалы үшiн: нағыз интернационалист болуы үшiн орыстар шын мәнiнде бар болмысымен орыс болуға тиiс. Екi түрлi ұғым бар: ұлттық рух – бұл асыл қасиет, ұлтшылдық – бұл ұлт iшiндегi жеке адам бойындағы көркеуделiк. Бұл мәселенi дұрыс түсiне бiлу керек. Кейбiреулер ұлттық рухты немесе ұлттық патриотизмдi ұлтшылдықпен оп-оңай-ақ топтастырып алады. Бұл жерде мiндеттi түрде ұғыну қажет. Соғыс кезiнде орыстар да бұл мәселенi дұрыс түсiнуге ұмтылып отыр, олар бiз орыстармыз дейдi! Бұл дұрыс па, ал соғысқа дейiн бiздер күштi "интернационалистер" болған едiк. Ұлттық рух пен ұлтшылдықтың ара жiгiн ажырата бiлген жөн. Ұлттық рух тамаша қасиеттерге ие, өз ұлтыңды тануға көмектеседi, ал бiзге осы асыл қасиеттердi дамыта түсу қажет, осындай адам ғана отандастарының алдындағы өз халқының және ең алдымен халықтардың бауырластығы алдындағы өз борышын терең де жоғары сезiнедi. Сонымен бiздер кiмбiз және бiздер кiм болмақпыз? Егер сiздердiң бiрiңiзге: “сiздiң атаңыз тамаша адам болған” десе, онда сiздiң көңiлiңiз көкке көтерiлiп қалмай ма, сондықтан да бiзден бiздер кiмбiз деп сұрайтын болса, онда бiздiң өткен тарихымызға, бiздiң даңқты ата-бабаларымызға деген бойымызда мақтаныш сезiмi сезiлетiндей етiп жауап беруге тиiстiмiз!" Мiне, осындай жазба түсiнiктемелердi жазған гвардия полковнигi Бауыржан Момышұлы 1944 жылдың қаңтар айының 18-25-шi жұлдыздарында Алматы қаласында "Соғыс психологиясы" атты тақырыпқа арналған мемлекет басшылары, ғалым, жазушылар мен зиялы қауыммен семинар кездесуiнде баяндама жасаған болатын. Зиялы қауымның әскери басшысымен кездесуi ашық та, әсерлi өттi. Немiс-фашистерiмен Мәскеу үшiн жан алысқан соғыста Алматы қаласында құрылған 316-шы әскери дивизияның, оның қолбасшысы генерал И.В.Панфиловтың ерлiктерi туралы саралы, салиқалы әңгiме болды. Бұл кездесу бiздiң жазушы-журналистерiмiз үшiн, олардың шығармашылығын жетiлдiруде таптырмас тарихи құнды деректемелермен толықтырады. Батыр ағамыз Ұлы Отан соғысы жылдарында отан үшiн майданның қақ ортасында қан кешiп соғысып жүрiп, бiздiң халқымыздың болашағын ойлап, қайсарлық, бiлiктiлiгiмен "Москва үшiн шайқас" романын жазудың тәрбиелiк мақсаты туралы мазмұнды сараптама жасап, құнды тарихи деректеме дүние болып шығуына тынбастан, жан аямастан еңбек еттi. Бауыржан Момышұлы ағамыз қазақ әдебиетiнiң, мәдениетiнiң дамуына, қазақтың дәстүрлi әдет-ғұрыптарын, салт-санасын сақтап дәрiптеуде, қазақ тiлiнiң өркендеп, жетiле түсуiне орасан зор еңбек еттi. Ержүрек батырымыз Бауыржан Момышұлы өзiнiң Ұлы Отан соғысындағы теңдесi жоқ ерлiк жолын туған жерi, туған Отаны Қазақстанға оралғаннан кейiн ұзақ жылдар бойы өте жауапты жазушылық, шығармашылық жолына арнап, ұлағатты өмiр сүрдi. "Қанмен жазылған кiтап", "Ұшқан ұя", "Москва үшiн шайқас" атты көлемдi романдары болашақта жас ұрпақтарымызды тәрбиелеуде шексiз пайдасын тигiзетiнi анық ақиқат. Халқымыздың қаһарман қолбасшысы, халық жазушысы, ұлтымыздың ұлағатты ұстазы Бауыржан Момышұлы туралы қаншама дәрiптеп жазсақ та көптiк етпес. Ұлы ұстазымыз Бауыржан Момышұлының өмiрiн, Ұлы Отан соғысындағы теңдесi жоқ ерлiктерiн, тәлiм-тәрбиелiк мәнi зор шығармашылық еңбектерiн зерттеп, зерделеу – болашақ ғалымдарымыздың үлесiнде болмақ. Айыпберген Балтабайұлы